Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты
Амангелдин Е.Ж.
Бастауыш, орта, жоғарғы сыныптарда және әр түрлі типтегі мектептерде дене тәрбиесі сабағын жүргізу әдістемесі
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
5В010800 – «Дене шынықтыру және спорт»
Арқалық 2015
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты
«Қорғауға жіберілді»
Дене мәдениеті және спорт кафедрасының меңгерушісі
________Г.Н.Сафаргалиева
«___» ______ 20___ жыл
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: Бастауыш, орта, жоғарғы сыныптарда және әр түрлі типтегі мектептерде дене тәрбиесі сабағын жүргізу әдістемесі
5В010800 – «Дене шынықтыру және спорт»
Орындаған
3 жыл 3 курс студенті Амангелдин Е.Ж.
Ғылыми жетекші:
аға оқытушы Сафаргалиева Г.Н.
Арқалық 2015
КІРІСПЕ
Заманның жаңа даму сатысында білім беру жүйесі қоғамның жаңа экономикалық саясат, әлеуметтік және интеллектуалдық деңгейіне сай келуі тиіс. Осыған орай білімнің мақсаты, мазмұны және оны оқыту тәсілдері қайта жетілдіру, оқу жүйесін реттеу, ұйымдастыру мәселелері зерттеліп, өз шешімін табуды қажет етеді.
Жаңа тұлғаны тәрбиелеу мен оқытуда мектептің алатын орны -ерекше. Оның қызметі үнемі дамуда. Жаңа заман талаптарына сәйкес мектептің дамуы көптеген қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді шешуді қамтамасыз етуі керек. Заман талабына сай мектептің алдына қойған мақсаттың ең маңыздысы - қоғамға қажетті білімді оқушыларды тәрбиелеп оқыту.
ХХІ ғасырдың басында ғылыми техникалық прогрестің және ақпарат көлемінің өсуі оқу орындарындағы алынған білім қорының белсенді кәсіби іс-әрекетінің барлық кезеңіне емес, тек қысқа уақытқа ғана оның мұқтаждығын қанағаттандыратындығын көрсетті. Болашақ дене мәдениеті саласындағы мамандардың кәсіби міндеттерді шешу үшін өз бетінше ізденуге және білімді игеруге даярлау қажеттігі туындайды.
Назар аударып қарасақ, Қазақстан Республикасы Президентінің әр жылдардағы Жолдауларының арасында өте тығыз байланыс бар. 2004 жылғы Жолдауында: «.... ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігі тікелей оның білім беру деңгейімен анықталады», - десе, 2005 жылғы Жолдауында бұл ойлары әрі қарай жалғасын тауып жатыр: «Білім деңгейін жетілдіріп, дамытпаған ел ХХІ ғасырда жоқ болып кетуі ықтимал». 2006 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы: «Білім беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі», - деп қадап айтса, 2007, 2008 жылдардағы Жолдауында бұл ойлары әрі қарай жалғасын тауып жатыр: «Білім беру реформасының ойдағыдай жүргізілуінің басты өлшемі – тиісті білім мен іскерлік алған еліміздің әрбір азаматы әлемнің кез-келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілуі» - деп атап көрсетті.
Тақырыптың өзектілігі: жалпы білім беретін мектептің бастауыш, орта, жоғарғы және шағын жинақты сыныптарында дене тәрбиесі сабағы барысында оқушылардың дене тәрбиесіне деген қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыратын әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мектептердегі дене тәрбиесі сабақтары қимылды үйлестіріп, шапшаңдық, иілгіштік, төзімділік секілді дене қасиеттерін жетілдіруге бағытталған.
Дене тәрбиесіндегі шешілуге тиісті барлық міндеттер үш бағытта жүргізіледі. Сауықтыру міндеті денсаулықты арттыруға, денені жетілдіруге, адам организімін бір қалыпты дамытуға бағытталған. Бұл міндеттің негізгі көрсеткіші – баланың денсаулығын жақсартып, қалыптастыру және денені дамыту. Осы жұмыстағы беріліп отырған сабақтарды жүргізу әдістемелері бұл тқырыптың өзектілігін арттырып отыр.
Диплом жұмысының мақсаты: бастауыш, орта, жоғарғы сыныптарда және әр түрлі типтегі мектептерде дене тәрбиесі сабақтарының теориялық-әдіснамалық және әдістемелік-тәжірибелік тұрғыда негіздеп, эксперименттен өткізу.
Диплом жұмысының міндеттері:
мектептерде өткізілетін денешынықтыру сабақтарының мазмұнының қазіргі күй-жайын анықтау;
болашақта оқушылардың денсаулығын, мүсін түзулігін қалыптастырушы дене шынықтыру мамандарын кәсіби дайындау мәселесін зерттеудің тұғырлары мен ұстанымдарын айқындау;
мектептерде өткізілетін денешынықтыру сабақтарын саралап тәжірибелік-эксперименттен өткізу, ғылыми-әдістемелік ұсыныстар беру.
Зерттеу объектісі: жалпы білім беретін мектептердегі оқушыларды кәсіби даярлау үдерісі.
Теориялық және әдіснамалық негізі: білім беру жүйесінің философиялық, психологиялық-педагогикалық, ғылыми-техникалық негіздері, тұлға дамуының жалпы философиялық ұстанымдары, біртұтастық туралы диалектикалық теориясы, қазіргі білім беру проблемалары, кәсіби педагогика, кәсіпқойлық психологиясы мен жеке тұлғаны дамыту саласындағы отандық және шетелдік ғалымдардың тұжырымдары құрайды.
Ғылыми жаңашылдығы мен тәжірибелік құндылығы: мектептерде денешынықтыру сабақтарының жүргізілуіне осы саладағы мамандардын кәсіби даярлау жүйесін теориялық-әдіснамалық және ғылыми-әдістемелік тұрғыда дамыту, әр түрлі типтегі мектептердегі сабақтың дұрыс жүргізілуі болашақ маманның біліктілігі мен кәсіби іскерлігін қалыптастырады.
Қазіргі ғылыми мәселелерді шешу: бастауыш, орта, жоғары сынып оқушыларының қарым-қабілетін дамытуда, балалардың денешынықтыруға деген құлшынысын арттыруда, талантты балалардың талабын жетілдіруде, дарынын ашуға денешынықтыру пәнінің мүмкіндігі мол екені белгілі. Сондықтан да педагогикалық үдеріс кезінде мектеп оқушысының жеке басының ерекшеліктерін, дене қуаты қасиеттерін жан-жақты дамытуға, тәрбиелеуге көмектесуі тиіс. Баланың рухани өсуіне, адамгершілік қасиетінің қалыптасуына, балалар ұжымын ортақ мақсат, өзара қарым-қатынастық бірыңғай принциптері негізінде біріктіруге ықпал етуі керек.
1 БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ
1.1 Бастауыш сынып оқушыларының дене тәрбиесінің міндеттері мен дене дамуының ерекшеліктері
Бастауыш сынып оқушыларының қатарына I-IV сыныпта оқитын 7-11 жастағы оқушылар жатады.
Бастауыш сынып жасындағы оқушылардың дене тәрбиесі міндеттері төмендегідей:
денсаулықты нығайту, шынықтыру, жан-жақты дене дамуына көмектесу, жалпақтабандылық ауруының алдын алу, бала ағзасының жағымсыз сыртқы орта әсеріне қарсылық кушін қалыптастыру;
Таза ауада дене тәрбиесі жаттығуларымен айналысу, ойнау, секіру, лақтыру, шаңғы тебу, жүгіру баланың бұлшық еттерін дамытады, жүрек-қан тамыры жүйесін, тыныс алу жүйесін, сүйек-тірек аппаратын т.б. ағза жүйелерін нығайтады, шынықтырады. Баланың мүсін, тұлға түзулігі қалыптасады. Сондықтан мектептің міндеті - балаларды дене тәрбиесімен жүйелі, белсенді шұғылдандыру;
дене тәрбиесі жаттығулары, гигиеналық дағдылар, күн тәртібі туралы арнайы білім беру. Ол білімдер: дене тәрбиесі жаттығуларының ағзаға пайдалы әсері, гигиеналық ережелер. Тамақтану, демалу, жұмыс тәртіптері;
оқушылардың өмірге керек қозғалыс ептілігі мен дағдысын қа-лыптастыру, оларды жаңа қозғалыстарға, қимыл-әрекеттерге үйрету. Бағдарламада берілген барлық негізгі спорт түрлерінің жаттығуларын дұрыс орындай білу;
дене қуаты қасиеттерін дамыту. Бастауыш сыныптарда қимыл үйлесімділігі, ептілік, икемділік қасиеттерін дамытамыз;
жігерлікке, батылдыққа, қажырлылыққа, тәртіптілікке, еңбексүйгіштікке, көпшілдікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу. Дене тәрбиесі жаттығулары, әр түрлі қозғалмалы ойындар осы қасиеттерді дамытады;
қозғалыс кездерінде және қозғалмайтын статистикалық жаттығулар кезінде мүсінтүзулігін, тұлғаны қалыптастыру. Ол үшін отырғанда, тұрғанда, жүргенде, жаттығулар жасағанда тұлға түзулігін әрқашанда ескеріп, арнайы тұлға түзулейтін жаттығулар беріп отыруымыз керек;
оқушыларды бастауыш сыныптардан бастап Президенттік сынама сынақтары жаттығуларын меңгеруге, орындауға дайындай бастауымыз керек;
оқушылардың дене тәрбиесі мен спортқа деген ынтасын, қызығушылығын оятып, оларды тұрақты, жүйелі спортпен шұғылдануға әрекеттендіруіміз керек.
Мектептің міндеті - оқушыларды дене тәрбиесі жаттығуларымен мектепте ғана емес, үйде де тұрақты айналысуға әдеттендіру. Ол әдет оқушылардың күнделікті күн тәртіптерінде әбден қалыптасуы қажет. Осы кезден бастап дене тәрбиесі жаттығуларын орындау олардың өмір бойғы әдеттеріне айналуы керек. Ол үшін дене тәрбиесі сабақтары қызықты, әсерлі көңілді өтуі керек. Оқушыларды ұйымдастыру, басқара білу дағдыларына дағдыландыру. Оқушылардың ішінен дене тәрбиесі белсенділерін дайындау.
Бастауыш сынып жасы кездерінде балалардың бойлары, дене мүшелері тез өседі. Әсіресе аяқтары тез өседі. Бала жылына екі килограмм салмақ қосады [1, 15б.].
Осы жаста сүйек тез қатая бастайды. Бірақ сүйек тканьдарында әлі де органикалық заттар көп те, минералды тұздар аз. Сондықтан да сүйек икемді, созылмалы әлі толық қатаймай, шеміршекті түрде болады. Осы ерекшеліктерін ескеріп, бастауыш сынып оқушыларына қозғалмайтын статистикалық жаттығулар жүктемесін аз береміз. Үлкен биіктіктен секіру, қатты жерге секіру жаттығуларын бермеуге тырысуымыз керек.
Омыртқаның байланыстары мен бұлшық еттері әлсіз, омыртқа арасындағы шеміршек қалың болып келеді. 7 жаста барлық омыртқа айқын білініп тұрады. Қыздарда 7-11, ер балаларда 7-13 жас арасында омыртқаның денесі мен эпифиздерінің арасында жұқа болса да шеміршекті қабаты сақталады. Омыртқааралық шеміршектер қалың болғандықтан омыртқалар әлі де өседі, олар 14-15 жаста бекіп, қатаяды. Омыртқа өте икемді, бірақ оқыс жағдайларда қисайып кетуі мүмкін. Сондықтан да осы жас кездерінде әр түрлі омыртқа қисаюлары: скалиоз, лордоз, кифоз байқалады. Омыртқа эпифиздерінің сүйектенуі 18-20 жаста аяқталады.
Балалардың бұлшық ет тканьдарында су көп те, белоктық заттар аз болып келеді. 7-8 жастағы балалардың бұлшық ет тканьдары олардың жалпы салмағының 27% алады. Салыстырмалы түрде қарасақ 18 жастағыларда 40% болады. Бұлшық еттер әлсіз болады, әсіресе арқа және іш бұлшық еттері ұсақ бұлшық еттерге қарағанда жақсы дамыған. Бұл кезеңде бала бұлшық еттерінің жұмыс қабілеттілігі төмен болады, Осы бұлшық ет жүйесі ерекшеліктеріне байланысты ұзақ статикалық-қозғалыссыз жаттығулар, біржақты жүктемелер, қайта-қайта бір түрлі, қозғалыстар беруге болмайды. Жүктемелерді әр бұлшық еттер тобына ауыстырып беріп денені үйлесімді дамыту қажет. Жаттығуларды үлкен амплитудамен, кіші бұлшық ет тобына көбірек беру керек.
Бастауыш сынып оқушыларының жүректері үлкен, қан тамырларының іші кең, қабырғалары созылмалы болып келеді. Жүрек соғу жиілігі жиі, минутына 50-90 рет соғу төңірегінде болады. Жүректің бұлшық еттері әлсіз, созылмалы. Жүректің жиырылуы кезінде шамамен 25-33 мл қан жүректің сол жақ қарыншасынан қолқа тамырына айдалады. Мұны қанның систолалық көлемі дейді. Жүрек-қан тамыр жүйесінің осы ерекшеліктеріне байланысты ұзақ қатаю, күшене ұзақ көтеру, ұзақ тарту, ауыр нәрсе көтеру, қарсылықты жеңу жаттығуларын аз беруге тырысу қажет. Олар орындай алмайтын, бұлшық еттерін қатайтатын көп күш керек ететін, жүрек соғу жиілігі көп жиілеп кететін жаттығуларды байқап беру қажет. Балалар мен жасөспірімдердің жастарына байланысты жүрек соғу жиіліктері мен қанның систоликалық көлемі туралы мәліметті 14-кестеден қараңыз (Қ. Дүйсембин, 3. Алиакпарова, 2003).
14-кесте — Баланың жүрегінің соғу жиілігі мен қанның систолалық көлемі
Жасы
|
Жүрегінің соғу жиілігі, рет/минут
|
Қанның систолалық көлемі, мл
|
Жаңа туған
|
120-168
|
2,5
|
1-2 ай
|
132-171
|
_
|
6 ай
|
120-150
|
_
|
1 жас
|
103-150
|
10,0
|
2 жас
|
96-135
|
10,2
|
5-6 жас
|
83- 11 9
|
20,6
|
Ер балалар
|
8жас
|
50-93
|
25,0
|
10-12 жас
|
53-86
|
33,4
|
15-16
|
50-77
|
41,4
|
Ересек
|
55-75
|
60 ж/е одан көп
|
Қыз балалар
|
8 жас
|
67-99
|
27,0
|
10-12 жас
|
60-89
|
31,6
|
15-16
|
55-85
|
38,5
|
Ересек
|
60-75
|
55-65
|
Балалардың зат алмасу үрдісі үлкендерге қарағанда тез жүреді. Балалардың кеуде клеткалары домалақ түрде, қабырғалары аз иілгендіктен терең дем алуға кері әсер етеді. Дем алу жиілігі тез, терең емес, минутына 22 рет дем алу жиілігі төңірегінде. Дем алу жолдары үлкендерге қарағанда қысқа. Тыныс алудың минуттық көлемі 7 жастағы балаларда 3500 мл/минут болады, ол 11 жасқа келгенде көбейіп 4400 мл/минутқа дейін жетеді. Өкпенің тіршілік көлемі 7 жаста 1200 мл-ден, 10 жаста 2000 мл-ге дейін көтеріледі. Бастауыш сынып оқушыларын терең, бірқалыпты мұрынмен дем алуға үйретуіміз қажет. Жаттығулар орындау тыныс алумен бірдей орындалуы тиіс [1, 23б.].
1.2 Бастауыш сынып оқушыларымен дене тәрбиесі сабағын жүргізудің әдістемелік ерекшеліктері
Оқушылар көп қимылдағысы келеді. Біркелкі, ұзақ ойындар оларды жалықтырып жібереді. Сондықтан да ойындар, жаттығулар әр түрлі, қысқа дем алу аралықтарымен болса жақсы.
1-сынып оқушылары шыдамсыз, өздерін тоқтата алмайды, ықыластары тұрақты емес. Бірте-бірте оларға жаттығуларды кеңістікте орындау түрінде бергенде ойланып, еске сақтап орындауға қызығып, ықыластана бастайды.
Бастауыш сынып оқушыларына дене қуаты дамыту жаттығуларын бергенде, ұл балалар мен қыз балалардың дене дамуы ерекшеліктерін ескеру қажет. Ұлдардың салмағы, бойлары үлкен, кеуделері кең, өкпенің тіршілік көлемі жоғары болады. Бұлшық ет күштері қыздарға қарағанда дамыған. Олар тез жүгіреді, ұзаққа, биікке секіреді, алысқа лақтырады, олар күшті, әрі шыдамды. Сондықтан 2-сыныптан бастап ұлдарға ауырлық көтергенде, ұзаққа жүгіргенге, секіргенде, лақтырғанда көбірек жүктеме беруге болады. (Өйткені 1,2-ші сыныпта ұлдар мен қыздарды дене тәрбиесі жаттығулары амалдары бірге, бөлуге келмейді). Қыздарға 3-сыныпта ұлдарға қарағанда көбірек бірқалыпты, ырғақты, би жаттығуларын беруге болады [1, 38б.].
Дене тәрбиесі сабағын жүргізудің төмендегідей ерекшеліктері бар:
1. Бастауыш сынып оқушыларына негізгі үйрететін жаттығулар табиғи қимыл әрекеттерді жетілдіру түрінде болып келеді. Олар: жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, өрмелеу т.с.с.
2. Бір сабақ кезінде оқу материалын меңгеру және жетілдіру үрдісінің 2-3 міндетін ғана орындаса жеткілікті болады.
3 Сынып төмен болған сайын табан бұлшық еттерін нығайту және түзу тұлға қалыптастыру жаттығуларын беруге айрықша көңіл бөлу қажет.
4. Әрбір сабақта міндетті түрде қозғалмалы ойындар ойнату керек. 3 – 4 сынып оқушыларымен сабақ өткізгенде ойын жаттығулары сабақтың 50 % уақытын алса дұрыс болады.
5. Оқушыларға негізгі жаттығулардың техникасын үйреткенде, оны дұрыс және нақты орындауға көп көңіл бөлу керек. Оқу үрдісі кезінде жаттығуды үйрету және жетілдірумен бірге дене қуаты қасиеттерін дамытуға бірдей көңіл бөлген дұрыс болады.
Балалардың қимыл әрекеттерді есте сақтау қабілеттіліктері 7-12 жас аралықтарында тез дамиды да, 13 жастан ары қарай баяулай бастайды.
Қимыл әрекетке үйрету әдістерін қолданғанда көбінесе толық орындау әдісін пайдаланамыз. Жатгығуды бөлшектеп үйретуді анда-санда ғана, қосымша түрде қолданамыз.
Қозғалыс тапсырмасын берген кезде балалар дұрыс түсіну үшін нақты не істейтінін, қалай істейтінін айту керек. Мысалы, ұста, жетіп ал, допты ойыншыға тигіз және т.с.с. 2,3-сыныптарда қимыл жиілігін дамыту жаттығуларын көбірек берген дұрыс болады. Жылдамдықты дамыту жаттығуларын қысқа түрде 6-8 секунд уақытқа ғана беру қажет.
Бастауыш сынып оқушыларымен дене тәрбиесі сабақтарын жүр-гізгенде негізінен білім беру міндеттерін шешеміз. Ол міндеттер: қозғалыс түрлерін меңгеру, дене тәрбиесі негіздері және салауатты өмір салты туралы негізгі теориялық мағлұматтар беру.
Елімізде қазіргі кездерде жалпы білім беретін мектептердегі бастауыш сьшыптарда дене тәрбиесі сабағын көбінесе сол сыныпқа сабақ беретін бастауыш сынып мұғалімдері жүргізеді. Ол мұғалімдер арнайы және жоғарғы оқу орындарында оқығанда дене тәрбиесі мен әдістемесі пәнінен дәрістер алды, сынақтар тапсырды. Сондықтан да ол мүғалімдер дене тәрбиесі сабақтарын жүргізгенде көп ізденіп, дайындалып, мектептің дене тәрбиесі мұғалімдерінің сабақтарына қатысып, олардан көп үйреніп, сабақтарды мектеп бағдарламасы материалдарына сай жүргізуі керек. Ал дене тәрбиесі мұғалімдері келешек өздеріне келетін оқушылардың төрт жыл уақытын бос өткізулеріне жол бергізбей, бастауыш сыныптардың оқуларын, оқу жоспарларын қадағалап, көмектесіп, бастауыш сынып мұғалімдеріне арнап әдістемелік сабақтар өткізіп отырулары керек [1, 48б.].
Бастауыш сынып мүғалімдерінің міндеті:
бағдарлама бойынша сапалы, әдістемелік дұрыс сабақ өткізу;
дәрігерлік бақылауды дәрігерлермен бірге өткізу, бақылау қоры-тындысын жұмыста пайдалану;
сабақ өткізу кезінде санитарлық-гигиеналық жағдай жасау;
окушылардың бәрі қолайлы спорт киім кигенін қадағалау;
сыныптан тыс дене тәрбиесі жұмыстарына қатысу, оған барлық оқушыларды тарту;
ата-аналар арасында тұрақты түрде дене тәрбиесі мен спорттың маңызы туралы әңгіме өткізу;
окушылардың дене тәрбиесі көлеміндегі алған білімін тұрақты жетілдіру;
балаларды тұрақты дене тәрбиесі мен спортпен айналысуға қызығушылығын арттырып, ынтасын ояту;
жоғарғы сыныптағы дене тәрбиесі мұғалімдерінің сабақтарына, әдістемелік кеңестеріне қатысу.
Бастауыш сыныпта өткізілетін гимнастикалық сабақтардың әдістемесі. Мектеп оқушыларының қимыл қозғалыс әрекеттерін қалыптастыру және жетілдіру. Жаттығуларды орындау техникасындағы қателерді жою. Қателерді жою үшін гимнасшылар мына тәсілдерді қолданады: үйренген элементтері жайлы түсініктерін анықтайды, өзінің іс-әрекеттерін бақылайды, мұғалімнің түсіндіргеніне анализ (талдау) жасайды немесе қорытындылайды және т.б. Мұғалімнің түсіндіргенін мұқият тыңдау, оның ескертулерін дұрыс түсіну (қабылдау), жасаған сынақ әрекеттерге ойланып қорытынды анализ-талдау жасау. Барлық жетістіктер мен сәтсіздіктер дағдыны қалыптастыратын маңызды құралдар. Сол сияқты, қателерді жою мен болдырмайтын маңызды құралдар. Жаттығуларды қайталау кезінде қателер бірте-бірте жойылады. Бұл кезде (әсіресе, дағдыны қалыптастыру барысында) қозғалыс құрылысына әсер ететін негізгі қателерді байқай білу керек. осы қателерді жойғаннан кейін барып стильдік және орындаудағы тазалық қателіктері жойылады. Егер де мұғалім көп қайталанатын элементтің қатесін себептерін таба алмаса, онда ол соңында жоюы өте қиын болатын қателікке алып келеді. Қозғалыс дағдыларын қалыптастыру және нығайту. Барлық қателер жойылып, қозғалыс дұрыс орындалған кезде гимнастшы қозғалыс дағдысын жаттап алудан, қалыптастыру мен нығайтуға көшеді. Қозғалыс дағдысын нығайту оны тұрақтандырумен орындау сенімділігін көтерілуіне байланысты. Егер қозғалысты нығайту барысында спортшы оны белгілі жағдайларда (дағдылы гимнастика залдарында, үйреншікті қондырғыларда және т.б.) дәл орындай алса, онда қосымша орындайтын дағды жағдайларын тұрақтандыру аяқталғаннан кейін, оның мәні болмайды. Қозғалыс дағдысы меңгерген жаттығуды қайта-қайта қайталаумен нықталады. Бұл қайталаулар стандартты. Тұрақты жағдайлардың басында, қашан жаттығулар дұрыс орындалғанша өту керек. Сосын қозғалыс міндеттерін түрлендіруге кірісу керек. Қозғалыс дағдыларын қалыптастыру мынадай әдістемелік тәсілдерді қолдана отырып, жүзеге асырылады:
1. Берілген жаттығу орындалатын қондырғының биіктігін өзгерту;
2. Қондырғыларды басқа жерге орын ауыстырту;
3. Берілген элементті басқалармен біріктіру;
4. Жаттап алған элементті әртүрлі комбинацияға енгізу:
5. Үйреншікті емес жағдайларда, (өткізілетін) жаттығу (тренировка) кезіндегі жаттығуларды орындау [2, 43б.].
Жүру кезінде денені тік және әсем ұстаудың жолдарын үйрету. Сапқа тұру және сап өзгерту кезінде барлығы біркелкі бір команда бойынша нақты орындаса және сап өзгерту кезінде әрқайсысы өз орнын біліп, бір уақытта орындау жолдарын жақсылап үйренулері қажет. Жүру: қиғашпен, орталық арқылы, залдың бұрыштары мен нүктелеріне, қарсы бағытпен, ирелеңдеп және серіппе жасап жүру. Сапқа тұру және сап өзгерту: жүрісте 2, 3 және т.с.с. лекке сап өзгертіп (оңға, солға) бұрылып жүру, иықпен алға бөлімшелермен кіру, ажыратып және қосып. Алшақтау және жақындау: әскери жарғы бойынша, тіркес адыммен, нұсқау бойынша, қозғалыста. Жалпы дамыту жаттығулары.
Екі-екіден жаттығуларды дұрыс орындауға қажетті жағдайлар
1. Кеңістікті бағдарлай алу және «Жоғары!», «Жанға!», «Төмен!», «Алға!», «Артқа!», «Қарама-қарсы тұрыңдар!», «Теріс қарап тұрыңдар!» деген командаларды орындай білу.
2.Уақытты бағдарлай алу және жаттығуларды санаудың әр түрлі жылдамдығымен, яғни:
3. «бір-екі-үш-төрт» деп бір қалыпта санаумен;
4. «бір, екі, үш, төрт» деп созып санаумен;
5. музыка ырғағымен орындай білу;
Екі-екіден орындайтын жаттығулардың топтары
1. Қол мен иық буынына арналған жаттығулар.
2. Кеудеге арналған жаттығулар.
3. Аяққа арналған жаттығулар.
Екі-екіден орындайтын жаттығулардың түрлері.
1. Екі бала қарама-қарсы тұрып, оң қолдарын бір-бірінің иығына қойып, оң аяқтарымен секіру.
2. Екі бала қарама-қарсы тұрып, сол қолдарымен бір-бірінің иығына қойып, сол аяқтарымен секіру.
3. Сол қалыпта тұрып, аяқтарымен кезекпен алға, артқа сермеу (әр аяқпен 6-8 рет қайталау).
Сабақ өткізілетін орын. Оқушыларға бойына қозғалыс дағдылары мен шеберліктерін саналы түрде сіңдіру. Сол сияқты, қажетті білім беру оларды оқыту да үлкен роль атқарады. Қозғалыс дағдыларын саналы түрде меңгеруге, өз қимыл-қозғалыстарын талдай білуге әрбір детальдің мәнін жете ұғынуды үйрету өте маңызды. Оқушы алдында тұрған міндеттерді саналы түрде шешу одан жоғары белсенділікті талап етеді. Жаттығуларды көрсету, көрнекі құралдарды қолдана отырып түсіндіру және демонстрациялауды қарастырады [2, 58б.].
Көрнекілік оқушының оқып жатқан материалға деген қызығушылығын арттырады, жаттығуларды меңгеру процесін жеңілдетеді, қозғалыс дағдыларын шамаға лайықтылық нығайтуды жетілдіреді. Сабақ кезінде шұғылданушыларға қойылатын талаптар олардың көшіне сай болуын талап етеді. Бұл шартқа сай келмейтін қозғалыс қимылдары шұғылданушының сабаққа деген қызығушылығын төмендетеді. Шұғылданушылар жаңа жаттығуларды меңгеру кезінде міндетті түрде бар күш жігерін (ынтасын) салып, жұмсау керек. бірақ, қиындықтар шамаға лайық болу керек. Шұғылданушыларды қиындықтарды жеңуге мобилизациялау (жігерлендіріп орындатуға, тартуға) үшін олардың әрқайсысына мақсатты түрде мынадай мотивтерді табу керек: өзінің батылдығын көрсете білу, команда жеңісі үшін үлес қосу және т.б. Түсініктілік қағидасы оқытудың мынадай ережелерімен тығыз байланысты:
1. Жеңілден қиынға көшу;
2. Қарапайымдылықтан күнделілікке көшу;
3. Белгіліден белгісізге көшу.
Жаттығуларды үйретудің белгілі бір жүйесін, әрбір құрылымдық топта ең жеңілден ең күрделіге өтудегі нақты бір жағдайы. Сол сияқты, сабақтың қатал тәртібін қарастырады. Жұмыстағы үйретілген жаттығулармен жүйелілік оны табысты меңгерудегі қамтамасыз етеді. Біртіндеп дамушы оқытуда маңызды орын алады. Спорт техникасын үйрету – оқытудың барлық процесі әдетте оқытылатын жаттығулардың күрделілігін немесе қиындығын бірте -бірте өсіре отырып құрылады. Дене шынықтыру сабағының гимнастика бөлігінде музыка практикасы әжептәуір көмегін береді. Себебі, оқушыларда әдемілік, жүріс-тұрыстың әсемдігі, орындалатын жаттығуларды бірқалыпты да, біркелкі және әсем орындау [3, 110 б.].
2 ОРТА СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ
2.1 Орта сынып оқушыларының дене тәрбиесінің міндеттері мен дене дамуының ерекшеліктері
Орта сынып оқушылары қатарына 5-8-сыныптарда оқитын 12-15 жастағы окушылар жатады. Осы жастағы оқушылардың дене тәрбиесі
міндеттері төмендегідей:
денені жан-жақты, үйлесімді дамыту, дұрыс дене түзулігі мен сыртқы ортаның жағымсыз әсеріне қарсылық әдеттерін, жеке бас гигиенасы мен салауатты өмір салтын сақтау әдеттерін қалыптастыру;
Достарыңызбен бөлісу: |