Айтылуы бірдей, мағынасы бөлек ОФТ-лар
Көркем проза мәтіндерінен фразеологизмдерді өте жиі кездестіреміз және олар әр кезде түрлі тәсілдер арқылы жасалып, жаңарып, өзгеріп отырады. Осындай құбылыстардың бірі омонимия құбылысы. Бұл туралы І. Кеңесбаев былай деген: «Омонимия құбылысын тануда түрлі көзқарастар бар. Зерттеушілердің басым көпшілігі мағына алшақтығын негізге алады да, сөз (лексема), тіркес (фразема) төркінін екінші орынға қояды. Біздің ойымызша, омоним болу үшін тек айтылуы бірдей келген тұлғалар ғана емес, жеке сөздердің де, фраземалардың да түп төркіні бөлек болуы қажет. Мәселе, аузын ашты тіркесінің, «сөйлей бастады», «таң қалды» деген мағыналарынан басқа, ораза күні «кешкі ас алдында дәм татты» деген діни мағынасы да бар. Ол алғашқы мағыналардан алшақ кереғер жатыр. Осы тұрғысынан қарасақ, фр. тіркестер ішінде омонимия табылмайды емес» [44, 592 б.].
Қазіргі кезе омонимия тәсілі арқылы жасалған фразеологиялық тұлғалармен қатар ОФТ-ларды да кездестіруге болады. Олардың дыбысталуы бірдей, бірақ мағыналары өзгеше болып келеді. Контекстегі фразеологизмдердің лексика-семантикалық құрылым-құрамы жағынан бір-бірінен еш айырмасы жоқ фразеологиялық тұлғалардың мағынасы да бір-біріне ешқандай ұқсамайды. Мысалы: Нұғманмен оңаша сөйлессем, көмекейі бос (С. Мұқанов, 33 б.). 1) Көмекейін босатты – бетін сөзбен, парамен бері қаратты, аузын байлады [44, 272 б.]; 2) көмекейі бос – ештеңесі (дымы) жоқ деген мағынаны білдіреді. Узуал фразеологиялық тұлға мен окказионал тұлғаның орфоэпиясында ұқсастық болғанымен беретін мағыналары екі бөлек. Тәтті өмірімді оздырып, бет ажарымды тоздырып, міне, енді не кемпір емес, не шал емес, не сайтан емес, не байтал емес, ұйпалақ-тұйпалақ бірдеме болдым да қалдым. Кет әрі! (О. Әубәкіров, 50 б.). 1) Өмірден озу–нормалы қолданыста қайтыс болды, дүниеден өтті деген мағынаны білдіреді, бірақ сөздікке енбеген; 2) Өмірін оздыру – тіркесінің келесі білдіретін мағынасы өмірін текке, босқа өткізді. Алдыңғы фразеологизм кең мағынаны білдіріп тұр, ал кейінгі ОФ контекст көлемінде ғана қолданылатын тар мағынада айтылып тұр. Көмектесуге тұрарлық, әлдебір ізгі арманмен қайғылы болған жаны таза кедейлердің зарын тыңдап, көз жасын құрғатудың орнына көбінше атты-тондылармен сыйласқаны есіне түскен (Ж. Ахмади, 74 б.). Осы мысалдағы ОФТ сөздіктегі ат-тонын ала қашты [44, 61 б.] қалыпты тұлғасының үлгісінде жасалған, тек тіркестің соңғы етістігі субституцияланған, айтылуында ұқсастықтар болғанымен беретін мағыналар әртүрлі. 1) ат-тонын ала қашты –азар да безер болды, басын алып қашты [44, 61 б.] 2) атты-тондылармен сыйласу– ауқатты, жағдайы жақсы, бай адамдармен сыйласу мағынасында айтылады. Бізді мына ағаш атыңа мінгізбей-ақ, жерге көрпе жайып, жастық тастасаң болды, бөтен қолқамыз жоқ, - деп Салпаң столға аялдамай, төрге өтіп кетті (О. Әубәкіров, 61 б.). Контекстегі айтылуы ұқсас мағынасы бөлек фразеологиялық тіркестер мынадай жолдар арқылы жасалып отыр: 1) ағаш атқа мінгізу– өсек аяңға, сөзге ілігу [44, 10 б.]; 2) ағаш атыңа мінгізбей-ақ – тіркесі тура мағынасында қолданылған, яғни үстелге отырғысы келмейтіндіктері туралы айтып тұр. Аруақ кешірсін, аяқты Абайша салыппын. Оны ешқашан жариялауға болмайтыны өкінішті! (Ж. Сабыржанұлы, 55 б.). 1) ФТ компоненттері арасына Абайша сөзін сыналтқан; 2) аяғына салды – жауын тізе бүктірді, табанына басты [44, 77 б.]; 3) аяқты Абайша салу– ҚТФС-да беретін мағынасынан өзгеше, Абайша еркінсіппін деген тосын, кездейсоқ мағынаны білдіреді.
- Әй, ана бала шаршап қалды ғой, немене, белің кетіп қала ма? Бұра демесі бар ма? (Ж. Сабыржанұлы, 344 б.). 1) Қалыпты қолданыста белі кетті – күш, қуат кетті, қартайды; 2) белің кетіп қала ма? – шаршап қалу. Орфоэпиясында ұқсастық болғанымен омонимдік фразеологиялық тіркестердің беретін мағыналары екі түрлі. Аузын шөпке жеткізбей көтере байлаған аты тілін тістеп аш қалған қонақ оның үйіне екінші қайта өзі де жоламауға тырысатын (Ж. Ахмади, 82 б.). 1) тілін тістеу – сөйлемей қойды, ойына, пікіріне тыйым салды [44, 535 б.]; 2) тілін тістеу – нәр сызбады, ашығу деген мағынада айтылады.
- Шығара ма, соттай ма?! – деп елең еттім мен. Тергеуші тіс жармады, бір қайнауы ішінде, әрине (Ж. Ахмади, 18 б.). 1) бір қайнауы ішінде – пісуі жетпеген, шала піскен; толық шешілмеген мәселе, жұмыс туралы айтылады [44, 134 б.]; 2) бір қайнауы ішінде – сыры ішінде, бір нәрсені ішіне бүгу дегенді білдіреді.
Жақсы айғыр айбатымен үйірін қорғаса, құж мойын бұқа сом мүйізімен сасық тұмсығын қорғайтыны сияқты, «елім» деп еңіреген ерлер көшке ілеспес саяғын сайда қалдырмай, иісі қазақты етектен жиып ел етіп кеткен (Ж. Ахмади, 18 б.). 1) етек-жеңін жиды – есін жиды; шаруашылығы, тұрмысы түзеліп ықшамдалды [44, 171 б.]; 2) етектен жиып – елдің басын біріктіру, қосу деген мағынада айтылады. Нормалы қолданыстағы ФТ эллипсис құбылысына ұшыраған және ел ету компоненті қосылып омонимдік фразеологиялық тіркестің мағынасы нормалыға қарағанда кеңейе түскен.
Туған анаң, менің қызым әлі сенің қызығыңды көрмеп еді. Жасым жеткен шағымда екі көзім ойылып сол аңырап қалмаса болғаны да (Ж. Ахмади, 18 б.). 1) Көзін ойды – қорлық көрсетті, сорлатты, басына әңгір таяқ ойнатты [44, 16 б.]; 2) екі көзім ойылып – ОФТ қиындық көрмесем, қор боп қалмасам болғаны деп қам жеу мағынасында айтылып тұр және ФТ-ның алдына екі сан есімін қосу арқылы тұрақты тіркес окказионал сипатына ие болып қалыпты мағынасынан өзгеше мән беріп отыр.
Бірақ сунақтың бүгінгі сөз саптасына таң бола бастаған Аққайша қасын кере, іш жия қарап қалғанда, ананың айтқанын іле-шала қостай жөнелген төре:
- Атам дұрыс айтады, Аққайша ханым. Атаң қазақ «Екі кісі бейім тұрса, есті кісі кейін тұрады» деп неге айтқан (Ж. Ахмади, 92 б.). 1) ішін жиды – сыр сақтады, тіс жармады [44, 586 б.]; 2) іш жия – үндемей, таңқала қарау деген мағынада айтылады. Айтылуы бірдей ФТ-лардың мағыналары әртүрлі, контекст ішіндегі окказионал тұлғаның мағынасы қалыпты қолданыстағыға қарағанда тарлау.
Жұмыртқа тауыққа ақыл үйретпейді, қызталақ. Өсетін сен, өтің жарылғанша ішіп, өлігіңді көрсетіп жүрме. Мен енді өлмесем, өспеспін (О. Әубәкіров, 148 б.). 1) Өті жарылды – қатты ашуланды [44, 438 б.]; 2) өті жарылу – тыйым салу мағынасында айтылады.
Ағаның аяқты бұлайша салып сөйлейтін себебі, Амангелді селосындағы он бір жылдық кешкі мектептің директоры – өзі. 1) аяқ салды – көңілдес болды; 2) аяқ салды – еркін сөйледі мағынасында айтылады (О. Әубәкіров, 11 б.).
Ішсеңіз де, абайлап, дарытпай ішіңіз. Қонағымызда тастап, қоңыз теріп кетпейік, – деп едім, шамым шырт ете түсті (О. Әубәкіров, 148 б.). 1) қоңыз тергізді – қорлады, азап шектірді, тентіретіп жіберді [44, 350 б.]; 2) қоңыз теру – қаңғырып, босып кетпеу деген тар мағынада берілген. Сөйлемдегі ОФТ-ның қалыпты тұлғадан мағынасы өзгеше.
Достарыңызбен бөлісу: |