Ауыз Ауыз ас қорыту жолының алғашқы бөлімі бола отыра, ол сөйлеу және дәм сезу мүшесі, қажет жағдайда тыныс алу мүшесі де болып табылады. Анатомиялық жағынан ауыз екі бөлімнен тұрады: ауыздың кіре беріс бөлімі және ауыз қуысы. Ауыздың кіре беріс бөлімі – алдыңғы және бүйір жақтарынан ерінмен, бетпен, ал артқы жағынан –тіс пен тіс еттерімен шектелген саңылаулы қуыс болып табылады. Ерін ауыздың дөңгелек бұлшық еттерінен пайда болған. Олардың сыртқы жағы терімен, ал ауыздың кіре беріс бөлімінде кілегейлі қабатпен қапталған. Кілегейлі қабат еріннен жоғарғы және төменгі жақтың альвеолярлы (ұяшықты) өсінділерге ауыса отыра, онымен өсіп кету салдарынан тіс еттерін түзеді. Ерін қабатындағы ауыздың дөңгелек пішінді бұлшық еттерінен басқа еріннің әр түрлі қозғалыстарын қамтамасыз ететін көптеген бұлшық еттер болады. Жоғарғы ерін бұлшық еттеріне осылар жатады: жоғарғы ерінді көтеретін бұлшық ет, кіші және үлкен бет бұлшық еті, күлу бұлшық еті, ауыз бұрышын көтеретін бұлшық ет. Төменгі ерін бұлшық еттеріне төменгі ерінді түсіретін бұлшық ет пен ауыз бұрышын түсіретін бұлшық ет жатады. Бет, ол да ерін сияқты бұлшық етті болып келеді. Бет бұлшық еті сырт жағынан терімен, ал ішкі жағынан кілегейлі қабатпен қапталған. Кілегейлі қабат тістен басқа барлық ауыз қуысының ішін жауып жатады. Ауыз тесігінің пішінің өзгертетін бұлшық ет жүйесіне шайнау бұлшық еттері де жатады. Оларды атап кетсек, ол: шайнау бұлшық еті, самай бұлшық еті , ішкі және сыртқы қанаттәріздес бұлшық еттер. Шайнау және самай бұлшық еттері астына түскен төменгі жақты көтереді. Қанат тәріздес бұлшық еттер екі жақтан жиырыла отыра, жақты алдына қарай қозғалтады; егер бір жағынан ғана жиырылатын болса, онда жақ қарама-қарсы жаққа қарай қозғалады. Ауызды ашқан кезде төменгі жақтың астына қарай түсуі, ол өзінің ауыр болу салдарынан және кейде мойын бұлшық етінің жиырылуынан болады. Ерін және бет бұлшық еттері бет жүйкесі арқылы нервтендіріледі. Шайнау бұлшық еті инервацияны үштік жүйкенің қозғалтқыш қабығының әсерінен алады. Тістер екі доға түрінде орналасып, жоғарғы және төменгі жақтардың альвеолаларында (ұяшықтарда) бекітілген. Әр бір тістің қаптамасы, тамыры және мойыны болады. Тіс қаптамасының пішініне байланысты күрек тіс, ит тіс, кішкентай және үлкен азу тістер деп ажыратылады. Күрек тістер мен ит тістер алдыңғы, ал азу тістер артқы тістерге жатады. Алдыңғы тістер бір тамырлы, ал артқы тістер екі-үш тамырлы болып келеді. 6 - 8 айлық балада алғашқы тістер шыға бастайды, оларды уақытша немесе сүт тістері деп атайды. Сүт тістерінің шығып аяқталуы 2,5-3 жасқа дейін созылады; олардың жалпы саны – 20. Сүт тістерінің орнына тұрақты тістердің шығуы 7 жастан басталып, 13-14 жасқа дейін жалғасады. Ал ең ақырғы азу тістері, оларды ақыл тіс деп те атайды 20-25 жаста, кейде одан ерте немесе кеш шығуы да мүмкін. Тұрақты тістердің саны – 32 (әр бір жақ доғасында 16 тістен, оның 4 – күрек тістер, 2 – ит тістері, 4 – кішкентай азу тістер және 6 –үлкен азу тістер). Жақтардың және тіс жүйесінің қалыпты құрлысында жоғарғы тіс доғасы төменгі жаққа қарағанда бірнеше есе ірі болады, сондықтан төменгі алдыңғы тістер жоғарғы тістермен сәл жабылып тұрады. Ондай құрлысты болып келуін қалыпты деп атайды. Қатты таңдай – ауыз қуысын мұрын қуысынан бөліп тұратын сүйекті қабырға. Ол бір уақытта ауыз қуысының да, мұрын қуысы түбінің де қақпақшасы болып табылады. Өзінің алдыңғы жағынан ол жоғарғы жақты сүйек өсінділерінен, ал артқы жағынан – таңдай сүйегінің горизонтальды пластинкаларынан пайда болады. Қатты таңдайды жауып жатқан кілегейлі қабат сүйек қабымен тығыздалған. Қатты таңдайдың ортаңғы сызығында сүйекті тігін (шов) көрініп тұрады. Қатты таңдайдың пішіні дөнестеліп келген. Әр түрлі адамдарда қатты таңдайдың конфигурациясы әрқилы. Жұмсақ таңдай қатты таңдайдың жалғасы; ол кілегейлі қабатпен қапталған бұлшық етті болып келеді. Жұмсақ таңдайдың артқы бөлімі таңдай пердесі деп аталады. Таңдай бұлшық еттері босансып тұрған кезде таңдай пердесі төмен қарай салбырап тұрады, ал жиырылған уақытта жоғары қарай және артқа қарай көтеріледі. Таңдай пердесінің ортасында ұзын өсінді – кішкене тіл (бөбешік) болады. Тіл – бұлшық етті мүше. Тілдің алдыңғы жағы өте қозғалмалы, ал артқы жағы бекітілген, сондықтан оны тіл түбі немесе тіл тамыры деп атайды. Тілдің осындай бөлімдерін ажыратады: тілдің ұшы және алдыңғы жағы, тілдің бүйір жақтары мен тілдің мойыны, немесе арқасы. Тіл бұлшық еттерін екі топқа бөледі. Бір топ бұлшық еттер сүйекті қаңқадан басталып, тілдің кілегейлі қабатының қандай болмасын ішкі беткейінде аяқталады; басқа бұлшық ет топтары өзінің екі жақ ұшынан кілегейлі қабаттың кез келген жеріне бекінеді. Бірінші топ бұлшық еттерінің жиырылуы тілдің жалпы қозғалысын қамтамасыз етеді, ал екінші топ бұлшық еттерінің жиырылуында тілдің жеке бөлімдерінің пішіні мен орны өзгереді. Тілдің барлық бұлшық еттері жұпты болып келеді.