Сондай-ақ көптеген білімсіз мұсылмандар құлшылық рәсімдеріндегі өз бидғаттарын ықыласты түрде жақсылықты қалағандықтарымен ақтайды. Дәл осылайша кейбіреулер ойдан шығарылған ‘Ид-мәулідті (Пайғамбардың туған күнін) ақтап алғысы келеді. Олар: «Осы күнді мерекелеуде не жамандық бар? Біз (ол күні) тек жақсылық істейміз ғой: Аллаһты зікір етеміз, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын (сираны) еске аламыз, дастарған жайып, қарттарды да, жастарды да қуантамыз», - дейді, немесе т.б. осы сияқты сылтауларды айта бастайды.
Мұндай мәлімдемелерге жауап «Шариғатта нұсқауы жоқ кез-келген құлшылық кері қайтарылады» тарауында берілген болатын.
Аллаһ Тағала құлшылықты қабыл ету үшін ықыласты ниеттің ғана болуы жеткіліксіз екенін түсіну қажет. Сонымен қатар амал шариғатта негізге ие болуы керек. Аллаһ Тағала былай деді: «(Әй, Мұхаммед:) “Сендерге амалдары бойынша ең үлкен зиянға ұшырайтындардың хабарын берейін бе?”, – де. Олар дүниедегі еңбектері зая кеткендер. Өздері болса: “Рас, жақсы іс істедік”, - деп ойлайды» («Кәһф» сүресі, 103-104-аяттар)
Имам әл-Қуртуби: «Осы аятта адамдардың арасында өзін ықыластымын деп есептеп амал ететін, алайда тырысулары зая болатын кісілер бар екеніне дәлел бар», - деген. Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 10/65.
Хафиз Ибн Кәсир былай деп айтқан: «Бұл аят жалпылама болып табылады әрі ол Аллаһқа бекітілмеген жолмен құлшылық етіп, өзінің істеп жатқан ісін дұрыс деп есептеп, амалдарын қабыл болады деп ойлаған, ал шын мәнінде қателесетін және амалдары кері қайтарылатын әрбір кісіге қатысты!» Қараңыз: “Тәфсир Ибн Кәсир” 3/174.
Шариғатта мынадай өте маңызды қағида бар: «Жақсы ниет жаман істі жақсы етпейді».
Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: «Ақиқатында, игі амал үшін сауап тек игі ниет болғанда ғана беріледі. Алайда жақсы ниет жалғанды ақиқатқа айналдырмайды, өйткені амалдың дұрыс болуы үшін жалғыз ниеттің өзі ғана жеткіліксіз! Сондай-ақ ниетке шариғи шарттың да қосылуы қажет». Қараңыз: “Мәдарижу -ссаликин” 1/85.
Құрметті оқырман, Ибн Мәс’удтың (Аллаһ оған разы болсын) мешітте үйірмелер құрып, топ-топ болып отырып алып, кішкентай тастарды қолданып Аллаһты зікір еткен адамдардың оған: “Әй, Әбу ‘Абдур-Рахман, Аллаһпен ант етеміз, біз игіліктен басқа еш нәрсе қаламаймыз!”, – деген сөздеріне берген жауабын еске алыңыздар. Ол оларға: “Қаншама адам игілікті қалайды, бірақ оған қол жеткізе алмайды!”, - деді. Әд-Дәрими 1/68, әт-Тәбарани 8628. Қараңыз: “әс-Силсила әс-сахиха” № 2005.
Ал бұл - Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ол туралы: «Үмметім үшін Ибн Умм Абд (Ибн Мәс’уд) разы болған нәрсеге мен де разымын», - деп айтқан Ибн Мәс’удтың сөзі ғой. Әл-Хаким 3/316. Сенімді хадис. Қараңыз: “әс-Силсила әс-сахиха” 1225.
Түйін:
Уа, мұсылмандар, Аллаһ Тағала ол үшін сауаб бермейтін, оның үстіне қоса жазалайтын іспен айналысудың не қажеті бар? Құлшылық ету және Аллаһқа жақындау үшін әлдебір нәрселерді ойлап табатындай, Ислам дінінде олардың бекітілген түрлері аз ба?! Кім Аллаһ Тағаланы жиі-жиі еске алғысы келсе, оған Құран оқу мен сенімді Сүннеттегі зікірлер жетіп асады. Нәпіл намаздарды көп оқығысы келген адам үшін түнгі намаз (қиям әл-ләйл), үтір (уитр) намазы, духа намазы, парыз намаздарынан алдын және кейін оқылатын сүннет намаздары (сунан-рауатиб) бар, солардың өзі жеткілікті, тіпті олардың тұтастай барлығын қамту мүмкін де емес. Кім садақа бергісі келсе, оған садақа есіктері ашық, әрі садақа беруді мәулід сияқты ойдан шығарылған мейрамдарға немесе қайтыс болғандарды еске алу үшін аталатын (асы, қырқы, жылы, жетісі, жүзі, өлген күні, бейсенбілігі, жамбасы жерге тиген күні, т.с.с. – ред. (қаз)) күндерге орайластырудың қажеті жоқ.
Осылайша, егер сөз дін мәселелері туралы болып жатса, онда Исламда ешқандай «жақсы бидғат» жоқ екені анық болды. Ал егер бір нәрсенің шариғатта негізі болса, ол бидғатқа жатпайды, тіпті біреулер оны тілдік мағынада бидғат деп атаса да, өйткені үкім белгілі бір нәрсенің атауымен емес, оның мәнімен байланысты.
Ал енді Исламда жақсы бидғат бар деп, сонысы арқылы Сүннет пен ақиқаттың бұзылуына есік ашатындарға келер болсақ, олар үлкен қателік жасауда және өте қауіпті нәрселер мәлімдеуде, өйткені егер Исламда жақсы бидғат бар дейтін болсақ, онда:
1 – осы жақсы бидғат Аллаһ кемел етіп тамамдаған дінге ұнамды қоспа болғаны.
2 – Аллаһ Тағала Өз дінін кемелдікке жеткізбегені, өйткені (біреулер) оны Құранда да, Сүннетте де, ешбір сахабаның сөзінде де болмаған нәрсемен толықтыруға кірісуде!
3 – Пайғамбар мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалар дінде игі болған қандай да бір нәрсені істеу мүмкіндігін жіберіп алғаны, ал олар ізгі істі біліп тұрып әдейі қалдыруы мүмкін емес. Ал егер олар біреулер жасап жатқан осы құлшылық пен Аллаһқа жақындаудың түрлерін білмеген болып, оны басқалар білді десек, онда ол не Аллаһтың Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабаларынан да артығырақ тура жолда болғаны, не болмаса адасушылық есігін ашқаны келіп шығады!
4 – Дінге «жақсы бидғат» дегенді енгізушілер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) істемеген нәрсені істегені, әрі сонысымен дін мен құлшылықты жақсартқаны!
Әрі тіпті егер Исламда жақсы бидғат (бид’а хасана) бар дейтін болсақ, онда оның шекарасы қандай, әрі олардың қайсысы жақсы бидғатқа, ал қайсысы жаман бидғатқа жататынын кім шешіп береді? Адасқан ағымдардың қайсысы болса да өз бидғатын жаман деп жасайды ма?! Әрине, жоқ. Өйткені әрбір бидғатшы өзінің бидғатын жақсы бидғат деп және тіпті Аллаһқа жақындаудың бір жолы деп санайды, әйтпесе ол оны жасамас еді ғой! Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп айтатын: «Егер адамдар өздерінің істеп жатқан нәрселерін жақсы деп санамағанда, оларды (дінге) енгізбейтінін айта кету керек. Ал егер олар осыны жаман деп санағанда, мұны енгізбес еді!” Қараңыз: “әл-Иқтида” 2/598.
Сондай-ақ «жақсы бидғат» деген терминдерді тастау керек, өйткені ол түсінбеушілік туғызады, әрі адасушылыққа қарай есік ашады! Шариғат терминологиясындағы белгілі бір терминнің ізінен ешқандай жаманшылық ілеспесе ғана, оны қолданудың еш айыбы жоқ. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: «Аллаһ пен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерін түсінуде қатерлі адасушылыққа ұшыраудың бір себебі – кісінің ойдан шығарылған терминологияны қолдануы. Әрі сіз сол кісінің қандай да бір терминге сүйеніп, Аллаһтың сөзін тәпсірлеуге тырысқанын көре аласыз». Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 12/106.
Шейх Ибн әл-Қайим: «Терминология өзінен кейін зиян әкелмесе ғана, оны қолданудың еш айыбы жоқ», – деген. Қараңыз: “Мәдарижу-ссаликин” 3/306.
Ал «жақсы бидғат» терминіне келер болсақ, оны қолдануда зиян бар екеніне ешқандай күмән жоқ!
Исламда бидғаттардың пайда болу себептері
1. Сүннетті тастау
Аллаһ Тағала Өзінің Пайғамбарына: “«Егер Аллаһты жақсы көрсеңдер, маған еріңдер, сонда Аллаһ та сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді. Өйткені Аллаһ Кешіруші, ерекше Мейірімді», - деп айт”, - деді («Әли `Имран» сүресі, 31-аят).
Хафиз Ибн Кәсир былай деп айтқан: «Осы ұлы аят Аллаһты жақсы көремін деп мәлімдеп, бірақ Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жолына ермейтін әрбір адам үшін үкім шығарушы болып табылады. Расында, ондай адам өзінің барлық сөздері мен істерінде Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шариғаты мен оның дініне ермейінше өз мәлімдеуінде өтірікші!» Қараңыз: “Тәфсир Ибн Кәсир” 2/162.
Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: «Аллаһ Тағала кісіні жақсы көруі үшін оған Өз Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) еруді себеп етіп қойды. Өйткені Аллаһтың Өз құлын жақсы көруі құлдың Аллаһты жақсы көргеніне қарағанда едәуір маңыздырақ қой. Сенің Аллаһты жақсы көруің емес, бірақ Аллаһтың сені жақсы көруі маңыздырақ!» Қараңыз: “Бәдаи’ әт-тәфсир” 1/22 9.
Сүннетті тастау бидғаттың тууына себеп болады. Ибн Мәс’уд (Аллаһ оған разы болсын) былай дейтін: «Егер сендер өз Пайғамбарларыңның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінен бас тартсаңдар, міндетті түрде адасушылыққа түсесіңдер!» Муслим 654.
Яхъя ибн Му’аз: «Адамдардың барлық келіспеушіліктері үш негізге қайтады, әрі осы үш негіздің әрбірінің қарама-қайшысы бар. Егер кісі осы үш негіздің бірінен шығып кетсе, ол міндетті түрде соған қарама-қайшы нәрсеге түседі! Осы үш негіз: Таухид, оның қарама-қайшысы – ширк; Сүннет, оның қарама-қайшысы – бидғат; Аллаһқа мойынсыну, оның қарама-қайшысы – күнә!”, – деп айтатын. Қараңыз: “әл-И’тисам” 1/91
2. Білімсіздік
Аллаһ Тағала былай деді: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек - олардың барлығы одан сұралады!» («әл-Исра» сүресі, 36-аят).
Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Шын мәнінде, Аллаһ Тағала Өз құлдарынан білімді жай ғана тартып ала салмайды, бірақ Ол білімді білім иелерін алып кету арқылы алып қояды. Ал Ол бірде-бір ғалымды тірі қалдырмаған кезде, адамдар өздеріне надан жетекшілерді таңдап алады. Оларға сұрақтар қояды, ал олар білімсіз пәтуалар шығара бастайды, сөйтіп өздері де адасады, өзгелерді де адастырады!» Әл-Бухари 100, Муслим 3/737.
Имам әш-Шәтыби былай деген: “Ағымдардың пайда болудағы негіз – Сүннеттің үкімдерін білмеу болып табылады! Әрі Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осыған өзінің «...адамдар өздеріне надан жетекшілерді таңдап алады» деген сөздерінде нұсқаған”. Қараңыз: “әл-И’тисам” 3/242.
‘Али ибн Әбу Талиб (Аллаһ оған разы болсын) былай деп айтқан: «Білімсіз жасалған құлшылықта қайыр жоқ, әрі дұрыс түсінігі болмаған білім де қайыр жоқ!» Әбу Хайсама “Китабул-‘илм” 144, әл-Әжурри “Әхлақул-‘улама” 45. Сенімді иснад.
Ал ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Aзиз былай деген: «Аллаһқа білімсіз құлшылық етуші пайдаға қарағанда көбірек зиян әкеледі». Ахмад “әз-Зуһд” 365. Сенімді иснад.
3. Адасушылыққа бастайтын көсемдер және соқыр еліктеу (тақлид)
Сәубанның (Аллаһ оған разы болсын) сөздерінен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, мен өз үмметім үшін адасушылыққа салушы имамдардан қорқамын!», - деп айтқаны жеткізіледі. Әбу Дәуд, әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, Ибн Хиббан, әл-Хаким. Хадистің сенімділігін имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, Ибн Хиббан, әл-Хаким, хафиз Ибн Кәсир және шейх әл-Әлбани растады. Сондай-ақ мынаны қараңыз: «Сахихул-жәми’» 2316.
Зияд ибн Худайр былай деп баяндайтын: “Бір күні ‘Умар ибн әл-Хаттаб менен: «Исламды не бұзатынын білесің бе?», – деп сұрады. Мен: «Жоқ», - дедім. (Сонда) ол: «Оны ғалымдардың қателіктері, екіжүзділердің Аллаһтың Кітабы жөніндегі талас-тартыстары және адасушылыққа салушы имамдардың шешімдері бұзады», - деді”. Әд-Дәрими 1/71. Жақсы иснад.
Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Қиямет Күнінің белгілерінің бірі – білім (жасы) кішілерден алынатын болады». Ибн әл-Мубарак 61, әт-Табарани 908. Хадистің сенімділігін хафиз ‘Абдул-Ғани әл-Мәқдиси мен шейх әл-Әлбани растады. Қараңыз: “әс-Силсила әс-сахиха” 695.
Ибн Мәс’уд (Аллаһ оған разы болсын): «Ешқайсыларың өз дініндеріңде ешкімге соқыр түрде еліктемеңдер, өйткені егер әлгі кісі иман келтірсе, сендер де иман келтіресіңдер, ал әлгі кісі күпірлікке түссе, сендер де күпірлікке түсесіңдер! Ал егер сендерге соқыр түрде еліктеуге тура келсе, онда қайтыс болып кеткендерге еліктеңдер, өйткені, ақиқатында, тірі адам азғырылудан аман емес!», - деген. Әбу Дәуд “әз-Зуһд” 140, Әбу Ну’айм “әл-Хилья” 1/136. Сенімді иснад.
Имам әш-Шәтыби былай деп айтқан: «Адамдардың проблемалары олар ғалым деп санайтын надандардың (жәһилдердің) кесірінен туындайды». Қараңыз: “әл-И’тисам” 1/145.
Имам Әбу Шәма былай деген: «Көбінесе адамдар белгілі бір адамды білімге ие әрі тақуа деп есептегендігі себепті бидғатқа түсіп жатады, ал ол адам іс жүзінде олай болып табылмаса. Әрі мұндай адамдар оның сөздері мен амалдарына қарап, осыда оған ере бастайды да, сонысымен өз амалдарын бұзады!» Қараңыз: “әл-Мә’рифа уа-ттарих” 1/670.
Имам Ибн Батта былай деп айтқан: «Ақиқатында, мен адамдардың қалай өзгеріп кеткенін, әуестіктері оларды қалай билеп алғанын, олар Сүннетті қалай бұрмалап жібергенін және дінді қалай ауыстырғанын, әрі осы оларды бөлінуге алып келгенін көрудемін. Олар өз жүректеріне соқырлықтың есігін ашып берді, Аллаһтың Кітабын арттарына лақтырды, адасушылыққа салатын надандарды өз істерінде мырза етіп сайлап алды, ал мұның барлығы оларға Раббыларынан білім келгеннен кейін орын алды! Олар өздері мәлімдейтін нәрселеріне қатысты тартысады, өз жорамалдарының негізінде куәліктерді теріске шығарады, жалаға сүйенеді және Құранда тікелей нұсқауы жоқ әрі бірауызды келісім де жоқ нәрселерде білімге ие болмаған біреулерге өз дінінде соқыр түрде еліктейді!” Қараңыз: “әш-Шарх уәл-Ибана” 1/29.
4. Бидғатшылармен дос болу, араласу және тартысу
Бидғатқа түсудің осы себебі жөнінде «Бидғатшылармен араласып, дос болудың және олармен тартысудың әрі олардың еңбектерін оқып, үнтаспаларын тыңдап, сайттарына кірудің қауіптілігі туралы» деген тақырыпта жан-жақты айтылған еді.
Әбу Һурайрадан Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Адам өз досының дінінде. Сондықтан сендердің әрбірің өз жақын достарының кім екеніне қарасын!» Әбу Дәуд 4833, әт-Тирмизи 2378. Хадистің сенімділігін имам ән-Нәуауи, хафиз Ибн Хәжар, имам Ибн Муфлих, хафиз әс-Суюты мен шейх әл-Әлбани растады.
Имам Ибн Батта «Кімде-кім Дәжжалдің шыққанын естісе, одан қашсын, өйткені Аллаһпен ант етейін, адам өзін мүмін деп есептеп оған келеді де, содан соң оның тарататын күмәндары себепті оған ілесіп кетеді» деген хадисін келтіріп, былай деген: “Бұл Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөзі! Уа, мұсылмандар, Аллаһпен ант етейін, сендердің біреулеріңнің өзі туралы жақсы ойда болуы және мазһабының дұрыстығы оны өз әуес-қалауларының жақтаушыларымен бірге отырып: «Олармен айтысқым келеді, немесе оларды адасушылықтан шығарып, тура жолға салғым келеді», - деп, өз дініне зиян тигізуге итермелемесін. Шын мәнінде, бидғатшылардан келетін бүлік – Дәжжалдан келетін бүліктен де жаман, себебі олардың сөздері қышыма ауруынан да тезірек жұғады және олар жүрек үшін қызба ауруынан да ыстығырақ! Мен бидғатшыларды лағынеттеп, өздерінің жиналыстарда оларға сөгіс және қарсылық білдіріп, оларды ұрысатын қаншама адамдарды көрдім. Алайда олар бидғатшылармен сөйлесуін тоқтатпады, ал азғыру байқаусыз және күпірлік ап-айқын, соңында әлгі кісілер бидғатшыларға қосылып тынды!” Қараңыз: “әл-Ибана” 3/470.
Бірде Мухаммад ибн Сиринге бір бидғатшы келіп, онымен сөйлескісі кеп тұрғаны туралы хабарланды. Бұған Ибн Сирин: “Оған: «Жоқ!», – деп айтыңдар! Маған келмей-ақ қойсын! Ақиқатында, Адам ұрпақтарының жүректері әлсіз, әрі мен одан бір сөз естіп, содан соң жүрегім бұрынғы орнына қайта келмей қала ма деп қорқамын!”, – деп жауап берді. Ибн Уәддах 60, Ибн Батта 399.
Сонымен қатар, қандай да бір кісінің көзқарасын, ақидасын біліп алмайынша, оның көркем мінезімен алданып қалмау қажет екенін ескеруге тиіспіз. Ал адамдар белгілі бір бидғатшының жақсы мінез-құлқына алданып, тура жолдан ауытқып кеткеніне мысал өте көп. Яхъя ибн Мә’ин баяндаған мына оқиғаны еске салудың өзі жеткілікті: “Бір күні мен ‘Абдур-Раззақтың аузынан шиғалар айтатын бір сөзді естіп қалып: «Сенің хадистерді жеткізген ұстаздарыңның барлығы сенімге лайықты еді, әрі олар әһлю-Суннадан болды: Мә’мар, Мәлик, Ибн Журайж, әс-Сәури, әл-Әуза’и. Ал мына мазһабты кімнен алдың?», – деп сұрадым. Сонда ол: «Бірде бізге Жә’фар ибн Сулайман келген болатын, мен оны лайықты әрі жақсы мінез-құлықты екенін көрдім. Осыны содан алдым», - деді”. Қараңыз: “әт-Тахзиб” 611.
5. Дін мәселелеріндегі шектен шығушылық және насапсыздық (артық кетушілік)
Діндегі нысапсыздық (ғулюу) – бұл бидғатқа, күпірлікке, ширкке және негізсіз күпірлікте айыптауға, еш хақысыз қан төгуге алып келетін себеп! Әрі осындай опат етуші және ұлы күнәларға әкеп соқтыратын нәрседе жамандықтың да жетіп асатыны айқын. Сол себепті де шариғат дін мәселесіндегі нысапсыздықтың (артық кетушіліктің) кез келген түріне қатал түрде тыйым салған! Аллаһ Тағала христиандар мен яһудилерге былай деген: «(Мұхаммед, оларға): “Әй, Кітап иелері! Діндеріңде орынсыз шектен шықпаңдар және бұрынғы хақ жолдан өздері адасқан әрі басқаларды адастырған, тура жолдан ауытқыған қауымның қалауына ермеңдер!”, – де» (әл-Мәида сүресі, 77-аят).
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: «Осы үмметтен (мұсылмандардан) кімде-кім христиандар мен яһудилерге еліктесе және дін мәселесінде не шектен шығушылық арқылы, не салғырттық арқылы нысапсыздыққа түссе, ол солар сияқты болады, бұл діннен ұшып шығып кеткен хауариждермен орын алғанындай! Хауариждер ‘Али ибн Әбу Талибтің басқаруының кезінде шықты. Мұсылмандар одан он шақты риуаятпен олар туралы сенімді хадистер жеткізілетін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығын орындап, олармен мұсылмандарға қарсы шыққандықтары себебімен соғысты. Сондай-ақ бұған дін мәселесінде шектен шыққан рафидилер, қадарилер, жәһмилер, му‘тазилилер мен әш’арилер жатады». Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 3/340-350.
Ибн ‘Аббастан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте, Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Діндегі артық кетушіліктен сақтаныңдар, өйткені сендерге дейінгілерді діндегі артық кетушіліктері опат етті!» ән-Нәсаи 4/49, Ибн Мәжаһ 3029, Ибн әл-Жәруд 473. Хадистің сенімділігін имам Ибн Хузайма, Ибн Хиббан, әл-Хаким, ән-Нәуауи, әз-Зәһаби, Ибн Тәймия, Ахмад Шакир, әл-Әлбани растады.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: “Хадистегі «Діндегі артық кетушіліктен сақтаныңдар» деген сөздер өзіне сенімдегі немесе амалдардағы артық кетушіліктің барлық түрін қамтитын жалпылама (сөздер) болып табылады”. Қараңыз: “Иқтида сырат әл-мустақим” 1/328.
Ибн Мәс’удтан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Шектен шыққандар опат болды!», - деп үш рет қайталады. Муслим 2670.
Имам әл-Хаттаби осы хадистің түсіндірмесінде былай деді: “«Шектен шыққандар» – бұл мәселеге терең кіріп кетушілер, философиялық әдістер арқылы ой-пікір құруға салынатындар, өздеріне қатысты болмаған және ақылы жетпейтін нәрселерге тереңдейтіндер”. Қараңыз: “Мә’алим әс-Сунан” 4/277.
Имам ән-Нәуауи: «Яғни артық кетушілікке салынғандар және сөздері мен амалдарында шектен шыққандар», – деген. Қараңыз: “Шарх «Сахих» Муслим” 16/220.
Имам әл-Мунауи: «Бұл шариғат шеңберінен шығып және шайтанның азғыруында болып, өз құлшылығында шектен шығушылыққа түскендер деп айтылған болатын». Қараңыз: “Фәйдул-Қадир” 6/355.
Шейх Сыддиқ Хасан Хан былай деп айтқан: «Бұл хадис құрамында шектен шығушылық бар бүкіл мәселеге қатысты, мейлі ол құлшылықта, қарым-қатынаста немесе әдет-ғұрыпта болсын. Сондай-ақ бұның барлығы сыртқы амалдарға қатысты болады ма, жүрек амалына ма, сенімге ме немесе іс-әрекеттерге ме – мұның айырмашылығы жоқ. Әрі егер қандай да бір мәселеге қатысты ақиқат Құран мен Сүннетте бекітілген болса, ал басқа бір нәрсе оларға қарама-қайшы келсе, онда ол да осы хадиске қатысты болады әрі мұндайды істеуші опат етіледі! Әрі шектен шығушылықтың, асыра сілтеушілік пен артық кетушіліктің «опат болу» деп аталуы осының барлығына үзілді-кесілді тыйым салынғандығын білдіреді. Ал бүкіл мәселеде шектен шығу және артық кетушілік осылай істейтін адамның опат болуына әкеп соқтырады!» Қараңыз: “әс-Сираж әл-уәххаж” 10/198.
6. Әуес-қалаулар мен өз құмарлықтарына (әуестеріне) еру
Бұл да бидғат пен адасушылыққа бастайтын негізгі себептердің бірі болып табылады. Әбу Умамадан жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Үш нәрсе опат болып табылады: сараңдыққа бағыну; әуес-қалауға еру; адамның өз-өзімен сүйсінуі» әт-Тәбарани 54/52, әл-Қада’и 325. Шейх әл-Әлбани хадисті жақсы деді.
Екі ғана басшылық бар – білім және құмарлық (әуестік), ал үшіншісі жоқ! Аллаһ Тағала былай деді: «Аллаһтан бір жол-жорықсыз өз әустіктеріне ергеннен әрі адасқан кім бар?» («әл-Қасас» сүресі, 50-аят).
Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді: «Шынында, олардың көбісі білімсіз, әуестіктеріне еріп, адастырады» («әл-Ән’ам» сүресі, 119-аят).
Әбу әд-Дарда (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: «Егер (мына) үш нәрсе болмағанда, адамдар салиқалы болып кетер еді: құмарлыққа еру; сараңдыққа бағыну; өз пікірімен сүйсіну!» Ахмад “әз-Зуһд” 169, Әбу Дәуд “әз-Зуһд” 221. Сенімді хабар.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: «Білімге ермеген әрбір адам әуес-қалауына (құмарлыққа) ереді!» Қараңыз: “әл-Әмру бил-мә’руф” 37.
Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: «Аллаһ Тағала амалдарды екіге бөлді және үшіншісі жоқ. Не Аллаһ пен Оның Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келген нәрсеге еру, не әуестікке (құмарлыққа) еру. Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әкелмеген нәрсенің барлығы әуестік (құмарлық) болып табылады» Қараңыз: “И’ләмул-муаққи’ин” 1/81.
Бұл сөздер өздерінің істеп жатқан амалдары туралы: «Белгілі бір амалдың қиын болуы сол амалдың дұрыстығын әрі Аллаһқа ұнайтынын білдіреді, әрі ол құмарлыққа (һауа) еру болуы мүмкін емес», - деп есептейтіндердің сөздері қате екенін аңғартады!
Ал өз әуес-қалауына еріп, тек өз идеяларына сәйкес келетін нәрсемен ғана шектелетін адамдарға келер болсақ, бұл – тәкаппарлық, әрі сол тәкаппарлықтың кесірінен олар Аллаһ Тағаланың дінін тани алмай қалады. Аллаһ Тағала ол жөнінде: «Жер жүзінде орынсыз даңдайсығандарды аят-белгілерімнен бетін бұрып жіберемін», – деп ескертеді («Ә’раф» сүресі, 146-аят).
Суфьян ибн ‘Уяйна былай деген: «Бұл сөздердің мағынасы Аллаһ Тағала мұндай адамдардан Құранды түсіну қабілетін алып қоятынында» Ибн Әбу Хатим 2/239.
Имам әз-Заркаши былай деген: «Құранның мағынасы мен оның құпиялары жүрегінде бидғат, құмарлық, дүниеге деген махаббат, күнәда қасарысып тұрып алу немесе оның өзі күшейтуге тырыспайтын иманның әлсіздігі барларға, немесе білімі жоқ тәпсіршінің сөзіне сүйенетіндерге, немесе тек өзінің ақылымен жеткен нәрсені қолданатындарға ашылмайды. Мұның барлығы (білім алу үшін) кедергі, әрі олардың біреулері басқаларына қарағанда мығымдау болып шығады». Қараңыз: “Тәфсир әс-Суюты” 1/81.
Аллаһ бізді мұндайдан сақтасын! Шындық айтып жүріп, бірақ кейіннен қарапайым ақиқатты байқамай және кезінде өздері өзгелерге түсіндіретін нәрселері түсіне алмай, өтірік айта бастаған кісілерді нендей жиі көріп жүрміз!
Әрбір мұсылман белгілі нәрсеге еруден бұрын, сол мәселені жақсылап зерттеуі керек және бір нәрсе айтудан бұрын ол сол мәселенің діндегі шынайы үкімі қандай екенін білуге міндетті. Әһлю-Сунна уәл-жәма’а бір нәрсені өзіне сенім ретінде алудан бұрын алдымен оның дәлеліне қарайды, ал бидғатшылар мен өз құмарлықтарын жақтаушылар ең алдымен өздеріне белгілі бір сенімдерді алады да, кейіннен сол сенімдеріне сәйкес келетін дәлел іздеп жүреді. Имам Уәки’ ибн әл-Жәррах былай деген: «Кімде-кім хадисті өз пікірін растау үшін іздесе – сол бидғатшы». Қараңыз: “Зәммул-кәлам” 337.
7. Күмәнді дәйектердің соңынан еру
Бұл да мұсылман үмметінде бидғат пен адасушылықтың пайда болуының негізгі себептерінің бірі. Бидғатшырлар мен өз құмарлықтарын жақтаушылар өз ұстанымын растау үшін және білімі саяз кісілерді адастыру үшін, ойдан тоқылған хадистерді қолданады немесе дәлелдерді өздеріне ыңғайластырып бұрмалайды. Мұндайлар туралы имам әл-Әуза’и былай деген: “Құлшылық ету үшін емес, басқа бір мақсатта оқу оқитындарға және күмәнді нәрсе арқылы харамды хәлал ететіндерге қасірет болсын!”. Әл-Әжурри “Әхлақул-‘уләма” 65.
Аллаһ Тағала былай дейді: «Ол Аллаһ саған Құран түсірді. Оның ашық мағыналы аяттары бар. Солар Кітаптың негізгі іргетасы. Екінші ұқсас ұғымдағы аяттар бар. Ал жүректерінде қыңырлық болғандар, бұзақылық іздеп, ұқсас мағыналы аяттардың ұғымын іздестіріп, соңына түседі. Оның ұғымын Аллаһ қана біледі. Ал берік білімге ие болғандар: «Бұған (Құранға) иман келтірдік. Мұның барлығы Раббымыздан», - дейді. Бірақ бұны ақыл иелері ғана түсінеді» («Әли Имран» сүресі, 7-аят).
‘Айша анамыз бірде Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы аятты оқып: «Анық емес нәрсеге ергендерді көрсең, міне, солар Аллаһ Тағала оларды атап айтқан (адамдар) екенін біл, сондықтан олардан аулақ болыңдар!», - дегенін жеткізген. Әл-Бухари 4547.
Шейх Салих Али Шейх былай деген: “Құран мен Сүннетте анық (мухкам) және анық емес (муташабих) нәрселер бар екені мәлім. Сондай-ақ мұндай нәрсе сахабалар мен ғалымдардың сөздері мен істерінде де бар. Мығым білімге ие адамдар анық емес (муташабих) нәрседен анықты (мухкам) айыра білумен және анық емес нәрсені анық нәрсеге қайтарумен ерекшеленген. Егер де білім иелерінің осындай айрықша сипаты болмағанда, онда әрбір адам білімді қамти алатын еді. Алайда Аллаһ Тағала ғалымдар мен шынайы білім иелерінің орны айқын болуы үшін, адамдарды мухкам және муташабих нәрселердің болуы арқылы сынайды” Қараңыз: “әл-Мәр’а әд-да’ия”. Дәл осындай сөздерді шейхул-Ислам Ибн Тәймия да «Мәжму’ул-фәтауа» 13/272-280 кітабында айтқан болатын.
Астарлы және анық емес (муташабих) дәйектерді қолдану Құранды өз құмарлықтарына негізделіп тәпсірлейтін бидғатшылардың сипаты болып табылады. Дәл сондықтан да ‘Али ибн Әбу Талиб Ибн ‘Аббасты (Аллаһ оған разы болсын) хауариждермен сөйлесуге жіберіп тұрып: “Олармен Құран арқылы тартыспа, Сүннет арқылы тартыс!”, - деді. Ибн ‘Аббас: “Мен Аллаһтың Кітабын олардан жақсырақ білемін!”, - деп жауап берді. Сонда ‘Али оған: “Дұрыс! Алайда Құранды әртүрлі тәпсірлеуге болады ғой”, - деді. Қараңыз: “Фәтхул-Қадир” 1/42.
Дәлел ретінде келтірілген аяттар мен хадистердің барлығы белгілі бір жағдайға тура келе бермейтінін білу қажет, тіпті егер сырттай бұлай емес болып көрінсе де. Бұған мысал ретінде «Үкім Аллаһқа ғана тән» деген аятқа сүйеніп, ‘Алиді күпірлікте айыптаған хауариждерді келтірсек болады. Әбу Рафи’ былай деп баяндайды: “Хауариждер ‘Алиге қарсы шыққан кезде үнемі: «Үкім Аллаһқа ғана тән! Үкім Аллаһқа ғана тән!», - деп қайталай берді. Сонда ‘Али: «Өтірікті меңзеп, ақиқат сөздерін айтуда!», - деді” (Муслим 1774).
Бір күні Ғайлән әд-Димашқи деген бір қадари кісі ‘Умар ибн ‘Абдул-‘Азиздің көзінше дәлел ретінде «Біз оны (адамды) шүкірлік ететін немесе шүкірлік етпейтін жолға саламыз» деген аятты келтірді («әл-Инсан» сүресі, 3-аят). Сонда ‘Умар әлгі кісіге: “Осы сүренің ең соңғы аятының алдындағы «Сендердің қалауларың болмайды. Аллаһ қаласа ғана болады» («әл-Инсан» сүресі, 30-аят), - деген аятты да оқы”, - деді. Әл-Әжурри “әш-Шәри’а” 223.
Яғни әлгі қадари кісі осы аятты «тағдыр жоқ әрі адам барлық нәрсені өзі істейді, және оның істеген амалдарына Аллаһтың тағдырының қатысы жоқ» дегенге дәлел ретінде қолданғысы келді.
Танымал табиғин Муслим ибн Ясар былай деген: “Егер сен (белгілі бір аятқа қарап) Аллаһ туралы айтатын болсаң, оған дейінгі және одан кейінгі аяттарға қарамайынша еш нәрсе айтпа”. Әбу ‘Убайд “Фәдаил әл-Қур’ан” 229.
Бұл қандай да бір мәселені талдап жатқанда немесе діннің бір үкімін дұрыс түсіну барысында, қарастырып жатқан тақырыпқа байланысты Құран мен Сүннеттің өзге мәтіндеріне назар аудармастан, тек бір ғана аятты немесе тек бір ғана хадисті алуға болмайтынына нұсқайды!
Сонымен қатар бидғаттың таралуына түстерді, дәстүрлерді т.с.с. нәрселерді дәлел ретінде пайдаланудың да қатысы бар. Хариса ибн Мударриб былай деп баяндайтын: “Бірде бір кісі бүгін түнде мешітте намаз оқыған адам Жәннатқа кіреді деген түс көрді. Бұны естіген Ибн Мәс’уд (Аллаһ оған разы болсын) мешітке келіп: «Шығыңдар, адасушылыққа түспеңдер! Расында, бұл – шайтанның ойыны!», - деп айта бастады”. Ибн Әбу Шәйба 7/233.
Имам әш-Шәтыби былай деп айтқан: “Ең әлсіз адамдар – бұл өз істерінде түстерге сүйенетіндер. Олардың кейбіреулері: «Мен түсімде Пайғамбарды (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көрдім, әрі ол маған былай деді және былай бұйырды», - деп, түсінде көрген нәрселеріне сәйкес амал ете бастауы және бір нәрселерді тастап, сонысымен шариғатта бекітілген шекараларды орындамауы мүмкін. Бұл қателік болып табылады, өйткені пайғамбар емес біреудің түстерін шариғат деп есептеуге болмайды, тек егер біз сол түсті шариғатта келген нәрселермен салыстырып қарап, әрі шариғат сол түс нұсқайтын нәрсені рұқсат еткеніне көз жеткізсек ғана әлгі түске сәйкес амал етуге болады. Ал егер олай болмаса, онда оны тастап, одан бас тарту міндетті болады. Түстен келетін пайда – бұл қуаныш немесе ескерту, басқа еш нәрсе емес. Ал сол түстерден қандай да бір шариғи үкім шығаруға келер болсақ, онда (бұл) жоқ!” Қараңыз: “әл-И’тисам” 2/93.
‘Уқба ибн ‘Амир (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: “Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірде былай дегенін естідім: «Менің үмметімнің опат болуы Кітап пен сүтте!» Одан: “Уа, Аллаһтың елшісі, Кітап пен сүт деген нені білдіреді?”, – деп сұрады. Ол: «(Олар) Құранды оқып-үйренетін және оны Аллаһ Тағала түсіргеніне сәйкес емес тәпсірлейтін болады! Әрі сүтті жақсы көріп, соның себебінен отарларымен сахараға алыстап кетіп, жамағат намаздары мен жұма намазын тастайтын болады!», - деп жауап берді”. Ахмад 4/155. Сенімді хадис. Қараңыз: “әс-Силсила әс-сахиха” 2778.
Сөйтіп, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы ескертуінде оның үмметтін опатқа ұшырататын екі нәрседен сақтандыру бар:
Біріншісі – Құранды Сүннетке сәйкес емес түсіну.
Екіншісі – дүниелік шаруаларға шектен тыс беріліп кетіп, соның салдарынан діни бұйрықтардан алыстау.
Хафиз Ибн ‘Абдул-Барр өз кітабындағы осы хадисті келтірген тарауды «Сүннеттен бейхабар бола тұра, Құранды тәпсірлеп, ол туралы ой-пікір құрған кісі туралы» деп атап, кейін осы хадисті келтірген соң былай деген: “Бидғатшылар Сүннетті теріске шығарып, Құранды Сүннет түсіндіретінге сәйкес келмейтіндей етіп түсіндіре бастады. Соның салдарынан өздері де адасты, өзгелерді де адасушылыққа салды!” Қараңыз: “Жәми’ул-бәянил-‘илм” 1/472.
8. Білмеген жағдайда білім иелеріне жүгінуден бас тарту
Үмметтің бидғат жасауының тағы бір себептерінің бірі ғалымдарға жүгінуден бас тарту болып табылады. Ал олар туралы Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ақиқатында, ғалымдар - пайғамбарлардың мисрасқорлары». Әбу Дәуд 3641, әт-Тирмизи 2682. Хадистің сенімділігін Ибн Хиббан, әл-Қанани мен шейх әл-Әлбани растады.
Аллаһ Тағала Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне білім жоқ кезде, қате шешімдер мен өзіндік қорытындылар шығаруға ұрынбас үшін, ғалымдарға жүгінуді бұйырып, былай деді: «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!» (Нәхл сүресі, 43-аят).
Ал Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бұл білімді әрбір ұрпақтан әділеттілер (ғалымдар) алып жүреді. Олар оны асыра сілтеушілердің бұрмалауларынан, адасқандардың қоспаларынан және надандардың түсіндірмелерінен қориды». Әл-Бәйһақи 10/209, әл-Хатыб 1/29. Бұл хадис көптеген жолдар арқылы жеткізіледі, әрі олардың әрқайсысы бір-бірін күшейтеді. Бұл хадистің сенімділігін Ахмад, әл-Ләлакаи, хафиз Ибн ‘Абдул-Бәрр, әл-‘Уқайли, Ибн әл-Уәзир, әл-Қасталани, әл-Әлбани және ‘Абдул-Қадир әл-Әрнаут сияқты имамдар растады.
Ғалымдар – бұл Аллаһ Тағала солар арқылы Өз дінін сақтайтын адамдар, әрі олар Пайғамбар мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның сахабалары ұстанған жол туралы баршадан жақсырақ біледі. Білім иелері дін мәселелерін дұрыс түсінуге әрі адасушылық пен қателікке ұрынбауға көмектескендеріне өте көп мысалдар бар.
‘Уруа ибн әз-Зубайр былай деп баяндайтын: “Бір күні мен ‘Айшадан «Расында, әс-Сафа мен әл-Мәруа - Аллаһтың рәсімдік белгілерінен. Сонда кім Қағбаға қажылық немесе умра жасаса, ол екеуінің арасын тауап жасауында күнә жоқ» («Бақара» сүресі, 158-аят) деген аят туралы: “Бұл туралы не айтасыз? Менің ойымша, осы екі қыраттың (әс-Сафа мен әл-Мәруа) арасын тауап етпеудің ешқандай оқасы жоқ сияқты”, - деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді: “Жоқ! Егер бұл солай болғанда, онда аятта: «Олардың арасынан өтпеген адам күнә жасаған болмайды», - деп айтылар еді. Бұл аят Исламға дейін өз қажылықтарын Мәнат пұтының алдынан бастайтын ансарларға қатысты түскен еді. Ал Ислам келген кезде, олар Сафа мен Мәруа арасында тауап жасауға қауіптенді5. Олар не істерін білмей, осы туралы Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сұрады, сонда Аллаһ Тағала осы аятты түсірді”. Әл-Бухари 4495, Муслим 1277.
‘Уруа – ең білімді табиғиндердің бірі әрі Мәдина қаласының атақты жеті фәқиһтерінің бірі болғанына қарамастан, ол осы аятты қалай қате түсініп қалғанына назар аударыңыздар! Ал ‘Уруаға қарағанда көбірек білімге ие болған ‘Айша оған аяттың мағынасын түсіндіріп берді!
Язид әл-Фақир былай деген: “Бірде маған хауариждердің пайымдауларының бірі ұнап қалды. Біз көп адамдардан құралған топтың құрамында қажылық жасау ал содан соң адамдарға қарсы (ұрысқа) шығу ниетімен жолға аттандық. Біздің жолымыз Мәдинаның үстінен өтті, әрі сол жерде мен күтпеген жерден Жәбир ибн ‘Абдуллаһты кездестіріп қалдым. Ол (мешіттегі) бір бағананың жанында жайғасып, адамдарға Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) туралы хабарларды жеткізіп отырған болатын. Сөз арасында ол жәһаннамиюн (Тозақта өз күнәлары үшін азапталып, бірақ кейін одан шығарылатын мұсылмандар) туралы айтып кетті. Мен оған: «Уа, Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы, сен не туралы айтып отырсың? Аллаһ: «Раббымыз, шынында, Сен кімді Тозаққа тастасаң, соны қорлайсың, әрі залымдардың жәрдемшілері болмайды!», - деп айтты ғой (Әли ‘Имран сүресі, 192-аят)», - дедім. Мен сондай-ақ: «...қашан олар (Тозақтағы) оттан шығуды қаласа, оған қайта итеріледі» (Хаж сүресі, 22-аят). Ендеше, сендер не сөйлеп отырсыңдар?!», - деп айттым. Ол менен: «Сен Құран оқитын ба едің?», - деп сұрады. Мен: «Иә», - деп жауап бердім. Сонда ол менен: «Ал сен Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) орны туралы, яғни Аллаһ оны орналастыратын орын туралы естідің бе?», - деп сұрады. Мен тағы да: «Иә», - деп жауап бердім. Сонда ол маған былай деді: «Міне, дәл сол Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ие болатын «мақтаулы орын» (мәқамун мәхмуд) болып табылады. Сол арқылы Аллаһ Оттан шығаратын адамдарын шығарады!» Сосын ол Сират (көпірі) қалай тұрғызылатыны және адамдар сол көпірден қалай өтетіндігі туралы айта бастады. Басқа адамдар оның сөздерін менен гөрі жақсырақ естерінде сақтап қалған шығар, алайда ол кейбір адамдардың Отқа түскендерінен кейін одан шығатындығы туралы айтты. Бұл дегеніңіз, олар күнжіттің сабақшалары жерден шыққан секілді (Тозақтан) шығады да, Жәннат өзендерінің біріне түседі, кейін соған жуынып шыққан кезде, бейне бір (әппақ) парақтар секілді болады».
Біз (тобымызға) қайта оралып: «Сендерге нендей өкініш? Сендер мына ақсақал (Жәбир) Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өтірік жапсырып жатыр деп ойлайсыңдар ма?», - дедік. Сөйтіп, біз қайтып оралғаннан кейін арамыздан бір-ақ адамнан басқа ешкім (хауариждердің жағында) ашық шықпады”. Муслим 191.
Шейх ‘Абдул-Мухсин әл-‘Аббад былай деп айтқан: «Бұл хабарда әлгі топ хауариждердің үлкен күнә жасаған мұсылмандарды күпірлікте айыптап, олар Отта мәңгі қалуға тиісті деген көзқарастарымен алданғанына нұсқау бар. Алайда олар Жәбирді (Аллаһ оған разы болсын) кездестіріп, ол олардың адасушылықтарын түсіндіріп берген кезде, олар өз көзқарастарын өзгертті де, Жәбир көрсеткен ақиқатты қабылдап, өздері түскен адасушылықтан бас тартты. Мұның үстіне, бұл адамдар қажылықтан кейін мұсылмандарға қарсы (қару алып) шығу жоспарынан бас тартты. Міне, мұсылман адам ғалымдарға жүгінгенде қол жеткізе алатын ұлы пайда – осы». Қараңыз: “Би әйи ‘ақли уә дин йәкуну тәфжир уә тадмир жиһадан” 17.
Ибн Уәһб былай деген: «Егер мен имам Мәлик пен имам әл-Ләйс ибн Са’дты көріп үлгермегенімде, адасушылыққа түсер едім!» Қараңыз: “Шәрх «әл-Мууатта»” 1/29.
Ал ғалымдарды елемей, оларсыз-ақ амалдағысы келетіндерге келер болсақ, олар адасушылыққа түсті де, опат болды! Имам Ибн әл-Мубарак былай деген: «Ғалымдарды елемеген – Ақыретін жоғалтты». Ибн ‘Асакир 32/344.
Ал бүгінгі күні, өкінішке орай, ғалымдарға жүгініп, оларға лайықтысын берудің орнына, кейбір кісілер оларды жамандап, күндіз-түні оларға жала жауып жүр. Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай дейтін: “Хадис білгірлерін жамандап, олардың мазһабын теріске шығаратындар надандар, бидғатшылар және және екіжүзділер екеніне еш күмән жоқ!” Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 4/96.
9. Әлсіз және ойдан шығарылған хадистерді қолдану
Әлсіз және ойдан шығарылған хадистерді қолдану да бидғаттардың таралуына мүмкіндік туғызатын себептерден болып табылады. Әрі кейбір фәқиһтер құлшылықтардың артықшылықтарына (фадаил) қатысты мәселелерде әлсіз хадистерге сүйенуді рұқсат еткендері себепті, дінімізде шағбан айының ортасындағы түнде оқылатын намаз (саләтул-бара-а), мұқтаж адамның намазы (саләтул-хажә), ‘Ашура күнін тойлау, көптеген рұқсат етілмеген жолмен Аллаһқа жақындау (тауассул) сияқты әлсіз хадистерден алынған көптеген бидғаттар пайда болды. Сондай-ақ әлсіз хадистердің себебінен Аллаһ Тағалаға Оған тән болмаған кейбір сипаттар мен есімдер теліне бастады.
Әлсіз хадис Аллаһтың шариғатында дәлел болып табылмайтынын білу қажет, бұл турасында алдынғы ұрпақ (сәләфтар) арасында ешқандай келіспеушілік болмаған. Ал кім құлшылыққа құлшындыру (тарғиб) немесе қорқыту (тархиб) мәселелерінде әлсіз хадистерге сүйену рұқсат етілген дейтін болса, сол осының (жалпы тыйымнан) тыс шығарылатынына дәлел әкелсін!
Әлсіз хадиске ешбір жағдайда сүйенуге болмайды дейтін мухаддис ғалымдардың ішінде Яхъя ибн Мә’ин, Әбу Хатим, Ибн Әбу Хатим, Әбу Зур’а, әл-Бухари, Муслим, Ибн Хиббан, Әбу Бәкр ибн әл-‘Араби, Ибн Тәймия, Ибн Ражаб, Әбу Шәма әл-Мәқдиси, әш-Шәтыби, имам Ибн әл-Муләққин, әш-Шәукани, Ахмад Шәкир, шейх әл-Әлбани, шейх Муқбил және т.б. секілді ұлы имамдар бар. Қараңыз: “Дә’иф әт-тарғиб уә-ттархиб” 11/23-25 және “Фәхту-л-Ләтыф фи хукмил-‘амәли би хадиси-д-да’иф” 46-52.
Бұдан қалса, мұсылман адам Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) атынан беталды сөйлей беруден абай болуы тиіс, өйткені ол: «Кім менің атымнан мен айтпаған сөзді айтса, Тозақтан орын орын алуға дайындала берсін!», - деген. Әл-Бухари 109.
Имам ән-Нәуауи былай деп айтқан: “Хадистану ғылымының ғалымдары мен басқа салалардың ғалымдары былай дейді: “Егер хадис әлсіз болса, ол хадиске қатысты: “Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты, істеді, бұйырды, тыйым салды”, - деуге, немесе басқа кез-келген бекітіп айтылатын тіркестерді қолдануға болмайды, бірақ: “Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хабарланады, жеткізіледі, баяндалады”, - деу қажет, немесе басқа кез-келген қос мағыналы сөз тіркестерін қолдану керек. Ғалымдар: ”Құрамында бекітіп айту бар сөз тіркестерін тек сенімді және жақсы хадистерге ғана қолдануға болады, ал құрамында анықсыздық бар сөз тіркестерін басқа кез-келген хадиске қолдануға болады. Мұның барлығының себебі - бекітіп айтуы бар сөз тіркестері өздерінен кейін келетін нәрсе Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімді түрде бекітілген дегенді білдіретінінде, сондықтан оларды тек сенімді жағдаяттарда ғана қолдануға болады. Ал өзге жағдайда кісі іс жүзінде Аллаһ Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жала жапқан болады...»
Ғалымдардың осы пікірін кейбір шынайы хадис білгірлерінен басқа біздің кезіміздегі көптеген фәқиһтер де, тіпті түрлі саладағы ғалымдардың көпшілігі де ескермейді. Мұндай нәрсе жауапсыздық болып табылады, өйткені олар жиі жағдайда сенімді хадис жөнінде: «Пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізіледі», – дейді де, ал әлсіз хадиске байланысты: «Ол айтқан», – деп, бекітіп айтады, ал мұндай нәрсе ақиқаттан алыс қой”. Қараңыз: «әл-Мәжму’» 1/60.
Әлсіз хадисті айтушы кісі сол хадистің әлсіздігін атап өтуге міндетті. Ал егер ол хадистің сенімділік дәрежесі жөнінде білмесе, онда «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан...» деместен, жоғарыда айтылғандай, жалпылама сөз тіркестерімен шектелгені дұрыс.
Шейх Ахмад Шәкир былай деп айтқан: “Жеткізіліп жатқан әлсіз хадисті ешкім сенімді деп ойлап қалмас үшін, оның әлсіз екенін ескерту міндетті болып табылады. Әрі кісі әлсіз хадиске үкім-ережелерге (қатысты мәселелерде) сүйене ме, әлде ізгі амалдардың артықшылықтарына қатысты ма - мұның ешқандай айырмашылығы жоқ. Өйткені Аллаһ Елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сенімді түрде жеткен сенімді (сахих) және жақсы (жақсы) хадистерден басқа еш нәрседе дәлел жоқ!” Қараңыз: “әл-Бә’исул-хасис” 100-101.
Әбу Қатададан (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Менен көп әрі жиі бір нәрсе жеткізуден абай болыңдар! Кімде-кім менен бір нәрсе жеткізер болса, ақиқат пен шындықтан басқа еш нәрсе айтпасын, ал кім менің атымнан мен айтпаған нәрсені айтқан болса, Оттағы өз орынын иелене берсін!» Ахмад 297, әт-Тахауи 1/172. Жақсы хадис. Сондай-ақ мынаны қараңыз: “әс-Силсила әс-сахиха” 1753.
10. Қажеттілік (әд-дарурия) және Исламға пайдалы (мәслаха) деген желеулермен ақталу
Сонымен қатар, көбінесе бидғаттың пайда болуына адамдардың: «Осы нәрсе дінге қажет әрі Ислам мен мұсылмандар үшін пайдалы», - деп ойлап, дінге белгілі бір жаңалық енгізуі де себеп болады.
Көптеген бидғаттардың шариғатта негізі жоқ екенін оларды дінге енгізушілердің өздері де біледі, алайда олар сонда да «осы нәрсе Ислам мен мұсылмандар үшін пайдалы» деп ойлап, дінге жаңалық енгізуін тоқтатпайды. Мысал ретінде кісі қайтыс болғаннан кейін оның жетісін, қырқын беруді, мәулітті, дінге шақыру (дағуат) ретінде нашидтерді, түрлі театрлық қойылымдар мен солардың бір түрі болған кинофильмдерді пайдалануды, партиялар мен жамағаттар құруды, кіші әмірлікті және т.б. келтіруге болады.
Осы себепті қандай да бір заттың бидғат немесе рұқсат етілген пайда (мәслаха) болатын шарттар мен шекараны білу қажет!
Қорытынды
Аллаһтың қалауымен, жоғарыда айтылғандардың негізінде бізге діндегі жаңалық (әл-бид’а) өте қатаң түрде тыйым салынғандығы әрі ол ең үлкен күнәлардың бірі екені мәлім болды. Ибн ‘Аббас (Аллаһ оған разы болсын): “Аллаһқа ең жек көрінішті амалдар – бидғаттар!”, - деген. Әл-Бәйһақи “Сунанул-кубра” 4/316. Шейх Мәшхур иснадының сенімділігін растады.
Сонымен қатар, бізге діни жаңалық (әл-бид’а) – бұл ешқандай сенімді негізі жоқ және Пайғамбар мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның сахабаларының кезінде белгілі болмаған, сол арқылы Аллаһқа жақындауға ұмтылатын кез келген сөздер, істер мен наным-сенімдер екені айқын болды. Қараңыз: “әл-И’тисам” 1/64, 1/227.
Сондай-ақ бізге Ислам діні кемел әрі толық және ол ешқандай қоспаға мұқтаж еместігі анық болды. Ол туралы Аллаһ Тағала былай деді: «Бүгін сендерге діндеріңді толық қылдым, нығметімді тамамдадым, әрі сендерге Ислам дінімен разы болдым» («Мәида» сүресі, 3-аят).
Исламда жақсы жаңалық (бид’а хасана) жоқ екені түсінікті де болды. Бұл туралы Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әрбір бидғат – бұл адасушылық!», - деп бірнеше рет қайталап айтқанындай. Муслим 2/592.
Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары да осындай сөздер айтқан, солардың ішінде: «Кез келген бидғат – адасушылық, тіпті адамдар оны жақсы деп ойласа да!», - деп айтқан Ибн ‘Умар (Аллаһ оған разы болсын) бар. Әд-Дәрими 1/39. Шейх әл-Әлбани иснадын сенімді деп атаған.
Сонымен қатар, бізге кез келген құлшылықтың қабыл болуы үшін ол екі шартқа, яғни ықыластылық пен Сүннетке сәйкес келуі қажет екені айқын болды! Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім біздің бұйрығымыз болмаған амалды жасаса, ол қайтарылады!» Әл-Бухари 2697, Муслим 1718.
Имам әл-Фудайл ибн ‘Ияд былай деген: «Расында, егер амалдар ықыласты болып, бірақ дұрыс болмаса - олар қабыл болмайды. Егер амалдар дұрыс болып, бірақ ықыласты болмаса - олар ықыласты және дұрыс болмайынша қабыл етілмейді. Аллаһ үшін істелген нәрсе ғана ықыласты, әрі Сүннетке сай келгені ғана дұрыс болып табылады». Әбу Ну’айм “әл-Хилья” 8/95.
Шейхул-Ислам былай деген: “Ғибадаттар құмарлықтар мен бидғаттарға емес, шариғатқа және ілесуге негізделген! Ақиқатында, Ислам екі тірекке негізделген: Біз Аллаһтан басқа ешкімге құлшылық етпейміз және біз Аллаһқа тек Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) заңдастырған түрде ғана құлшылық етеміз!» Қараңыз: “әл-Фәтауа әл-кубра” 2/242.
Сондай-ақ бізге тек жақсы ниеттің өзі ғана жеткіліксіз екені әрі жақсы ниет шариғатпен заңдастырылмаған істі жарамды етпейтіні белгілі болды. Шейх Ибн әл-Қайим былай деп айтқан: «Ақиқатында, игі амалдар үшін тек жақсы ниет болғанда ғана сауап беріледі. Алайда жақсы ниет жалғанды ақиқатқа айналдырмайды, өйткені амал дұрыс болуы үшін жалғыз ниеттің өзі жеткіліксіз! Сондай-ақ ниетке шариғи шарттың қосылуы да қажет». Қараңыз: “Мәдарижу -ссаликин” 1/85.
Тағы да бізге бидғат есігін айқара ашатын себептер туралы, әрі одан құтылу жолы – Сүннетке ауытқымай ілесу екені де мәлім болды. Ибн Мәс’уд (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: «Егер сендер өз Пайғамбарларыңның (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінен бас тартсаңдар, міндетті түрде адасушылыққа түсесіңдер!» Муслим 654.
Хафиз Ибн Кәсир былай деп айтқан: «Адамдардың сөздері мен істері Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері мен істерімен салыстырылады, оның сөзі мен ісіне сәйкес келетіндері – қабылданады, ал олармен сәйкес келмейтіндері, олар кімге тиісті болса да – қайтарылады». Қараңыз: “Тафсир Ибн Кәсир” 3/415.
Ибн ‘Аббас пен Әбу Һурайрадан (Аллаһ оларға разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Мен сендердің араларыңа екі нәрсені қалдырдым; егер солардан ұстансаңдар, тура жолдан адаспайсыңдар! Аллаһтың Кітабы мен Оның Елшісінің Сүннетін!» Әл-Хаким 1/93, әл-Бәйһақи 10/114, Ибн Нәср 21. Сенімді хадис. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 2937, “Хидаяту-ррууа” 1/140-141.
Сөз соңында әлемдердің Раббысы Аллаһқа мадақтар айтамыз!
Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және олардың жолына шынайы ықыласпен ілескендерге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!
Пайдаланылған әдебиет
1. «Фәтх әл-Бәри шарх «Сахих» әл-Бухари» Ибн Хәжар әл-‘Асқалани.
2. «Шарх «Сахих» Муслим» Яхъя ибн Шәраф ән-Нәуауи.
3. «Әс-Сираж әл-уаххаж мин кәшф мәталиб «Сахих» Муслим ибн әл-Хәжаж» Сыддиқ Хасан Хан.
4. «Миннамул-мун’им шарх «Сахих» Муслим» Сафийю-р-Рахман әл-Мубаракфури.
5. «Китаб әл-Бида’» Ибн Уәддах әл-Әндалуси.
6. «Әл-Бә’ис ‘алә инкар әл-бида’ уәл-хауадис» Шихабуддин Әбу Шәма.
7. «Әш-Шәри’а» Әбу Бәкр әл-Әжурри.
8. «Шарх усул әл-и’тиқад әһл әс-Сунна уәл-жәма’а» Әбул-Қасим әл-Ләлакаи.
9. «Әл-И’тисам» Әбу Исхақ әш-Шәтыби.
10. «Силсила әл-әхадис әс-сахиха» Мухаммад Нәсыруддин әл-Әлбани.
11. «Сахих әл-жәми’ әс-сағир» Мухаммад Нәсыруддин әл-Әлбани.
12. «Әл-Ибда’ фи кәмал әш-шәр’ уә хатр әл-ибтида’» Мухаммад ибн Салих әл-‘Усаймин.
13. «Хәжр әл-мубтади’» Бәкр Әбу Зайд.
14. «Қамус әл-бида’ мустахриж мин кутуб имам Мухаммад Нәсыруддин әл-Әлбани» Машхур ибн Хасан Әли Сәлман.
15. «‘Илму усул әл-бида’» ‘Али ибн ‘Абдул-Хамид әл-Хәлаби.
16. «Әл-Бид’а уә асараха әс-сайи фил-умма» Сәлим ибн ‘Ид әл-Хиләли.
17. «Мәуқиф әһл әс-Сунна уәл-жәма’а мин әһлил-әһуа уәл-бида’» Ибраһим әр-Рухайли.
18. «Нуру-с-Сунна уә зулюмат әл-бида’ фи дауил-Китаб уә-с-Сунна» Са’ид ибн Уәхф әл-Қахтани.
19. «Дауабиту-ттабди’» Мухаммад Са’ид Раслән.
20. «Та’зым әс-Сунна уәл-‘амал биһа уә ләу хәлафа фиһа мән хәлафа» Уәлид ибн әс-Сайф Нәср.
21. «Әл-Бид’а уәл-мубтади’а уә хатарухума ‘ала-ддин» ‘Абдул-‘Азиз ибн Райс әр-Райс.
Достарыңызбен бөлісу: |