Зерттеунысаны ретінде А.Жақсылықовтың «Ант ұрғандардың түстері» («Сны окаянных»), Д.Нақыповтың «От орны» («Круг пепла»), Д.Амантайдың
«Гүлдер мен кітаптар» романдары, Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» повесі, Ж.Қорғасбектің «Жаконданың жанары» және «Өлмейтін құстар», Ә.Байболдың «Ормандағы жиын», М.Қосынның «Төстіктің қателігі», «Буве аралы», «Нерд» әңгімелері таңдалып алынды.
Зерттеупәні ретінде қазіргі қазақ прозасындағы постмодернизмнің көркемдік категориялары алынды.
Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты – қазіргі қазақ прозасында постмодернизмнің көрініс беру ерекшелігін зерттеп, оның отандық әдебиетке ықпалын анықтау.
Диссертация жұмысының мақсатына жету үшін мынандай міндеттер қойылды:
тәуелсіздік жылдардағы қазақ прозасында жаңашыл бағыт-бағдарымен танылған постмодернист-жазушылардың (Д.Амантай, Д.Нақыпов, Ж.Қорғасбек,
А.Жақсылықов, Т.Әсемқұлов, М.Қосын, Ә.Байболдардың) шығармаларындағы мазмұндық, құрылымдық, стильдік ізденістеріне терең, жан-жақты талдау жасау;
Батыс Еуропа әдебиетіндегі постмодернизм бағыты өкілдерінің шығармаларындағы жаңалықтар мен саналы түрде жүргізілген әдеби сынақтардың қазақ қаламгерлерінің шығармаларына жасаған ықпалын олардың прозаларын салғастыра талдау арқылы зерттеу;
қазіргі постмодернистік прозадағы интертекст пен симулякрдің пайдаланылу тәжірибелеріне талдау жасай отырып, поэтикалық табиғатын анықтау және саралау;
мәтін тұтастығына жасалған ирония немесе қайта құрылымдаудың (деконструкция) түрлерін анықтап, метапрозаның өзіндік ерекшеліктерін айқындау мақсатында қазақ қаламгерлері шығармашылығын салыстыра зерттеу;
постмодернистік мәтіндерде ақиқатты, тұжырымдамаларды және идеялық-эстетикалық жүйелерді, моральдық-этикалық құндылықтарды ирониялық тұрғыда қабылдаудың жүзеге асырылу ерекшеліктерін анықтау;
ХХІ ғасырдағы постмодернизмнің көркемдік-эстетикалық құндылықтар жүйесіндегі қазақ прозасының орны мен рөлін анықтау.