Дінмұхамед Қонаевтың бала күнгі арманы



Дата08.02.2022
өлшемі18,14 Kb.
#130905
Байланысты:
Қонаев Д.А.

Қазақ халқының сүйікті ұлы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында дүниеге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық және сауда мекемелерінде жұмыс істеген.Дінмұхамед Ахметұлы 1930 жылы Алматы қаласындағы мектепті үздік бітіріп, 1931-36 жылдары аралығында Мәскеудегі түсті металл институтында білім алды. Қайраткер ұл жарты ғасыр уақытта бұрғылау станогінің машинасынан Қазақстан орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді.


Дінмұхамед Қонаевтың бала күнгі арманы
Өзі жастайынан тау-кен инженері болуды армандағанын айтады. Ақыры осы арманының жетегімен инженерлік кәсіпті таңдады. Бұған сол заманда қазақтар арасынан инженердің шығуы сирек болғаны әсер еткен. Сондай-ақ, ұлт қайраткері тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаевты бала күнінен ерекше құрмет тұтқан.


Димаш Ахметұлының жүрегін жаулап, сүйеніш болған әйел кім?
Димаш Ахметұлы сүйікті жұбайы Зуһра Шәріпқызымен тұп-тура 50 жыл 6 ай 2 күн отасқан. Ол әйеліне деген махаббатын өмір бойы жанына жалау қылып, өле-өлгенше сыйласқан. Қос жұпты таныған жандардың айтуынша, Зуһра Шәріпқызы ешуақытта «ұлықтың әйелімін» деп өзімшілдік танытпаған. Керісінше ашық-жарқын болып, айналасындағыларды қонақжайлылығымен қуантқан. Әрдайым ибалы да инабатты мінезімен ата-енесіне, еліне сыйлы келін болған.


Анатолий Горяйнов Димаш туралы
Үкімет қызметінде жүрген кезде жұмысқа ешбір оққағарсыз, жаяу баруды жөн көрген. Бұл кезде коммунистік партия басшылары керісінше қос-қостан күзет ұстайтын. 17 жыл жанында жүріп Қонаевтың жеке күзетшілерінің басшысы болған Анатолий Горяйнов оның, расымен де, оққағарлармен жүргенді ұнатпағанын еске алады.
«Шындығын айтқанда Димаш Ахметұлы қауіпсіздік шаралары дегенді жақтырмайтын. Сол себепті біз қызметімізді жасырын жүріп атқаратынбыз. Күзетті көргенде «Мені жыртқыш құс құсатып жетектеп жүргендеріңді қаламаймын» деп ренжитін», — дейді ол.
Анатолий Горяйнов тек оққағар емес, қоғам қайраткерінің фотографы қызметін атқарған. Халыққа жеткен суреттердің көбін түсірген. Бүгінде олардың көп бөлігі музейде сақталып тұр.


Көпшілік естімеген әңгіме
Сондай-ақ, Дінмұхамед Қонаевтың оққағары болған Михаил Алексеев сұхбаттарының бірінде көпшілік естімеген әңгімені айтып берді.

«Димаш Ахметұлын халық жақсы көрді. Ол кісіге ешкім жамандық ойламайтын. Біз Демекеңді қорғау үшін ешуақытта табелді қаруды пайдаланып көрген емеспіз. Бірақ, бірде тосын оқиға болды. Қонаев үкімет үйінен шыққан бетте оған қолында пышағы бар әйел тұра ұмтылды. Әрине, оның жолын оққағарлар кесті. Әйелдің ақыл-есі ауысқаны кейін белгілі болды. Тексерудің нәтижесін Қонаевқа баяндағанда ол кісінің бар айтқаны бірауыз сөз ғана болды: «Ауруханаға жатқызып емдесін. Оны ешкім ренжітпейтін болсын», — деп ол Қонаевтың жомарт мінезін еске алды.




Қарапайымдылығы
«Осындай үлкен республиканы басқарып отырған адам қалайша кішкене үйде тұруы мүмкін? Бар дүниең осы ма?» деп сұрағанда Қонаев «Зухра Шәріпқызы екеуімізге осы да жетеді» деп жауап берген екен. Осылайша Брежнев Қонаевтың үйінде бірнеше мәрте қонақта болып, оның өз қолымен пісірген тәттілерінен ауыз тиген. Екеуі ауылда емін-еркін жүріп әңгіме-дүкен құрған. Әсіресе, аңшылыққа бірге барғанды ұнатқан. Ең бастысы, Дінмұхамед Қонаев бұл достығын халықтың игілігіне қолдана білді.

Еңбектері
1978 жылы «Кеңестік Қазақстан», «Таңдамалы сөздері мен мақалалары», 1992 жылы — «О моём времени», 1994 жылы — «От Сталина до Горбачёва», 1994 жылы — «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты мақалалары мен кітаптары жарық көрді.

Қорытынды
Димаш Ахметұлының кішілігі мен кісілігі туралы айтылар естеліктер көп. Оның өмірінің соңғы жылдарын фотограф Жақсылық Тұрлыбеков таспаға түсіріп келді. Ол ауыл халқының Димашқа жиі балаларының аузына түкірткенін айтады. Кемеңгер азаматтың өсиеті мен өмір жолы, келер ұрпаққа берер өнегесі шам-шырақпен пара-пар екені сөзсіз. Қазақ деген ұлт барда Дінмұхамед Қонаевтың есімі ешуақытта ұмытылмақ емес. «Панам да — ел, данам да — ел. Соған арқа сүйедім. Содан үйрендім»деп өзі де ағынан жарылған.
Өкінішке қарай, халқының сүйікті ұлы өмірінің соңына қарай қиын күндерді бастан кешірді. Оған күйе жағылып, орынсыз пікірлер айтылды. Десе де ол қалың орманда тек биік қарағайдың басын жел қалай шалса, дәл солай төзе білді. Ақырында 1993 жылы Мұхамеджан Тынышбаевтың 125 жылдық мерейтойына қатысу үшін Сарқантқа барып, сол жерде 82 жасқа қараған шағында көз жұмды.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет