Диссертация Отандық ғылыми кеңесші: Филология ғылымдарының докторы, профессор Пірәлі Г. Ж



бет10/48
Дата12.03.2022
өлшемі0,51 Mb.
#135299
түріДиссертация
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   48
Байланысты:
Диссертация Сәулембек Г.Р.

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. ХХІ ғасырдағы қазақстан әдебиеті рухани жаңғыру дәуірін бастан өткеруде. Қоғамның рухани әлеміне ықпал еткен саяси, экономикалық, әлеуметтік өзгерістер нәтижесінде ұлт өмірінде елеулі өзгерістер орын алды. Ширек ғасырда өмірге, әдеби-мәдени құндылықтарға деген көзқарастар түбегейлі өзгеріп, заманауи ұлттық парадигма қалыптасып үлгерді. Қоршаған орта туралы түсінік те жаңарды. Осылайша, тәуелсіздік алғаннан кейінгі орын алған тарихи-әлеуметтік өзгерістер жазушылардың дүниетанымына әсер етіп, замандастың көркем образы арқылы бейнелене бастады. Кеңестік кезеңдегі саяси идеологиялық қыспақ келмеске кетіп, тәуелсіздікке дейінгі реалистік, романтикалық сипаттағы әдебиет модернизм және постмодернизм философиясымен түрленіп, көркемдік кеңістігін кеңейтті. Отандық сөз өнері өрісінде ширек ғасырға жуық көрініс тауып, көркем-әдеби бағыт ретінде танылған постмодернизм прозаға көптеген тың тәсілдік, түрлік, мазмұндық, стилдік және құрылымдық өзгерістер алып келді. Қоғам, сана өзгерген тұста әдебиет те, оларға қойылар талап та, оны таныту шаралары да жаңартылуы заңдылық.
Отандық әдебиетте постмодернистік дүние қабылдау Д.Амантай, А.Жақсылықов, Д.Нақыпов, Т.Әсемқұлов, Ж.Қорғасбек, Ә.Байбол, М.Қосын, т.б. авторлардың шығармашылығында көрініс тапты. Аталған авторлардың шығармалары қазіргі әлемдік тарихи-мәдени үдерістегі жаңа үрдістер
(тенденциялар) мен бағыттар мәнмәтінінде жиі талқыланады. Көркем әдебиеттегі постмодернизмнің көрінісі, әдебиеттанушылардың жіті назарын аударып отырған тақырып. Гуманитарлық саладағы ғалымдар тарапынан осы тақырып төңірегіндегі қызу пікірталас әлі толастаған жоқ.
Осыған байланысты тәуелсіздік тұсында өріс алған постмодернистік шығармаларды бейклассикалық ғылым өкілдері енгізген талдау жүйесімен теориялық тұрғыдан зерттеу қазіргі ғылымның өзекті мәселелерінің бірі. Әлемдік және қазақ әдебиеті мәнмәтінінде кеңінен зерттеліп жүрген постмодернизмнің поэтикасы, ондағы көркем категориялардың қызметі мен олардың мазмұндық, түрлік, стильдік, құрылымдық ерекшеліктері шетелдік қана емес, отандық зерттеушілер тарапынан да кеңінен зерттеліп келеді. Отандық әдебиеттануда бұл мәселе Л.В. Сафронованың еңбектерінде арнайы қарастырылған. Оның «Автор и герой в постмодернистской прозе» деген тақырыпта қорғалған докторлық диссертациясында қазіргі постмодернистік прозадағы автор мен кейіпкер категориялары ғылыми мәселе ретінде қарастырылған. «Постмодернистская литература и современное литературоведение Казахстана» (Учебное пособие. Алматы; КазНПУ им. Абая, 2006. – 96 с.) деген оқулығында зерттеуші Х.Әдібаевтың «Созвездие близнецов», А.Жақсылықовтың «Другой океан» романдарын орыс қаламгерлерінің шығармаларымен салыстыра отырып, қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттар мен ағымдарды көркемдік құбылыстарды сараптайды. Сондай-ақ осы тақырыпқа А.К. Ишанова «Типология литературной игры. От барокко до постмодернизма» атты монографиясында, Г.А.Шарипова «Интертекстуальное пространство литературы (Диалоги русской литературы ХІХ-начала ХХ вв. и казахской литературы ХХ в.)», А.А. Джундубаева «Нарративные статегии в постмодернистской прозе» атты диссертациялық жұмыстарында арнайы тоқталады.
Ал, постмодернизм поэтикасындағы көркемдік тұтастық мәселелері мен ирониялық таным категорияларын қазақ әдебиеті мысалында қарастыру, постмодернизмді және оның қаламгерлер шығармашылығында көрініс беру формаларын зерделеу осы зерттеудің маңыздылығын білдіреді.
Жаңа үрдістердің (тенденциялардың) көрінісі қазіргі прозалық шығармалардың құрылымдық және мазмұндық деңгейінде байқалатындығына А.Жақсылықов, Т.Әсемқұлов, Д.Амантай, Ж.Қорғасбек, Д.Нақыпов, А.Байбол, М.Қосын т.б. туындылары дәлел бола алады.
Зерттеушілер тарапынан қазіргі қазақ жазушыларының романдары, повестері, әңгімелеріндегі аса ерекше формалар аталып өтіліп, отандық әдебиеттануда бұл шығармалардағы мазмұндық, түрлік жаңашылдықтары әрдайым түрлі сыни пікірлер тудырып отыратын.
Зерттеуде жоғарыда келтірілген жаңашылдықтар постмодернистік мәтіндердегі симулякр, метапроза, ирония, интертекстуалдылық мәселелері Д.Амантай, Т.Әсемқұлов, М.Қосын, Ә.Байболдардың шығармаларындағы автордың «Меніне» күмәнмен қарау, автордан мәтінді жоғары қою (Р.Барт
«Смерть автора», М.Фуко «Что такое автор»), аласапыран (хаос) дүниеден мән-
мағына іздеуден бас тарту және мән-мағына іздеуге пародия жасау, шығарманы ойын түрінде беру сынды пішіндік, құрылымдық жаңашылдықтар, яғни әр қаламгердің өзіндік өрнегі постмодернизмнің басты тұжырымдарымен үндесе, ұштастырыла қарастырылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   48




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет