Сенімдегі бидғаттар Аллаһ Тағала мұндай құлының тәубесін қабыл етпеуіне себеп болады! Әнастан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Шынында, Аллаһ бидғатшының тәубесін ол бидғаттарын тастамайынша қабыл етпейді». Әт-Тәбарани 4360, Әбу әш-Шейх 259, Ибн Әбу ‘Асым 37. Хадистің сенімділігін хафиз әл-Мунзири мен шейх әл-Әлбани растады.
Кез келген бидғатшының тәубесі қабыл болуы үшін оның діни бидғатты тастауы шарт болып табылады, себебі ол – ең бірінші кезекте тәубе етуді талап ететін күпірліктен кейінгі ең үлкен күнә.
Суфьян әс-Саури былай деген: “Ібіліс үшін бидғаттар күнәлардан сүйіктірек, себебі күнә үшін тәубе жасауға болады, ал бидғат үшін – жоқ4!” Әл-Ләлакаи “Шарх усул әл-и’тиқад” 238.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп айтқан: “«Бидғат үшін тәубе жоқ» деген сөздің мағынасы – бидғатшы өзіне көркем етіп көрсетілген өзінің бидғатын жақсы амал деп ойлайтынында. Ол өз амалын игілік деп санауы себепті әрі тәубені тек жаман нәрсе үшін келтіру керек деп ойлағандықтан тәубе етпейді”. Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 9/10.
Сол себепті шейх Ибн әл-Қайим былай дейді: “Аллаһқа Ол тыйым салған нәрселер арқылы құлшылық етіп жүрген адамдардың көбісі сонысы Аллаһқа мойынсұну және жақындау екендігіне сенімді! Әрі осындай адамның жағдайы өзі істеп жүрген ісін күнә екенін білетін адамның жағдайынан нашар!” Қараңыз: “Иғасату-лләхфан” 2/181.
Бидғатшылар Ислам мен мұсылмандар үшін кәпірлерден болған жаулардан да жаман
Имам Әбул-Фәдл әл-Хамдани былай деген: «Бидғатшылар мен ойдан хадис тоқитындар (дін үшін) дінсіздерден де жаман, өйткені дінсіздер дінді сырттай бүлдіруге тырысады, ал әлгілер дінді іштей ірітуге тырысады. Олар қаланың ішіндегі жағдайды бүлдіруге ниеттеніп, сыртта тұрған дінсіздерге қамалдың қақпаларын ашып беретіндерге ұқсайды. Олар Ислам үшін кәпірлерден де жаман». Ибн әл-Жәузи “әл-Мәуду’ат” 1/51.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп айтқан: «Бидғатшылардың бұзақылығы – кәпірлердің жерлерінен келген дұшпан басқыншыларының бұзақылығынан да жаман, өйткені егер кәпірлер жеңетін болса, олар адамдардың жүректері мен дінін бүлдіре алмайды, ал бидғатшылар ең алдымен адамдардың жүректерін бұзады!» Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 28/231-232.
Бидғатшылар Аллаһтың, періштелердің және бүкіл адамзаттың лағынетіне лайық
‘Али ибн Әбу Талиб (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын баяндаған: «Мәдина - ’Айр тауынан Саур тауына дейінгі қасиетті аймақ. Әрі кімде-кім онда бидғат енгізетін немесе мұны істейтін адамға пана беретін болса, оған Аллаһтың, періштелердің және бүкіл адамзаттың лағынеті болады, әрі Аллаһ Тағала Қиямет Күні оның парыз амалдарын да, нәпіл амалдарын да қабыл етпейді». Әл-Бухари 7300, Муслим 1370.
Хадисте айтылған нәрсені кез келген аймақта істеуге тыйым салынады, алайда осыны Мәдинада істеу – одан да ауыр күнә болады. Қараңыз: “Фәтхул-Бәри” 13/281.
Бидғатшылар ақиқатқа оралып, өз бидғаттарын тастамайынша шеттетілуге (бойкотталуға) лайық
Ибн ‘Умардан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Қадарилер осы үмметтің отқа табынушылары. Егер олар ауырып қалса - зиярат етпеңдер, ал егер олар қайтыс болса - оларға жаназа намазын оқымаңдар!» Әбу Дәуд, әт-Тирмизи, әл-Хаким. Имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, хафиз Ибн Хәжар және шейх әл-Әлбани хадисті жақсы (хасан) деген. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 4442.
Ибн ‘Умарға тағдырды жоққа шығаратын адамдар туралы айтқан кезде, ол: “Сендер оларды кездестірген кезде, менің оларға еш қатысым жоқ, ал олардың маған еш қатысы жоқ екенін жеткізіңдер!”, – дегені туралы хабарланады. Муслим 8.
Бірде Әнасқа (Аллаһ оған разы болсын) бір кісі келіп: «Уа, Әбу Хамза, мен Пайғамбардың Қиямет Күні шапағат етуін және қабір азабын жоққа шығаратын адамдарды көрдім», - деді. Сонда Әнас: «Олар өтірікшілер! Олармен бірге отырма!», – деді. Әл-Әжурри “әш-Шәри’а” 2/116, Ибн Батта “әл-Ибана” 2/448. Иснады сенімді. Қараңыз: “Тахқиқ мәталиб әл-‘алия” 18/481.
Танымал табиғин Әбу әл-Дауза былай деген: «Маған айналамда өз әуес-қалауларын жақтаушы адамдардан гөрі, маймылдар мен доңыздардың болғаны сүйіктірек!» әл-Ләлакаи 231.
Хасан әл-Басри былай деген: “Бидғатшылардың жағдайы яһудийлер мен христиандардың жағдайымен тең”. Әл-Ләлакаи 1/245.
Әл-‘Аууам ибн Хаушаб өзінің ұлы ‘Исаға қатысты былай дейді: «Аллаһпен ант етемін, мен үшін ‘Исаны бидғатшылардың қасында отырғанын көргенімнен гөрі, оны әншілермен және маскүнемдермен бірге отырғанын көргенім жақсырақ!» Ибн Уәддах «әл-Бида’» 56.
Бір күні Юнус ибн ‘Убайд өз ұлын бидғатшының үйінен шығып келе жатқанын көріп былай деді: «Әй, балам, сен қайдан келе жатырсың?!» Ол: «Пәленшенің үйінен», - деді. Сонда Юнус былай деді: «Мен сені пәленшенің үйінен шығып келе жатқаныңды көргенімше, сені қызтеке еркектің үйінен шығып келе жатқаныңды көргенім абзалырақ. Әй, ұлым, Аллаһтың алдында әуес-қалауларына ергендердің сенімінде болып тұрғаныңнан гөрі Оның алдында зинақор, бұзақы, ұрлықшы және сатқын болып тұрғаның маған ұнамдырақ!» Ибн Батта 464, әл-Әжурри 2061. Иснады сенімді.
Имам әл-Барбахари былай деп айтқан: «Юнус ибн ‘Убайд қызтеке еркек оның ұлының дініне, ол кәпірге айналатындай етіп адасушылыққа салуы мүмкін бидғатшыдай зиян тигізбейтініне қалай нұсқағанын қара!» Қараңыз: “Шәрху-с-Сунна” 87.
Шейх ‘Абдул-‘Азиз әр-Ражихи былай деген: «Бұл үлкен және опат етуші күнәлардың мардымсыз екенін білдірмейді. Ақиқатында, бұл тек бидғат күнәсының үлкендігіне ғана нұсқайды. Зинақорлық, ұрлық және басқа да үлкен күнәлардың ауырлығына қарамастан, бидғат олардан да ауырырақ күнә болып табылады!» Қараңыз: “Қам’ әд-дәжажила” 402.
Бидғатшылар мен өз әуес-қалауларына ергендерге өте қатал болған имам Мәлик былай деген: «Өз әуес-қалауларына ілесушілерге сәлем бермеңдер және олармен бірге отырмаңдар, тек егер оларға қаталдық көрсетпейтін болсаңдар ғана; әрі олар ауырған кезде, оларды зиярат етпеңдер; және олардан хадис жеткізбеңдер!» Қараңыз: Ибн Әбу Зайда «әл-Жәми’» 125.
‘Абдуллаһ ибн ‘Аун былай деген: «Бидғатшылармен бірге жүретіндер біз үшін бидғатшылардың өздерінен де жаман!» Қараңыз: “әл-Ибана” 2/273.
‘Абдуллаһ әс-Сархаси былай деген: «Бірде мен бидғатшымен бірге тамақтанған едім. Мұны Ибн әл-Мубарак естіген кезде, сол үшін менімен отыз күн бойы сөйлеспей қойды!» Әл-Ләлакаи 274.
Әл-Фудайл ибн ‘Ийяд былай деген: «Бидғатшыны жақсы көретін адамның амалдарын Аллаһ Тағала зая етеді де, оның жүрегінен Ислам сәулесін өшіреді!» Әл-Ләлакаи 263, Әбу Ну’айм 8/103.
Әл-Фудайл сондай-ақ былай деген: «Кім өз қамқорлығындағы (қыз-әйелді) бидғатшыға күйеуге берсе, онымен туыстық қарым-қатынасын үзген болады!» Әл-Барбахари “Шарх әс-Сунна” 139.
Имам Әбу Исма’ил әс-Сабуни сәләфтардың ақидасына мына нәрселер де қатысты екенін айтқан: «Дінге еш қатысы жоқ нәрсені оған енгізген бидғатшыларға деген жек көрушілік. Оларды жақсы көруге де, қасында жүруге де, олардың сөздерін тыңдауға да, олармен бірге отыруға да, олармен дін мәселесінде таласуға да болмайды!» Қараңыз: “әл-‘Ақидату-ссәләф” 112.
Имам әл-Әуза'и былай деп айтқан: «Аллаһтан қорқыңдар, әй мұсылмандар! Өсиетті өсиет етушіден, насихатты насихатшылардан алыңдар! Әрі бұл білімдер дін екенін біліңдер! Сондықтан не істеп жүргендеріңді және оны кімнен алып жатқандарыңды, кімге еріп жүргендеріңді және кімнің дініне сеніп жүргендеріңе қараңдар! Расында, барлық бидғатшылар – өтірікшілер мен күнәһарлар, әрі олар Аллаһтан қорықпайды! Олардан аулақ болыңдар, оларды теріске шығарыңдар, өйткені, шынында, сендердің әуелгі және кейінгі ғалымдарың осылай істеген әрі осыны бұйырған!» Қараңыз: “Тарих әд-Димашқ” 6/362.
Имам әш-Шәтыби былай деген: «Расында, құтылған топқа (фирқату-ннәжия) бидғатшыларға қатысты дұшпандық танытып, олардан аулақ болу және оларға ұмтылғандарды жазалау бұйырылған». Қараңыз: “әл-И’тисам” 1/172.
Шейх Хамуд әт-Тууайжири былай деген: «Кә’б ибн Мәлик пен оның достары парыз жиһадқа шықпағандықтан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олардан өзін шеттетті, әрі сахабаларға да олардан өздерін шеттетуді бұйырды. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) (әйелі) Зайнабтан да, ол Сафияны яһуди деп атағаны үшін, өзін шеттетті. Ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ‘Аммар қолына әйелдерге арналған иісмай жаққандығы себепті оның сәлеміне жауап қайтармады. Егер жағдай осындай болса, онда бидғатшылардан өзіңді шеттету тіптен міндетті, себебі бидғатшылардың Ислам мен мұсылмандарға тигізетін зияны күнәһарлардың зиянынан да ауыр!» Қараңыз: “Тухфатул-ихуан бима жәа фил-мууала уәл-му’ада уәл-хубб уәл-буғд уәл-хижран” 56.
Бидғатшылардан өзіңді шеттетіп, олармен қарым-қатынасты үзу керек екеніне ғалымдар бірауызды келіскен. Қады Әбу Я’лә былай деген: “Бидғатшылармен қарым-қатынасты үзу керек екеніне сахабалар мен табиғиндер бірауызды келісімде!” Қараңыз: “Шарх әс-Сунна” 1/226, “Фәтхул-Бәри” 10/496.
Шейх Бәкр Әбу Зайд былай деп айтқан: “Ислам ғалымдары «бидғатшылардан өзіңді аулақ ұстау» ұғымын ақидаға қатысты «Исламдағы достық және қатыссыздық» (әл-уәлә уәл-бара) қағидасына жатқызады”. Қараңыз: «Хажр әл-мубтади’» 21.
Бірақ бидғатшылар мен ауыр күнә жасайтындарды шеттетуде пайда мен зиянды ескеру қажет! Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай дейді: “Қарым-қатынасты үзу (хажр) әртүрлі болады және қарым-қатынасты үзушілердің жағдайына, олардың күшіне және әлсіздігіне, көпшілік, не аз болуына байланысты.
Өйткені шеттетудің мәні онымен қарым-қатынас үзілетін адамды айыпталатын нәрседен тыюда әрі бұл оған ғибрат болатынында, сондай-ақ қарапайым халық ол ұстанатын нәрселерден бас тартуда.
Егер қарым-қатынас жасауды тоқтатудың пайдасы зиянды азайтуға және жасыруға келтіретіндей басым болса, онда мұндай шеттету заңды болады. Ал егер қарым-қатынасты үзу онымен қарым-қатынас үзілетін адамды да, оның ізінен ілесушілерді де тоқтатпаса, ал қарым-қатынасты үзуші әлсіз болса, әрі бұл бұрынғыдан да көбірек зиян келтіретін болып, зиян пайдадан басым болса, онда мұндай жағдайда шеттету заңды болмайды”. Қз.: “Мәжму’уль-фатауа” 28/206.
Сонымен қатар, ең пасық мұсылман адам адамгершілігі мол және ақ көңіл кәпірден жақсырақ екенін білу қажет! Бұл әһлю-Сунна уәл-жәмә’аның сенімі болып табылады.
Діндегі кез келген бидғатқа тыйым салынғандығы және бидғаттардың ішінде ешқандай жақсылық жоқ екендігі туралы
Жәбирден (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарға уағыз-насихат жасап бір нәрсе айтар болса, міндетті түрде былай дейтіні жеткізіледі: «Ең жақсы сөз – бұл Аллаһ Тағаланың Кітабы, ал ең жақсы жол – бұл Мұхаммедтің жолы. Ал ең жаман амалдар – бұл дінге енгізілген жаңалықтар, ал дінге енгізілген әрбір осындай жаңалық – бұл бидғат!» Муслим 2/592.
Ал хадистің басқа риуаятында: «Әрбір бидғат – бұл адасушылық, ал кез келген адасушылық Отта!», - делінген. Ән-Нәсаи 3/188. Хадистің сенімділігін шейхул-Ислам Ибн Тәймия мен шейх әл-Әлбани растады.
Міне, осы хадисте кез келген түрде көрініс табатын бидғаттан сақтандырудың маңыздылығы баяндалған, өйткені егер Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір уағыз-насихат айтқан сайын бидғаттан өте алыс болған сахабаларына бидғаттан сақ болуды қайталай берген болса, онда олардан кейін келген әрі сан алуан түрлі бидғаттарға белшесінен батқан басқа адамдар туралы не айтуға болады?!
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп айтқан: “Расында, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Әрбір бидғат – бұл адасушылық» деген сөзін жалпылама түрде алу керек”. Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 10/370.
Имам әш-Шәтыби де былай деген: «Ғалымдар бұл хадисті жалпылама түрде алған әрі олар бұдан еш нәрсені тыс қалдырмаған. Әрі бидғатта ешқандай жақсылық жоқ!» Қараңыз: “Фәтауа әш-Шәтыби” 181.
Уа, Аллаһтың құлы, сіз Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) кез келген бидғат адасушылық екені туралы айтқанын білгеніңізден кейін, қалайша қарапайым адамдардан болған біреудің сөзіне еріп, Исламда жақсы бидғат бар дей аласыз?!
Әл-‘Ирбад ибн Сариядан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Расында, араларыңда кім ұзақ өмір сүрсе, көптеген келіспеушіліктерді көреді. Сондықтан менің Сүннетімнен және тура жолдағы ізгі халифалардың Сүннетінен азу тістеріңмен жабысып ұстаныңдар әрі бидғаттардан аулақ болыңдар, өйткені әрбір бидғат – адасушылық!» Әбу Дәуд 4607, әт-Тирмизи 2676, Ибн Мәжаһ 42, Ибн Нәср 21. Хадистің сенімділігін имам әт-Тирмизи, әл-Бәззар, әл-Хаким, Ибн ‘Абдул-Бәрр, әд-Дыя әл-Мәқдиси, әл-Әлбани және ‘Абдул-Қадир әл-Арнаут растады.
Тура осы нәрселерді оның сахабалары да айтқан.
Ибн Мәс’уд (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: «(Сүннетпен) жүріңдер әрі бидғаттарды ойлап таппаңдар, өйткені сендерге (Сүннет) жеткілікті! Әрі әрбір бидғат адасушылық болып табылады!» Ибн Нәср “әс-Сунна” 28, Ибн Уәддах «әл-Бида’» 43. Шейх әл-Әлбани иснадын сенімді деп атаған.
Ал Ибн ‘Умар (Аллаһ оған разы болсын) кейінгі ұрпақ жақсы бидғат бар деп айтатынын алдын ала білгендей: “Кез келген бидғат – адасушылық, тіпті адамдар оны жақсы деп санаса да!», – деп айтқан екен. Әд-Дәрими 1/39. Шейх әл-Әлбани иснадын сенімді деп атаған.
Ислам діні кемел және ешқандай қоспаларға мұқтаж емес екендігі туралы Құран мен Сүннетің анық дәлелдері
Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй, Елші! Раббың тарапынан түсірілгенді жеткіз. Егер оны істемесең, елшілік міндетін жеткізбеген боласың» («әл-Мәида» сүресі, 67-аят).
Бір күні бір кісі Ибн ‘Аббасқа (Аллаһ оған разы болсын) келіп: “Бізге сіздерде Аллаһ Елшісі адамдарға айтпай кеткен нәрселер бар дейтін адамдар келеді”, - деді. Сонда Ибн ‘Аббас оған: “Сен Аллаһ Тағаланың «Әй, Елші! Раббың тарапынан түсірілгенді жеткіз. Егер оны істемесең, елшілік міндетін жеткізбеген боласың» деген сөзін білмейсің бе?!”, – деді. Ибн Әбу Хатим “әт-Тәфсир” 4/1172. Хафиз Ибн Кәсир иснадын жақсы деген.
Аллаһ Тағала сондай-ақ былай дейді: «Бүгін сендер үшін діндеріңді толық еттім, нығметімді тамамдадым, әрі сендерге Ислам дінімен разы болдым» («әл-Мәида» сүресі, 3-аят).
Ибн ‘Аббас (Аллаһ оған разы болсын) осы аятқа байланысты былай деген: “Аллаһ Өз Пайғамбары мен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мүміндерге олар үшін нанымды (иманды) кемелдіке жеткізгенін, әрі олар еш уақытта оған қоспа қосуға мұқтаж болмайтынын жеткізді. Аллаһ нанымды (иманды) тамамдады және оның кемшілігі болмайды, әрі Ол оны құптап, еш уақытта оған наразы болмайды”. Қараңыз: “Тәфсир әт-Табари” 9/518, “Тәфсир Ибн Кәсир” 2/12.
Имам әз-Зәһаби былай деген: «Осы аят түскеннен кейін дінге енгізілген барлық нәрсе – қажетсіз, қоспа және бидғат болып табылады!» Қараңыз: “әс-Сияр” 18/509.
Ибн Мәжишун иман Мәликтің былай деп айтқанын жеткізген: «Кім Исламға бидғат енгізіп, оны жақсы деп есептесе, сол: «Мұхаммед жолдауды соңына дейін жеткізбеді», - деген болады, ал Аллаһ Тағала: «Бүгін сендер үшін діндеріңді толық еттім», - дейді. Әрі сол кезде дін болмаған нәрсе бүгін де дін болмайды!» Қараңыз: “Тахзиб әл-фуруқ” 4/225, “әл-И’тисам” 1/64.
Имам Мәликтің осы сөздері нендей қарапайым, бірақ сонымен бірге нендей дана!
Имам әш-Шәукани былай деген: “Егер Аллаһ Тағала Өзінің дінін Өз Пайғамбарын (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) алып кетпестен бұрын кемелдікке жеткізген болса, онда дін кемелдікке жеткізілгеннен кейін сендер оған енгізген мына пікірлерің не?! Егер сендер өздеріңнің енгізген мына амалдарың да діннен екеніне сенімді болсаңдар, онда сендердің ойларыңша, дін кемел болмағаны ғой, ал мұндай сөздерді Құран теріске шығарады: «Бүгін сендер үшін діндеріңді толық еттім, нығметімді тамамдадым, әрі сендерге Ислам дінімен разы болдым» («әл-Мәида» сүресі, 3-аят). Ал егер осы енгізген амалдарың діннен емес болса, онда дінге қатысы жоқ нәрсемен айналысудың не пайдасы бар?! Жоғарыдағы аят өз пікірінің жақтаушылары айналып өте алмайтын аса үлкен дәлел әрі мықты дәйек болып табылады. Ендеше, осы аят өз пікіріне ілесушілердің бетіне лақтыратын ең бірінші нәрсең болсын!” Қараңыз: “әл-Қаул әл-муфид” 38.
Әл-‘Ирбад ибн Сариядан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мен сендерді түні күндіз сияқты ап-айқын жолда қалдырдым. Одан тек опат болғаннан өзге ешкім адаспайды!» Ахмад 4/126, Ибн Мәжаһ 43. Хадистің сенімділігін әл-Бәззар, имам Әбу Ну’айм, имам әл-Бәғауи, хафиз Ибн ‘Абдул-Бәрр, имам әд-Дыя әл-Мәқдиси, хафиз Ибн Кәсир мен шейх әл-Әлбани растады.
Осы хадис Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметіне қалдырған жолы ап-айқын әрі ешқандай қоспаларды қажет етпейтінін көрсетеді.
Хузайфа (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: «Бір күні Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге құтпа жасап, Қиямет күнге дейін не болатынын түк қалдырмастан айтып берді». Әл-Бухари 6604, Муслим 2891.
Бір күні бір яһуди Сәлман әл-Фәрсиге (Аллаһ оған разы болсын): “Сендердің пайғамбарларың сендерге барлық нәрсені, тіпті үлкен дәретке қалай отыру керек екенін де үйретті ме?!”, – деп айтты, сонда Сәлман: “Әрине!”, – деп жауап берді. Муслим 262.
‘Абдуллаһ ибн ‘Амрдан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені хабарланады: «Аллаһ Тағала қайсыбір пайғамбарды жіберсе де, оның міндеті - үмметіне өзі білетін бүкіл жақсылықты көрсету, әрі оларды өзі білетін бүкіл жамандықтан сақтандыру еді». Муслим 1844.
Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тағы: «Мен Жәннатқа жақындатып, Тозақтан алыстататын бірде-бір нәрсені сендерге түсіндірусіз қалдырмадым!», - деген. Әт-Тәбарани “әл-Кәбир” 1647. Сенімді хадис. Қараңыз: “әс-Силсила әс-сахиха” 1803.
Әбу Зарр (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: “Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге тіпті аспанда қанатымен пырылдап ұшатын құс туралы білімді де қалдырмастан айтып кетті”. Ахмад 21771, Ибн Хиббан 3/271. Сенімділігін Шу’айб әл-Арнаут растады.
Ендеше, осы анық әрі бір мағыналы түрде айтылған Құран яттары мен хадистерден кейін де адамда «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дін мәселесінде бір нәрселерді толық айқындалмаған және бітпеген күйінде қалдырды» деген ой қалуы мүмкін бе?! Ақиқатында, кім осылай ойлайтын болса, сол Аллаһ пен Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жала жапқан болады. Ал Аллаһ Тағала былай деген: «Енді Аллаһқа өтірік жала қойғаннан залымырақ кім бар?» («әл-Кәһф» сүресі, 15-аят).
Шариғатта нұсқауы жоқ кез келген құлшылық қабылданбайды
Құдіретті әрі Ұлы Аллаһ былай деген: «Ол сондай Аллаһ, қайсыларыңның істерің жақсырақ болатынын сынау үшін өліммен тіршілікті жаратқан» («Мүлк» сүресі, 2-аят).
Хафиз Ибн Кәсир осы аятқа қатысты былай деген: “Аллаһ Тағала: «Қайсыларыңның істерің көп болады», - деген жоқ, - «...қайсыларыңның істерің жақсырақ болады», - деді”. Қараңыз “Тафсир Ибн Кәсир” 4/248.
Имам әл-Фудайл ибн ‘Ияд осы аятқа қатысты былай айтқан: «Мұның мағынасы - кімнің амалдары дұрыс және ықыласты болады дегенді білдіреді». Одан: “Ал, ықыласты және дұрыс деген нені білдіреді?”, - деп сұрағанда, ол: “Расында, егер амалдар ықыласты болып, бірақ дұрыс болмаса - олар қабыл болмайды. Егер амалдар дұрыс болып, бірақ ықыласты болмаса - олар ықыласты және дұрыс болмайынша, қабыл етілмейді. Аллаһ үшін істелген нәрсе ғана ықыласты, әрі Сүннетке сай келгені ғана дұрыс болып табылады”, – деп жауап берген. Әбу Ну’айм “әл-Хилья” 8/95.
‘Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте, Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: “Кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінге) онда жоқ нәрсені енгізсе, оның ісі кері қайтарылады (қабыл болмайды)”. Ал бұл хадистің басқа риуаятында: “Кімде-кім біздің нұсқауымыз болмаған амалды жасаса, ол кері қайтарылады”, - делінген. Әл-Бухари 2697, Муслим 1718.
Имам Ибн Дақық әл-‘Ид былай деген: “Тіл мамандары «қайтарылады» деген сөздің мағынасы «қабыл болмайды» деген!” Қараңыз: “Шарх «әл-Арба’ун»” 24.
Имам Әбул-‘Аббас әл-Қуртуби былай деген: “Кім шариғатқа оның негізі нұсқамаған нәрсені енгізсе, ол нәрсе қайтарылады, істелмейді әрі құпталмайды». Қараңыз: “әл-Муфхим” 5/171.
Имам ән-Нәуауи былай деген: “Бұл хадис Ислам негіздерінен ең ұлы негіз болып табылады, әрі ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ең қысқа әрі мағынасы бойынша өте ауқымды сөздерінің бірі. «Кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінге), онда жоқ нәрсені енгізсе, оның ісі кері қайтарылады (қабыл болмайды)» деген осы хадис діндегі бүкіл жаңалық пен бидғат қайтарылатынына айқын түрде нұсқайды. Ал оның екінші «Кімде-кім біздің нұсқауымыз болмаған амалды жасаса, ол кері қайтарылады» деген нұсқасы басқалардың бидғаттарына ілескендердің кейбіреулері «Кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінге), онда жоқ нәрсені енгізсе» деген бірінші нұсқаны келтіріп, қасарысуы мүмкін екенін көрсетеді. Олар: «Мен еш нәрсе енгізіп жатқан жоқпын ғой!», - деуі мүмкін. Мұндай жағдайда дәлел ретінде осы хадистің бүкіл бидғатты: адам оны енгізеді ме, немесе оны енгізушіге ілеседі ме - мұны ерекшелемей жоққа шығаратын екінші нұсқасын келтіруге болады. Бұл хадис – жаттап алуға әрі айыпталатын іс-әрекеттерге қарсы пайдалануға тиісті болғандардың қатарынан”. Қараңыз: “Шарх «Сахих» Муслим” 12/16.
Хафиз Ибн Ражаб аталмыш хадис жөнінде былай деген: “Бұл хадис – Ислам негіздерінде өте үлкен орынға ие! «Амалдар ниетке байланысты» деген хадис амалдардың ішкі жағын өлшейтін құралы іспеттес болса, бұл хадис амалдардың сыртқы тұрпатын өлшейтін құрал тәрізді. Аллаһ үшін істелмеген кез келген амалдың еш сауабы болмайтыны сияқты, Аллаһ пен Оның Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) нұсқауы болмаған кез келген амал теріске шығарылып, иесіне қайтарылады. Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) рұқсат етпеген кез келген дінге енгізілген амалдың дінге еш қатысы жоқ. Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын: “Кімде-кім біздің нұсқауымыз болмаған амалды жасаса” деген сөздері кісінің діни амалдарының барлығы шариғат үкімдеріне сәйкес келуі керек екенін көрсетеді!” Қараңыз: “Жәми’ул-‘улюми уәл-хикам” 1/176.
Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Менің үмметім жетпіс үш топқа бөлінеді, жетпіс екі топ Тозақта, ал біреуі Жәнатта», - деді. Сахабалар одан: «Олар кімдер?», - деп сұрады. Сонда ол: «Бұл менің және менің сахабаларымның жолын ұстанғандар», - деп жауап қатты. Ахмад 4/102, Әбу Дәуд 2/503, әт-Тирмизи 3/367, Ибн Мәжаһ 2/479. Хадистің сенімділігін шейхул-Ислам Ибн Тәймия, шейх Ибн әл-Қайим, хафиз әл-‘Ирақи мен шейх әл-Әлбани растады.
Осы хадисте Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оның үмметі жетпіс үш топқа бөлінетінін айтты да, құтылатын топ ретінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары ұстанған жолға қатаң түрде ілесетін жалғыз топты ғана атады. Әрі егер дінге бір нәрсе қосуға рұқсат етілетін болғанда, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз үмметінің ішіндегі құтылған адамдардың жолын өзінің және сахабаларының жолына ілесумен ғана шектемейтін еді. Тура осы нәрсе тағы да бір осыған ұқсас хадисте келеді: «Шынында, сендерден кейін ұзақ сабырлық күндері келеді. Кімде-кім сондай жағдаяттарда сахабалардың жолын берік ұстанса, сол сендердің араларыңдағы елу адамның сауабына тең сауап алады!» Сахабалар: “Уа, Аллаһтың пайғамбары, мүмкін өздерінің арасындағы елу адамның сауабын алатын шығар?”, - деп сұрады. Сонда ол: «Жоқ, дәл сендердің араларыңдағы!», – деді. Ибн Нәср “әс-Сунна” 33, әт-Тәбарани “әл-Кәбир” 289. Сенімді хадис. Қараңыз: “әс-Силсила әс-сәхиха” 494.
Әнас ибн Мәлик (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: “Бір күні мен Убай және Әбу Талхамен бірге отырып ет пен нан жедім, содан соң дәрет алғым келді. Олар маған: «Сен не үшін дәрет алмақшысың?», - деді. Мен оларға: «Біз жеген тамақтың себебінен дәрет алмақшымын», - дедім. Сонда олар: «Сен игі нәрсе жегеннен кейін дәрет алғың келіп тұр ма?! Сенен жақсырақ болған (Пайғамбар) мұндайдайдан кейін дәрет алмайтын!», - деді”. Ахмад 4/30. Шейх әл-Әлбани мен Шу’айб әл-Әрнаут иснадын күшті деп атаған.
Шейх әл-Әлбани былай деп айтқан: “Бұл хабар (асар) сахабалар Аллаһ Тағалаға Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз сөздерімен және істерімен заңдастырмаған амал арқылы жақындауды теріске шығаратынына нұсқайды. Ал Әнастың ет жегеннен кейін дәрет алғысы келгені туралы айтар болсақ, бәлкім, оған Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Отқа пісірілген тағамды жегеннен кейін дәрет алыңдар!» (Муслим 1/272) деген сөзі жетіп, әрі бұл бұйрықтың күші жойылғаны туралы хабар жетпеген болуы мүмкін”. Қараңыз: “Хидаяту-ррууа” 1/194.
Әбу Сулайман әд-Дарани былай деп айтқан: «Кейде жұрттың істеп жатқан кейбір істері жүрегіме кіріп, қатты әсер ететін, бірақ мен ол істі екі ізгі куәгер – Құран мен Сүннет растамайынша қабылдамайтынмын!» Қараңыз: “әс-Сияр” 10/183.
Жоғарыда айтылған сөздердің негізінде ғалымдар мынадай аса маңызды бір ереже шығарды: «Шариғаттан дәлел келмейінше, кез келген құлшылықтың негізі – рұқсат етілмеген!»
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: «Құлшылықтың, діни мәселелердің және Аллаһқа жақындаудың есіктерін тек Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) орнатады! Әрі ешкім шариғи дәлелдің негізінсіз, бір нәрсені құлшылық немесе жақындау етуге құқықты емес!» Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 31/35.
Шейхул-Ислам сондай-ақ былай деген: “Құлшылық рәсімдері шариғатқа және ілесуге негізделген, бірақ әуестер мен бидғатқа емес! Ақиқатында, Ислам екі тірекке негізделген: Біз Аллаһтан басқа ешкімге құлшылық етпейміз және біз Аллаһқа тек Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) заңды етіп бекіткендей ғана құлшылық жасаймыз!” Қараңыз: “әл-Фәтауа әл-кубра” 2/242.
Шейх Ибн әл-Қайим былай деп айтқан: “Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыйым салған нәрседен басқа тыйым жоқ екені белгілі. Әрі Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күнә етпеген нәрседен басқа күнә да жоқ. Және Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) міндетті етпеген нәрседен басқа міндетті еш нәрсе жоқ. Және Аллаһ міндеттеген діннен басқа дін де жоқ. Әрі құлшылықтың заңды екеніне дәлел болмайынша, оның негізі – жарамсыздық”. Қараңыз: “И’ләм әл-мууаққи’ин” 1/344.
Хафиз Ибн Кәсир былай айтқан: “Адамдардың сөздері мен істері Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері мен істерімен салыстырылады, әрі оның сөздері мен істеріне сәйкес келетіндері қабылданады да, ал оларға сәйкес келмейтіндері олар кімге тиісті болса да қайтарылады”. Қараңыз: “Тафсир Ибн Кәсир” 3/415.
Сахабалар істемеген құлшылықты сен де істеме!
Хузайфа (Аллаһ оған разы болсын) былай деген: “Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары істемеген кез келген құлшылықты сен де істеме!” Әбу Шәма «әл-Бә’ис» 21, әш-Шәтыби «әл-И’тисам» 2/132.
Табиғиндердің имамы әш-Шә’би туралы Мәкхул былай деген: «Мен әш-Шә’биден асқан білімді адамды көрмедім». Қараңыз: “әт-Тахзиб” 3092. Сол әш-Шә’бидің өзі былай деген: «Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан жеткен нәрсені қабылда! Ал өз ой-пікіріне сүйеніп айтылған сөздерге кіші дәретіңді сындыра сал!» ‘Абдур-Раззақ 11/256.
Са’ид ибн Жубайр былай деген: «Бәдір шайқасына қатысқан сахабаларға белгілі болмаған нәрсе – діннен емес» Қараңыз: “Жәми’ул-бәянил-‘илм” 1425.
Имам әл-Әуза’и былай деген: «Білім дегеніміз – Мұхаммедтің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан жеткен нәрсе, ал бірде-бір сахабадан жетпеген нәрсе – білім емес» Қараңыз: “Жәми’ул-бәянил-‘илм” 1420.
Хафиз Ибн Кәсир былай деп айтқан: «Әһлю-Сунна уәл-жәмә’а сахабалар істемеген кез келген істер мен сөздерді бидғат деп атайды, өйткені ол нәрселерде игілік болғанда, олар осыда бізді міндетті түрде озып кетер еді!» Қараңыз: “Тәфсир Ибн Кәсир” 4/278.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), сахабалар және сәләфтар Сүннетке сәл ғана қайшы келуді және одан ерекшеленуді қалай сөккендері жайында кейбір мысалдар
Әл-Бара ибн ‘Азиб (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бірде оған былай дегенін баяндаған: ”Ұйықтауға жатқың келсе, намаз алдында дәрет алғандай етіп дәрет ал да, (сосын) оң жамбасыңа жатып: «Уа, Аллаһ, өзімді Саған бойсұндырдым және ісімді саған тапсырдым. Әрі жүзімді Саған қараттым және (сауабыңды) үміт етіп, әрі азабыңнан қорқып, Саған өзімді сеніп тапсырдым. Сенен қашып, өзгеден пана табу мүмкін емес. Тек Саған қашып, Өзіңнен ғана пана тілейміз. Түсірген Кітабыңа әрі жіберген Пайғамбарыңа иман келтірдім», - деп айт. Әрі егер сен осы түні қайтыс болсаң, онда туылған кезіңдегі күйде (фитрада) қайтыс боласың, сондықтан да осы сөздер сенің (күн сайын айтатын) ең соңғы сөздерің болсын”. Әл-Бара былай деді: “Сонда мен осы сөздерді Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жанында қайталай бастадым да, «Уа, Аллаһ, түсірген Кітабыңа» деген сөздерге келгенде («әрі Сенің Пайғамбарыңа» деген сөздердің орнына): «әрі жіберген Елшіңе иман келтірдім», - деп айттым. Сонда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жоқ, «...әрі жіберген Пайғамбарыңа», - деп айт», - деді”. Әл-Бухари 247.
Шейх әл-Әлбани былай деді: “Осы хадисте Аллаһқа дұға ету мен Оны еске алу сөздерінің нақты белгіленіп қойғанына қатысты, әрі ол сөздерге еш нәрсені қосып немесе алмау қажет екеніне қатысты аса маңызды бір ескерту бар, тіпті ол сөздерді алмастырғаннан мағынасы өзгермесе де! Өйткені «елші» сөзінің мағынасы «пайғамбар» сөзінің мағынасынан ауқымдырақ, алайда соған қарамастан, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әл-Бараға ескерту жасады, әл-Бара ол сөздерді абайсыз шатастырып алғанына қарамастан. Енді қандай да бір Аллаһты еске алу (зікір ету) сөздерін қысқартып, не қосымша сөздер қосудан жиіркенбейтін бидғатшылар осы мысалдан қайда?! Ойланатын біреу бар ма?!” Қараңыз: “Сахих әт-тарғиб” 1/288.
Нәфи’ былай деп баяндаған: “Бір күні бір кісі Ибн ‘Умардың (Аллаһ оларға разы болсын) көзінше түшкіріп: «Аллаһқа мадақ және Аллаһ Елшісіне сәлем болсын» (әл-Хамду ли-Лләһи уә-ссәләму ‘алә расули-Лләһ), – деді. Ибн ‘Умар (Аллаһ оған разы болсын) оған қарап: «Мен де: «Аллаһқа мадақ және Аллаһ Елшісіне сәлем болсын», - деп айтамын, бірақ Аллаһ Елшісі бізді (түшкірген кезде) олай деп айтуға үйреткен жоқ. Ол бізді: «Кез келген жағдайда да Аллаһқа мадақ» (әл-Хамду ли-Лләһи ‘алә кули хәл)», - деп айтуға үйретті», - деді”. Әт-Тирмизи 2738, әл-Хаким 4/265. Шейх әл-Әлбани хадисті жақсы деп атаған.
Ибн ‘Умардың сөзіне және оның Сүннетке сәл ғана сәйкессіздік көргенде не істегеніне назар аударыңыздар! Егер дәл қазіргі кезде бір мұсылман солай істесе, оны еш қиналмастан «шектен шыққан уаһһаби» деп кінәлай салар еді.
Мужаһид былай деп айтқан: «Бір күні мен Ибн ‘Умармен (Аллаһ оларға разы болсын) бірге болғанымда, бір кісі бесін (зухр) немесе екінті (аср) намазының уақытында тасуиб айта бастады. Оны естіген Ибн ‘Умар: «Бұл жерден кетейік, расында, бұл – бидғат!», - деді”. Әбу Дәуд 538. Шейх әл-Әлбани хабарды жақсы деп атаған.
Имам әт-Туртуши «тасуиб» сөзіне қатысты: «Сөз адамның мешіт есігінің алдына тұрып: “Намаз! Намаз!”, – деп айқайлауы туралы болуда», - деген. Қараңыз: «әл-Хауадис уәл-бида’» 149.
Салим ибн ‘Абдуллаһ былай деген: “Бірде мен Ибн ‘Умармен бірге мешітте отырған кезімде, оған Шам аймағынан келген бір кісі келді де, қажылыққа дейін ‘умра (хаж әт-таматту’) жасау туралы сұрады. Оған Ибн ‘Умар: «Бұл жақсы әрі керемет іс», - деді. Әлгі кісі: «Тіпті сіздің әкеңіз (‘Умар ибн әл-Хаттаб) оған тыйым салған болса да ма?», – деп сұрады. Ибн ‘Умар: «Саған өкініш болсын! Егер менің әкем Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзі жасап, өзгелерге де бұйырған ісіне тыйым салған болса, сен менің әкемнің бұйрығына бағынасың ба, әлде Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығына ма?», – деді. Әлгі адам: «Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығына», - деп жауап берді”. Ахмад 5700, Әбу Я’ла 3/1317. Иснадтың сенімділігін имам ән-Нәуауи растады.
Бірде Са’ид ибн әл-Мусайиб бір адамның таң намазына азан шақырып болғасын, рукуғтары мен сәжделерін ұзартып, екі ракағаттан артық намаз оқып жатқанын көріп, оған сөгіс білдіргені туралы жеткізіледі. Сонда әлгі адам: “Уа, Әбу Мухаммад! Сонда Аллаһ мені көп намаз оқығаным үшін жазалай ма?!”, – деп сұрады. Ал Са’ид: «Жоқ. Алайда, Ол сені Сүннетке қарсы келгенің үшін жазалайды!», - деп жауап берді. ‘Абдур-Раззақ 3/52, әл-Бәйһақи 2/466. Сенімді иснад.
Шейх әл-Әлбани былай деген: “Бұл - Са’ид ибн әл-Мусайибтің, Аллаһ оны рахым етсін, ғажайып сөздерінің бірі. Осы сөздер көптеген бидғаттарын олар Аллаһты еске алумен және намазбен байланысты (деген сылтаумен) ақтап алғысы келетін бидғатшыларға қарсы ең күшті қару болып табылады. Ал Сүннетті жақтаушылар оларға осы үшін сөгіс айтатын кезде, бидғатты жақтаушылар оларды: «Олар бізді Аллаһты еске алудан және намаз оқудан тосып жатыр», - деп кінәлайды. Ал шын мәнінде, олар бидғатты жақтаушыларды Аллаһты еске алуда, намаз оқуда және басқа да құлшылықтар істегенде Сүннеттен ауытқығандары үшін ғана сөгеді!” Қараңыз: “Ируаул-ғалил” 2/233.
Бидғатшыларды теріске шығарудың және олардан сақтандырудың маңыздылығы туралы
Адасқандар мен бидғатшыларды теріске шығару Ислам дінінде өте маңызды орын алады, әрі бұл Аллаһ жолындағы жиһад болып табылады! Ибн Мәс’уд риуаят еткен хадисте, Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Аллаһ Тағала маған дейін белгілі бір қауымға қандай да бір пайғамбар жіберсе де, әрдайым оның Сүннетіне еріп, бұйрықтарын орындайтын хауарилері (апостолдары) мен сахабалары болатын. Олардан кейін өздерінің айтқандарын өздері істемейтін, әрі өздеріне бұйрылмаған нәрселерді істейтін адамдар келді. Міне, соларға қарсы қолымен жиһад жасаған адам - мүмін. Оларға қарсы тілімен жиһад жасаған адам - мүмін. Оларға қарсы жүрегімен жиһад жасаған адам - мүмін, ал одан кейін қыша дәнінің салмағындай да иман жоқ!» Муслим 50.
Бұл хадис пайғамбарлардың (олардың барлығына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ілімін бұрмалаған бидғатшыларға қарсы жиһад жасаудың артықшылығын көрсетеді!
Үмметіміздің имамдары адасқандар мен дінді бұрмалаушыларды теріске шығаруға ерекше көңіл бөлген, тіпті әлгі бидғатшылар істеп жатқан әрекеттерін жете түсінбей, тек жақсылықты қаласа да. Себебі бұл дінді сақтау үшін аса қажет «айыпты істі өзгерту» ұстанымының ажырамас бөлігі болып табылады. Ғалымдар белгілі бір бидғатты теріске шығаруға арналған арнайы еңбектер жазатын. Сол еңбектердің ішінде имам Ахмадтың «әр-Радд ‘алә әз-зәнадықа уәл-жәһмия» еңбегі, имам әд-Дәримидің «әр-Радду ‘алә Бишр әл-Мәриси» еңбегі, имам әл-Бухаридің «Халқу әф’алил-‘ибад» еңбегі, шейхул-Ислам Ибн Тәймияның «әр-Радду ‘алә әл-Әхнаи» мен «әр-Радду ‘алә әл-Бәкри» еңбектерін атап өтуге болады. Мұндай еңбектер өте көп және бұның өзі адасушылықты теріске шығару (әр-радд) әһлю-Суннаның ерекшелігі болып табылатындығына дәйек болады.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп жазған: “Хадис жеткізушілерінің жағдайын және бидғатшылардың ауытқуларын әшкерелеу шариғатта міндетті болып табылады. Сонымен қатар, шын мәнінде, Құран мен Сүннетке қайшы келетін бидғатшылардың көсемдерінің жағдайын түсіндіру және үмметті олардан сақтандыру мұсылмандардың бірауызды келісімі (ижма’) бойынша, міндетті болып табылады!” Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 28/231.
Шейх ‘Абдур-Рахман ибн Хасан былай деген: «Ибн ‘Аббас, әш-Шәфи’и, Мәлик пен Ахмадтың айтуы бойынша, Құран мен Сүннетке қайшы келген адамды теріске шығару міндетті болып табылады. Және олар осы мәселеде бірауызды келісімде болған!» Қараңыз: “Фәтхул-Мәжид” 344.
Хафиз Ибн Ражаб былай деп айтқан: «Аллаһқа, Оның Кітабы мен Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қатысты ықыластылық танытуға (нәсыха) ғалымдардың Құран мен Сүннеттің көмегімен адасушылықтарды теріске шығаруы және осыны түсіндіріп береуі жатады. Сондай-ақ бұған ғалымдардың әлсіз пікірлерін теріске шығару да жатады». Қараңыз: “Жәми’ул-‘улюми уәл-хикам” 96.
Шейх Ибн Баз былай деген: «Егер Сүннетті жақтаушылар үнсіз болса және Құран мен Сүннетке қайшы келетіндердің қателіктерін түсіндіріп бермесе, онда олар осынысымен (Аллаһтың) ашу-ызасына ұшыраған және адасқан Кітап иелеріне (христиандар мен яһудилер) ұқсаған болады». Қараңыз: “Фәтауа Ибн Баз” 3/72.
Шейх Ибн ‘Усайминге «Білім ізденуші білімгер үшін қазіргі таңда жоқ болған му’тазилилер, жәһмилер, хауариждер сияқты түрлі ағымдардың адасушылықтарын оқып-зерттеудің не пайдасы бар?» деген сұрақ қойылған болатын.
Шейх былай деп жауап берді: “Мұндай ағымдардың идеологиясын оқып-зерттеудің пайдасы – олардың өкілдерімен кездескен кезде оларды теріске шығару үшін осы ағымдардың адасушылығын білу аса қажет болады. Қазіргі кезде мұндай ағымдар бар және «Қазіргі таңда ондай ағымдар жоқ» деген кісінің сөздері тек өзінің біліміне ғана негізделіп айтылған сөз! Сөзсіз, бізге және адамдардың жағдайын білетін кісілерге мұндай ағымдардың бар екені мәлім, әрі олар өз бидғаттарын таратуда белсенділік танытуда! Әрі біз ақиқатты білуге тиіспіз және ақиқатқа байланысты тартысатындарды теріске шығару мақсатында осы ағымдардың көзқарастарын оқып-зерттеуіміз қажет!” Қараңыз: “Китаб әл-‘Илм” № 25-сұрақ.
Адасқандарды жоққа шығарып, олардан сақтандыру – жиһадтың және құлшылықтың ең жақсы түрлерінің бірі
Имам әл-Бухари мен Муслимнің шейхы – Яхъя ибн Яхъя былай дейтін: «Сүннетті қорғау – Аллаһтың жолындағы (қарулы) жиһадтан артығырақ». Одан: «Кісі өз дүние-мүлкін сарп етеді қиындықтарға төтеп беріп, соғысады, ал анау бұдан да артығырақ па?!», – деп сұрады. Ол: «Иә, әлдеқайда артығырақ!», – деді. Әл-Харауи “Замм әл-кәлам” 1/112.
Имам әл-Бухаридің ұстазы имам әл-Хумайди былай деген: «Аллаһпен ант етемін, мен үшін кәпірлермен соғысқаннан гөрі, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисін жоққа шығаратын адаммен соғысқан абзалырақ». Әл-Харауи “Замм әл-кәлам” 1/112.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп айтқан: «Бидғатты жақтаушыларды теріске шығаратын адам – мужаһид болып табылады». Қараңыз: “Нәқд әл-мәнтық” 12.
Шейхул-Ислам Ибн Тәймия сондай-ақ былай дейтін: “Шын мәнінде, бидғатты жақтаушылардың Құран мен Сүннетке қайшы келетін сөздер айтатын, немесе Құран мен Сүннетке қайшы келетін құлшылық жасайтын көсемдерінің жағдайын түсіндіру, үмметті олардан сақтандыру бүкіл мұсылмандардың бірауызды келісімі бойынша міндетті болып табылады! Бұдан қалса, имам Ахмадқа: «Кісі намаз оқып, ораза ұстап және иғтикаф жасағаны жақсы ма, әлде бидғатшылардан сақтандырғаны ма?», – деп сұрақ қойылғанда, ол: «Кісі намаз оқып, ораза ұстап және иғтикаф жасаған кезде, мұны өзі үшін істейді. Ал (өзгелерді) бидғатшылардан сақтандырған кезде, оны мұсылмандар үшін істейді, әрі бұл жақсырақ!», – деп жауап берді. Сөйтіп, бидғатшылардан сақтандыруда барлық мұсылмандардың діні үшін жалпы пайда бар, әрі бұл Аллаһ жолындағы жиһадтың бір түрі болып табылады! Әділетсіздік пен олардың (бидғатшылардың) өшпенділігін болдырмау қажеттілікке қарай міндетті (фард кифая) болып табылады. Әрі егер Аллаһ бидғатшыларды теріске шығаратындарға көмектеспегенде, дін бұзылар еді! Мұндай адамдардың бұзақылығы кәпір елдерінен келген басқыншылардың бұзақылығынан да жаман, өйткені егер осы (басқыншы) кәпірлер жеңіске жетсе, олар адамдардың жүректері мен олардың дінін бұза алмайды, ал бидғатшылар ең алдымен адамдардың жүректерін бұзады!” Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 28/231-232.
Достарыңызбен бөлісу: |