Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 38
Тірек сөздер: психологизм, проза, сарын, сюжет, эмоция, динамика, түс, құбылыс.
Кіріспе
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Адам өмірі сөз болған жерде оның табиғи жаратылысы, оған тән сезім-эмоциялар міндетті түрде суреттелері хақ. Психологиялық прозаның жанрлық, стильдік, көркемдік ерекшеліктеріне сай кейіпкердің психологиялық үдерістері әр алуан тәсілде динамикалық түрде зерттеліп, зерделенеді.
Негізі, көркем шығармада үздіксіз психологиялық талдау жасалынбаса, «адамның ойына өң беріліп, көңіліне күй түсірілмейді». Және адамның жан құбылыстарын, ең бастысы өзімізді-өзіміз танып білмей, өмірді де, өнерді де тану, білу екіталай.
Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында психологиялық прозаның поэтикасы, оның көркемдік бейнелеу тәсілдері соңғы жылдары зерттеу нысанына алынып жүр. Көркем прозадағы психологизм табиғаты кейіпкердің жан сырына тереңдей еніп, оларды егжей-тегжей талдап, көркемдік жүйеде сараланғанда ғана жан-жақты ашылып, эстетикалық, философиялық, көркемдік құндылықтарға қол жеткізіледі.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш», Ж.Аймауытовтың «Психология», Г.Пірәлиеваның «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (түс көру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем)», «Қазақтың көркем прозасындағы психологизм табиғаты және оның бейнелеу құралдары», Б.Майтановтың «Қазақ романы және психологиялық талдау», А.Исмакованың. «Казахская художественная проза. (Поэтика, жанр, стиль)», «Экзистенциональная проблематика возврашенной литературы» атты зерттеу еңбектерінде аталмыш тақырыпқа байланысты мәселелер қарастырылған.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы.Ұлттық прозамыздағы психологизм мәселесін, психологиялық роман жанрының ерекшеліктерін, оның ішінде психологиялық бейнелеу тәсілдерінің қолданысын, көркемдік әлемін жаңаша көзқарас, ғылыми-теориялық талаппен әдебиеттің тек өзіне ғана тиесілі көркемдік категориялар тұрғысынан қарастырып, зерттеу басты мақсат болып табылады.
Әсіресе психологиялық талдаудың күрделі де көрнекті көркемдік тәсілдерінің бірі түс көруге ерекше назар аударылып, ғылыми-теориялық тұрғыдан талдау жасау маңызды рөл атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |