Жалпы білім беретін мектепте математиканы оқытудың мақсаты
мен мазмұны.
Қарастырылатын мәселелер:
1. Мектеп математика курсының жалпы орта білім беру жүйесіндегі мәні мен маңызы. Мектепте математиканы оқытудың мақсаты мен міндеттері.
2. Мектеп математика курсының базалық білім мазмұнына сипаттама.
3. Математикадан жалпы білім беретін мектепке арналған типтік оқу бағдарламалары.
Дәрістің қысқаша мазмұны
Математика – нақты дүниенің сандық-мөлшерлік қатынастары мен кеңістіктік формалары туралы ғылым. «Математика» термині ежелгі Грекияда қалыптасқан «mathema» сөзінен келіп шыққан, қазақша мағынасы-«танып-білу, ғылым».
Адамзаттың рухани дүниесін байыта түсуде, оның адамгершілік және зияткерлік құндылықтарын қалыптастыруда математиканың атқаратын ролі зор. Сондықтан да ол жалпы білім беретін мектептің 1 сыныбынан бастап, 11 сыныптарға дейін жүйелі түрде оқытып-үйретіледі.
Мектепте математиканы оқыту:
1) оқушыларға қоршаған ортаны танып-білудің математикалық құралдарын меңгеруге көмектеседі;
2) оқушылардың жалпы ой-өрісін дамытуды, оларды болашақ өмірге дайындауды қамтамасыз етеді;
3) математикалық білімдерді күнделікті өмір мен тұрмыста туындайтын мәселелерді шешуде қолдана білуге үйрете отырып, математиканың ғылыми-техникалық прогрестің дамуындағы маңызын түсінуге ықпал жасайды;
4) оқушылардың кеңістік туралы түсініктерін, зияткерлік және логикалық ойлауын, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамыта түсуге ұйтқы болады;
5) оқушылардың бойында зейін қоя білу, ұқыптылық, дәйектілік, дербестік және жоспарлай алу сияқты еңбек мәдениетін дарытуға көмектеседі;
6) оқушылардың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыруға қолайлы жағдайлар туғызады.
Мектепте математиканы оқытуда мына сияқты міндеттерді шешу жүзеге асырылады: 1) білімдік міндет; 2) тәрбиелік міндет; 3) дамытушылық міндет және 4) практикалық міндет.
Оқытудың мақсаты мен міндеттерінің шешілуі математикалық білім мазмұнын тиімді реттеу, сондай-ақ оқытудың әдістерін, оқытуды ұйымдастырудың формалары мен оқыту құралдарын дұрыс іріктеп алу барысында жүзеге асырылады. Мұндағы ең басты мәселе, білім мазмұнын іріктеп алу және оның құрылымын түзу болып табылады. Математикалық білім мазмұны деп жалпы білім беретін мектепте математикадан оқытып-үйретілетін міндетті оқу материалдарының дәл белгіленген шеңбердегі көлемін айтады.
Математика пәні бойынша берілуге тиісті математикалық білімнің мазмұны негізінен алғанда, мына сияқты нормативтік құжаттарда қамтылады:
1) Жалпы орта білімнің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттары (ГОСО);
2) Математиканың типтік оқу бағдарламалары;
3) Математика оқулықтары;
4) Мұғалімге арналған әдістемелік нұсқаулар;
5) Дидактикалық материалдар.
Бұл нормативтік құжаттар математикадан оқу – әдістемелік кешен деп аталады.
Бастауыш мектепте оқытып-үйретілетін «Математика» атты курстың базалық білім мазмұны негізінен алғанда, төмендегідей оқу - әдістемелік желіні қамтиды:
1) Арифметикалық материал;
2) Геометриялық материал;
3) Алгебралық материал;
4) Информатика элементтері;
5) Шамалар және оларды өлшеумен байланысты материал.
Негізгі мектепте «Алгебра» және «Геометрия» атты пәндерге бөлініп, оқытып-үйретілетін математика курсының базалық білім мазмұнын мына сияқты оқу-әдістемелік желіге топтастыруға болады:
1) Арифметикалық материал;
2) Планиметриялық материал;
3) Алгебралық материал;
4) Комбинаторика элементтері;
5) Стохастика элементтері;
6) Математикалық статистика элементтері.
Жалпы білім беретін мектептің жоғары буынында математика пәні «Алгебра және анализ бастамалары» және «Геометрия» атты жүйелі курстарды оқыту арқылы жүзеге асырылады және ондағы базалық білім мазмұнын мынадай оқу-әдістемелік желіге бөліп қарастыруға болады:
1) Арифметикалық материал;
2) Стереометриялық материал;
3) Алгебралық материал;
4) Математикалық анализдің бастамалары;
5) Аналитикалық геометрияның бастамалары;
6) Ықтималдықтар теориясының элементтері;
7) Математикалық статистика элементтері.
Қоғамның әлеуметтік сұранысына және математика ғылымының дамуы мен оның қолданылу салаларының кеңейе түсуіне байланысты мектептегі математикалық білімнің базалық мазмұны жиі өзгеріп отырады. Бұл өзгерістер жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламаларында көрініс табады. 2012 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» № 1080 қаулысы қабылданып, осыған сәйкес, оған 2016 жылдың 13 мамырында №192 бұйрықпен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және мынадай құжаттар қабылданды:
1. «Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты»;
2. «Жалпы орта білім берудің жалпыға міндетті Мемлекеттік стандарттары».
Қазіргі күні бұл стандарттар төмендегідей кезеңдермен қолданысқа енгізілуде: 1) 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап 5, 7-сыныптарға; 2) 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап 9(10) сыныптарға және 11(12) сыныптарға.
Математикалық білім берудің базалық мазмұны стандарт талаптары негізінде әзірленген төмендегідей оқу бағдарламаларымен айқындалады:
1) 5-6-сыныптарға арналған «Математиканың» оқу бағдарламасы;
2) 7-9-сыныптарға арналған «Алгебраның» оқу бағдарламасы;
3) 7-9-сыныптарға арналған «Геометрияның» оқу бағдарламасы;
4) 10-11-сыныптарға арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Алгебра және анализ бастамаларының» оқу бағдарламасы;
5) 10-11-сыныптарға арналған жаратылыстану-математикалық бағыттағы «Алгебра және анализ бастамаларының» оқу бағдарламасы;
6) 10-11-сыныптарға арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Геометрияның» оқу бағдарламасы;
7) 10-11-сыныптарға арналған жаратылыстану-математикалық бағыттағы «Геометрияның» оқу бағдарламасы.
2017-18 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына 5 және 7 сыныптар, 2018-19 оқу жылында 6 және 8 сыныптар, ал 2019-20 оқу жылында 9 және 10 сыныптар көшті. Осыған орай жаңартылған мазмұнындағы оқу бағдарламасына сәйкес, математикадан осы сыныптардың оқу-әдістемелік кешені басылып шығып, мектеп тәжірибесіне ендірілуде.
|