Діндегі бидғат (әл-бид’а) және оның түрлері туралы


«Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет бастаса, сол өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді» деген хадис



бет6/8
Дата10.12.2016
өлшемі1,65 Mb.
#3617
1   2   3   4   5   6   7   8

1. «Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет бастаса, сол өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді» деген хадис.


Исламда жақсы бидғат бар дейтіндердің ең басты дәйегін талдаудан бастайық, ол танымал хадис: «Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет бастаса, сол өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді». Муслим 1017.

Шейх Сыддиқ Хасан Хан осы хадиске байланысты былай деген: “Кейбіреулер осы хадиске және осыған ұқсас хадистерге «дінге жақсы жаңалық енгізуге болады» дегенге дәлел ретінде сүйенген! Алайда бұл хадисте олардың сөздерін растайтын ешқандай дәлел жоқ, өйткені хадистегі «сунна хасана» сөзі кісінің қандай да бір жаңа, ешқандай негізі жоқ амалды емес, заңдастырылған Сүннеттке негізделген, Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бастау алатын амалдарды істеуді білдіреді”. Қараңыз: “әс-Сираж әл-уәххаж” 10/420.

Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы хадисте не туралы айтқанын түсіну үшін, хадисті толығымен келтіру керек: Жәрир ибн ‘Абдуллаһ былай деп баяндаған: “Бірде сәске кезінде біз Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жанында болғанымызда, оған жартылай жалаңаш кісілер келді, олар үстілеріне бастары өтетін (жаға іспеттес) тесіктер жасап алған жүн матаның ала жыртыстарын киіп алған және белдеріне қылыштарын байлап алған болатын. Олардың көпшілігі, бәлкім, барлығы да мудар руынан еді. Олардың қатты мұқтаждығын көрген кезде, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) түрі бұзылып, ол өз бөлмесіне кіріп кетті. Содан соң бөлмесінен шығып, Біләлға азан шақыруды бұйырды, Біләл азан шақырып, кейін қамат айтты. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы намазды орындады да, кейін адамдарға қарап құтпа айта бастап, былай деді: «Әй, адамдар! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан оның жұбайын (Хауа ананы) жаратып, ол екеуінен көптеген ерлер мен әйелдерді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар! Сол арқылы өзара сұрасқан Аллаһтан және туыстық қатынастарды (үзуден) қорқыңдар. Шынында, Аллаһ – сендерді Бақылаушы!» («ән-Ниса» сүресі, 1-аят). Одан кейін “Хашр” сүресінің соңғы аяттарының бірін оқыды: «Әй, иман келтіргендер! Аллаһтан қорқыңдар! Әрі әркім ертеңі үшін не дайындағанына қарасын» («әл-Хашр» сүресі, 18-аят). Содан кейін: «Кісі өз динарын, немесе дирхамын, немесе өз киімін, немесе бір са’ бидай, немесе бір са’ құрма.., - деп айта бастады да, - ...немесе құрманың жартысын садақа етсін», - дегенге дейін жалғастырды. Осыдан соң ансарлардан болған бір кісі әрең көтеретіндей ауыр болған күміс толған әмиян алып келді, ал ол кісіден кейін басқалар да бірінен соң бірі (садақаларын беріп) оған ілесті. Ақыр-аяғында мен жерде екі үйінді (зат) жиналғанын көрдім – (олардың) біреуі тамақ, екіншісі киім болатын. Мен сондай-ақ Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүзі алтын апталғандай жайнап кеткенін де көрдім. Сөйтіп ол былай деді: «Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет бастаса, өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді. Ал кім Исламда жаман әдет бастаса, сол өз күнәсінің және өзінен кейін сол істі істегендердің күнәларының ауыртпашылығын көтереді, ал бұл олардың күнәларының ауыртпалығын еш азайтпайды!» Муслим 1017.

Хадисті толықтай білгеннен кейін, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «жақсы әдет» деген сөзбен не айтқысы келгені бізге айқын болады. Бұл жерде Исламда бекітілген белгілі бір ізгі амал істеген кісі туралы әрі осы ізгі амалында оның артынан басқалар ергендігі, яғни Сүннетті тірілткен адам туралы сөз болуда. Әрі аталмыш хадисте әртүрлі бидғаттар туралы емес, Исламда заңды етіп бекітілген және шариғи негізге ие садақа туралы сөз болды. Себебі, хадисте: «Осыдан соң ансарлардан болған бір кісі әрең көтеретіндей ауыр болған, күміс толған әмиянын алып келді, ал ол кісіден кейін басқалар да бірінен соң бірі (садақаларын беріп) оған ілесті», - делінген. Яғни әлгі ансар кісі Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) міскін мұсылмандарға садақа беру туралы жасаған үндеуіне ең алғаш болып құлақ асқан адам болды, содан кейін оның өнегесіне басқа мұсылмандар да ере бастады. Сондықтан осыдан кейін Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет бастаса, өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, ал бұл олардың сауабын еш кемітпейді», - деді.

Сонымен қатар «жақсы әдет» дегеннің астарында Сүннет амал істеу туралы сөз болып жатқаны Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген осыған ұқсас келесі хадистен де түсініледі: “Бірде Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір кісі келіп, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарды оған садақа беруге үндей бастады. Біреу: “Менде мынадай және мынадай нәрселер бар”, - деді. Әрі сол мәжілісте ол кісіге азды-көпті садақа бермеген бірде-бір адам қалмады. Содан соң Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Кім бір жақсы нәрсе бастаса, әрі оған осыда өзгелер де ерсе, сол толық сауап әрі ізінен ергендердің сауаптарын да алады, ал бұл олардың өз сауаптарын азайтпайды. Ал кім жаман нәрсе бастаса және оған осыда өзгелер ерсе, сол осы үшін толық жауапкершілікті әрі өзіне ілескендердің жауапкершілігін де көтереді, ал бұл оларыдың өз күнәларын еш азайтпайды»”. Ибн Мәжаһ 204. Хадистің сенімділігін хафиз әл-Бусайри мен шейх әл-Әлбани растады.

Сөйтіп, Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дінге ешқандай жақсы жаңалық енгізуге рұқсат бермегені айқын болды әрі бұл хадисте бұған ешқандай дәлел жоқ.

Біріншіден, «мән сәнна сунна хасана» (кім жақсы әдет бастаса) деген тіркестегі «сунна» сөзі шариғи емес, тілдік мағынада қолданылып тұр. Яғни аталмыш хадистегі «сунна» сөзі «әдет», «жол», «іс» дегенді білдіреді. Осы хадистегі «сунна» сөзі шариғи мағынада қолданылуы мүмкін емес, себебі - егер олай болғанда, онда бұл «Исламда жаман Сунна да бар» дегенді білдірер еді, өйткені «мән сәнна сунна сайиа» (кім жаман әдет қалыптастырса) деген тіркес «Исламда жаман Сунна да бар» дегенді білдірер еді, өйткені бұл сөздер «кім жаман Сунна бастаса» деген мағынада түсінілер еді. Міне, осы себепті бұл тіркестердің жалғыз дұрыс түсінігі «жақсы өнеге» және «жаман үлгі» дегенде!

Екіншіден, сәләфтар мен әуелгі имамдардың бірде-біреуінен олар хадистегі «жақсы амал (әдет)» деген сөз жақсы бидғат (бид’а хасана) деп түсінгені туралы хабар жеткізілмеген.

Үшіншіден, қарастырып жатқан хадистен ешкім дінде ешқандай жаңа бір нәрсе істемегенін түсінеміз, керісінше әлгі сахаба тек садақа берді және оған басқалар ерді. Сөйтіп көптеген имамдар, мысалы, имам әл-Ләлакаи өзінің «Шарх усул әл-и’тиқад» кітабында, осы хадисті «Сүннетті тірілткеннің сауабы туралы» деген тарауларда келтірген.

Аталмыш хадис пен соған ұқсас хадистердің мағынасын мына бір хадис керемет түсіндіріп береді: «Адамдар менің Сүннетімді өлтіргеннен кейін оны тірілткен кісіге сол Сүннетті істеген бүкіл адамдардың сауабына тең сауап беріледі, әрі олардың да сауаптары түк азаймайды! Ал бидғат енгізген адам сол бидғаттың күнәсін әрі сол бидғатты істеген бүкіл адамдардың күнәларының ауыртпалығын арқалайды!» Ибн Мәжаһ 209, әт-Тирмизи 2677. Хадистің сенімділігін имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, имам әл-Бәғауи, шейх Ибн Хәжар әл-Хайтами және шейх әл-Әлбани растады. Қараңыз: “Сунан әт-Тирмизи” 3/128, “Шарх әс-Сунна” 1/198, “әз-Зәуажир” 1/98, “Сахих «Сунан» Ибн Мәжаһ”.

Шейх Сыддиқ Хасан Хан талқыланып жатқан хадиске қатысты имам ән-Нәуауидің бидғат бес түрлі болады (уәжиб, мустахаб, харам, мәкруһ және мубах) деген сөздерінен кейін: «Бұл хадисте (бидғатты) өстіп жіктеуге ешқандай нұсқау жоқ! Шын мәнінде, осы хадисте айтылған адамдар жаңадан еш нәрсе істеген жоқ, тек Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өнегесіне ғана ерді. Әрі бидғат бес түрге бөлінетініне ешқандай дәлел жоқ. Ал кім бидғаттың осындай бөлінуі туралы пікірге ілескен болса, осынысына ешқандай дәлел әкелмепті!», – деді. Қараңыз: “әс-Сираж әл-уәххаж” 3/565.

Шейх Сафийю-р-Рахман әл-Мубаракфури «мән санна Сунна хасана» деген сөздерге қатысты былай деді: “Яғни кім әлгі күміс толған әмиянын алып келіп, басқаларға үлгі болған кісі сияқты өзгелерден бұрын жақсы іс бастаған болса, сол. Ал әлгі кісінің ісі жақсы болғанына қатысты айтар болсақ, онда бұл діннен белгілі. Әрі хадистің мағынасы – дінде белгілі болмаған бір нәрсені енгізген біреудің енгізген нәрсесі жақсы дегенде емес, өйткені дінде жақсы екендігі белгісіз болған нәрсе ешқашан жақсы бола алмайды! Сондай-ақ бұл кейбіреулердің ілесетін бидғатты жақсы және жаман деп бөліп қарастырудың жарамсыз екенін көрсетеді. Расында, кез келген бидғат – бұл адасушылық! Және бұл жерде екеуінің біреуі болуы мүмкін: егер бұл іс жақсы болса, ол бидғат болуы мүмкін емес, ал егер бұл іс бидғат болса, ол ешқашан жақсы бола алмайды, тіпті біреуге жақсы болып көрінсе де! Мысалы, намаз – өте жақсы іс, бірақ парыз намаздардағы бекітілген ракағат санын көбейту – өте жаман іс, мұндайды істеген адам тәубе етуі тиіс. Сондай-ақ «Мұхаммед – Аллаһтың елшісі» деген сөз – өте жақсы сөз, бірақ осы сөздерді азанның соңынан қосу – өте жаман нәрсе, мұндайды айтқан адам тәубе етуі тиіс. Әрі бүкіл жақсы істердегі үкім осындай, өйткені шариғат нұсқаған нәрсе ауыстырылмайды, көбейтілмейді және азайтылмайды. Және шариғатқа сәйкес келмеген нәрсе «жақсы» деп айтылмайды!” Қараңыз: “Миннатул-мун’им фи шарх «Сахих» Муслим” 2/105.

Шейх Ибн ‘Усаймин талданып жатқан хадиске қатысты былай деді: “«Кім Исламда бір жақсы әдет бастаса» деген сөзді айтқан (Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)): «Кез келген бидғат – бұл адасушылық», - деп те айтты. Әрі ең шыншыл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерінің арасында қарама-қайшылық болуы мүмкін емес болғандай, оның бір сөзі екінші бір сөзін теріске шығаруы да мүмкін емес!

Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім жақсы әдет бастаса», - деді, «Кім бидғат енгізсе», - деген жоқ. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Исламда жақсы әдет бастаса», - деді, ал бидғат Исламнан емес. Және ол: «..жақсы...», - деді, ал бидғат жақсы емес”. Қараңыз: «әл-Ибда’ фи кәмал әш-шәр’» 19-20.

2. “Мұсылмандар жақсы деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жақсы. Ал мұсылмандар жаман деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жаман!”, - деп айтылатын хадис

Исламда жақсы бидғат бар дейтіндер дәлел ретінде Әнастан жеткен «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Мұсылмандар жақсы деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жақсы. Ал мұсылмандар жаман деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жаман!”, - деп айтты» деген хабарды да келтіреді.

Біріншіден, бұл хадис Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен хадис емес және бұны хадистерден хабары жоқ кісілерден басқа ешкім Пайғамбардан жеткізілген деп айтпаған! Бұл Ибн Мәс’удтың (Аллаһ оған разы болсын) сөзі болып табылады: «Мұсылмандар жақсы деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жақсы. Ал мұсылмандар жаман деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жаман!» Ахмад 1/379, әт-Таялиси 23, әл-Бәззар 130. Сенімділігін имам әз-Зәһаби, хафиз Ибн Хәжар, имам әс-Сахауи, хафиз Ибн ‘Абдул-Һади, шейх Ахмад Шәкир және шейх әл-Әлбани растады.

Ханафи мәзһабының танымал ғалымы хафиз әз-Зәйла’и былай деп айтқан: «Бұл хадистің Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізілетін түрі – бөтен (ғариб), әрі мен оның тек Ибн Мәс’удтан жеткенін ғана таптым». Қараңыз: “Нәсбу-ррая” 4/133.

Хафиз Ибн ‘Абдул-Һади былай деген: «Бұл хабар Әнас сөзінен Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімсіз иснадпен жеткен, ал дұрысы – бұл Ибн Мәс’удтың сөзі». Қараңыз: “Кәшф әл-хуффа” 2/188.

Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: «Бұл Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөзі емес, бұны оған хадис білімінен хабарсыз біреу теліген! Алайда бұл сенімді түрде Ибн Мәс’удтан жеткен». Қараңыз: “әл-Фурусия” 61.

Екіншіден, тіпті егер Исламда жақсы бидғат бар дейтіндер бұл хабар Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі емес, Ибн Мәс’удтың сөзі дегенге келісіп, бірақ сонда да оны дәлел ретінде пайдалануға талпынса да, бұл хабарда олардың пікіріне бәрібір дәлел жоқ. Мұның келесідей бірнеше себептері бар:

Осы жерде «мұсылмандар» дегенде Ибн Мәс’уд сахабаларды меңзегенін аталмыш хабардың толық нұсқасы жақсылап ашып береді: «Ақиқатында, Аллаһ Тағала Өз құлдарының жүректеріне қарап, олардың арасынан Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүрегін ең жақсы деп тапты да, содан соң оны Өзі үшін таңдап, Өзінің елшілігімен жіберді. Содан соң Аллаһ Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жүрегінен кейін (басқа) құлдарының жүректеріне қарап, олардың арасынан сахабалардың жүректерін ең жақсы деп тапты да, оларды Өзінің пайғамбарына (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көмекші етті! Мұсылмандар жақсы деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жақсы, ал мұсылмандар жаман деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жаман!» Ахмад 1/379, әл-Әжурри 1204.

Ал әл-Хакимнің нұсқасында «Мұсылмандар жақсы деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жақсы, ал мұсылмандар жаман деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жаман деген сөздерден кейін, Ибн Мәс’уд былай дейді: “Және бүкіл сахабалар Әбу Бәкр халифа болуы керек деп есептеді”.

Міне, осылайша, Ибн Мәс’удтың бұл сөздері сахабаларға қатысты айтылғаны анық болды, әрі олар дінде түрлі бидғаттар ойлап тауып, оларды жақсы амал деп есептеген бидғатшыларға қатысты емес.

Бірақ тіпті егер Ибн Мәс’удтың осы сөздері тек сахабаларға ғана емес, бүкіл мұсылмандарға қатысты деп ұйғарған жағдайдың өзінде де, бұл хабарда олардың пікіріне ешқандай дәлел жоқ. Осы хабарда Ибн Мәс’уд мұсылмандардың нақты бір саны туралы сөз етіп тұр ма, әлде жалпы бүкіл мұсылмандар туралы айтып тұр ма?! Әрине, бүкіл мұсылмандар туралы, олардың көпшілігін де, азшылығын да ерекшелемей айтып тұр. Әрі осы себепті де Ибн Мәс’удтың осы хабарын көптеген имамдар бірауызды келісімнің (әл-ижма’) дәлел екеніне айғақ ретінде келтірген. Танымал ханафи ғалымы Имам әл-‘Изз ибн ‘Абду-с-Сәлам былай деп айтқан: «Егер осы хабар сенімді болса, онда «мұсылмандар» дегенде бірауызды келісім меңзелуде». Қараңыз: “Фәтауа әл-‘Изз” 1/42.

Имам Ибн Қудама былай деген: «Бұл хабар ижма’ дәлел екеніне дәлел болып табылады». Қараңыз: “Раудату-ннәзыр” 86.

Шейх Ибн әл-Қайим былай деп айтқан: «Бұл хабарда мұсылмандар бір нәрсені жақсы деп, пікірлері бір жерден шықса, ол нәрсе Аллаһтың алдында да жақсы болып табылатынына нұсқау бар. Бірақ бұл хабарда кейбіреулердің пікірі дәлел болатынына нұсқау жоқ!» Қараңыз: “әл-Фурусия” 60.

Сондай-ақ аталмыш хабарды хафиз әл-Хайсами, Шейхул-Ислам Ибн Тәймия, хафиз Ибн Кәсир және басқалар да ижмаға дәлел ретінде қолданған. Қараңыз: “Кәшф әл-әстар” 1/81, “Минһажу-с-Сунна” 1/166, “әл-Бидая уә-ннихая” 10/328.

Қалай басқаша болуы мүмкін?! Өйткені Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бүкіл үмметі бірауызды келіскен нәрсе адасушылық болуы мүмкін емес?! Ибн ‘Умар мен Әнастан (Аллаһ оларға разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Расында, Аллаһ Тағала Мұхаммедтің үмметін толығымен адасу үстінде жинамайды!» Ахмад 5/145, Ибн Мәжаһ 3950, әл-Хаким 1/115. Хадистің сенімділігін хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбани растады.

Жақсы бидғаттың бар екенін бар ынта-жігерімен дәлелдеуге тырысатындар Ибн Мәс’удтың (Аллаһ оған разы болсын) дәл осы сөзін дәйек ретінде алып, бірақ осы орайда оның кез келген кішігірім бидғат көріністерін қатал сөгетін ондаған сөздеріне назар аудармайтыны таң қалдырады. Ибн Мәс’уд былай демеп пе еді: «(Сүннетке) ілесіңдер және бидғат ойлап таппаңдар, өйткені сендерге (Сүннет) жеткілікті! Әрі әрбір бидғат адасушылық болып табылады!» Ибн Нәср “әс-Сунна” 28, Ибн Уәддах «әл-Бида’» 43. Сенімді иснад.



3. ‘Умар ибн әл-Хаттабтың “Мынау неткен керемет бидғат” деген сөзі

Сонымен қатар Исламда жақсы бидғат бар дейтіндер негізгі дәлел ретінде ‘Умар ибн әл-Хаттабтың (Аллаһ оған разы болсын) мұсылмандарды Рамазан айында тарауих оқу үшін бір имамның артына жинап: “Мынау неткен керемет бидғат!”, – деген сөзін пайдаланады.

Бұған жауап:

‘Абдур-Рахман ибн ‘Абдул-Қари былай деп айтады: “Бірде біз ‘Умар ибн әл-Хаттабпен Рамазанның бір түнінде бір мешітке кірдік, ондағы адамдар намазды бөлек-бөлек оқып жатқан болатын. Сонда ‘Умар: «Менің ойымша, егер мына адамдарды бір қаридың артына жинасам жақсы болады!», - деді. Сөйтіп ол жұртты Убай ибн Кә’бтің артына жинады. Кейін, мен онымен бірге келесі түні мешітке барғанымда, адамдар бір қаридың артына ұйып намаз оқып жатыр екен, (сонда) ‘Умар: «Мынау неткен керемет бидғат!», - деді”. Әл-Бухари 2010.

‘Умардың (Аллаһ оған разы болсын): «Мынау неткен керемет бидғат!» деген сөздерінде тілдік мағынадағы бидғат туралы айтылуда, себебі ‘Умардың әрекеті діндегі жаңалық болуы ешқандай мүмкін емес еді. Мұндай іс шариғатта бұрыннан бар еді ғой, өйткені Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл намазды адамдармен бірге орындаған, бірақ бұл намаз оның үмметіне міндет болып бұйырылуынан қауіптеніп, оны (жамағатпен оқуды) тоқтатқан болатын. Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болғаннан кейін бұл намаз үмметке міндетті болып кету қауіпі қалмады, сондықтан ‘Умар өзі халифа болып тұрған шағында Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін тірілтіп, мұсылмандарды тарауих намазын оқу үшін бір имамның артына жинады.

Тарауих намазын жамағатпен оқу Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде де орын алғанын дәлелдейтін хадистер өте көп. Мысалы, ‘Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен, ол былай деп баяндаған хадис: “Бірде (Рамазан айында) түннің бір жартысында Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үйден шығып, мешітте намаз оқи бастады, әрі кейбір адамдар да оған ұйып намаз оқи бастады. Ал келесі күні таңертең әлгі кісілер бұл туралы басқаларға айта бастады да, келесі түні адамдар көбірек жиналды. Олар Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге намаз орындап, келесі күні таңертең бұл туралы басқаларға айтты. Үшінші түні мешітке көп адам жиналды, ал Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үйден шығып, намаз орындағанда, олар да оған ұйып намаз оқыды. Төртінші түні намаз оқығысы келгендердің барлығы мешітке сыймай кетті. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазын оқуға (ғана) шығып, оны оқып болған соң, адамдарға қарап, куәлік сөздерін айтты да: «Содан соң. Расында, мен сендердің игілікке деген ұмтылыстарыңды көріп тұрмын, бірақ мен бұл намаздың сендерге парыз етілуінен және сендер оны орындай алмай қалуларыңнан қорқамын», - деді. Кейін Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болды, ал адамдар мұны тастап қойды”. Әл-Бухари 2012, Муслим 2/177.

Ән-Ну’ман ибн Бәшир (Аллаһ оған разы болсын) былай дейді: «Бірде біз Пайғамбармен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге Рамазанның жиырма үшінде түннің алғашқы үштен бір бөлігі өткенше түнгі намаз оқыдық. Кейін Рамазанның жиырма бесінде біз онымен бірге түннің ортасына дейін түнгі намаз оқыдық. Ал біз онымен бірге Рамазанның жиырма жетісінде түнгі намазды оқыған кезімізде, сәресіне (сухур) үлгермей қаламыз ба деп ойладық». Ахмад 4/272, ән-Нәсаи 1/238. Хадистің сенімділігін имам әл-Хаким, шейх әл-Әлбани мен Шу’айб әл-Арнаут растады.

Имам әл-Хаким былай деп айтқан: «Осы хадисте Тарауих намазын мешіттерде орындау бекітілген Сүннет екеніне нақты нұсқау бар. ‘Али ибн Әбу Талиб те ‘Умардың (адамдарға) осы Сүннетті орындауды бұйыруына түрткі болған». Қараңыз: “әл-Мустадрак” 1/440.

Әбу Зарр (Аллаһ оған разы болсын) былай деді: “Біз Рамазанда Аллаһ Елшісімен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірге ораза ұстайтынбыз, әрі ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан аяқталуға жеті түн қалмайынша бізбен бірге түнгі намазды оқымайтын. Кейін ол түннің алғашқы үштен бір бөлігі өткенге дейін бізбен бірге намаз оқыды. Алты түн қалған кезде, ол тағы да бізбен бірге намаз оқыды. Одан кейін, бес түн қалған кезде, ол бізбен бірге түннің ортасына дейін намаз оқыды. Ал біз: “Уа, Аллаһтың елшісі! Біз неге түннің қалған бөлігінде де намаз оқи бермейміз?”, – дедік. Сонда ол: «Расында, имам орнынан тұрып кетпейінше имаммен бірге намаз оқыған кісі түнімен намаз оқыған адамдай болады», - деді”. Әбу Дәуд 1375, ән-Нәсаи 1364. Хадистің сенімділігін Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, Ибн Хузайма, Ибн Хиббан және әл-Әлбани растады.

Бұл хадистердің барлығы тарауих намазын мешітте имаммен бірге оқу Сүннетте бар екенін, әрі бұл ‘Умар басқарған кезде пайда болған жаңа бір нәрсе емес екенін көрсетеді!

Имам әш-Шәтыби былай деп айтқан: «Умар бұл істі, оның сыртқы көрінісіне қарап, бидғат деп атады, өйткені бұл (тарауихті жамағатпен оқу) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) уақытына қалдырылған еді, әрі бұл Әбу Бәкрдің кезінде де жасалмады». Қараңыз: “әл-И’тисам” 1/195.

Имам Ибн Са’д былай деген: «Умар Рамазанның түнінде адамдарды жинап, жамағат намазын оқуды жаңғыртқан ең алғашқы адам болды. Бұл оқиға хижра бойынша он төртінші жылдың Рамазан айында орын алды». Қараңыз: “әт-Табақат” 3/213.

Сонымен, ‘Умар Рамазан айының түндерінде жамағат намазын оқу түріндегі Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін тірілткен кісі ғана болды.

Хафиз Ибн ‘Абдул-Бәрр былай деп айтқан: «Умар Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көріп, разы болып бекіткен нәрсесінен артық еш нәрсе бекітпеді, ал ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне түнгі намаз парыз болып кете ме деген қауіптің себебімен ғана мұны жалғастырғысы келмеген болатын, өйткені ол мүміндерге қатысты жұмсақ әрі мейірімді болатын. Әрі ‘Умар мұның барлығын Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) білгендіктен және оның өлімінен кейін парыздар көбейтілмейтінін де, азайтылмайтынын да білгендіктен осы амалды қайта тірілтті де, адамдарға осыны орындауды бұйырды!» Қараңыз: “Ишрақ әл-мәсабих” 1/168.

Хафиз Ибн Кәсир былай деп айтқан: “Бидғат екі түрлі болады: бұған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Әрбір бидғат – бұл адасушылық, ал әрбір адасушылық Тозақта!» деген сөздері нұқсайтын шариғаттағы бидғат; әрі мүміндердің әміршісі ‘Умар ибн әл-Хаттабтың тарауих намазын бір имамның артынан ұйып оқу туралы айтқан «Мынау неткен керемет бидғат» деген сөздері сияқты тілдік мағынадағы бидғат”. Қараңыз: “Тәфсир Ибн Кәсир” 1/166.

Хафиз Ибн Ражаб былай деген: “Сәләфтардың кейбір бидғаттарды құптап айтқан кей сөздеріне келер болсақ, (оларда) шариғи мағынадағы емес, тілдік мағынадағы бидғат туралы сөз болуда. Солардың қатарына ‘Умардың (Аллаһ оған разы болсын) мұсылмандарды Рамазанда бір имамның артынан жинап: «Мынау неткен керемет бидғат», - деген сөзі жатады. Сондай-ақ оның: «Егер бұл бидғат болса, ол жақсы», - деп айтқаны да жеткізіледі. Әрі Убай ибн Кә’б оған: «Мұндай нәрсе (бұрын) болмады ғой», - деген кезде, ол: «Білемін, бірақ, бұл – жақсы амал», - деп жауап берді. Яғни ол осы уақытқа дейін мұндай амал дәл осындай күйінде болмағанын, жоқ, бірақ амалдың өзі шариғатта бар екенін меңзеген болатын. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанда түнгі намаздарды оқуға ынталандыратын, әрі оның кезінде адамдар сол намазды бөлек-бөлек жамағат болып мешіттерде оқитын, және оның өзі де бұл намазды сахабаларымен бірге Рамазанда бірнеше рет оқыған еді. Алайда кейіннен Рамазандағы түнгі намаз мұсылмандар үшін парыз болып кете ме деген қауіптің себебінен ол өзін осыдан тыя бастады”. Қараңыз: “Жәми’ул-улюми уәл-хикам” 403.

Имам Әбу Юсуф былай деген: “Мен Әбу Ханифадан тарауих намазы мен ‘Умардың істегені туралы сұрадым, ал ол былай деп жауап берді: «Тарауих – белгілі Сүннет және ‘Умар бұны өзі дұрыс деп тапқандықтан істеген жоқ, әрі оның ісінде ешқандай бидғат болған емес. Ол мұны Пайғамбардың өзінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істерінде осыған негізі болғандығы себепті істеді»”. Қараңыз: «әл-Ибда’» 80.

Сөйтіп, ‘Умардың айтқан бидғаты шариғаттағы бидғат емес! Әрі мүміндердің халифасы ‘Умар ибн әл-Хаттаб дінде болмаған нәрсені жақсы бидғат деуі мүмкін бе?! Өйткені оның кішкентай бидғатқа да, Сүннеттен сәл ғана ауытқуға да қатысты қатал болғаны белгілі ғой! Әбу ‘Усман ән-Нәхди былай деді: “Бірде бір әкім ‘Умар ибн әл-Хаттабқа өзінің (басқаратын) жағында бірге жиналып, мұсылмандар мен олардың әмірі үшін дұға ететін адамдар бар деп хат жазып жібереді. ‘Умар оған: «Соларды ертіп, өзің де кел», - деп жауап жазады. Олар келген кезде, ‘Умар өз қызметшісіне: «Қамшыны дайында!», - деді. Ал олар оның құзырына кіргенде, ‘Умар оларды қамшымен сабай бастады”. Ибн Әбу Шәйба 8/558, Ибн Уәддах «әл-Бида’» 19.

Міне, осыдан кейін ‘Умар Исламда «жақсы» бидғат бар деп есептеді деп кім бізді сендіре алады?!

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп айтқан: “‘Умардың: «Мынау неткен керемет бидғат» деген сөздері туралы айтар болсақ, олар нендей жиі (жақсы бидғат бар дегенге) дәлел ретінде келтіріледі. Алайда егер біз қандай да бір үкімді ‘Умардың ешқандай келіспеушілігі жоқ басқа бір сөзімен бекіткіміз келсе, олар міндетті түрде: «Сахабаның сөзі дәлел болмайды», - дер еді. Ал енді қалайша бұл жағдайда сахабаның сөзі Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөзіне қарама-қайшы дәлел бола алады? Тіпті «сахабаның сөздері дәлел бола алады» деп есептейтіндердің өздері де егер осы сөздер хадиске қайшы келсе, бұлай есептемейді. Ең кем дегенде, сахабаның сөзін хадиске қарсы қоймау керек! Ал ‘Умардың осыны бидғат деп атағанына келер болсақ, біздің бар айтарымыз: оның сөздерінен ары кетсе «бұл «жақсы бидғат» деген сөз шариғи мағынада емес, тілдік мағынада айтылған» деген (мағынаны) алуға болады. Өйткені тілдік мағынадағы «бидғат» сөзі өзіне дейін осындай үлгісі болмаған күйде жаңадан пайда болған бүкіл нәрсені қамтиды. Ал шариғатта «бидғат» сөзімен шариғатта нұсқауы болмаған нәрсе меңзеледі”. Қараңыз: “Иқтида сырат әл-мустақим” 2/592-593.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет