XX ғасырдың басы Ресей империясында әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуімен, Қазақстанда отарлық саясаттың күшеюімен ерекшеленді. Отарлық саясат, әсіресе, аграрлық салада пәрменді жүргізілді. Қазақ өлкесі бірнеше қоныстандыру аудандарына бөлінді: Торғай-Орал, Семей,Сырдария, Жетісу. Патша өкіметі «Қоныс аудару қорына» (Переселенческий фонд) қуру үшін Қазақ өлкесіндегі «артық» жерлерді анықтайтын қоныстандыру басқармаларын құрды. Ресейдегі аграрлық саладағы өзгерістердің жаңа кезеңі «Столыпин реформаларымен» тығыз байланысты болды. 1906 жылы Ресейдің премьер-министрі болып тағайындалған П.Столыпин елде аграрлық реформа жүргізуді қолға алды. Столыпиннің аграрлық реформасының түпкі мәні селоларда аграрлық буржуазияны, яғни орта дәулетті кулактар тобын қалыптастыру арқылы Ресейдегі аграрлық мәселені шешу болатын. Реформа бойынша шаруаларға әзіне тиесілі жер үлесімен қауым құрамынан шығып, жеке хутор құруғарұқсат етілді. П. Столыпин Ресей империясының шеткі аймақтарына, соның ішінде астық өндіру үшін өте қолайлы Қазақ өлкесіне ерекше көңіл бөлді. Қазақ жеріне Ресейден келген шаруаларды қоныстандыру мен кулак шаруашылықтарын құру үшін оларға жеңілдіктер беру жүйесі енгізілді. Әрбір хуторға 45 десятина жарамдыжәне 15 десятина егістік жер берілетін болды. Жер бөлуші мекемелерге жергілікті көшпелі қазақтардың жерін тартып алып, олардың орнына орыс шаруалары мен кулактарды орналастыруға рұқсат берілді. Осындай шаралар арқылы Столыпин орыс шаруаларын Қазақ жеріне қоныс аудару қозғалысына күшті серпін берді. Егер 1895-1905 жылдары Қазақ өлкесінің далалық облыстарына 294296 адам қоныстанса, ал 1906-1910 жылдар арасында қоныстанушылар саны 770 мың адамға жетті. 1897жылғы санақ бойынша Дала өлкесінде орыстардың үлесі 20% құраса, ал 1917 жылы 1 қаңтардағы есеп бойынша олардың үлесі 42%-ға жетті. Түркістан өлкесінде орыс шаруаларының үлес салмағы 3,7%-дан 7,9% -ға дейін өсті.