2 XX ғасырдың II жартысындағы қазақ прозасындағы түс көру тәсілінің көркемдік табиғаты 2.1 О. Бөкей повестеріндегі түс көрудің көркемдік ерекшелігі ХХ ғасырдың 70-80 жылдары қазақ әдебиеті тарихы үшін аса өнімді жылдар болғаны баршаға белгілі. Қаламгер шығармаларына философиялық астарлы сюжеттер, символикалық сипаттағы образдар, қалыптасқан дәстүрді саналы түрде орай өтіп, белгілі дәрежеде жаңашылдық өрнектердің бой көрсетуі тән болып келеді.
С.Қирабаев: «Оралханның ескі сүрлеуді таптамай, әдебиетке өзіндік үнімен, сырымен, айтар ойымен келгені, өмірді өзінше көріп тануға, өзінше бейнелеуге ұмтылысы, осы жолдағы сәтті ізденістері оның оқырманын тез табуына, оның жүрегінен жылы орын алуына себеп болғаны даусыз» [30, 177], - деп жазушы жаңашылдығын дөп басып айтады. О.Бөкей прозасына тән қасиеттің бірі – терең психологизм, психологиялық бейнелеу құралдарын шебер пайдалана білу дер едік.
Психологиялық бейнелеу құралдарының бірі – түс көру тәсілінің кейіпкер характерін ашудағы алар орны ерекше. Көркем шындық пен өмір шындығын шебер сабақтастыратын түстің поэтикалық қуаты, көркемдік кеңістігі мен мүмкіншілігі мол, кейіпкердің ішкі иірімдерін бейнелеуде спецификалық ауқымы кең, мағыналық, философиялық атқарар рөлі зор.
Көркем шығармадағы түс көру көріністері – кейіпкердің характерін психологиялық тұрғыдан дәйектеп, сондай-ақ түс көру кезіндегі эмоционалдық жағдайы, ұйқы мен ояну мезеті арасындағы жан қозғалыстарын байланыстыра бейнелеуде, түстен кейінгі іс-әрекетіндегі психологиялық ерекшеліктерді тереңдей талдауда таптырмас құрал болып табылады.
Мысалы О.Бөкейдің «Сайтан көпір» повесіндегіАспан қарттыңтүсіне назараударып көрейік: «Шолпан жұлдыз туғанда Аспанның көзі ілінгендей болып еді, аса қорқынышты түс көрді. Ғажап...екі аяғы аспанда ұшып жүр екен дейді...Өзінің өкшесіне нәлі қаққан саптама етігін таныды. Сол саптама етіктің қонышынан қып-қызыл болып сорайып, шығып тұрған жіліктен бетіне саулап қан ағады...бет-аузы жып-жылымшы қанға бөкті. Шошынып барып, оянып еді...сүмек болып терлеп жатыр екен» [31, 235]. Г.Пірәлиева айтқандай, «Түс көркем шығармада информациялық, сәуегейлік, символдық, архетиптік, мифологиялық, психологиялық, психоаналитикалық, медициналық, эстетикалық, философиялық т.б. көркемдік қызметтер атқарады. Қаламгер қиялына ерік беретін түс көру сәтіндегі патопсихологиялық түзілістерді (жылау, үрку, қара терге малшыну, шошыну, бастырғылу т.б. ) физиологиялық, физиономиялық өзгерістер мен сезімдерді суреттеу психологиялық шығарманың негізгі міндеті» [32, 25-26]. Бұл үзіндіден байқайтынымыз - түс сәуегейлік сипат алған. Себебі осы көрген түсінен кейін бірнеше күн қатарынан аязда қалған Аспан қарт екі аяғын кестіруге мәжбүр болады. Ең қызығы, сол кестірген аяғын өзі көмеді. Осыдан бастап кейіпкер тағдыры екіге бөлінгендей болады. Өз қолымен көмген аяқтары басқа әлемде өмір сүріп жатқандай, оның түсіне жиі енетін болады. Сондай түстерінің бірінде: «Тауық шақырар кезде ғана, әбден талығып барып, көзі ілініп еді, тіпті жоруға келмейтін сұмдық түс көрді. Қызық, кірпігі айқасқаны сол, осыдан отыз жыл бұрын, ауыл шетіндегі бейітке өз қолымен көмген екі аяғына жан бітіп, ат-шанамен отын әкеле жатқан мұны самбырлап сөйлеп, сартылдап қуады... Ес ақылдан айрылған Аспан «алла-алла» - деп отын тиеген жайдақ шанаға құлап түсті. Құлап түскені сол еді, екі аяқ айқасып алды да, буындыра бастады. «Өлдім, - деді көзі ақиған Аспан, - өлдім, өлтірді ойбай». Құдайдың құдіреті, мұндай да ғажап болады екен-ау, ағаш тездей сығымдаған екі аяғына тіл бітіп, адамша сайрап қоя бергені...
«Сен бізді ұмыттың», - деді.
«Екі аяқсыз-ақ өмір сүре алатын болған соң, көзіңе шел бітті», - деді.
«Бала-шағаң өсіп, бақытты ғұмыр кешкеніңе масаттандың», - деді.
«Екі аяғың бүтін кезінде істемегенің, бүлдірмегенің бар ма?» - дейді.
«Бізді тастап, өзің тірі жүргеніңнен өлгенің артық», - дейді. Жаны мұрнының ұшына келіп, көгеріп-сазарған Аспан: «Бәрібір жер басып жүргенім жоқ», - деп безектеп, өлім сапарына, бұдан отыз жыл бұрын екі аяғын өз қолынан аттандырып жіберген – жер асты әлеміне ыңғайлана бергені сол еді, ұлы Аманның тұрып, тақтай еденді дүрсілдете басқан аяқ дүрсілі оятып-ақ жібергені» [31, 191]. Осы қорқынышты түсінен кейін баласы Аманның қауіпті сапар Сайтан көпірге аттанарында сол аяқтарын көмген қабір басына келіп құран бағыштайды. «Түсінен шошып ояна сала есіне түскені – осы жер болды. Желе-жортып жеткенде де түсінде тұра қуған иесіз қос сирақтан қорқып-үркіп тасаттық жасағаны емес; еместігі – ол өз қара басының қауібін сылып тастап, ақ қар, көк мұзға қарамай Алатайға аттанған жалғыз ұлының есен-амандығын тілеп еді. Тілегі үйінде отырса қабыл болмайтындай осында келді. Қу сүйекке айналған екі аяғына қосылып бір бүтін иманмен құдайға, тағдырға мүнәжат тілеп жалбарыну» [31, 199].
Аспан қарт басына қиындық түскен сәтте осы аяқтарын көмген қабір басына келіп құран бағыштауды әдетке айналдырады. Аяқтарының түсіне енуі, түсінде қылқындыруы, аяқтарына тіл бітіп, сұрақтың астына алуы кейіпкерді үрейлендіреді. «Сен бізді ұмыттың, екі аяқсыз-ақ өмір сүре алатын болған соң, көзіңе шел бітті, бала-шағаң өсіп, бақытты ғұмыр кешкеніңе масаттандың, екі аяғың бүтін кезінде істемегенің, бүлдірмегенің бар ма? Бізді тастап, өзің тірі жүргеніңнен өлгенің артық» деуінен байқайтынымыз өзінен бұрын аяғын жер қойнауына тапсырған кейіпкердің ішкі мұң-шері, көңіліне қаяу салған мынау АЙҚАЙ дүниеге өкпесінен, ренішінен туған түс секілді. Аяғын кестірген сәтінен бастап, өзін ешкімге керексіз, тіпті Құдайға да керексізбін деп санайды. Егер екі аяқ болмаса – бастың түкке де қажеті жоқ. Енді бұдан былай өткен өмірімді ойша қайталап қана өмір сүре аламын. Демек, отыз бес-ақ жыл ғұмыр кештім деген сөз деп іштей егіліп, күңіренеді.
«Әлі есімде: ирелеңдеген көрбілте жол орманға кіре бергенде екіге айырылып, бір саласы шұғыл оңға бұрылатын. Оңға бұрылатын соқпаққа түссеңіз, тұп-тура өлілер мекені – қалың қорым бейітке жетелеп алып баратын-ды. Сонда, өзім де сезіп, біле бермейтін белгісіз бір тылсым күш қолымнан тартып, сол төңкерілген астаудай, итжонданып жатқан молаларға қарай ымдап шақырып, құлағыма әлденені сыбырлап жүр-жүрлейтін. (Ауыл шетіндегі аруақтар патшалығына ат басын бұрғандарыңыз бар ма? Жоқ... бекер жасайсыздар, түптің түбінде мекен-жайыңызға айналар ордаға оқта-текте тәуәп етіп, тәубаға келіп тұрғанның артығы жоқ). Ал өзім болсам: таудан аққан бұлақтай бұлқынған жүрегімнің дүрсілі құлағыма естіліп, кеудемде мың-миллион құлын құлдырай шауып барады-ай; буын-буыным жаңа аяқтанған ботақанның тірсегіндей қалтырап, тәй-тәй басып жақындағанымды... жақындағанымда, тәңірім-ау бір-бірімен сыбырласқан, бәлкім, сырласқан сансыз үнді естіп едім-ай, иә-иә естігенмін. Аруақтар кұбір-күбір әңгіме шертіп жатқан. Үлкендер, яғни ақсақалдар айтушы еді: пенденің өзі өлгенімен жаны өлмей, құс секілді әлемді шарлап ұшып жүреді деп; моладан шыққан сиқырлы сыбыр, сол әуелеп ұшып жүрген ҚҰС-ЖАННЫҢ ымырт жабыла өз ұясына оралып, күні бойы жер бетінен – тіршілікте не көріп, не естіп білгендерін әңгімелеп жатқандай еді. Сонда... сол молалардың ең шетінде басына қайың құрықтан сайғақ шаншыған шағын ғана төмпешік жатушы еді. Басқа мүрдеханалардан ерекшелігі де сол – сырты қоршалмай, жермен жер басып, тірі жүргендер мен өлілер арасындағы хабаршыдай емін-еркін-ті. Сонда... әлгі аспанды нұсқаған құрық саусағы бар төмпешікті орындық қып, міз бақпай жалаң бас жайғасқан Адам – қара санынан төменгі жағы өзі отырған қара жердің астында жатқан Адам – қарсы алдында делдиіп тұрған баланы – мені көзіне де ілмей немесе көрмей, батқан күнге жүз беріп, жаназа оқығандай әлденені күбірлеп, тас құдайдай қасқаятын жарықтық. Сонда... құлағыма еміс-еміс естілгені: «Мен кісінің басынан емес, аяғынан қорқамын»[31, 188]. Кейіпкердің мына жалған дүниені жалпағынан басып жүрген екі аяқты пендеден бәрін де күтуге болады деген тоқтамға келгенін аңғаруға болады. Өзін отыз бес-ақ жыл ғұмыр кешкен екенмін, аяқ болмаған соң, бастың керегі не деуі қарттың ішіндегі күйзелісінен, шарасыздығынан, тағдырына назын айта отырып, көндігуден басқа амал-шарасы таусылғанынан хабар береді. "Қайта, сол бұдан отыз жыл бұрын өз қолынан көміп тастаған екі аяғының соңынан еріп, еңбектеп кетіп қалмағанына өкінді-ақ. Ол күні бүгінге дейін тірі жүрсем, өлмесем – деп арман қылған жоқ және осы адамзаттың ізгілікті ұрандары үшін, кез келген жұмыр басты пенды-сынды, жан кештілік жасап, жанталаса күрескен де емес. Зәудеғалам тірі қалды, ендеше, тіпті де тірі қалғанын қанағат тұтып, тағы да талтаңдап, тамашаға ұмтылып күйкі тірліктің күйбеңіне түсе жөнелудің түкке қажеті жоғын сезді, сезді де екі аяқты арулап қойған соң, әрмен қарай жалға да өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүру керегін ұқты. Оның нақты ұққаны сол – екі аяқтың тек өзіне ғана керегі! Тәңірім-ау, аяқ-қолы балғадай кезінде кімге, қандай жақсылық жасапты. Рас, жасағансымақ болатын, оның өзі шыр айналдырып келгенде "өзге" – дегенді желеу еткен өзінің қара басынан асқан жоқ. Қазір қандай рақат, қоқиып тірі отырған әр күнімен, жер басып, желігіп жүрген екі аяқтыларды, екі аяғынан айрылмауға, өмірді сүюге, өлмеуге үйретеді. Иә, Аспанның тірлігі басқаға, басқаларға керек. Олардың төрт құбыласы тең, сауысқаннан сақ, сақадай сайланып жүруі үшін керек" [31, 191-192]. Бұл Аспан қартқа деген өмірдің сынағы еді. Ал түсіне өзін тергеуге алғандай етіп, қинаған аяқтарының енуі өткен өмірінде кеткен қателіктері, өзге үшін деп жасаған істері шындап келгенде өз қара басының пайдасын көздегені екендігіне деген ескерту іспетті.
Аспанның көшкін астында қалып, қиналыып жатқан сәтінде көрген түсінде ауыр халі, азапты қиналысы «бетіне тамған қанмен, бетінің қанға бөгуімен» ишараланса, «екі аяғының аспанда ұшып жүруі» оның екі аяғынан айырылуының ишарасы түрінде беріледі. Түс кейіпкердің психологиясын танытуда әр алуан тағдырын алдын-ала сездірудегі мәнді желі болып тұр. Жалпы, Аспанның түсіне бұдан кейінгі де кесіліп, әлдеқашан жерге көмілген екі аяғы жиі кіреді. Екі аяққа тіл бітіп, Аспанды жазғырады, қылқындырады. Жайсыз, ауыр түс көру адамның көңіл-күйімен, табиғат құбылыстарымен де байланыстырылады. Көрген түстің бәрі бірдей жорыла бермейді. Толассыз жауған қар мен соққан боран көрген ауыр түстің себебі түрінде сипатталады. Аспан шалдың түсінен шықпайтын екі аяқ Аманды «Сайтан көпірден» бастап өтеді. Үйде отырып, «А, құдай, ұлымды сақта» деген әке тілегі баласын тығырыққа тірелген азапты сәтте пір болып қолдайды. Адамның дене мүшелерінің өзін тұтас адам рухы түрінде танытып, оны түсте де, өңде де оқиға мазмұнына араластыру – жазушының көркемдік-идеялық тәсілінің бір қыры. Әкенің асқақ рухы, мұқалмас жігері, адамгершілік мұраты күллі өмірлік қағидасы осы әлдеқашан көмілген екі аяққа ауыстырылған. Екі аяқтың түсте көрінуі және өңдегі тылсым әрекеті адам рухының мәңгіліктігіне негізделген мифтік ұғымнан туындаған суреттеулер.
Ал «Жетім бота» повесінде: «Осы күні қалаға келгелі алғаш рет рақаттана ұйықтады. Түс көрді. Аспан кеудесіне найзадай шаншыла сұғынған ғаламат биік үйдің төбесінде тұр екен дейді...Бұл тұстан төрткүл дүние түгел көрініп, жер бетіндегі алты құрылық аяғының астында қалды. Соншама зәулім биіктіктен қарағанымен жердегі зәредей зат алақанында жатқандай айқын... Ұшпаққа шыққан дегеніміз осы шығар... Даралық-данышпандық дегеніміз де осы деп тебірене қуанады. Енді маған тең келер адам баласы жоқ! Майда-шүйделіктен арылып, Мәңгілікке сапар шегемін. Масқара зәулім үйдің төбесінде тұрып, шығысқа күн сала үңіліп еді, міне ғажап, мал жайғап жүрген әкесі, сиыр сауып отырған шешесі, тіпті есік көзінде жатқан аламойнақ итке дейін көрді. Әне, Досым қолында құрық, аяғында қонышы ұзын резина етік, өзенге беттеп барады. Үй маңында балалары шулап ойнап жүр. «Досым, - деп айқайлап еді, ол естімеді ме, бұрылмады. – Әке! Тәте!» Ешқайсысы да басын көтеріп қараған жоқ. Асқақтап тым-тым биіктеп кеткен екенмін, сондықтан да жердегілер мені көріп, үнімді ести алмады. Даралықты тек жерде, адамдардың арасында ғана айқындауға болады екен-ау. Салған үйдің неғұрлым биік болса; сен де солғұрлым табиғаттан алыстайсың, Америка небоскребтарында тұратын халықтың қатыгез болатыны да сондықтан-ау, - деген ой келді. – Енді менде өлу ғана қалды. Қазір секіремін. Мүлде құримын. Құмға түскен із секілді теңіз толқыны шайып жоғаламын жарық дүниеден. Секіремін! Секірдім... Жүрегі зу ете түсті» [31, 410]. Жазушы Тасжанның бұл түсін оның осы уақытқа дейінгі мазалап жүрген, шырмауықтай шырмалған ойларының шешімі ретінде берген. Ол өңіндегі шешусіз сұрақтардың жауабын түсінде табады. Алғашында өзін соншалықты биіктен көрінгеніне қуанған Тасжан ата-анасы мен ауыл адамдарының қанша айқайласа да мұны естімейтініне көзі жеткен соң, көңілі су сепкендей басылады. Өзінің тым асқақтап кеткенін сонда барып байқайды. Даралық тек адамдар арасында ғана айқындалады деген шешімге келеді.Повестегі бас кейіпкер Тасжанның даралық жайлы ойы латыш қызы Вайрамен диалогында былайша беріледі: «Адамды асқаралы биікке көтеретін, оның ойының, ісінің озықтығы ғана емес, ең әуелі ешкімге ұқсамайтын, мысал үшін айтсақ, Пикассолық, оқшаулығында. Қазіргі заманда коллективтік жаңалық ашулар, коллективтік өнерлер мен тобымен бір-ақ алатын сыйлықтар қаптап кетті. Міне, мұндай жалпылама табыстар жекелеген адамның индивидуальдық мүмкіндігін, талантын дара дамытуға кедергі жасайды; демек, табиғат сыйға тартқан қабілетін жояды; демек, ғылыми жаңалықтардың басын біреу, қонышын екінші, ұлтанын үшінші біреу қондырып жататын майдагерліктен – мануфактурадан айырмашылығы болмай қалып жүр. Мәңгілік өнер даралықтан ғана туып, тарихи мирасқа ұласпақ. Мен өз талантымның коллективтік еңбекте ғана өмір сүре алар бейшаралығын енді-енді түсініп келе жатырмын. Данышпан болып жасалмайды, данышпан болып жаратылады. Көбіміз, тіпті бәріміз делікші, ерінбегеннен етікші шығады деген қағиданың төңірегін шиырлап жүрміз. Егер мен осыншалық рухани тоқырауға душар боларымды ертерек сезгенде кез келген шаруа баққан адамдар қатарына қосылып, мыңдаған жылдар тіршілікті жалғастырып келе жатқан қарапайым да қасиетті өмір жолына түсер едім. Не жасасақ та көкейімізде оның бағасы, салмағы тұрады менмұндалап. Біздер, өнер иелері, ұлылыққа қатты дайындаламыз, тіпті сол ұлылар дізімінен орын сайлаймыз, ал шын талант ұлылық деген сөзі ұғымнан сызып тастап, есі ауыса еңбек еткенде ғана бір ғасырда жалғыз-ақ рет таң қалдырып туар даралықтың тағына көтеріледі. Осы замандық өнер марафондық жарысқа ұқсас, барлығымыз жүгіріп келеміз, біреулер алда, біреулер артта... Жасырақ кезімде аты-жөнім газетте басылғанына балаша мәз болып қуанатын едім. Не деген аңғалдық десеңізші... Мәңгілік пен даралықты сабақтап таратып ойлай бастасам, менің алдымда бас айналатын бездна – түпсіздік пайда болып, Писарев айтқандай «душевная апатияға» тап келемін. Жанталаса шегінгім, осы азаптан азаттанғым-ақ келеді, амал қайсы, мен шегінетін жер қалмапты. Кешегіден, яғни өткеннен тартылған жол бар, бірақ сол өзің жүріп өткен жолмен қайтып кету жоқ тірлікте. Рас, жалғыз-ақ соқпақ қалды оның өзі де қара жердің астында...»[31, 406]. Осы диалогтан кейіпкердің жан дүниесін, оны не мазалайтынын білуге болады. Өз ойының тұңғиық түбіне жете алмаған Тасжан рухани дертке шалдығады. Сәулетші жігіт адамның бойындағы даралықты, талантты тек өзі ғана көрсете білуі тиіс деп санайды. Сонда ғана өнер мәңгілік болмақ. Тобырмен жасалған жұмыс өз қасиетін, нағыз шын талантты, дарынды жояды деп есептейді. Айналасында болып жатқан өмір тіршілігіне көңілі толмай, ойы сан-саққа жетелейді. Іштей күйзеледі, жалғызсырайды. Латыш қызымен әңгімесінен байқағанымыздай, соңғы шешім қара жердің астында деген ой келеді. Қалаға алғаш келген түні көрген түсінде де аспан кеудесіне найзадай шаншыла сұғынған ғаламат биік үйдің төбесінен секіргелі тұрған жерінен шошып оянады. Яғни кейіпкер психологиясында ерекше өзгеріс орын алған. Оның санасында барлық мәселені, шешілмес түйінді тек осы жалған дүниені тастау арқылы шеше аламын деген ой әу бастан бар. Сол көрген түсінде шешусіз сұрақтарының жауабын табады. Асқақтап тым биіктеп кеткенін, даралықты тек адамдар арасында анықтауға болатынын мойындайды.
Ал «Мынау аппақ дүние» повесіндегі Нұрланның түсі былайша беріледі: «Шаршап барып, көзі ілініп еді, түс көрді: Дүние аппақ, нұрға шомылған...аппақ дүние, сол аппақ дүниеде Луиза екеуі астарында ақбоз ат бар, қатарласа шауып жарысады. Күміс жалды ат не шаппай, не ұшпай беймәлім сапар, мақсатсыз бағытқа баяу қалықтап барады-ай. Нұрланға алғашында бір орында тұрғандай сезінді. Астындағы аттың аппақ жалы мен неміс қызының алтын шашы желмен желбіреп, мынау ақбоз әлемнің жалындаған жалауына айналған... Ол енді Луизаның ат құлағында ойнайтын ғажап өнеріне таң қалды. Өтірік екен ғой, атқа міне алмаймын деуі бекершілік екен ғой... сонсоң, бұлардың алдынан шегірткедей қаптап қап-қара танкілер шығады. Кімнің, қай елдің танкісі екені белгісіз. Тұмсығын сорайтып, оқ бүркеді. Екеуі бірдей құлайды...Бірақ өлмейді... тек астарындағы ақбоз ат – қып-қызыл қанға айналып қатып қалады... екеуі бірдей «Мама!» деп жан ұшыра айқайлайды.
Шошып оянды, сүмек болып терлеп жатыр екен» [31, 469]. Түбінде отырып сырласар бәйтерегінен айырылған Нұрлан жалғыз қалып жабырқап жүрген кезінде ауылға неміс қызының келуі оған ерекше әсер етеді. "Өміріне өзгеріс енгендей болған Нұрланның болмысында балалықпен қоштасып, ертерек ер жету бар еді. Балалықтың бал дәуренін ертерек жоғалтқанымен елуінші жылдан бергі уақыт сол орны толмастай болған олқылықты жмап-жасқаған. Оның ноқта кимеген құлындай алаңсыз кісінеген жастығы, жазылмастан жараланған... жарыққа ұмтылған көбелекше тағат таппай шыр айналады. Бұл жалғанда Луизадан өзге қуаныш та, жетімсіреген көңілдің медеті-сынды алданыш та жоқ еді. Жан дүниесінде жанар тау болып жанып жатқан махаббатын білдіре алмай, білдіргенді қойып, әлі күнге күлімдеген бетіне тіктеп қарай алмай, сандалған және өзін осыншалық қор, жігерсіз, жасық сезінді; және өзін тым кеш туған, не тым ерте туған бұл дүниеге бөтен адам ретінде жек көрді, жиіркенді, тіпті өлгісі де келді; неге екені белгісіз дүние жүзінде ешкімнің батылы бармаған ұлы сойқан ерлік жасағысы келді; бірақ мынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда емес, басқа... ердің бағы сыналар қан майданда қаза тапқысы келді... өзінің Отан соғысына қатыса алмағанына өлердей өкінді де... ол сол соғыста өлмеген күннің өзінде қатты жараланып, ал қатты жараланып жатқан шағында неміс қызының тауып алып, үйіне апарып, ағайындарына білдірмей жасырын емдегенін, аузына су тамызғанын, жұп-жұмсақ , жып-жылы алақанымен қап-қара бұйра шашын сипағанын көкседі... Сонда Нұрланның бетіне Луизаның жанарынан бір тамшы жас ағып түссе, сосын ақырын мұның ерніне ернін тигізіп сүйсе... (көзі ашыды, бірақ жылай алмады, жүрегі тоқтап қалған секілді шалғынға шалқалай құлады, сырлы тегенедей төңкеріле аспанға қарады, шегіртке ыршып шекесіне қонды, елемеді, құс сайрады, естіген жоқ, дүние: анау көк, анау жер – жым-жырт...) сырқатының беті бері қараған кезде Луиза екеуі екі ақбоз атқа мініп, Германияның жап-жасыл орманын араласа, Германияның жап-жазық даласын армансыз кезсе, суретке түссе қандай әдемі болар еді. Бұл – қап-қара, ол – аппақ...» [31, 471]. Бала қиял ойы осындай кереметтерге жетелейді. «Алтай өңіріне нағыз жеңіс, жылқының жусағанындай бейбіт заман, бар бақыт пен байлықты осы неміс қызы ала келгендей еді. Нұрлан үшін агроном қыз дегеніміз – аппақ дүние: ашық аспан, алтын масақты күн, жайқалған егін, сайраған құс, толқыған теңіз, аяғын жаңа ғана тәлтіректей басқан үкілі ботаның телпегіңді ала қашып ойнайтын әдемі ойыны еді; Нұрлан үшін осына ақсары шашты неміс қызы: қабығы әнтек ашылған қайыңның желмен дірілі – мұңлылау, бірақ қуаныштың, егер бар болса бақыт дегеннің хабаршысындай ән салуы еді: ол ән біртіндеп бойға тарап, буын-буыныңды алатын, ептеп масайтатын, белгісіз сапарға шақырып, жүр-жүрлеп құлағына сыбырлайтын, жып-жылы демі келетін, жып-жылы... ал тұп-тұнық жанары ше... Нұрлан сол жанар-мұхитта желкенсіз, ескексіз қалқып жүрген қаңғыған қайық қана... кейде тереңнен, тым тереңнен жұмбақ үні естілетін.
Сұлулықтың шын мәнін Нұрлан тек Луиза арқылы ғана ұғып, мынау қара жердің асты мен үстіндегі өлісі бар, тірісі бар адамдар жасаған, адамдардың құдіретті қолы тудырған жақсылық атаулыға тәнті болып еді» [31, 479-480]. Луизаның ауылға келуі Нұрланға ерекше әсер етті. Тым тұйықталып, өзімен өзі болып кеткендей. Анна апасы да оның бойындағы өзгерісті сезгендей еді.
Ал түсінде Луизаны көруі өзіне жақын серік тауып, жалғыздықтан арылғандай күй кешеді. Бұл түс Нұрланның арманынан, қиялынан туған түс еді. Зұлмат соғыстың ауыр жылдары өтіп, мамыражай уақыт келсе де, ауыл адамдарының алғашында неміс қызын жақтыртпауы заңды еді. Бірақ Нұрлан Луизаны алғаш көрген сәттен бастап өзіне жақын адамдай қабылдады. Оның аппақ көңілі, кіршіксіз сезімі Луизаның ата-бабалары қас дұшпан екеніне де назар аудартқызбады. Осы сәттен Нұрланның ерекше қасиеті ақ жүректілігін, мынау аппақ әлемді өз жүрегіндей кең әрі пәк қалпында көргісі келетінін аңғарамыз. Жазушы жақсылықпен қатар жамандықтың да қатар жүретінін еске салады.
«Осы орайда психолог-ғалым И.В. Страховтың пікіріне сүйенсек: «...түстегі образдар мен көріністердің фантастикалық, жұмбақ екендігі белгілі. Алайда олар себепсіз еместігі» айқындала түседі» [33, 45-46].
«Бәрі де майдан» повесіндегі тылда жүрген Ақанның хатында жазған түсі: «Айтпақшы, ұмытып барады екенмін-ау. Кеше көзім ілініп кеткен екен, түс көрдім. Қынымда сармойын, мүйіз сап пышақ, астымда аспанға атылған арғымақ уралап батысқа шауып барады екем деймін... Сенің де күнің жақындап қалды-ау... Шүйіншілі хабарға жорыдым» [31, 141]. Мүйіз сап пышақ, астында арғымақ ат, ерекше қуанышпен уралап шабуы алдан келетін қуанышты сәттің боларын сездіртеді. Бұл түсін кейіпкер өзі жорамалдап, жақсылыққа балап, айы-күні толып отырған жұбайының, артынан ұрпағын жалғастырар ұл әкелер деп топшылайды. Біздің қазақ халқы үшін көрген түсті жору және оны жақсылыққа жорудың мән-маңызы ерекше деуге болады. «Көрген түсті міндетті түрде талдап, жору – қай халықта да берік сақталған салт-дәстүр. Тіпті ол дәстүр де емес, әрбір жеке адамдағы талап-тілектен туған түсінік. Әдебиетші ғалым Х.Досмұхамедұлы бұл жөнінде былай дейді: «Түс жорудың қазақтар арасында да үлкен мәні бар екені ежелден белгілі, сол себепті де ел ішінде арнайы мамандар – түс жорушылар да ұшырасады. Әрбір қазақ түсін біреуге жорытуға тырысады және осы жору сөзге әрдайым сенеді» [32, 37].
Көркем әдебиеттегі түс көру, психологиялық талдау, кейіпкердің ішкі өміріне енудегі таптырмас бейнелеу құралы ғана емес, көркемдік-философиялық тұрғыдан өмірді тану, таразылау ретінде де қолданылады.
Мұнда бәрінен бұрын түс көру арқылы поэтикалық тіл, құпия-белгілер, символдар, сезімнің бұлыңғыр сәттері, жарым-жартылай ессіз-түссіз күйлері, о дүние мен бұ дүние арасындағы не тірі емес, не өлі емес есалаң, түсініксіз екі әлем сезімдері сәтті суреттеледі.
О.Бөкей прозасындағы түс көру және оны жору кейде кейіпкер психологиясына, көңіл-күйіне байланысты көрінсе, көбінесе болжамдық мәнімен ерекшеленіп, әңгімеленіп отырған оқиғаның жетекші компоненті болады. Түс мәнді және мәнсіз сипатымен бөлінеді. Жоруы бар, алдағыны болжап, ишаралайтын түс мәнді түстер санатына жатады да, мәнсіз түстер шым-шытырық оқиғаға құрылып, көркем әдебиетте көңіл-күйіне қатысты көрінеді. Мәнді түс болжамның бір формасы ретінде түсіндіріледі. Түс көру төніп қалған қауіптен сақтандыру немесе жаманшылықты болдырмау қызметімен де халық санасына орын тепкен.
О.Бөкей туындыларындағы түс көру оқиғалары нақтылық белгілері басым. Кейіпкердің түсі өзінің айналасындағы адамдар мен қоршаған орта ауқымынан шықпайды.