Зерттеу нысаны. Зерттеу жұмысының нысаны ретінде О.Бөкейдің "Сайтан көпір", "Жетім бота", "Мынау аппақ дүние", "Бәрі де майдан" повестері, Ә.Кекілбаевтың "Аңыздың ақыры", "Ханша-дария хикаясы", "Күй" повестері, Т.Әбдіков "Оң қол", «Бассүйек» әңгімелері, «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі, М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы», «Жармақ» романы алынды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Дипломдық жұмыстың мақсаты - XX ғасырдың II жартысындағы қазақ прозасындағы түс көру тәсілінің көркемдік табиғатын анықтау.Аталмыш мақсатқа сәйкес төмендегідей міндеттерді шешу жоспарланады:
- Түс көру тәсілінің теориясы және әдебиеттану ғылымында зерттелуін қарастыру;
- XX ғасырдың II жартысындағы қазақ прозасындағы түс көру тәсілінің көркемдік табиғатын анықтау;
- О. Бөкей повестеріндегі түс көрудің көркемдік ерекшелігін айқындау;
- Ә.Кекілбаев прозасындағы түс көру тәсілін талдау;
- М.Мағауин шығармаларындағы түс көру сарынын анықтау;
- Т.Әбдіков прозасындағы түс көру тәсілінің ерекшеліктерін зерттеу.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі ретінде қазақ әдебиетіндегі психологизм мәселесі және оның бейнелеу құралдары, түс көру тәсілі туралы жазылған зерттеу жұмыстарындағы А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Қ.Жарықбаев, Ә.Табылдиев, Х.Досмұхамедұлы, М.Мұқанов, И.П.Павлов, З.Фрейд, И.П.Сахаров, Ф.М.Достоевский, В.В.Кожинов, Б.Сағындықұлы, М.Қожахметова, Ш.Ыбыраев, Г.Пірәлиева, Б.Майтанов еңбектеріндегі ғылыми тұжырымдар, ғылыми пікірлер басшылыққа алынды.
Зерттеудің әдістері. Жұмыста қазақ прозасындағы түс көру тәсілі кездесетін шығармаларды талдау, сипаттама беру, салыстыру, ой қорыту әдісі қолданылды.
Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы. Жұмыс нәтижелерін өңіріміздегі әдебиет саласына қатысты оқу-білім алып жатқан студент жастардың танымдық-практикалық жүйесінде пайдалануға болады. Қазақ әдебиеті пәнінде, психологизмнің бейнелеу құралдары мәселелерін қарастыру барысында арнайы мәтіндерді пайдаланып, саралауда көмекші құрал ретінде де қарастыруға лайық.
Достарыңызбен бөлісу: |