ҚОРЫТЫНДЫ
Халықтық қолданыстағы фразеологиялық тұлғаларды тұрақты тіркестер ретінде білеміз. Бірақ тілдің жанды құбылыс екендігін ескеретін болсақ, оның өсіп-өнуі, дамуы табиғи процесс. Демек, қалыптасқан тілдік норма заңдылықтары тілдің дамуы барысында стильдік мақсаттағы қайшылықтарға кездеседі. Тіл біліміндегі мұндай қайшылықтарға жеке авторлық қолданыс негізінде қалыптасатын окказионал фразеологизмдер жатады. Қазіргі кезде фразеологизмдердің окказионалдану мәселесін қарастыру маңызды орын алады.
Бүгінгі таңда окказионалды фразеологиялық тұлғаларды зерттеу маңызды мәселе болып отыр. Окказионалды ФТ-лар көркем шығармаларда, публицистикада көп кездеседі. Осыған байланысты біз окказионал фразеологизмдердің табиғатын терең түсіну мақсатында тіл мамандарының ғылыми еңбектеріндегі окказионал фразеологизмдер туралы ой-пікірлеріне үңілуден бастаған болатынбыз. Нәтижесінде біздің бұл зерттеу жұмысымызда окказионал фразеологизмдердің төмендегідей ерекшеліктері мен туындау себебін, қызметін анықтадық. Дипломдық жұмыстың кіріспе бөлімінде сөйлеу тіліндегі, жазба әдебиетіндегі тұрақты тіркестерді ұлттық тіл байлығы ретінде қарастырдық. Осыдан барып тілімізде эмотивті әсер туындатушы окказионал фразеологизмдерді халықтың игілігі деп білеміз. Себебі автордың жеке қолданысындағы тың, соны тіркестер сөздік қорымызды байытудың бірден бір құралы екендігін бұл еңбекте барынша жан-жақты талдауға тырыстық.
Диплом жұмысының бірінші бөлімін төмендегідей тармақшаларға бөліп, жеке-жеке қарастырдық:
окказионал фразеологизмдердің зерттелуі атты тармақшада олардың белгілі бір мәтінге ғана қызмет етіндігіне, жалпытілдік қолданысқа енуге, тілдік тұлғаға айналуға талпынбайтындығына көз жеткіздік;
норма және окказионал фразеологизмдерді қарастыра келе, нормалы қолданыстағы фразеологизмдерде тіркес тиянақтылығы, мағына тұтастығы, қолдану тиянақтылығы заңдылығына бағынатындар болса, окказионал фразеологизмдер осыларға қоса түрлі стильдік жаңартулармен, түрлендірулермен бірге сабақтаса жүретіндерді атаймыз;
окказионалды фразеологиялық деривацияның лингвистикалық механизмінде тілдің фразеологиялық қорын кеңейту нәтижесінде тілдегі ФТ шеңберінде фраза туындатушы, бұрмалаушы сала болатындығын және форма туындатудың бұл түрі ғылыми әдебиеттерде фразеологизмдердің деривация құбылысы екендігі айтылады;
окказионал фразеологизмдердің семантикалық құрылым ерекшеліктерінде тұрақты тіркестердің қайта жаңаруы ФТ-ның құрылымдық-семантикалық ерекшеліктерімен байланысты болады және ішкі форма фразеологизм мағынасының маңызды бөлігі ретінде қарастырылады;
окказионал фразеологизмдердің коммуникативтік прагматикасы тараушасында антропоцентристік әрекетке негізделген жалпы фразеологизмдердің прагматикалық әлеуеті туралы сөз етіледі;
окказионал фразеологизмдердің узуал фразеологизмдерден айырмашылығын былайша бөліп қарастырдық:
– окказионал фразеологизмдер мәтін ішінде анықталады және одан тыс қалыптаса алмайды;
– узуал фразеологизмдерге қайшы келеді;
– өміршең емес;
– сөйлеуде кенеттен пайда болады;
– құрылымы, құрамы тұрақсыз;
– қолдану тұрақтылығы жоқ;
– мәтінге, сөйлеуге экспрессивті реңк беретін, тыңдаушыны селт еткізетіндігімен де ерекшеленеді;
фразеологиялық тұлғалардың окказионалды өзектілену типтерінде ФТ окказионалды өзектілігі екі топқа бөлінеді: фразеологизм құрылымы белгілерінің өзгерісі бойынша құрылымдық-семантикалық және окказионалды семантиканың жасалуы түрінде қарастырылады.
Диплом жұмысының екінші тарауында көркем мәтіндегі окказионал фразеологизмдерге құрылымдық-семантикалық талдау жасалды және олардың коммуникативті прагматикалық әлеуеті зерттелді.
Сондай-ақ осы тарауда эмотивтік және экспрессивті сипаттағы жаңа, тың тіркестер тудырудың ең өнімді тәсілдері ретінде дербес тіркестердің тоғысуы негізінде пайда болатын контаминация құбылысын; ФТ-лардың лексикалық құрамын жаймалап қолданатын плеоназм; ФТ құрамын қысқарту немесе эллипсис; ФТ компоненттері арасына сөз сыналату арқылы жасалатын дистакт; ФТ құрамындағы сөздердің орындарын ауыстыру арқылы жасалатын инверсия; омонимдік, антонимдік, екі немесе бірнеше фразеологизмнің тоғысуы, фразеологиялық тұлғалардың компоненттерін ауыстыру немесе субституция тәсілдері арқылы окказионал фразеологизмдердің жасалуы қарастырылды.
Біз диплом жұмысында қазіргі қазақ тілінің стилистика саласындағы көркем әдебиет мен тіл мәдениеті тұрғысындағы авторлық сөзжасам құбылысын ФТ-ның жаңа мәнге ие болуын қарастырдық. Мұның өзі тіл тазалығы мен тіл мәдениетінің бүгінгі таңдағы өзекті де, кезек күттірмейтін мәселесі.
Достарыңызбен бөлісу: |