Сенің ең жақсы көмекшің – газет. Газетті дұрыс пайдалана білсең, біріншіден оқушыларды барлық оқиғаларға қатынастыра аласың, екіншіден-жазылған мақалалар жайындағы түрлі пікірталастар, балалардың сұрақтары жаңа тақырыптарға түрткі, қызықты істер ұйымдастыруға себепкер болады. Қазіргі кезеңде елімізде экологиялық апат қаупінің алдын алатын, жедел табиғатты қорғау жұмыстарын жүргізу көкейкест проблемалардың бірі болып тұр. Балаларды кішкентайынан осы оқиғаларға назар салып, оның мағынасына түсініп, талдай білуге үйретудің мәні орасан зор. Балалар газеті оларға өз елінің, жерінің табиғатын жеткізе отырып, оларды өте маңызды оқиғалармен белгілі бір дәрежеде таныстыра алады.
Балалар газеттен алған әсерлері мен ой түйіндерін өз сыныбының жұмысына пайдалана білсін, басқа балалардың жақсы істерін қабылдап, өздері жайлы немесе көкейде жүрген ойларын айтып, газетке үн қосатын болсын. Мұның маңызы өте зор. Өйткені оқушылар газет арқылы тұрған жерлерінің экологиясымен танысып, олармен қалай күрес жүргізу керек екендігін ойланады.
…Осы аптадағы информаторшы бірінші топ, Қазақстандағы экологиялық жағдайларды айтса, екіншісі шетелде болып жатқан табиғат апаттарын айтады. Балалар неғұрлым ересек болған сайын соғұрлым өздерінің күнделікті информацияларына материалдарды көптеп пайдаланады. Оқушылар ол информацияларды сабақ алдында немесе үлкен үзілісте, немесе сабақтан соң әйтеуір, кез-келген тиімді уақытта тыңдайтын болады. Топ-топ болып жарысқа түседі. Кімнің информациясы әрі толық, әрі айқын, қызық болса жеңіске сол ие болады.
Егер балалар күнделікті оқиғалармен үзбей танысып отырса, сұрақта көбейеді. Біреулер бір оқиғаның анық-қанығын әліде толығырақ білгісі келеді, өзара пікір таластырады. Бұл арада мұғалімнің немесе достардың бірінің ақыл-кеңесі қажет.
…Үшінші сынып оқушыларына ұжым болып газет оқыған тиімді. Бірақ, газетті басынан-аяғына дейін толық оқудың қажеті жоқ. Арасынан қызық қажетті материалдарды таңдап алып, балалардың түсінбеген жерлерін түсіндіріп берсе пайдалырақ болады. Ал, 4-5 сынып оқушылары газетті өз беттерінше-ақ оқи алады. Тек алғашқы кезде мұғалімнің өзі қатынасып, балалардың ойлануына, талқылауына көмектсу қажет. Балалар газетті жөн-жосықсыз, босқа оқымауы үшін, міндетті түрде газеттің тұрақты рубрикаларын, қай бөлімде қандай мақала, очерк, жазбалар болатынын түсіндіріп отыру қажет.
Экологиялық үйірмелер мен клубтар
Мұның міндеті оқушылардың сабақта, газет, журнал, радио, көгілдір экран арқылы алған білімдері мен көзқарастарын кеңейтуге, шыңдауға көмектесу.
Экологиялық үйірмелер мен клубтар әдетте жоғарғы сынып оқушылары арасында қолданылады. Ондағы жұмыстың формалары мен тәсілдері әр алуан. Мұнда лекциялар мен баяндамалар тыңдалып, пікір алысу жұмыстары жүргізіледі. Оның жұмысына оқушылармен қатар мектеп мұғалімдері және қоғамдық негіздегі лекторлар қатысады.
Экологиялық үйірмелер мен клуб жұмысын ұйымдастырудың нәтижелі болу үшін, алдымен тыңдаушылардың құрамына байланысты тақырыпты таңдау және олардың білім дәрежесін анықтау қажет.
Оның жұмысының мазмұнына жақын және алыс шет елдегі саяси ағымдағы оқиғалар, ондағы адамдардың өмірі мен тыныс тіршілігі, тарихы мен экономикасы және мәдениеті жайлы толып жатқан мәліметтерді оқып білуі, оған оқушылардың баға беруімен қатар, саяси көзқарастарын тәрбиелеу жатады.
Мұндай жұмысты, әдетте оқушылардың мәліметтер жинауы, оған қысқа түрде баяндамалар әзірлеуі, көрнекі құралдар шығаруы негізінде ұйымдастырады. Экологиялық үйірмелер мен клуб жұмыстарын ұйымдастыру баяндамалармен қатар, әңгімелесу түрінде де өткізіледі. Ол үшін таңдаған тақырып бойынша алдын-ала сұрақтар әзірлеп, дайындық жұмыстары жүргізіледі.
Ұсынылатын тақырыптың бағыты мен күрделілігіне байланысты жауапты адамдар тағайындалады.
Сынып жетекшісі тақырыпты әзірлеу мен өткізу барысында жауапты оқушыларға оның тақырыбын таңдап алуға, нақтылы жоспар құруға, қажетті әдебиеттердің тізімін анықтауға, талқыланатын сұрақтардың негізгісі мен қосалқсын ажырата білге көмектеседі, бағыт-бағдар беріп отырады.
Мұндай жұмыс барысында оқушылар ұсынылған әдебиеттерді оқып-үйренеді және құрбылары алдында өз ойын айтуға, ағымдағы оқиғаларға баға беруге машықтанады.
Оқырмандар конференциясы
Оқырмандар конференциясы мектеп оқушыларының оқудан тыс кездерінде қызықты әдеби-көркем шығармалары мен ғылыми-көпшілік әдебиеттерін оқуға деген ынтасын дамытудың аса маңызды тәрбие формасы.
Мектеп жағдайында ең көп тараған немесе көптен қолданатын конферецияға, оқырмандар конференциясын жатқызуға болады. Әдетте, ол белгілі жазушылардың еңбектерін оқып, танысуға бағытталады, соның негізінде жастардың рухани дүниесін байытып, оларды елжандылыққа, ел-жұрты алдындағы борышын өтеуге, туысқандық пен достық қарым-қатынасын қалыптастыруға, еңбекке, әрі еңбек адамдарына деген сүйіспеншілікке, шынайы махаббатқа тәрбиелеудің тамаша бір құралы болып есептелінеді.
Конференцияның негізгі мақсаты кітап жайлы оқушылардың қызығушылығы мен ойын танып білу, эстетикалық талғамы мен сенімдерін қалыптастыру, көркем-әдеби шығармаларын оқуға және оны білуге дағдыландыру.
Конференцияның міндеті: оқылған кітаптарды ұжым болып талқылау, оның мазмұнын, автордың ойын дұрыс түсінуге тәрбиелеу, жеткіншектерді сөйлей және ойлай білуге үйрету.
Әдеби-көркемөнер шығармаларын жан-жақты талдау оқушылар ұжымының берік қалыптасуына, сана сезімдерінің дамуына, кітаппен жұмыс істей білу мәдениетінің көтерілуіне, өзара пікір алмасу қажеттілігінің пайда болуына ықпал етеді.
Дұрыс ұйымдастырылған конференция оқушыларды саналы оқуға, теориялық мәселелерді талдай білуге, оқыған кітаптарының кемшілігімен жетістігін өз бетінше бағалай білуге үйретеді.
Сынып жетекшілеріне конференцияны өткізу барысында оқушылардың дара психологиялық ерекшеліктерін, рухани қажеттілігін, жалпы эстетикалық мәдениет дәрежелерін, адамгершілік қасиеттерін, сенімдерін танып білуге мүмкіндік туғызады.
Конференция тәрбие жұмысын ұйымдастыру формасының бірі ретінде оған ұзақ мерзімді, әрі тыңғылықты дайындықты қажет етеді, оны аяқасты өткізуге болмайды. Себебі, тәрбие жұмысында қолданылатын әңгіме, лекция, пікіталас, саяси хабарламаны сынып жетекшісінің көмегімен жақын уақыт аралығында өткізуге болады, ол конференцияны өткізу, оған дайындық мәселелері оқушылардың өздерінің көпшілік болып, тыңғылықты ұйымдастыруын қажет етеді.
Конференцияның табысты өтуінің бірден бір шарты, оның дайындық кезеңінің қаншалықты іскерлікпен ұйымдастырылуына байланысты. Сынып жетекшілері конференцияны дайындау барысында оның білімділік пен тәрбиелік маңызына ғана көңіл бөлумен шектелмей, оны ұйымдастыру мен өткізу барысында кездесетін кейбір негізгі кемшіліктерді де ескеріп, көңіл бөліп отыруы қажет. Мұндай кемшіліктер конференцияның қызықсыз өтуіне, оның тәрбиелік маңызын әлсіретуге, оқушылардың белсенділігін төмендетуге кері әсерін тигізеді. Олар шамамен төмендегідей:
Конференция тақырыбы немесе көркем-әдебиет шығармасын таңдаудағы кездейсоқтық.
Конференцияны өткізу орнының үйлесімсіздігі.
Конференцияны өткізу және оған дайындық барысында оқушыларды белсенді немесе белсенді емес деп топқа бөлу.
Конференция немесе оның тақырыбын талқылау барысында белсенді пікір алмасудың болмауы
Конференцияның тақырыбы немесе онда көтеріліп отырған мәселелер оқушылардың күнделікті өмірінен алшақ болуы
Конференцияларды ұйымдастыру барысында оның сапасына, мазмұнына мән бермей сан қуалау басымдылығы т.б.
Дайындық барысында оқушылардың өзара пікір алмасуы, жазба жұмыстарын жүргізуінің өзі-конференцияның бастамасы, ал оны өткізу кезеңі-қорытындысы болып табылады. Сынып жетекшісінің дұрыс бағыт беру басшылығы арқасында оқушылардың тек қана өздерінің дербес, өз бетінше еңбектенуі конференция жұмысына олардың белсенді қатынасуы, өзіндік көзқарасымен ойының қалыптасуына, қорытынды жасай білуіне көмектеседі.
Дайындық барысының жауапты кезеңі, ол оқылатын кітап, оның авторы анықталып, оқушыларға тапсырмалар беріледі. Мысалы: автор жайлы, оның өмірі, шығармашылық жұмыстары туралы мәлімет жинаттыру; авторға қатысты кітап көрмесін ұйымдастыру; автордың әдеби-көркем шығармаларынан қанатты сөздер әзірлеу, конференцияның өткізу орнын безендендіру, жоспарын құру; авторды болмаса әдебиет пәні мұғалімі мен кітапхана жетекшісін, тұрғылықты жердегі көркем-әдеби шығармаларын оқуды жақсы көретн немесе өлең жазатын ата-аналарды шақыру.
Конференцияны өткізу барысында сынып жетекшісі кіріспе сөз сөйлеп, оның жұмысын бастайды. Онда таңдап алынған кітап жайлы, оның мақсаты, маңыздылығын айта келе, қатынасып отырған қонақтарды таныстырып өтеді. Оқушылардың назарын нақты мәселелерге аударып, оны талқылауға бағыт-бағдар береді. Ең негізгісі, оқушылардың қысылмай-қымтырылмай өздерін жақсы сезінуге, ойларын бүкпей еркін айтуға, пікір алмасу барысында өзара достық сезім, бірін-бірі құрметтеу жағдайында өткізуге қол жеткізу. Сынып жетекшілері әдетте 2 немесе 3 оқушыны алдын ала дайындап, ақыл-кеңес беріп қояды. Конференция жұмысын бұлай ұйымдастыру, кейбір жағдайда уақытты үнемдеуге, оның жұмысын нәтижелі ұйымдастыруға оң ықпалын тигізеді.
Конференция соңында сынып жетекшісі қорытынды сөз сөйлеп, оның жұмысына баға береді. Кейбір көлеңкелі тұсқа өзінің көзқарасын білдіреді. Мұндай жағдайда тек менікі дұрыс деген қорытынды шығарудан аулақ болған жөн. Оның дұрыс не болмаса дұрыс еместігін келесі кезекте, соған сабақтас шығарманы талдау, қосымша әдебиет немесе анықтамаларды қолдану барысында дәлелдеп, түсіндірген жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |