І жартыжылдық Сурет салу. Заттық сурет салу. Түрлі бағытта тура сызықтарды, олардың қиылысуын жүргізе білуді қалыптастыру: 1) көкөністер мен жемістерді, ыдыстарды, ойыншықтарды, жануарларды бейнелеу, дөңгелек пішінді заттардың суретін салу (шарлар, бұлт, күн); 2) бірнеше көлденең және тік сызықтардан заттар салуды (дуал); салынған пішіндерді бояуды, дәстүрден тыс сурет салу (саусақтарымен және алақандарымен, түрлі- түсті борлармен) дағдыларын қалыптастыру. Сәндік сурет салу. Элементтердің пішінін, реттілігін, олардың арасындағы қашықтықты ескере отырып, ою-өрнектерді жазықтыққа орналастыру дағдыларын қалыптастыру. Сюжеттік сурет салу, ойлауы бойынша сурет салу. Қоршаған әлемнің, өнер туындыларының әсемдігіне, тұрмыстық заттарға, қазақ және басқа ұлттардың ойыншықтарына эмоционалды-эстетикалық талғам дағдыларын қалыптастыру. Қарапайым табиғат құбылыстарын, ертегі кейіпкерлерін бейнелеуге баулу. Күтілетін нәтижелер: сурет салу техникасының бастапқы дағдыларына ие; сызықтарды, штрихтарды, дақтарды, бояуларды ретімен қолдана біледі; негізгі түстерді дұрыс атайды; қарапайым сюжеттік композицияларды құрайды, қағаз бетіне бейнені тұтас орналастыра алады; пішіндерді бояудың бастапқы дағдыларын игерген; сурет салудың дәстүрден тыс техникасына қызығушылық танытады. Мүсіндеу. Заттық мүсіндеу: 1) сазбалшықтың, ермексаздың қасиеттерімен танысу дағдыларын жетілдіру. Сазбалшық, қамыр, ермексаз кесектерінен бөліп алу, дөңгелектеу, ширату, созу тәсілдерін пайдалана отырып, көкөністер мен жемістерді, кейбір заттарды, азық-түлік тағамдарын мүсіндеу дағдыларын қалыптастыру; 2) алақандарының арасында, жазықтықта түзету және домалақтау қозғалыстары арқылы кесектерді жаю, элементтерді қарапайым заттарға (ыдыстар, ойыншықтарды мүсіндеу) біріктіру білігін жетілдіру. Күтілетін нәтижелер: сазбалшықтың, ермексаздың және қамырдың кейбір қасиеттерін біледі; мүсіндеудің әртүрлі тәсілдерін пайдаланады; 1-3 бөліктен тұратын заттарды жая алады; мүсіндеуге қажетті негізгі техникалық дағдылар мен біліктерді игерген. Жапсыру. Келесі дағдыларды қалыптастыру: 1) дайын пішіндерден заттардың бейнесін жасауға үйрету; 2) бейнеленген заттарға сәйкес түстерді таңдау; 3) желімдеудің техникасы; 4) ересектер даярлаған ірі және барынша ұсақ элементтерді орналастыру мен желімдей білуі; 5) желімді қылқаламға ұқыпты түрде жағып алу, 6) жаймадағы дайын пішіндерге жағу; 7) желім қалдықтарын жою үшін майлықты пайдалану. Күтілетін нәтижелер: желімдеу техникасының бастапқы дағдыларын игерген; бейнеленетін заттарға сәйкес түрлі-түсті қағаздардан дайын пішіндерді таңдай алады; ересектер даярлаған ірі және барынша ұсақ элементтерді орналастырады және желімдейді; оюдың әсемдігін, орналасуын байқайды, оларды бөліктерге бөледі; желім қалдықтарын жою үшін майлықты пайдаланады. Музыка. Музыка тыңдау. Келесі дағдыларды қалыптастыру: 1) түрлі сипаттағы әндердің мазмұны мен көңіл күйін қабылдау; 2) түрлі сипаттағы аспапта орындалған пьесаларды тыңдау, есте сақтау; 3) пьесаның көңілді мазмұнына эмоциялы көңіл-күй танытады; 4) балалар аспаптарының, музыкалық және шулы ойыншықтардың дыбысталуын ажыратады; 5) ересектердің орындауындағы және аудио-бейне үн таспадан музыка тыңдау. Ән айту. Дыбыстаудың бірыңғай күшімен бірдей қарқында ән салу, ересектермен бірге ән салу, аспаптың сүйемелдеуіндегі даусына бейімделу дағдыларын қалыптастыру. Музыкалық-ырғақтық қозғалыстар. Келесі дағдыларды қалыптастыру: 1) бірінің артынан бірі жүру барысында би ырғағын, музыканың би сипатын игеру; 2) әуенмен бірге би қозғалыстарының қарапайым элементтерін орындау; 3) әуен сипатына үн қату, оның бөліктерінің өзгеруін байқау; 4) жоғары және төмен дыбыстауды ажырату, оны ойын әрекеттерінде байқау; 5) сылдырмақтарды тыңдау және олардың дыбыстау динамикасын ажырату. Күтілетін нәтижелер: таныс әндерді, пьесаларды біледі; музыканың сипатын сезінеді: ән, марш; музыкалық және шулы ойыншықтардың, балаларға арналған аспаптардың дыбысталуын ажыратады; билейтін әуендерге сәйкес қарапайым қимылдар орындайды. ІI жартыжылдық Сурет салу. Заттық сурет салу. Келесі дағдыларды қалыптастыру: 1) төртбұрышты пішіндегі заттарды бейнелеу, оларды дөңгелек пішіндегілермен үйлестіру; 2) бірнеше тік және көлденең сызықтардан заттарды салу (дуал, ағаш); 3) жануарлардың суретін салу дағдыларын жетілдіру; 4) салынған пішіндерін бояуды (штрихтау, мақталы таяқшаларымен бояу); 5) дәстүрден тыс сурет салуды (құмда саусақпен немесе таяқшамен, алақандарымен, асфальтта түрлі-түсті борлармен) салуды. Сәндік сурет салу. Бейнелеу әрекетіне, халық шығармашылығының туындыларына деген қызығушылықты тәрбиелеу. Қазақ ою-өрнектері элементтерінің суретін салу дағдыларын бекіту. Қазақ мәдениетінің тұрмыстық заттарымен таныстыру. Келесі дағдыларды қалыптастыру: 1) түстерді тану мен ажырату: қызыл, сары, жасыл, көк, қара, ақ; 2) бормен асфальтқа, таяқпен құмға сурет салу, жолақта және бұрыштарға қазақ ою-өрнектерінің қос элементін салу. Сюжеттік сурет салу, ойлауы бойынша сурет салу. Келесі дағдыларды қалыптастыру: 1) сурет салудың дәстүрлі емес тәсілдерін қолдану; 2) қарындаш, қылқалам, бояу, гуашьты пайдалану; 3) негізгі түстер мен олардың реңктерін пайдалану; 4) таяқпен құмға, бормен асфальтқа сурет салу; 5) ойлау бойынша дербес сурет салу. Күтілетін нәтижелер: сурет салу кезінде қарындашты, фломастерді, қылқаламды қолында еркін ұстай біледі; түстерді таниды; төртбұрышты пішіндегі заттарды, оларды дөңгелек пішіндегі бейнелермен сәйкестендіріп бейнелей алады; күрделі емес сюжеттік композициялар құрастыра біледі; бормен асфальтқа, таяқпен құмға сурет салады; пішіндерді бояудың бастапқы дағдыларын игерген. Мүсіндеу. Заттық мүсіндеу: 1) бірнеше бөліктен тұратын күрделі емес заттарды, жануарларды мүсіндеу дағдыларын қалыптастыру. Сазбалшықтан, ермексаздан мүсіндеуге қызығушылығын тудыру. 2) табиғи материалдан мүсіндеу дағдыларын бекіту. Сюжеттік мүсіндеу. Жеке жұмыстарын ұжымдық композицияларға біріктіру дағдыларын қалыптастыру. Сәндік мүсіндеу. Әшекей заттарды мүсіндеу дағдыларын қалыптастыру. Өз ойынан мүсін құрау. Ересектің көмегімен шығармашылық ойлауды дамыту. Күтілетін нәтижелер: сазбалшықтан, ермексаздан, қамырдан мүсіндеуге қызығушылық танытады; алақанға салып тік және дөңгелетіп есе біледі; мүсіндеудің түрлі әдістерін қолданып, 1-3 бөліктерден тұратын түрлі заттарды мүсіндей алады (аққала, поезд, шарбақ, моншақ,сырға). Жапсыру. Келесі дағдыларды қалыптастыру: 1) заттардың орналасу, олардың арасында арақашықтықтың сақталу заңдылығы; 2) түрлі пішіндегі қазақ оюының кейбір элементтерін қағазға орналастыру; 3) желімді қылқаламға, мұқият жағып алу, жаймадағы дайын үлгіге жағу, желімнің қалдықтарын сүртуге майлықты қолдану; 4) табиғи материалмен жұмыс істеу, олардан зат жасау; 5) қағаздың мүмкіндіктері туралы түсініктерді жетілдіру: жыртылады, мыжылады, оңай мыжылады. Сюжеттік жапсыру. Балаларды жалпы композиция құрастыруға үйрету. Сәндік жапсыру. Келесі дағдыларды қалыптастыру: 1) ересектер дайындаған ірі және өте ұсақ ою элементтерін орналастыру және жапсыру; 2) шаршының ортасына, бұрыштарына қазақ ою өрнектерін жапсыру; 3) пішінін, түсі мен көлемін, ескере отырып, заттар мен ою-өрнектерді орналастыру; 4) геометриялық элементтерден өрнек құрастыруға үйрету. Күтілетін нәтижелер: бейнелеу өнеріне қажетті негізгі техникалық дағдыларды меңгерген; қағаздың қасиеттері жайлы біледі; белгілі ретпен түрлі пішінді, көлемді түстегі бөліктерді орналастырып, дайын бейнені қағазға жапсыра біледі; ересектер дайындаған түрлі пішінді қағаз бетіне заттарды орналастырады; дайын пішіндерден қарапайым композицияларды құрастыруға қатысады; ұқыпты жұмыс жасай алады: желімнің қалдықтарын сүртуге майлықты пайдаланады. Музыка. Музыка тыңдау. Келесі дағдыларды қалыптастыру: 1) түрлі қарқындағы музыканы тыңдау; 2) музыкалық шығарманы эмоциямен қабылдау. Ән айту. Музыкалық сүйемелдеумен және сүйемелдеусіз ре-ля бірінші октавасының диапазонында ән салу, дыбыстарды биіктігіне қарай ажырату (октава шегінде), әуеннің басталуы мен аяқталуына мән беру дағдыларын қалыптастыру. Музыкалық-ырғақтық қимылдар. Келесі дағдыларды қалыптастыру: 1) қимыл қарқынын өзгерте отырып қимылдау, бір-бірлеп, жұптаса отырып би қиылдарын орындау, жануарлардың би қимылдарын ұқсату; 2) ойындарға, хор айтуға қатысу, таныс би қимылдарын қайталай білу. Күтілетін нәтижелер: музыканы тыңдау дағдысын меңгерген; музыкалық шығарманың қарқынын ажыратады; әуеннің басталуы мен аяқталуына мән береді; бір-біреуден, жұптаса ауыса отырып, би қимылдарын орындайды, жануарлардың қимылдарын ұқсатады; балаларға арналған музыкалық аспаптарды ажыратады және атайды; музыкалық шығарманы эмоциямен қабылдайды. "Әлеумет" білім беру саласы "Әлеумет" білім беру саласының базалық мазмұны қоршаған ортамен танысу ұйымдастырылған оқу қызметінде іске асырылады. Мақсаты балаларда қоршаған ортаға жағымды мінез-құлық пен қарым-қатынасын, эмоционалды елгезектік пен әлеуметтік мәдениет негіздерін қалыптастыру болып табылады. Тірі және өлі табиғат туралы білімдерін қалыптастыру және Қазақстан халықтарының рухани-адамгершілік құндылықтарымен таныстыру. Міндеттері: балаларды қоршаған ортадағы заттардың атауларымен және олардың міндеттерімен таныстыру, таныс заттарды ажыратуға үйрету; Қазақстанның халық ауыз әдебиеті шығармашылығын қолдану арқылы Отанға, туған өлкесіне, отбасына деген сүйіспеншілікті, ересектерге құрмет көрсете білуге тәрбиелеу. I Жартыжылдық Қоршаған ортамен танысу. Менің отбасым. 1) отбасылық суреттерді қарауға және отбасы мүшелері мен олардың әрекеттерін атауға үйрету. "Отбасы", "Үй", "Демалыста" және басқа мазмұнды-рөлдік ойындарды ұйымдастыру; 2) қоршаған ортаны қабылдау, кеңістікте бағдарлау; 3) заттар мен олардың шамасын, түсін, пішінін ажырату және атау, қарастыру мен зерттеу дағдыларын қалыптастыру; 4) қазақ және басқа халықтардың тұрмыс заттарымен таныстыру; 5) заттар, ойыншықтар, кітаптар және ыдыстарға ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу. Көлік, байланыс құралдары. Көлік құралдарының түрлерімен таныстыру. Ересектердің еңбегі. Балабақша, балабақша қызметкерлері туралы ұғымдарын кеңейту. Қазақстан - менің Отаным. Балалар тұратын қала мен ауыл, Қазақстан Республикасының астанасы, мемлекеттік рәміздері туралы білімдерін қалыптастыру. Күтілетін нәтижелер: отбасы мүшелері мен өзіне жақын адамдардың есімдерін атайды; мазмұнды-рөлдік ойындарда отбасы мүшелерінің рөлдерін сомдайды; қазақ халқының тұрмыстық заттарын атайды; көлік құралдарын атайды; балабақша, балабақша қызметкерлері туралы түсінігі бар; өздері тұратын қала мен ауыл туралы, Қазақстан Республикасының астанасы, мемлекеттік рәміздері туралы бастапқы түсініктерге ие.