Жұтқыншақ Жұтқыншақ - қабырғасы бұлшық етті болып келетін, воронка тәріздес қуыс мүше. Ол жоғарыда ми саутының негізінен басталып, төмен қарай өңешке жалғасады. Жұтқыншақ мойын омыртқасының алдыңғы жағында орналасқан. Оның артқы қабырғасы омыртқаға бекітілген, бүйір жақтарынан дәнекер ұлпасы жауып жатады, ал алдыңғы жақтан мұрын қуысымен, ауыз қуысымен және көмеймен байланысады. Жұтқыншақтан алға қарай орналасқан үш қуыстарға сәйкес, жұтқыншақтың үш бөлімін ажыратады: жоғарғы, немесе мұрынжұтқыншақ, ортаңғы, немесе ауызжұтқыншақ, және төменгі, немесе көмей жұтқыншақ . Мұрынжұтқыншақ жоғарыдан ми сауытымен шектелген, оның артқы қабырғасын омыртқа құрайды. Мұрынжұтқыншақтың алдыңғы қабырғасы болмайды, ол мұрын қуысымен хоана тесігі арқылы байланысады. Мұрынжұтқыншақтың төменгі шекарасы қатты таңдай деңгейінде өтетін горизонтальды жазықтық болып табылады. Тыныс алу кезінде бұл шекара шартты болып саналады, ал жұту кезінде жұмсақ таңдай артқа қарай жылжып, омыртқамен жанасады және бұл шекара мұрынжұтқыншақты жұтқыншақтың ортаңғы бөлімінен бөліп тұрады. Мұрынжұтқыншақтың бүйір қабырғаларында есту түтігінің жұту саңылаулары орналасқан. Мұрынжұтқыншақтың артқы қабырғасынан жоғарыға қарай өту жерінде жұту миндалинасы болады, ол аденоид пайда болған кезде ісініп, өседі. Ол көбінесе балаларда кездеседі. Мұрынжұтқыншақтың қабырғасы кілегей бездеріне бай кілегейлі қабатпен қапталған. Жұтқыншақтың ортаңғы бөлімі, немесе ауызжұтқыншақ бөлімі мұрынжұтқыншақтың жалғасы болып есептеледі. Оның төменгі шекарасы тіл тамыры арқылы өтетін горизонтальды жазықтық болып табылады.Артқы қабырғасын омыртқа құрайды. Жұтқыншақтың ортаңғы бөлімі алдыңғы жағынан зев деп аталатын кең саңылау арқылы ауыз қуысымен байланысады. Зев жоғары жағынан жұмсақ таңдаймен, төменгі жақта тіл тамырымен, ал бүйір жақтарда таңдай доғаларымен шектелген. Таңдай доғалары бұлшық ет талшықтары бар кілегейлі қабаттың қатпары түрінде болып келген. Екі таңдай доғалары болады: ол алдыңғы, немесе таңдайтілді доға, және артқы, немесе таңдайжұтқыншақты доға. Осы екі доға арасында таңдай миндалиналары орналасқан (оң және сол жақ). Жұтқыншақтың артқы қабырғасының кілегейлі қабатының астында гранула тәріздес лимфа түйіндері жинақталған. Лимфа түйіндерінің осындай жинақталуы жұтқыншақтың бүйір қабырғаларында, есту түтігінің маңында да болады. Жоғарыда айтылған төрт миндалиндер (тілді, жұтқыншақты және екі таңдайлы) жинақталған лимфоидты ұлпаларымен бірігіп, жұтқыншақ қабырғасында жұтқыншақты лимфоидты аппаратты, немесе жұтқыншақты лимфоидты сақиналарды түзеді. Мұрын мен ауыз арқылы организмге түсетін инфекциялардан қорғауда осы аппараттың маңызы өте зор. Жұтқыншақтың төменгі (көмейді) бөлімі, немесе көмейжұтқыншақ воронка тәріздіс тарылып, төменге қарай өнешке өтеді. Алдынан ол көмеймен шектеседі.