Ойламай айтып, көздемей атсам да менікі жөн болады демеңдер (Ж. Ахмади, 23 б.). «Ойламай айтып, көздемей ату» – аңдамай айтып, ауырмай өлу дегенді білдіреді.
Ауыл жігіттері әкеммен қан шыққанша қалжыңдасып, қақыратып жататын (О. Әубәкіров, 68 б.). «Қан шыққанша қалжыңдасу» – бір-бірімен қатты әзілдесу.
Оның соңы жасақ жиып, қарсы жаққа майдан беру деген сөз (Ж. Ахмади, 23 б.). «Майдан беру» – соғыс ашу, тойтарыс беру.
Таутан ішінен Сөдиді сойып отыр (О. Әубәкіров, 68 б.). «Сойып отыр» – ішінен ренжу, қапа болу, боқтау.
- Басыңнан жағың ажырайды деген осы емей, немене! Ең болмаса ақ ажалдан кетіп, ақ арулап көмсең, ол да медеу екен-ау! – деп Бодықтың әпкесі Кішкене қыз боздады (Ж. Ахмади, 12 б.). «Басынан жағы ажырау» – амалы таусылу мағынасын білдіреді.
Осылайша, белгілі бір сюжет негізінде қаламгердің шығармашылығымен енген өзгерістер мен тосын жаңалықтардың бәрі бірдей стильдік қызмет атқара бермейді. Бірақ авторлық қолданыстарының көбі айшықты, бейнелі, эмоционалды-экспрессивті окказионал тұлғалар болып келеді.
Біз жоғарыда ОФТ-лардың жасалуының түрлі тәсілдеріне тоқталдық және осылардың бәрін таразылай келе мынадай тұжырым жасауға болады: қалыпты ФТ негізінде жасалған жаңа тіркестердің пайда болуы фразеологизмдердің дамуына, қайта жаңғыруына, өзгеруіне себепші болып, олардың сапасын көтеріп, өміршең болуына кепілдік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |