2) егер сәтсіз жағдайлардың, мүліктің жойылуының немесе бүлінуінің алдын алу қажет болса;
3) кейінгі қалдыруға болмайтын жұмысты істеуге тура келсе.
Демалыс күні жұмыс істегені үшін еңбекшіге басқа күні демалыс берілуі керек.
5. Жыл сайынғы демалыстан ұзақтығығы кем дегенде 15 жұмыс күні болады. Әр салада жұмыс істейтін еңбекшілердің жыл сайынғы демалыс күндері әр түрлі. Мысалы, мұғалімдердің демалысы 48 жұмыс күні.
Азаматтардың білім алуға құқы бар. Жалпы орта білім алуға барлық азаматтар міндетті. Егер білім деңгейі мен басқа да жағдайлары (денсаулығы, сабақ жүргізілетін тілді білуі және т.б.) қабылдау шарттарына сай келетін болса, өзі таңдаған білім беру орнына оқуға түсуге құқылы. Оқушылар мен студенттердің жеңілдікпен немесе тегін тамақтануға, медициналық көмек алуға, оқу орнының өзін-өзі бос уақытында жұмыс істеуге қосымша арнаулы білім алуға құқы бар. Қалада тұрмайтын студенттерге жатақханадан орын беріледі. Өндірістен қол үзбей оқитын студенттер жұмыс орнынан ақы төленетін қосымша демалыс алуға, қысқартылған жұмыс аптасын және заңда көрсетілген басқа да жеңілдіктер пайдалануға қақылы. Студенттер мемлекеттік, қоғамдық бірлестіктермен және жеке адаммен шарт жасай алады. Шарт бойынша студентке стипендия, даярлау құны төленеді.
Оқушылар мен студенттердің өз міндеттерін де білгені жөн. Олар белгіленген талаптарға сәйкес мұқият оқып, тиянақты білім алуға, тәжірибе жағынан дағдылануға, оқу орнындағы ішкі тәртіп ережелерін сақтауға, басқа да талаптарды орындауға міндетті. Мәселе, оқу орнын бітірді деген куәлік алуда емес, жақсы білім алып, төселген маман болу. Осыған байланысты білім беру жүйесінің міндеттері белгіленеді. Оның негізгі міндеттері мыналар:
- жеке адамның рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, адамгершілік пен салауатты өмір салтының негіздерін қалыптастыру, әрбір адамның ой-жүйесін байытуға жағдайлар жасау;
- азаматтықты, отбасының, халықтың, қоғамның және мемлекеттік алдындағы жеке адамның құқылары мен міндеттерін ұғынуды, қоғамның мәдени, экономикалық және саяси өміріне қатысу қажеттігін тәрбиелеу;
- азаматтарға жалпы және кәсіптік білім алу үшін мүмкіндіктер жасау;
- қазақ халқының мәдениеті мен дәстүр-салтын оқып-үйрену үшін жағдайлар жасау.
Осы міндеттер мүлтіксіз орындалса, қоғамымыздың алға басып, дамуында, мәдениетті елдермен тереземіз тең болуға қажетті мүмкіндіктер туады.
Білім берудің мемлекеттік жүйесімен қатар жекеше білім беру жүйесі де қалыптасуда. Білім беруде дамытуға ат салысатын қоғамдық ұйымдар мен жеке адамдар мемлекет тарапынан жәрдем ала алады.
Жекеше білім беру жүйесінің ерекшелігі бар. Бұл жүйеге жататын оқу орындары ауқатты адамдардың әрекетімен қалыптасады. Мұндай оқу орындарында білім алу үшін, әдетте, ақы төлеу қажет. Жекеше білім беретін оқу орындары жалпы білім, орта кәсіби білім, жоғары білім беру үшін ашылуы мүмкін. Оларды мемлекет органдары тікелей басқармайды. Олар беретін білім мемлекет белгілеген көлем мен деңгейден төмен болмауы керек. Мемлекет белгіленген білім деңгейін оқушыларына қамтамасыз етсе ғана жекеше білім беретін оқу орындары беретін куәліктер мен дипломдардың заңды күші болады. Мемлекеттік оқу орындары мен жекеше білім беретін оқу орындарының арасында бәсекелестік тууы әбден мүмкін. Бәсекелестік екі жүйенің де оқыту деңгейін көтеруге ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Жеке адам үшін ғана емес, оғам үшін, халықтың келешегі үшін өте маңызды азаматтардың құқығы – көркемдік, ғылыми және техникалық шығармашылық бостандығы. Конституция осы маңызды бостандықты жариялап, соны жүзеге асыру үшін мемлекетке белгілі міндеттер жүйтейді. Жасампаздық бостандығын қамтамасыз ету үшін мектептен бастап, жоғары оқу орнына дейін қажетті жағдайлар жасалады. Жоғарғы оқу орындарында, Қазақстанның Ұлттық Ғылыми академиясында, ауыл шаруашылық академикасында ғылыми зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Ғылыммен шұғылданғысы келген адамға жол ашық. Сонымен қатар, мемлекет ақыл-ой иелерінің, өнертапқыштардың, шығарма авторларының құқын қорғайды. Автордың өз шығармаларына мүліктік және мүліктік емес (өзіндік) құқықтары заңмен қорғалады. Автор өз шығармасын басып шығаруға, таратуға құқылы. Автордың шығармасын басқа біреудің иемденуге құқы жоқ. Авторға шығармасын пайдаланғаны үшін көлемақы төленеді