Зерттеутақырыбыныңөзектілігі. Зерттеу нысаны болып отырған тәуелсіздік кезеңдегі постмодернистік прозаның поэтикасына тікелей қатысты категориялардың, көркемдік-эстетикалық құндылықтардың, постмодернизмдегі шығармашылық еркіндік пен әлемдік әдебиеттегі тәжірибелердің қазақ прозасында көрініс табуы, қазақстандық авторлардың жазудың жаңа құралдарын, амал-тәсілдерін, қалыптарын (формаларын), ерекше көркемдік жүйелерді меңгеруіне ықпал етуі зерттеу бағытының да жаңа деңгейге көтерілуін және зерттеудің жаңа әдістемелік базасын қалыптастыруын талап етуі зерттеу тақырыбының өзектілігін танытады.
Диссертациялық жұмыста соңғы кездері баспасөз бетінде көп айтылып жүрген қазақ әдебиетіндегі тартысты мәселе ғылыми теориялық тұрғыдан қорытындылау негізінде зерттеледі. Ширек ғасырды қамтитын тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ әдебиетінің көркемдік ахуалы мен жас авторлар туындылары жаңаша көзқарас тұрғысынан талданады. Бұл тақырып қазақстандық орыс тілді зерттеушілер тарапынан біршама қарастырылған да болатын.
Жұмыстың басты құндылығы ретінде отандық әдебиеттануда ХХІ ғасырдағы плюралистік таным мен постмодернистік мәдениет мәселелері қазіргі қазақ қаламгерлерінің шығармалары негізінде терең зерттеуге нысан болып отырғандығын айтуға болады. Бұған қоса, постмодернизмге тән көркемдік категориялар арқылы еліміздің ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы мәдениетінде елеулі орны бар авторлардың прозасына ғылыми-теориялық зерттеулер жасалады. Қазіргі әдеби үдерістегі жаңашылдақтар анықталады. Мазмұндық, құрылымдық өзгерістер әлемдік әдеби тәжірибелермен салыстырыла отырып, нақты мәтіндермен дәлелденіп, ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысындағы әдебиет дамуындағы негізгі бағыт-бағдарлар айқындалады.