Ең алдымен, композитор Рамазан Елебаевтың өзі туралы бір-екі сөз



бет3/3
Дата31.12.2019
өлшемі61,37 Kb.
#55099
1   2   3

Үкімет наградасын алған жауынгер жолдастар бір-бірін құшақтап, құттықтасып жатыр. Бәрі де қуанышты. Олар полк командирінің дастархан үстіндегі қабылдауында болғаннан кейін өздерінің бөлімдеріне тарай бастады. Біразымыз Рамазанды ортаға алып, құтты болсын айтып жатырмыз. Неге екенін айту қиын, Рамазан ұялып тұр, екі беті қызарып кеткен.

– Осы награданы маған не үшін бергенін түсінбеймін, – деді Рамазан. – Қолма-қол ұрысқа қатысқан жоқпын.

– Саған награда орынды берілген, – деді Соловьев. – Сен жаудың қардай борап тұрған оғына қарамай, алпысқа жуық жаралы жауынгерді ұрыс даласынан алып шығып өлімнен құтқарыпсың, көмек көрсетіпсің. Мұның нағыз батырлық. Сол үшін кеудеңе Қызыл Ту тағып отырсың. Ал Трошки маңында жасаған ерлігіңді өзім көргем және сол ерлігіңді бағалап наградаға тапсыру жөнінде полк командиріне ұсыныс жасағам.

– Е-е, Рақаңа екінші награданың құлағы көрініп тұр екен ғой. Оны да осы бастан тойлай бергеніміз жөн емес пе, – деп Ербатыр жымың ете түсті.

– Әуелі алғашқысын жусын.

– Бәрі де болады.

– Қашан? Соғыс бітіп, елге қайтқаннан кейін бе?

– Айттым ғой, болады деген соң болады. Хабар өзімнен, – дейді Рамазан.

– Мақұл. Оныңа да көндік, келістік.

– Композитор жолдас, бүгін концерт беретін-ақ күн екен, – деді Соловьев. – Артистерің қайда?

– Концерт кейінірек болады, артистеріміз алдыңғы қатарда. Олар қазір фашистерге концерт беруде, – деді Рамазан.

– Артистеріңмен байланысың бар ма? Көріп тұрасың ба?

– Бәрі шабуылда жүр ғой, тек кейбіреуін ғана көрем. Бүгін награда алғандардың ішінде әнші Батталов, баянист Смирнов пен Андрейчук бар. Олар өнер мен ерліктің егіз екенін көрсетуде.

– Молодец!

Ротама қарай бара жатыр едім, соңымнан Рамазан қуып жетті. Екеуіміз әр нәрсені айтып, сөйлесіп келеміз.

– Мені, – деді ол, – соңғы кезде Төлегеннің ерлігі мен өмірі қызықтырып жүр. Онымен Алматыда бірге болдық, майданға бірге келдік, аз күн болса да соғыс дәмін бірге татыстық қой. Содан болу керек, оның қылық-мінезі, жүріс-тұрысы, адамгершілігі, бауырмалдығы ойымнан да, көз алымнан да кетпейді. Кішкентай кеудесіне үлкен жүрек қалай сыйып тұр деп те қоям. Батырлығы мен ерлігіне бас иемін де, таң қаламын. Ғажап қой.

– Бұл айтуларыңа қарағанда бірдеме шығармақсың-ау.

– Иә, дәл солай. Төлегеннің адамгершілік, ерлік бейнесін елестететіндей бірдеме жазғым келеді. Онда бір Төлеген емес, Төлеген сияқты ерлік жасаған талай жастардың батырлық тұлғасын көрсетсем деп ойлаймын.

– Ойың да, талабың да өте жақсы екен, құптарлық іс. Айтпақшы, сен Төлегеннің қандай ерліктер жасағанын, қандай жағдайда қаза болғанын білесің бе?

– Аздап мағлұматым бар. Төлегеннің жауынгер жолдастарымен, әсіресе, оның қазасын өз көзімен көрген Жұмажан Батталов, Василий Тимонин, Іңкәрбала Иманбековпен әңгімелестім. Бұлардың айтқанына өзің не қосар едің?

– Олардың саған не айтқанын естігем жоқ қой, ендеше не қоспақпын?

– Олай болса сен маған Төлеген туралы, оның ерлігі жайында білетіндеріңді толығынан айтып бер. Мұны мың адам айтса да мен үшін керек, қымбат материал, көптік етпейді.

Сол күні кеште мен Рамазанға Төлеген туралы білетінімді, көргенімді айтып бердім. Әңгімені ол өте зейін сала тыңдады. Көптеген сұраулар беріп, болмашы бір жайларды анықтай түседі. Төлеген ұрысқа енер алдында, ұрыс үстінде, ұрыстан кейін қандай күйде болушы еді? – деп психологтарша сұрау қойды.

– Мұның бәрін қайтесің?

– Өте қажет. Ән дегеніміз адамның ішкі сезімін де білдіруі керек. Олай болса, мен Төлегеннің қай жағдайда қандай күйде болатынын білуге тиістімін. Оны білмесем батырдың ерліктерін, қуанышы мен күйінішін айтып жеткізе алмаймын. Түсінікті ме?

– Түсінікті. Ал, Төлеген туралы шығармаңа қашан кірісесің, қай кезде дайын болады?

– Мен қазір ой үстіндемін, ойланып жүрмін. Төлеген туралы болашақ әнімнің кейбір әуені ғана бар сияқты. Бірақ, тұтас күйінде дүниеге келер мезгілін, қай кезде дайын боларын айта алмаймын. Мұның үстіне әнмен отыратын уақыт та жоқ қой.

– Қатарымызға қосылған күніңнен бастап, «әдемі ән шығарып бер» деген тілекті саған сан рет айтқан едік қой. Төлеген туралы шығаратын әнің сол тілегіміздің жауабы болар?

– Жоқ, олай емес. Ол тілектерің есімде, амандық болса оны кейін орындаймын. Ал, Төлеген туралы ән шығару керек деген ойға февральдың оны күні келдім. Сол күні мен қасыма үш жолдас алып Бородиноға бардым, Төлегеннің жас қабірінің басында болдым. Бір кішкентай төмпешіктің астында жас арыстан, батыр інім Төлеген жатыр дегенге сенгім келмей, сол жерде көп тұрып қалыппын. Қасымдағы жолдастарым «кеттік» демесе, Төлегеннің қабірі басында ұзақ тұрып қалады екем. Жас қабір мені қатты тебірентті, «батыр інім, сені мәңгі есте қалдыру үшін алдағы бір әнімді өзіңе арнаймын» деп ант еттім. Осы әнім ойдағыдай болып шыға қалса, «Жас қабір» деп атаймын.

– Әуелі әдемі ән келсін деп тілейік, ал оны қалай атауың қиын болмас. Бірақ «Жас қабір» деген ат маған ұнамайды. Әнің қабір туралы емес, батыр туралы ғой. Ендеше, әнің адамға байланысты аталуы керек.

– Жарайды, бұл да есте болатын ақыл екен. Шынымды айтайын: жатсам да, тұрсам да, жүрсем де ойымнан Төлеген кетпейді, ол мені толғандырып жүр...

– Батыр туралы әніңнің әдемі де әйгілі болуына тілектеспін.

– Рахмет.

Уақыт зымырап өтіп жатыр. Панфиловшылардың басқыншыларға қарсы 1942 жылдың февралінде бастаған қысқы шабуылы Холм қаласының түбінде аяқталды. Осы уақыттың ішінде гвардеецтер жаумен соғыса отырып, батысқа қарай екі жүз километрдей жер алға басты, жаудан екі жүз елу елді мекенді (қала, село, деревня) босатып алды, мыңдаған совет адамын құлдықтан құтқарды, фашистердің он мыңнан астам әскерін жойып жіберді. Панфиловшылардың осы ерлігі аса жоғары бағаланды да, СССР Жоғарғы Советінің Президиумы 1942 жылы март айының 16-да қабылдаған Указы бойынша 8-гвардия дивизиясы Ленин орденімен наградталды.

Ал, апрель айының аяқ кезінде Жоғары Командованиенің ұйғаруына сәйкес панфиловшылар Холм қаласының түбінде қорғаныс жасауға кірісті. Ловать өзенінің шығыс жақ жағалауын бойлай бекіністер жасап алдық. Мұндай қорғаныс жағдайында қанша уақыт боларымызды білмейміз.

– Бұл жерде көп тұрамыз ба? – дейміз полк басшыларына. Бұған олар да нақты жауап бермейді. Бар айтары: қорғаныс шебің мықты болсын, жау өтпейтіндей болсын. Күн сайын жауынгерлік даярлықты жоспарлы түрде жүргізе отырып, алдағы ұрыстарға дайындала беріңдер, қысқы шабуылдардың тәжірибесін оқып үйреніңдер.

Бұл міндеттері жүзеге асыру үшін полкымыздың барлық бөлімдерінде көптеген жұмыстар жүргізіліп жатты. Жауынгерлерді алдағы ұрыстарға дайындау, оларға соғыс өнері мен қолда бар әскери құралдардың техникасы мен ату әдісін үйрету, жігіттерге саяси тәрбие беру сияқты жұмыстарға айырықша көңіл аударамыз. Бұлар күнделікті өміріміздің көрсеткіші секілді.

Айтылған кезде, полктың басқа бөлімдері сияқты, Рамазан істейтін санрота да өзіне тапсырылған міндетті орындаумен болды. Дәрігерлер мен санинструкторлар қысқы шабуылдар кезінде жүргізілген жұмыстарына талдау жасауда және алдағы ұрыстарға дайындалудың жолдарын, әдіс-амалдарын қарастыруда. Осы ретте айта кету керек: басқаларға қарағанда санротадағы жігіттердің оқуына, жазуына уақыты мол болатын. Мұндай мол уақытты босқа жібермей, ол өзінің творчестволық жұмысына пайдалана бастады.

Ловать бойында қорғанысқа көшкен күннен бастап, Рамазанның қолынан алты тілді кішкене қара гармонь түспейтін болды. Санрота жағына күндіз барсаң да, кешке барсаң да бір жуан қарағайдың түбіне орындық қойып алып гармонь тартып отырған Рамазанды көресің.

– Рақа-ау, қашан келсем де ылғи гармонь тартып отырасың, бұдан басқа жұмысың жоқ па? – деймін.

– Қатардағы санинструкторды басып жатқан жұмыс жоқ қой, – дейді Рамазан. – Сондықтан уақытымның көбін осы гармоньға беріп жүрмін. Сенен несін жасырайын, Төлеген туралы шығармақ болған әнімді іздеп сандалудамын. Бұл сырымды рота командирі де, жолдастарым да біледі. Олар маған сәт тілейді де басқа жұмыс тапсырмайды, «жаңа әніңді тезірек еститін болайық» дейді.

– Бұл жақсы жұмыс екен. Ал әнің қай күйде?

– Әзірге қаңқасы ғана бар деуіме болады. Күн-түн толғанудамын.

– Асықпа, әніңнің әдемі болып шығуына бәріміз тілектеспіз ғой, – дедім. – Бізден қандай көмек күтесің, нендей жәрдем берейік?

– Балтабек екеуіңнен ешқандай көмек сұрамаймын. Ал Ербатырдың қолғабысы керек сияқты, ол домбырашы ғой. Мұны мен әнім дайын болғанда білдірермін.

Арада біраз уақыт өтті.

Кешкілік кез еді. Балтабек, Бақтияр үшеуіміз барлаушылар взводына қарай бара жатыр едік, Рамазан мен Ербатыр кездесе кетті.

– Сүйінші, – деді Ербатыр.

– Аузыңа май, қалағаныңды ал, – дестік. – Иә, нендей жаңалық әкелдіңдер?

– Жаңалығымыз: ән әкелдік, – деді Ербатыр. – Мына Рақаңның көптен бері толғанып жүретінін білуші едіңдер ғой, бүгін ол ұл тапты. Төлеген туралы ән дүниеге келді.

– Уа, қайырлы болсын, құтты болсын, –деп жатырмыз. – Кәне, бұл әнді тыңдауымыз керек қой. Барлаушылардың «кең сарайына» барайық.

Бақтияр бастаған жер үйі әрі кең, әрі биік болатын және кешкісі электр жарығы үзілмейтін. Сондықтан да жігіттер бұл үйді «кең сарай» деп атайтын. Бәріміз сонда бардық. Рамазан гармонын, Ербатыр домбырасын ала келген.

– Ал, ағайындар, жаңа Ербатыр бәріңді қуантып сүйінші сұрады ғой, сол дүниемді алдарыңа алып келдім. Тыңдаңдар, – деп Рамазан қолына гармонын алды.

Біз тыңдай қалдық. Ән баяу үнмен басталып, қоңыржай да салмақты түрде өрбіп барады. Келесі сәтте алғашқы әуен байсалды қалпынан кенет өзгеріп биікке көтеріледі, самғай жөнеледі. Осылай шарықтаған ән бара-бара жан жүйеңді шымырлата бастайды, тұла бойыңа мұң мен қайғы сезімі енгендей болады. Содан өмір мен өлім таласқандай, кең тынысың тарылып, басыңа қатерлі қауіп төнгендей халге жеткізеді, көз алдыңда өмір үшін ақтық демі біткенше алысқан алыптың асқақ тұлғасы, қаһарлы күші елестейді.

Рамазан аса бір шабытқа келіп, гармонын аңырата тартып отыр. Екі самайынан аққан теріне де қарар емес. Ал біз болсақ, ұйып қалыппыз. Әрқайсымыз терең ойға кеткендейміз.

– Апырау, мынауың ғаламат ән ғой, – деді Балтабек, Рамазан гармонын тоқтатқан кезде.

– Иә, керемет екен, – деп Рамазанға құтты болсын айтып, қуанышымызды білдіріп жатырмыз.

– Берген бағаларыңа көп рахмет. Мақтанғаным емес, – деді Рамазан, – бұл әнім өзіме ұнайды, ойдағыдай шыққан сияқты. Рас, қайырмасының жетпей тұрған жері бар, әлі де өңдеймін, түзеймін ғой. Гармонь мен домбыраға, баян мен аккордеонға да салып көрдім, бәріне де келетін секілді.

– Бұл әннің сөзі бар ма?

– Сөзі әзірге жоқ, тек үні бар. Бірер күнде сөзін жазамын.

– Рақа, осы әніңді шығаруыңа қанша уақыт кетті.

– Екі айдан аса қиналдым ғой. Әннің алғашқы жолдары Төлегеннің жас қабірін көргенде-ақ туып еді. Бірақ, сол жолдардың жалғасын көп іздедім, күні-түні ыңылдаумен жүрген кездерім де болды.

Әнің әдемі екен, – деді Бахтияр. – Батырдың ерлік тұлғасын беріпсің.

– Ал бұл әннің атын не дейміз? – деді Балтабек.

– Рақаң осыдан біраз уақыт бұрын Төлегенге арнаған әнімді «Жас қабір» деп атаймын деген еді, – дедім. – Сонда да айтқам, қазір де айтайын: «Жас қабір» деген келісті атау емес. Сондықтан, бұл әнді майданда ерлік жасап, халқының даңқын шығарған ескерткіш етіп, «Жас қазақ» деп атағанымыз жөн.

Бұл атауға Рамазан да, басқалар да қарсы болмай, құптау айтты. Совет Одағының Батыры Тоқтаров Төлегенге арнап композитор Рамазан Елебаев шығарған ән сол күннен бастап «Жас қазақ» атанып кетті.

– Айтайын деген ойымды, – деді Рамазан, – әніммен білдірдім. Енді мұның өлеңін де өзім жазып көрейін. Бұған дейін шығарған кейбір әндерімнің өлең сөзін жазғаным бар еді.

Бір-екі күннен кейін «Жас қазақтың» өлеңі де дайын болды. Авторы Рамазанның өзі. Өлеңді оқып шықтық, қазақтың он бір буынды қара өлеңі үлгісінде жазылған екен. Өлеңдік қасиеті, адам сезіміне әсер ету жағы жетіспейді екен.

– Рақа-ау әдемі де әсерлі әніңе жазған мына өлеңің әлсіз ғой, адамға әніңдей әсер етпейді екен, – дестік.

– Қолдан келгені сол болды.

– Ендеше, бұл өлеңді жөндеп редакциялау керек. Бұған Бахтияр көмектессін, бәлкім, жаңа текст жазар.

Бахтияр жаңа текст жазуға келісім білдірді. Ал, Ербатыр екеуіміз Рамазан жазған тексті өңдеп, редакциялаған болдық. (өкінішті бір жай «Жас қазақтың» Рамазан жазып, басқамыз өңдеген өлеңін ұмытып қалыппын, қазір ол есімде жоқ). Біраз уақытқа дейін «Жас қазақ» сол текст бойынша айтылып жүрді.

1942 жылғы июнь айы. Өткен қыста ұйымдастырылған концерт бригадасы қайта жұмысқа кірісті. Оның жетекшісі, дирижері, композиторы болып Рамазан тағайындалды. Бұл кезде бұрынғы «әртістердің» біразы қатарымызда жоқ еді, олардың орнына басқалар келді. Полкымызда әнші мен биші, тақпақшы мен әңгімеші, баянист пен домбырашы, гармонист пен қобызшы әлі де көп екен. Солардың ең таңдаулылары полктағы өнерпаздар бригадасына алынды, бірақ, негізгі қызметін олар өз бөлімдерінде атқара берді, тек концертке даярланғанда ғана бір жерге жиналып отырды. Олар батальоннан батальонға барып, алдыңғы шептегі жігіттерге концерт беріп жүрді. Сол концерттерде хормен айтылатын әннің бірі «Жас қазақ» болды. Бұл ән тек қазақтардың емес, басқа ұлт жігіттерінің де жан-жүйесін босатып, көздерінен жас шығарғанын талай рет көргеніміз бар.

Рамазан бастаған өнерпаздар бригадасын полк жауынгерлері «Филармония» деп атады. Оның жұмысына қатардағы жауынгерлермен қатар командирлер де қатысты. Миномет батальонының комиссары Таир Сафаев, лейтенант Ербатыр Ермеков, лейтенант Александр Сафонов, капитан Михаил Булатов, аға лейтенант Николай Трофименко, тағы басқалары әрі әнші, әрі биші болып өнер көрсетті. Ал, осы бригаданың мүшесі болмаса да, бірақ концерт қойылған жерде жігіттердің шақыруымен Балтабек те сахнаға шығатын. Ол қазақша, орысша, татарша ән салатын, әсіресе, орыстың «Сергей поп, Сергей поп» дейтін әзіл өлеңін айтып, тыңдаушыларды қыран күлкіге батыратын.

Полктағы өнерпаздар бригадасы күн санап нығая берді, программасы мен репертуары да жаңарып отырды. Олар дивизияның құрылғанына бір жыл толуын полк көлемінде де мейрамдауға белсене араласты, батальондарға барып, мерекелік концерттер беріп жүрді.

Сөйтіп жүрген кезде аса бір қуанышты оқиға бола қалды. СССР Жоғарғы Советінің Президиумы 1942 жылғы июль айының 21 күні арнаулы Указ қабылдап, Москваны қорғауда тамаша ерлік көрсеткен 28 гвардеецке Совет Одағының Батыры атағын берді. Қуанышты бұл хабар көзді ашып-жұмғанша барлық жауынгерлерге жетті. Дивизияның полктары мен батальондарында осы оқиғаға арналған салтанатты минтингілер өткізіліп жатты.

Келесі күні осындай бір митингі дивизия көлемінде өткізілді. Оған барлық полктар мен арнаулы бөлімдерден көптеген жауынгерлер, командирлер қатысты. Митингінің ресми бөлімі аяқталған соң «концерт болады» деген хабар таралды.

– Қуаныш бәрімізге ортақ болса да, той иесі 1075-(кейіннен 23-гвардия полкы деп аталды) полк қой. 28 батыры бар бұл полктың өнерпаздары бүгін аянбайтын болар. Және бұлардың көркемөнерпаздары мақталып жүр ғой, – деген сияқты сөздер де естіледі.

Айтқандай-ақ полктың Рамазан бастаған өнерпаздары сол митингіге жиналғандарға әдемі концерт берді. Концертке жұрттың бәрі разы. Дивизия командирі полковник Серебряковтың өзі өнерпаздарға алғыс айтты.

Арада біраз күн өтті. Дивизия бойынша көркемөнерпаздар бригадасы құрылып, оған әрі дирижер, әрі жетекші болып Рамазан Елебаев тағайындалды. Бұл бригадаға дивизияның барлық бөлімдерінен талантты өнерпаздар алынды. Соның ішінде Қазақ ССР өнеріне еңбегі сіңген артист Темірбек Көкебаев, тағы бірнеше өнерпаздар бар еді.

Дивизияның көркемөнерпаздары жаз бойына полктан полкқа барып концерт беріп жүрді. Және осы кезде Рамазан аса бір творчестволық шабытқа келіп, «28 батыр», «Панфиловшылар маршы», «23-полк маршы», «Талғар полкының маршы» дейтін ән марштарын шығарды. Оның «Жас қазағы» мен аталған марштары көркемөнерпаздардың хормен айтатын басты номерлеріне айналған еді.

Уақыт өте берді. 1943 жылдың январь айында дивизияға Қазақстаннан бір топ артист, мәдениет қайраткерлері келді. Олардың ішінде белгілі жазушымыз Ғабиден Мұстафин, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков бар екен.

Ғабиден мен Жүсіпбек Рамазанның майданда шығарған ән-марштарын тыңдайды. «Жас қазаққа» жоғары баға береді. Сол жерде олар «Жас қазақты» Рамазанның өз орындауынан жазып алады. Оны майдандағы жігіттердің сәлемдемесі ретінде туған елге алып қайтады. Әннің жаңа тексін Ғабиден жазып береді.

1943 жылдың февраль айында жоғары бастықтардың бұйрығы бойынша мен панфиловшылар дивизиясынан басқа бөлімге ауысып кеттім. Мұндайда майдан өмірін бірге өткізіскен жолдастармен қоштасу қандай қиын. Жолға шығар сағаттарда Рамазан маған сәт сапар тілей отырып:

– Қош бол демеймін, кездесіп көрісер күн алда деймін, жеңіс күні қуанышпен құшақтасатын болайық. Сол күні бәріміз шалқыта салатын жаңа бір әнді ала келу менің міндетім болсын, – деген еді.

Содан кейінгі уақытта Рамазанмен хат алысып тұрдық. Ол өзінің және дивизиядағы жолдастардың не істеп жүргенін жазып тұрды. Бір хатында: «жақында (бұл 1943 жылдың декабрь айының іші болса керек) дивизиялық өнерпаздар бригадасы таратылды, мен өз полкыма, бұрынғы санинструкторлық қызметіме қайта келдім» депті.

1944 жылдың көктемінде панфиловшылар дивизиясы тағы да шабуылға аттанады. Ново-Сокольники деген қаланың тұсында қатты шайқастар болады, оған Рамазан да қатысады. Ұрыстың аса бір ауыр кезінде алдыңғы шепте жауға қарсы атой салушылардың қатарында бара жатқан Рамазанның қасына жаудың минасы түсіп жарылады. Сол жерде Рамазан ерлікпен қаза болады. Бұл 1944 жылғы апрель айының оны күні еді.



...Рамазан Елебаев. Бұл есім – Отан соғысы жылдарында басқыншы жауға қарсы сан рет қолма-қол ұрыстарға қатысып, тамаша ерліктер жасаған ардагерлердің қатарында тұр. Біздің халқымыз Рамазанды Отанның солдаты, екі рет «Қызыл Ту» орденімен наградталған жауынгер деп қана еске алмайды. Оны майданның әрқилы жағдайында, от пен оқтың арасында жүріп совет адамдарының ерлік тұлғасын бейнелеген ән-марштардың, әсіресе, «Жас қазақтың» авторы деп еске алады. Біз «Жас қазақты» Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровпен қатар Советтік Отан үшін құрбан болған жастарға, соның ішінде композитордың өзіне орнатылған ескерткіш деп білеміз. Мұндай ескерткіш мәңгі сақталады, өмір бойына ұмытылмайды, еске түсірген сайын жаңарып, жарқырай береді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет