Дипломдық жұмыс Тақырыбы: Қазақ-өзбек шекара мәселесі Орындаған: Есіркепов С. Ғылыми жетекшісі: Исабек Б. Шымкент 2007


ІІ-тарау. Тәуелсіздіктен кейінгі шекаралық өзгерістер



бет4/5
Дата02.07.2018
өлшемі305 Kb.
#45414
түріДиплом
1   2   3   4   5

ІІ-тарау. Тәуелсіздіктен кейінгі шекаралық өзгерістер.

ІІ.1. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының арасындағы шекараны делиминтациялау және демокрациялау процестері.

Қаншама халықтың тағдырына тікелей әсер еткен Кеңестер Одағы да ХХ ғасырдың соңында ыдырап тынды. Яғни, 1991 жылы бұрынғы одақтас елдер жеке–жеке шаңырақ көтеріп, тәуелсіз мемлекет болып жарияланғандықтарын әлемге паш етті.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне арналған салтанатты жиналыста жасаған баяндамасында Н.Ә:Назарбаев тарих ғылымы және қазіргі заман жайында былай деді: «Социалистік утопияны жүзеге асырамыз деп әлектенген большевиктік эксперимент қазақ халқын неше бір қасіретті, қан құйлы кезеңдерге душар еткені мәлім. Бірақ ол күндерді ұмыту дегеніміз қанды режимнің миллиондаған құрбандарының әруағын қорлау деген сөз. Алайда ұлттық тарихымыздың қандай белесінде де біз өзіміздің мемлекетімізді сан ғасырлар бойы тапжылмай тұратындай етіп құруға дәл осындай мүмкіндік алып көрген емеспіз. Тағдырдың осы сирек сыйын пайдаланып қалу-біздің ұрпақтың маңдайында жазылыпты. Осы бақыт үшін біз баршамыз тәубе дейміз, осы жолда біліміміз бен білігімізді, қайратымыз бен қабілетімізді қажет болса жанымыз бен қанымызды аямай жұмсаймыз/66/.

Кеңестер одағы ыдырап, орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы өмірге келді. 1991 жылы желтоқсанда қабылданған Алматы Декларациясында КСРО ыдыраған сәттегі КСРО ішілік шекарамен келіскен және бір –біріне аумақтық қол сұғушылық болмайтындығы жөнінде, өзара уағдаласқан болатын. Бұл Декларация мелекеттер арасындағы шекараларды шешуде тұғырнамалық құжат рөліне ие. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында 1998 жылы 31 қазанда жасасқан Мәңгілік достық туралы шарт бар. Бұл шарт тек 2000 жылдың 17 қаңтарынан бастап күшіне енген болатын.

2000 жылғы 17 қаңтарда күшіне енген Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәңгілік достық туралы келісім шартта Қазақстан мен Өзбекстанның қолданыстағы әкімшілік –аумақтық шекараны мемлекеттік шекараның негізі ретінде танитыны және бірлескен шекара режимінің барлық мәселелерін қалыптастыру мақсатында бірлескен комиссия құраиындығы айтылған /67/.

Кез-келген мемлекеттің көрші елдер арасындағы шекарасын мықты белгілейтін делимитациялау және демаркациялау болып табылады. Делимитациялау дегеніміз елдің мемлекеттік, шекарасының қандай жерлер арқылы жүретіндігін және қай объектіні, қай елге қарайтындығын анықтайтын процесс. Ал демакрациялау дегеніміз делимитациялау процесі кезінде белгіленген мәліметтерді негізге ала отырып шекара сызығын белгілеу, яғни, шекара бойымен сым тарту.

Тәуелсіз Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шекараны делимитациялау және демаркациялау процестері күн тәртібіне қойылған сәт те келіп жетті. Делимитациялау процестері өте күрделі ауқымды жүріп өтті. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараны делимитациялау процестерін негізінен екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңі 1999 жылдан басталып 2001 жылдың қарашасында аяқталды. 2004 жылдың 16 қарашасында Астана қаласында екі елдің комиссия мүшелері келісімге қол қойды. Делимитациялау процесінің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша барлығы 2350 шақырымды құрайтын Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараның (оның 890 шақырымы Оңтүстік Қазақстан облысының еншісіне тиеді) 96 % -ы белгіленіп бітті. Негізгі шекараның 96%-ын анықтау соншалықты қиындық туғыза қоймады. Бар–жоғы үш жылдың ішінде шекараның басым бөлігі делимитацияланып бітті.

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау процесінің екінші кезеңі күрделі ауқымда жүрді. Екінші кезеңді анықтайтын жеріне шекараның анықталмаған 4% жері қалды. Ол даулы жерлердің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандары мен Қызылорда облысы аумағында орналасты. Олар Бағыс, Арнасай, Нысан-1, Нысан-2, Баймұрат және Түркістан елді мекендері еді. Мемлекеттік шекараның қалған 4%-ды даулы жерін анықтау бір жылға жуық уақытты қажет етті.

2002 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласына Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов келді. Ресми сапармен келген Өзбекстан басшысын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев күтіп алды.

Мемлекет басшыларының кортежі Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясын бетке алды. Осында президенттердің екеуара келіссөздері жүргізілді. Ол сенім және іскерлік рәуіште өтті. Екі жақты әңгіменің негізгі тақырыбы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы болды. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік шекараны заңдық тұрғыда белгілеудің аяқталуын аса маңызды тарихи оқиға деп атап келіп, екі жақты «даулы телімдер» туралы мәселеге толықтай және нақты нүкте қойылғанын мәлімдеді. Осы саяси құжат енді туысқан екі халық пен мемлекеттің тарихында жаңа парақ ашылатынын және Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іскерлік іс-қимылының, шынайы достық пен тату көршілігінің айқын дәлелі болып табылады /68/.

Мемлекет басшыларының кездесуі екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны түпкілікті аяқтаған кездесу болды. Кеңес үкіметі тұсындағы әкімшілік бөлініске сай Арнасайдаағы бес елді мекен, Бағыс ауылы Өзбекстан мемлекетінің құрамында болған. Ал Нысан-1, Нысан-2 мен Баймұрат елдімекендері күні кешеге дейін Қызылорда облысының құрамында болып келгені белгілі. Ал екі мемлекетке ортақ шекара сызығын анықтау қажеттілігі туған кезде өзара түсіністікке келу оңайға түскен жоқ. Шекара аймағының тұрғын халқының талап –тілегі ескеріліп, мемлекеттердің мүддесіне нұқсан келтірмейтін шешім қабылданды. Бағыс, Арнасайдағы бес елді мекен (плотинасымен қоса) Қазақстан территориясына өтті, Нысан-1, Нысан-2 мен Баймұрат және Түркістан елді мекендері Өзбестан мемлекетінің құрамына енеді /69/. Өзбекстан Республикасы басшысымен кездесуінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев шекара делимитациясы нәтижесі жөнінде былай деді:

... Бағыс ауылында 1059 адам тұрады. Көпшілігі –қазақ. Осы елді мекен үшін Өзбекстан жағы, ал негізінен өзбектер өмір сүріп жатқан Түркістан ауылы үшін Қазақстан жағы түсіністікке барды. Бұдан былай қарай Бағыс ауылы бүкіл тұрғындармен қоса Қазақстан жағына өтеді. Арнасайдағы бес елді мекен де ондағы плотинасымен бірге Қазақстанға беріледі. Ал Қарақалпақстан мен Қызылорда шекарасындағы Нысан-1, Нысан-2 мен Баймұрат елді мекендердегі халық Өзбекстан азаматтары. Әкімшілік тұрғыдан да сол жаққа бағынады. Тыныс тіршілігі де тікелей Өзбекстанмен байланысты. Бірақ Қазақстан аумағында болып келген. Бұл адамдарға да біз өзара түсіністік негізінде қарап, нағыз өзбекстандықтар атауға мүмкіндік бердік. Бұл ұстаным екі жақтың де көңілінен шығады /70/.

Баса назар аударып айту керек, делимитациялау процесінің екінші кезеңінде қиындықтар өте көп кездесті. Комиссия мүшелері соның барлығында төтеп бере алды.

Қаралып отырған мәселенің және бір жәйтіне соқпай кетуге болмайды. КСРО-ның кезінде ішкі әкімшілік –аумақтық шекаралар халықтың жүріс –тұрысына кедергі келтіретін, шаруашылық жүргізу нысандарын қатаң бөліп тұратын шептер болған жоқ. Сондықтан КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының кейбір жарлықтарының сипаттау бөлігінде шекара сызықтарының темір жол бойымен немесе су қоймасының жағалауымен өтетіндігі айтылды. Су деңгейінің азайып-көбеюіне байланысты жағалаудың өзгеретіндігін былай қойғанда, темір жол табандарының ауыстырлып салынған кездері де аз болмағаны белгілі /71/. Тіпті елді мекендердің шетімен, көше бойлап та, өзен бойымен де өткен тұстары да баршылық. Өзен арналарының өзгеріп тұратындығы табиғи заңдылық. Сондықтан да өзен арнасымен бірге шекара да өзгеріп отырған. Шекараның кейбір тұстары елді мекендердің шеті болып белгіленгендіктен ол да біршама уақыттардан кейін өзгерістерді бастан өткізді. Өйткені елді мекен болған соң түлеуді бастан кешеді. Халық көбейген соң жаңа үйлер бой көтереді. Осылайша елді мекеннің көлемі анағұрлым үлкейе түсті, шекара да тағы да өзгерістерге ұшырайды. Сонымен қатар, азаматтығы аралас ауылдар да кездескен. Олардың мәселесін шешіп беру де қиыншылықтар туғызды. Оның үстіне 1940-1941 шығарылған құжатнамалық карталар мен қазіргі олардың арасындағы нысандармен сәйкессіздігі де қайтадан талмай еңбектенуді талап етті. Және мұндағы ең басты мәселелердің бірін де айтпай кетуге болмас.

Шекараның күрделі учаскелерінің айырудың классикалық және кей ретте бірден-бір нұсқасы жер алаңдарының өзара қолайлы өтемдік айырбасы болып табылады. Әдетте мұндай өтемдік айырбастар шағын учаскелерге қатысты болады, алайда өте мұқият бағалауды және сақтықты талап етеді. Бұл процесте басты тұлғалар шекаралық әкімшіліктердің өкілдері, сондай-ақ тараптардың аудандық және облыстық жерге орналастырушылары болып табылады. Олар жергілікті жердегі нақты ақуалды, жер пайдалану шекарасын, жердің сапалық бағасы мен шекара маңыңдағы халықтың мүддесін жақсырақ білетіні сөзсіз /72/

Осындай қиындықтардың бәрін жөнге келтіру үшін делимитациялау комиссиясының мүшелері көп жұмыстар жасады. Екі ел делегациясының мүшелері жер жерлерде топографиялық зерттеулер жүргізді. Аймақтық шаруашылық мақсатында игерілуін негізге ала отырып елеулі өзгеріәстерге ұшыраған елді мекендерде кең көлемді суреттер түсірілу жұмыстыры жүргізілді. Зардабы көп экологиялық апатқа ұшырап тартылып кеткен Арал теңізінің жағалауында осы заманғы космофотокада жасалды.

Тихникалық сипаттағы осынау әзірлік материалдарының барлығы, делегацияларға нақты жағдайды әлдеқайда мұқият және дәлме –дәл ескеруне, сондай-ақ шекара маңындағы халықтардың мүддесіне барынша аз залал келтіру үшін шекарамыз делимитациялық сызығын жүргізу бойынша өзара қонымды келісілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік берді /73/.

Делимитациялау процесі кезінде Бағыс пен Түркістан елді мекендеріне байланысты үлкен даулар туды. Бұл мәселелер баспасөз беттері мен БАҚ-тар беттерінде үстін-үстіне көтеріліп жатты. Дәл осы мәселе бойынша көршілес Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасында үлкен теке-тірес бола жаздады.

Әуелі Бағыс ауылының аймағына тәуелсіз Бағыс қазақ республикасы құрылды. Жергілікті тұрғындарды мұндай шалт қадам жасауға мәжбүр еткен өзбек шекарашыларының озбыр әрекеттері болатын. Тіпті екі мемлекеттің азаматтары бір-біріне тас лақтыруға дейін барған /74/. Мәселе күрделене түседі. Алматыда осыған сәйкес «Бағысты қорғау жөніндегі жастар комитеті» құрылды. Олар және талдықорған, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкенттен «Азат» қозғалысының өкілдері қосылып 2004 жылдың 29 желтоқсанында Түркістан елді мекеніне сапар шегеді. Олар анықтаған мәліметтер бойынша ондағы жалпы халықтың басым бөлігін қазақ халқының құрайтындығы белгілі болды.Ал енді Түркістан мен Бағыстың тарихына көз жүгіртейік.

1941 жылы Мәскеу сол кездегі Сарыағаш аудиториясынан «Мемлекеттік қор» деген атпен жер алады. Бұл «Турк-ВО» деген артиллериялық палигон болады.

Бостандық және Сарыағаш аудандарының 1941 жылғы картасында олардың көлемі, қай елді мекеннің қай аудан аумағында тұрғаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бағыс, Түркістан елді мекендері Сарыағаш ауданы картасының 44-квадратына тұр. Бұл квадараттың көлемі 7200 га /75/. Бұл кезінде Бостандық ауданынан алып қалынған. Ол 121 000 гектар жайылымды жер аумағында да кірмейді.

Көп кешікпей жағдай өзгере бастады. 1974 жылы «Түркістан әскери округі» өз атағынан айырлды. Себебі, 1974 жылы Мәскеу артиллериялық полигонның бас штабын Ташкенте ашып, Орта Азия әскери Округін құрады.

1974 жылдан бастап полигоннан қалған жер игерілместен қалып қояды. «Подсобное хозяйства» талабымен, Бағыс ауылы «Турек-ВО» елді мекенін «Түркістан» деп атап, бағыстықтардың тең жартысы сол ауылға көшіп барып, шаруашылықтарын жүргізе береді. Сонымен қатар өзбек ұлты да осы елді мекендерге еркін көшіп келе бастады. Өйткені ол кезде халықты қатаң әкімшілік аумақтарға бөліп тұратындай жағдай болмаған еді. Сондықтан да бұл жерге осыдан бастап қазақтардан өзге ұлт өкілдері қоныстана береді.

Дәл осы сияқты Турк ВО артполигонына Қаратас (қазіргі Қазығұрт) ауданынан алынып берілген жердің тағдыры былай шешілген. «Оңтүстік Қазақстан газетіне («ОҚ», №25, 16 ақпан, 2002 жыл) берген түсінігінде Қазығұрт ауданының әкімі Әли Бектаев былай дейді: «Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің 1949 жылғы 13 қарашадағы және 1954 жылғы 21 тамыздағы қаулыларына сәйкес Қазығұрт ауданының «Қызылтау» совхозынан әскери мақсатқа пайдалану үшін Түркістан әскери округіне уақытша берілген 2950 гектар жер мәслихаттың мамырда болған 1-ші сессиясының қаулысына сәйкес Шымкент облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1990 жылғы 27 шілдесіндегі №476 Жарлығымен 1991 жылы Қазығұрт ауданының есебіне қайтарып алынған /76/.

Елді мекендердің бұдан кейінгі тарихында біз жоғарыда тоқталып өттік.

Міне, осылай күрделі даулар туғызған қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау процестерді осылай шешілді. Ендігі кезекте демаркация процесі өз жұмысын бастады.

Демаркация процестері бүгінгі таңда толық аяқталды деуге болады.

ІІ-тарау. Тәуелсіздіктен кейінгі шекаралық өзгерістер.

ІІ.2.Делимитациялау процесіне қоғамдық көзқарас.

Қазақ халқында «өткен іске сыншы көп» деген қанатты сөз бар. Сол айтқандай делимитациялау процесі жүріп өткенннен кейін оған деген халықтың пікірі баспасөз беттері мен қоғамдық орталықтарда оқтын-оқтын айтылып жатты. Біреулер біз шекара бөліс кезінде көп жерді ұтылдық десе, базбіреулер бұған да шүкір десіп жатты. Ақиқатына келсек алдыңғы пікірді қуаттағандардың саны анағұрлым көп болды. Сонымен қатар осы сәтті пайдаланып екі мемлекет арасын ушықтырмақ ниетте болғандар да ұшырасып жатты. Олардың ниеттерінің іс-жүзіне аспағаны көңіл қуантады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Сындарлы он жыл» атты кітабында: «Әрине, көршілес мемлекеттердің бірде –бірі Қазақстанның аумақтық тұтастығына шек келтірмейді, бірақ солай болған күнде де, кез –келген сепаратистік идеадан туындайтын нақтылы қауіп –қатерге саусақ сыртынан қарауға болмайды», /77/-деген еді. Сондықтанда елдің аумақтық тұтастығына зиян келтіруі мүмкін және елді қарулы жан –жалдарға бастайтын кез –келген идеяның жарымсыз екндігін біз әрдайым есте ұстауға тиіспіз.

Бірақ делимитация және демаркация процестері кезінде халықты шулатқан нешеме оқиғалар болып жатты. Яғни, 1999 жылға дейін өзбек жерінде тұрған Маиск кеден бекеті 12 шақырым ішкеріліп, Түркістан ауылын өз ішіне қымтап алса, сол сияқты жағдай Жібек Жолы ауылында, Сарыағаш шипажайында орын алды /78/. Жақында ғана «Ұшқын» бекетіндегі көршілеріміз 30 метрге бері жылжыпты. Дәл осындай жағдай «Ынтымақ», «Түркістан» ауылы маңындағы және «Көктерек» бекетінде де қайталанған/79/. Осыған байланысты үлкен наразылықтар орын алып жатты. Мұның орынды екендігі де даусыз.

Әбдіразақ Оспани деген азамат «Ауылымыз Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында орналасқан. Күні кешеге дейін шекараның не екенін білмей өстік. Зак өзені картаға да түскен жоқ екен. Жолақ сызықтай жылыстап ағып жататын», /80/-дейді. Ол өз сөзінде жер үшін жанталасты және ондағы көңілге қанымсыз тұстарды наразы бола тұрып атап өткен.

Соңғы кездері «өз ағам» деп бауырға балайтын өзекеңдер -өзбек ағайындар құдайы қонысы қазақ жеріне қызғаныш қылық танытып, ебін тапса екі қадам жер болса да өз еншісіне елегізіп ашуға тырысып, тыныш жата алмайтын болды, -дейді Асхан Майлыбаева дейтін азаматша өзінің Оңтүстік Қазақстан газетіне жазған мақаласында, -өздерімен іргелес қонған Сарыағаш аймағының әр -әр тұсынан өз беттерімен шекара шегін белгілеп, қалаған жерінен қазық қағып әлек болды. Олардың бұл өлермен өзімшілдігі қанша кеңпейіл болса да қытығына тие бастаған қазақтардың орынды ренішін тудыруда. Баяғы кеңестік кеңшілік кезеңде уақытша деп алып, бір жола егеленіп кеткен 4 млн. 89 сектар есіл жеріміздің есесін қайтара алмай отырғанымызда олар қыбын тауып әлі де сыналап сұғына түсудің амалын жасап қалмақ /81/. Әрине мұның бәрі делимитация процесі кезінде болып жатты.

Демаркациялау процесінің де өзіндік қиындық туғызған жерлері болып жатты. Бұл жөнінде демаркациялау жөніндегі комиссияның қазақ жағының төрағасы Мұрат Марданұлы Атанов былай деді. Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасында демаркациялық жұмыстарды жүргізген кезде екі мәселе белгілі белгілі бір деңгейде қиындылық туғызуы мүмкін. Біріншісі, шекараның елеулі бөлігі адам қоныстанбаған, жүріп-тұруы қиын учаскелер арқылы өтеді (бұлар Майдантал және Өгем жоталарының таулы үстірттері, Қызылқұм шағылдары, Арал теңізінің тартылған табаны, үстірт алабы). Бұл жерлерде негізгі қиыншылықтар жолдардың, су көздерінің болмауына байланысты және сусымалы, борпылдақ топырақта шекара белгілерін орнату да оңай емес. Бірқатар аудандарға тікұшақпен ғана баруға болады және осындай жолмен жүктерді жеткізуге тура келеді (бір шекаралық бағана салмағының өзі 250 кг. тартады).

Екінші мәселе елді мекендер арқылы өтетін шекара учаскелері. Бұлардың ұзындығы 2350 шақырымға созылатын шекараның 10 шақырымына жуық. Біз ұзақ уақыт бір мемлекетке өмір сүрдік және таяу уақытқа дейін адамдар әкімшілік шекараға қарамастан қоныстанып келді. Атап айтқанда, Жібек Жолы, Көктерек және басқа да бірқатар елді мекендерде Қазақстан мен Өзбекстан азаматтары араласып тұрып жатыр /82/. Осыған байланысты демаркациялау кезінде қиыншылықтар орын алып жатты. Кейбір жерлерде шекара сызығы үйдің үстімен де өткен екен. Демаркациялауға сәйкес үйлері бір елде, ауласы екінші елде қалып қойған отбасылар да кездесіп жатты.

Каналдар мен өзендердің мәселесі де екі жақты комиссия мүшелерін ойландыруда. Мысалы, шекараны жеті жерінен кесіп ағатын өзен бар. Осындай шекаралық аймақтардағы көпірлер мен кейбір нысандар айрықша бақылауда ұсталып, ол жердегі жұмыстар шекарашылардың қарауылдармен жүзеге асады. Сондай-ақ, сызық бойында тұрғындардың шаруашылық жерлері қалса да өтемақысы төленетін болады. Әрине, ол жерді заңды түрде сатып алып, мемлекеттік актімен иеленсе ғана. Комиссия аз шығын жұмсап, ұтымды тірлік тындыру үшін жерінің аз бөлігі ғана сызық бойында қалған үйлер көшірілмейді. Тек қосымша жерлер ұсынылды /83/. Жаңалық газетіне ортақ мақала жазған бір топ тұрғын былай дейді: Біз Үкіметке сендік. Бірақ нақтылы құжатқа қол қойылған кезде тұрған жеріміз Өзбекстанға өтіп кетті. Барлығы сол кезден басталды. Біздің қалтамызда құжат –Қазақстандікі, ал өмір сүріп жатқан жеріміз, басымыздағы баспанамыз -Өзбекстандікі болып қала берді. Өйткені, мемлекет басшылары келісім шартқа қол қойып қойған болатын. Басымыздағы құқай, әңгір таяқ та сол жылдың аяғы мен келесі жылдың басында басталды /84/. Мұндай мысалдар көптеп кездеседі. Олардың барлығын да үкімет мейлінше тиімді жағдайда шешіп беруге тырысуда.

Осылайша оңтүстіктегі көршімізбен шекара мүжелеу ісі жүзеге асты. Алайда екі ел арасындағы межені білдіретін тікенек сым екі ел арасында бұрынан келе жатқан байланыстарға да үзілді –кесілді тиым салды. Ең ауыры біздің 30 мың қандастарымыз шекараның арғы бетінде қалып қойды. Олар қаласа оралман мәртебесін ала алады және жеңілдіктерді пайдаланады. Бірақ бүкіл ғұмырын Қазақстанның игілігіне арналған халықтың еңбегі ұшы болды. Олар енді өзге оралмандар сияқты азаматтық алудың, тиісті жеңілдіктеріне қол жеткізудің азабын тартары анық.

Бірақ шекара белгіленгенімен онымен келіспейтіндер көп. /85/.

2003 жылы күзде Бостандық ауданынан Қазақстанға өзекті өртейтін хат келді. Онда кейбір дөрекі өзбектердің жергілікті қазақтарға қоқан–лоққы жасайтындығы, тіпті, мал –мүліктерін тартып алып, себепсіз ұрып соғып, қамап қоятындығы және оларға өзбекстандық билікті іш бұратындығы, яғни, тиісті жаза қолданбай, керісінше өздеріне шүилігетіні жазылған. Онда : «Кіндік қанымыз тамған жерден, ата-бабаларымыздың ізі қалған жерден, олардың аруағын жат қолға тапсырып, Қазақстанға қоныс аудару мұндағы қазақтар үшін оңай емес. Бостандық –қазақтың жері. Тоталитарлық Кеңес өкіметінің жіберген тарихи қателігін қалпына келтірудің уақыты кеткен сияқты», /86/-делінген. Хат Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларына және Егемен Қазақстан газетіне жолданған. Хат соңына 800-ден аса адам қол қойыпты. Қандай ойландыратын мәселе?! Бірақ, Бостандық ауданын күн тәртібіне көтеру келмеске кеткендей мәселе ғой!

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаев өзінің «Беласу» атты кітабында осы мәселе жөнінде былай деген еді. «Кремельдің осы қате шешіміне біз жүрегіміз сыздай тұрып, сан мәрте оралғанымыз бар. Бірақ тарихта кері бұрылатын жол болмайды. Бостандық ауданын Қазақстан құрамына қайта беруді талап ету өзбектермен барлық қарым –қатынастар жүйесін білдіру әрі бұдан туындайтын өкінішті салдарға ұрындыру деген сөз. Былайша айтқанда, үлкен жанжал өрбіп кетуі мүмкін. Ал бұл екі ел халықтарынң түбегейлі мүдделері мен арман-мұраттарына қайшы келер барып тұрған жауапсыздық шешім болған болар едік /87/.

ҚР экс–Сыртқы істер министрінің бұл мәлімдемесі де шындыққа жанасымды. Өйткені дәл бүгінгі таңда Өзбекстан Республикасында қалып қойған Бостандық ауданын Қазақстанға қайтарып алу ақылға сыймайтын дәрежеге жетті. Өйткені бұл мәселені қайта қозғау екі ел, тіпті дүние жүзі деңгейінде қабылданған қаншама заңнамалық құжаттарға қайшы келер еді. Ендігі қолдан келер іс дипломатиялық келіссөздер арқылы ондағы қандастарымыздың құқығын қорғау.Өйткені бұл өзге елдің ішкі ісіне қол сұғу болып табылмайды.

Қазақта «аузы күйген үріп ішер» деген сөз бар. Расында да тарихта кеткен сәттер болашақта сабақ болуға тиіс тарихтың бізге арналған тағылымы осы болса керек.



Қорытынды

Қазақстан тарихында қазақ халқы ұялатын тұс жоқ. Ешқашан өзге елдің территориясына көз алартқан емеспіз, басқа елдің жеріне жөнсіз басып кірген емеспіз. Қайға тарихта есе жіберген тұстарымыз баршылық, - деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтпақшы, біз үшін тарихтан сабақ аларлық жеріміз көп. Кейбір деректерді саралап көрсек Қазақстанның Өзбекстанда қалған жері Арменияның мемлекеттік аумағынан да көп екен. Ол жерлердің тарихи тағдырына жоғарыда тоқталып өттік. Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тағысында «атты кітабында шекара жайлы мынадай мәліметтер келтіріп өтеді: Г.Д.Геншердің баспасөз маслихатында айтқан бір сөзі есімнен шықпайды. Сөз кейбір жерлердің байырғы екендігі не еместігі жайында болдып жатқанды. Ол: Европа картасындағы кез – келген нүктені алмайықшы. XVII, V, VII тіпті олардан басқа кез – келген ғасырда ол жерлер әртүрлі мемлекеттердің қарауында болды. Олардың көбі қазір дүниеде жоқ. Ал біз 1991 жылы өмір сүріп отырмыз. Тарихқа құлақ ассақ – шекара жайындағы кез – келген даудың мәні жоқ. Таласушы екі жақ та өткеннен өзіне пайдалы көп дерек келтіре алады. Біз, ақылды адамзат ретінде, шекары бауын тыюымыз қажет. Біздің есіл дертіміз келмекте және ынтымақтасты нығайтуда болуда тиісті. Тарихтың бізге « үйретер басты тағылымы осы » деген еді /88/. Шынында да тарихта болған сәттер келмеске кетті. Біз үшің негізгі жетістік делимитациялау және демаркациялау процестері кезінде жанжалсыз келісімге келуіміз болса керек. Екі жақ Президенттері арасына от тастаушылар да болмай қалмады. Осыған байланысты Өзбекстан Президенті Ислам Каримов былай деді:

- Соңғы кездері біз (екі президент) ешуақытта тіл табыса алмайды деген әңгімелер көп айтылды. Мен мұндай пікірлерді баспасөзден, телеарналардан, мәлімдемелерден оқып – естіп жүрмін. Ендігі менің айтпағым, жоғарғыдый пікір айтқан адамдар күні ертең – ақ өздерін өте жайсыз сезінетін болады /89/. Н.Назарбаев та өз кезегінде «Біз екі ел арасындағы шекараға ешқандай келіссөзсіз қол қойған болар едік. Бірақ халықтың жағдайын, аралас отырған халықтың ахуалын ескере отырып, осындай қоғамға бардық» /90/ – деді.

Шекара толық шешілгенімен кейбір кездері даулар болып жатыр. Яғни, шекарадағы контрабанда т.б. қылмыстар кейде адам өлімдеріне дейін соқтыруда. Осы орайда «Құрамында Серік Абдірахмановтан бөлек Сәуірбай Есжанов, Нұрлан Жылқышиев, Мұрат Керімов, Төлеген Мұхамеджанов бар депутаттар тобы «Қазығұрт» кеден бекеті тобымен танысты. «Жібек Жолы» кеден бекетінде ауыл тұрғындарымен жүздесті» /91/. Онда орын алып жатқан келеңсіздіктермен танысты. Бірақ мұның бәрі де уақыт өте келе реттелетін нәрсе. Ең бастысы екі мемлекет арасындағы шекара заңды түрде, нағыз демократиялық принциптерге сай шешімін тапты. Шекара делимитациясы тарихта зор із қалдырды. Осы келісім арқылы Қазақстан өзінің дипломатиялық корпусының жоғары дәрежелі екендігін Өзбекстанға тағы бір дәлелдеді.

Кезінде Франция президенті Франсуа Миттеран «Шекараны талқылау соғысты талқылау деген сөз» депті. Расында да шекара тақырыбы нәзік әрі қауіпті. Яғни, жарылғыш мина тәрізді. Біз үшін шекара бөлігінің бейбіт шешілгені зор жетістік болды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 91 бап, 2 тармағында «Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республикасының басқару нысанын өзгертуге болмайды»/92/ делінген. Ендігі біздің мақсатымыз Ата заңымызда көрсетілген еліміздің унитарлылығын сақтау. Оңдағы ұлан – байтақ жеріміздің болмысын пайдалана білсек болғаны. Қазақстан Республикасың көрші елдермен тығыз – қарым қатынас орнатып, дамудың биік шыңдарына көтеріле беруі күн тәртібіндегі негізгі мәселе. Оған толық мүмкіндік бар.

Міне, осылайша XXғасырдың басынан басталған шекара бөлісі, араға көптеген даулар туғызып күні кеше ғана өз шешіміне толық нүкте қойды. Мен бұл шекараның мызғымасына кәміл сенемін.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет