1.1 Еңбек тәрбиесі
Еңбек тәрбиесі- өмір кілті, бақыттың тұтқасы. «Еңбексіз адам өзінің бар адамдық қасиетінен және барлық құнынан айырылады. Адам өзінің жеке еңбегінсіз бір адымда алға ілгерілей алмайды; бір жерге тұрақтап тұрып қалуға да тиісті емес; ол адам қайта кері кетеді», -дейді К.Д.Ушинский.
Мектепте еңбекке тәрбиелеу- тәрбиенің жалпы жүйесінің құрамды бөлігі. Еңбекке тәрбиелеу, баулу және кәсіптік бағдар, мектеп оқушыларының қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген саналы көзқарасты тәрбиелеудің, азамат болып өсудің, жеке адамның адамгершілікке және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. Осымен қатар мұны еңбек тәрбиесінің мақсаты деп түсінуіміз қажет. Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер барысында еңбек тәрбиесі мәселесі ең негізгі көкейкесті проблемаға айналып отыр. Оған себеп-адам, қоғам, табиғат заңдылығымен санаспау салдарынан туған келіспеушілік.
«Еңбек тәрбиесі тәрбиенің басқа салаларымен тығыз байланыста, біртұтастықта құралуы тиіс». Еңбек адамның өзін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Еңбек тәрбиесі туралы қазақ және орыс тілінде шыққан оқулықтардың бәрінде жазылған. Біз оларды жоққа шығара алмаймыз.
Тәрбие- халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттердің жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру.
Тәрбиенің негізгі мақсаты-дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу. Тәрбиенің мақсаты төңірегіндегі пікірталас ежелгі дәуірдің өзінде-ақ басталған. Ежелгі ойшылдар тәрбиенің мақсаты ізгі, рақымшыл азаматтарды тәрбиелеу деп түсінді. Сократтың түсінігінше, тәрбие заттардың табиғатын зерттеу емес, өз-өзіңді тану, аса құлықтылықты жетілдіру. Сократтың шәкірті Платон ақыл-ой және сезімді тәрбиелеуге көп ықылас білдірген.
Мәшһүр –Жүсіптің көркем шығармаларының негізінде адамгершілік, рухани, еңбек тәрбиесі жөнінде педагогикалық идеялар қойылған. Ол еңбектерінде еңбексүйгіштікке маңызды орын береді. Ойшылдың педагогикалық тұжырымдарында «еңбек» деп аталатын ұғым ерекше орын алады. Оның ойынша еңбек тек адамды өмірге дайындап қоймай, оның ақыл-ой күшімен адамгершілігін дамытуға ықпал етеді. «Адал еңбек мал таппақ, жұртқа жақпақ»,-деп қандай еңбекті дәріптеу керектігін байқатады. Тіптен ақынның адал, шынайы еңбектің адам өмірінде зор орын алатындығын қозғамайтын шығармасы жоқ деп айтуға да болады. Өйткені, ол еңбек адамның азамат ретінде қалыптасуы үшін рухани тұрғыдан да, парасаттылық тұрғысынан да басты қызмет атқарады деп есептеген. Сондай-ақ ақын еңбек кісінің жан дүниесін мейірімділікке бөлейді ал, оның қадірін білмейтін жалқаулар көбіне теріс қылықты болып келеді деген тоқтамға келеді. Ақын еңбек адамдарды еркіндікке, бақытқа қолын жеткізеді деп біледі, ал игіліктерге қол жеткізер еңбек, бейбіт өмір, қайырымдылықпен әділет, білім салтанат құрған қоғам оның әлеуметтік арман-мүддесі болды.
Балалар, жалқау болма, шабан тартып,
Арқаны кедейліктің – еріншектік
Желкеңнен жібермейді мықтап тартып.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы мінез-құлық қасиетке мән бере отырып:
Бойыңа жалқаулықты үйір қылсаң,
Жүрерсің көрінгенге көзің сүзіп,-дейді.
Еңбек оның ойынша адамгершілік тәрбиесінің әрекетті құралы болып табылады, өйткені еңбек іс-әрекеті процесінде жастардың бойында жалпы адамзаттық маңызы бар еңбексүйгіштік қалыптасады. Оның пікірінше еңбексүйгіштік адамның еңбек еткісі келумен, оң нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылысымен, берілген іске жауапкершілігінің болуымен, тиянақтылығымен, істеген ісіне қанағаттанумен сезім алуымен сипатталады. Ең соңында еңбексүйгіштік еңбек дағдысының бар екендігін білдіреді. Ағартушы жастардың бойында еңбексүйгіштікті, жатып-ішерлік пен бекер уақыт өткізуге жиреніш сезімін тәрбиелеуге ұмтылды. Еңбексүйгіштікке тәрбиелеуді адамгершілікке қажеттілік деп қарастырады. Мәшһүр-Жүсіп Көпееев ғылымды, еңбекті, ағартуды қандай болмасын жақсылықтың, сәттіліктің қайнар көзі деп есептеді.
Ертеден келе жатқан еңбек тәрбиесінің әдіс-тәсілдері еңбек тәрбиесінің құралы болып табылады.
Еңбек –жеке адамның өркендеуіне, санасы мен қайратының қалыптасуына әсер етеді, адам баласын рухани байытып, оның өмірінің мол қазынасын жасайды.
«Еңбек етпеген ішіп-жемейді», «Еңбек түбі береке» деп халқымыз еңбек ету арқылы мәнді де сәнді өмір сүруге болатынын ескертеді. Сондықтан еңбекке деген қажеттілікті, дағды мен іскерлікті, еңбекқорлықты, өзгенің еңбегін құрметтеуге тәрбиелеуді бастауыш сыныпта үйретіп бастауы керек.
Тәрбие бағыты жөніндегі Руссоның негізгі педагогикалық талаптары-баланы қадірлей отыра, оның қызығушылықтары мен тікелей талаптарын зерттеу. Еріктілік, баланың табиғатын білу, баланың өзіндік әрекетін дамыту тәрбиенің негізіне айналуға тиіс. Джон Локтың ұсынған тәрбиесінің мақсаты-өз ісін ойластыра отырып сақтықпен жүргізе алатын, өз мүдделерінің реттілігін қамтамасыз ете алатындай етіп жасөспірімді тәрбиелеу.
Адам баласы қоғам дамуның қандай кезеңінде де өмір сүрмесін азық-түліксіз, киім кешексіз, т.б. материалдық игіліксіз күн кеше алмайды. Сол себептен адамдар ерте кезден-ақ өмір сүру қажеттігі үшін керекті заттарды тек еңбек ету арқылы ғана тгілікке асыратындығын түсінген.
Еңбек тәрбиесі мазмұнына баланың Отанға, адамдарға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу жатады. Ол үшін балалардың ата-анасына, үйіне, туған-туысқандарына, дос-құрбыларына деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу қажет. Сонымен, бұл тәрбиеге достық рухта тәрбиелеу де жатады. Бастауыш мектепте көптеген ұлттың балалары бірдей тәрбиеленіп, бірдей қамқорлыққа бөленеді. Осының өзі балалардың бір-біріне жолдастық, достық сезімін тәрбиелеудің ең қолайлы жағдайы.
Сондай-ақ еңбек тәрбиесінің мазмұнына баланың адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеу де жатады, әсіресе олардың үлкенді сыйлау сезімін тәрбиелеу сәбилік шақтан басталады. Үлкенді сыйлау- асыл сезім. Үлкендердің беделін мойындау, тыңдау, көңіл бөлу, құрметтеу, қамқорлық жасау сияқты балалардың іс-әрекеттерін ұйымдастыру, бұл сезімнің көрініс табуы-жақсы тәрбиенің белгісі.
Жас ұрпақ бойында өнерге деген қызығушылықты қалыптастыруда көркемдік білім беру жүйесінің заман талабына сай педагогикалық, әдістемелік бағыттарын жасау, оқу-тәрбие мазмұнын жаңарту қазіргі кездегі бастауыш мектептің аясында атқарылатын өзекті істердің бірі.
Бастауыш сыныптардағы көркем еңбек жүйесі өзінің ерекшеліктерімен оқушы қиялына әсер ете отырып, олардың шығармашылық қабілеттерінің артуына ықпал жасайды. Сондықтан көркем еңбек – оқушының еңбек қабілетін дамытудың негізгі факторы болып табылады.
Еңбек тәрбиесі қоғамдағыбарлық әлеуметтік тәрбие институттарының мақсатқа бағытты іс-әрекетін біріктіру негізінде жұргізілуі керек. оқыту және тәрбие барлық адамға берілуі керек дей отырып, Песталоции қоғамды қайта құрудың негізгі құралдарының бірі –мектеп деп есептеледі. Адамды дамытудың, тәрбиелеудің басты құралы еңбек деп санады. Еңбек адамның күшін ғана дамытып қоймайды, оның ойын дамытып, мінез-құлқын қалыптастырады. «Еңбек тәрбиесі-қоғам мүшесі болып табылатын оқушының жалпы тәрбиесі барысының саласы». Мұның мақсаты еңбекке орынды қатынасты дамыту, қоғам байлығына үнемі қамқорлық сезіміне тәрбиелеу, еңбек тәртібін бекіту. Еңбек тәрбиесі тәрбиенің басқа салаларымен біртұтас жүзеге асырылады. Еңбек барысында қоғамдық борышты саналы, тапсырылған іске жоғары жауапкершілікпен қарау, ұжымшылдық және тәртіптілік сияқты құлықтық қасиеттер дамиды. Еңбек тәрбиесі қоғамдағы барлық әлеуметтік тәрбие институттарының мақсатқа бағытты іс-әрекетті біріктіру негізінде жүргізілуі керек.
Жасөспірімдерді еңбекке тәрбиелеудің жалпы міндеттері бірнеше жеке міндеттерді орындау арқылы іске асырылады. Олар: балаларды еңбекке психологиялық және практикалық тұрғыдан даярлау;оқушылардың еңбек дағдыларын қалыптастыру; еңбек мәдениеті дағдыларын дамыту, оқушылардың ынтасын және қабілетін дамыту.
Еңбек етуге әдеттену-бұл жәй ғана еңбекке үйрену емес, бұл адамгершілікті тәрбиенің жоғары деңгейі, еңбек процесіне құштарлық, еңбек етуге әзірлік, жұмысты істей білу,-дейді Н.К.Крупская, демек өз күшіңді және басқалардың күшін және жұмыстың жағдайын есептей білу.
Чернышевскийдің көрсетуінше, адамның рухани бейнесін сипаттайтын мінез-құлықтың, адамгершілігінің, басқа да қасиеттерінің өзгешелігі оның тұқымынан емес, адамның еңбегі мен өмір жағдайлары және тәрбиенің әсерінен болады.
Жеке адамның дамуында еңбектің рөлі өте күшті, адам еңбексіз дамымайды, азғындайды, кері кетеді. Еңбек туралы қазақтың тамаша мақалдары бар: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар, кісінікі дегенде, анау-мынау ісім бар».
Білім, іскерлік, дағдыны қалыптастыру үшін, әрине адамның еңбекке деген қызығушылығын, құштарлығын, өзіне пайдалы жағын дамытып, содан қоғамға қажетті жағы бар екенін түсіндіріп, еңбектің өнімділігін, еңбектің нәтижесі бар екеніне көз жеткізу керек.
Еңбек тәрбиесінің педагогикалық негіздерін зерттей келе, алғашқы қауымдық құрылыстағы қарапайым еңбек құралдарынан бастап қазіргі кездегі жетілген өндіріс құралдары мен технология жабдықтарының жасалуы және қолданыста болуы дәлелденеді. Сондықтанда, ең алдымен, адамның еңбек тәрбиесін, адамгершілік парызын қалыптастыру келелі мәселелердің бірі болып саналады.
М. Жұмабаевтың әрбір ұлттың баласы өз ұлттың баласы өз ұлтының ортасында, сол ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті деген ойы бүгінгі күн талабымен қабысып отырған тұжырым. Ә. Диваев қазақ балалары күнделікті тұрмыс салттарында көріп, ұстап жүрген төрт-түлік малды өздері қолдарымен саз балшықтан жасайтынын (ат, түйе, қой, т.б), ол ойыншықтар мен қуыршықтардың, европалық фабрикада жасалған ойыншықтарға қарағанда баланың қиялдау қабілетін әлдеқайда дамытатынын айтады.
Мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке баулуға тарихи кезеңдерге түрліше мән берілген. Осы кезеңге дейінгі еңбек тәрбиесінің міндеттері еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу, еңбекті құрметтеу, еңбек мәдениетін және еңбек ету дағдысы мен біліктілігін қалыптастыруды көздейді.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында мектепке дейінгі балаларды қоғамдық және әлеуметтік тұрғыдан тәрбиелеу мәселелерімен қатар еңбек тәрбиесі ерекше қолға алынды. 1919-жылы мектепке дейінгі тәрбиенің мәселелері қарастырылған I съезде балабақша мен мектепте еңбек тәрбиесін бірізді жүргізу міндеттері анықталып, оның талаптары белгіленді.
Р. И. Жуковская балалардың ойын арқылы еңбек дағдыларын қалыптастыру, еңбек әрекетіне жұмылдыру, еңбек әрекеті ойынды байытуға бағытталуы тиіс деген. 1960 жылдары мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің ұсынысы бойынша ең бастысы балаларды ересектің еңбегімен таныстыру маңызды деп саналып, баланың өздігімен орындайтын еңбек әрекеттеріне мән берілмеді.
В. Г. Нечаева, Г. Н. Година, Д. В. Сергеева, Р. С. Буре, Л. И. Захаревич тағы да басқа ғалымдардың мектепке дейінгі балалардың еңбектегі психологиялық ерекшелігіне, еңбек дағдылары мен біліктерін игеру деңгейлеріне, ұйымдастырылуы әдістемесіне қарай еңбек түрлерін өзін-өзі қызмет ету, шаруашылық-тұрмыстық еңбек, қол еңбегі және табиғаттағы еңбек деп бөлгендерін атап кетуге болады. Бірақ, сол кездегі теориялардың қай-қайсына да көз жүгіртсек, халық тәжірибесіне сүйенбегенін, тұрмыстық салт-дәстүрлерді ескеріп ұйымдастырылу қарастырылмағанын байқадық.
Бүгінгі таңға дейін қоғамның дамуына байланысты мектепке дейінгі балалардың еңбегінің түрлері терең зерттеліп, мазмұны анықталуда. Соның ішінде В. П. Нечаева, П. О. Абдулвагаева, Е. Н. Герасимова, Г. Н. Годинаның зерттеулерінде өзіне-өзі қызмет ету еңбегі 5-6 жастағы балалардың өзін күтуі, ересекке тәуелсіз болып, өзінің ісіне сенімі қалыптасып ұқыпты, әдемі, өзі киіне алу біліктілігі, сыртқы келбетіне қарай алуы керек делінген. Балалар еңбегінің бұл түрін халқымыздың тұрмыс салтымен байланыстырып ұйымдастыруға болады.
Табиғаттағы еңбек арқылы балаларды еңбекке баулу туралы А. К. Бондаренко, Н. Н. Кокорева, Е. И. Кокорева, А. Ф. Мазуринаның еңбектерінде зерттелген. Ғалымдардың пікірінше, 5-6 жастағы балалардың табиғаттағы еңбегі өсімдіктер мен жануарларға күтім, бақшада көкөніс өсіру, үлескені жасылдандыру, аквариумды тазартуға араластыру. Еңбектің бұл түріне ертеде қазақ халқы балаларын мектепке дейінгі кезеңнен баулыған және түрлі тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана білген.
Мектеп жасына дейінгі балалардың қол және көркем еңбегінде табиғи материалдар, қағаз, қатырма қағаз, мата, ағаштан бұйымдар жасайтындығы Я. И. Базик, Э. К. Гульян, В. Ф. Ждан, Е. Я. Беляевның зерттеулерінде теориялық негіздері мен әдістемесі нақтыланған. Бұл еңбектің түрінде балалардың қиялы, шығармашылық қабілеті дамып, қолдың ұсақ бұлшық еті жетіліп, ұстамдылыққа, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге үйренеді. Е. Б. Горунович, У. А. Карамзин, А. В. Пантелеевалар мектеп жасына дейінгі балалардың көркем еңбегін ұйымдастыруды екі бағытта: әртүрлі материалдардан сыйлықтар жасауға; екіншіден, топты мерекеге қарсы әшекейлеуге, көрмені безендіру әрекеттерін жүргізу деп бөледі. Қазақ психологтары А. Темірбеков, С. Балаубаев еңбектерінде дені сау балалардың бәрінде қарапайым жұмысқа бейімділік болатынын айтады. Қол еңбегі баланың игілікті жұмысы. Қағаздан, картоннан, ағаштан нәрселер істейді, әрекет үстінде ұғымдылық, тапқырлық ұйымдастыру ерекшеліктерін анықтауы біздің зерттеуімізге арқау болады. Осы аталғандар балабақшаның оқу-тәрбие үрдісінде қазақтың ұлттық тұрмыс салт-дәстүрлерімен ұштастырып жүргізілсе, болашақ ұрпақтың еңбекке деген сүйіспеншілігі, еңбекке деген қарапайым дағдылары көзделген міндеттерге сай болар еді.
Мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке баулуды тек балабақшаларда ғана емес, отбасында жүзеге асыруға толық мүмкіндіктер бар екені Т. А. Маркова, Л. В. Загик зерттеулерінде кеңінен айтылады. Олар ата-аналарға өз балаларын еңбекке баулу жұмыстарын мектеп жасына дейінгі кезеңнен бастауын, бірақ баланың жас ерекшелігін, психологиялық мүмкіндіктерін балабақшамен бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттігін түсініп, педагогтардың талаптарымен ұштасқан жағдайда нәтиже беретіндігін алға тартады.
Мектеп жасына дейінгі балалардың пайдалы еңбекке қызығушылығын ояту, белгілі бір еңбек тәртібін тәрбиелеу, еңбекті өздігімен жасауға, орындауға, бағалауға үйрету басты міндеттердің бірі болып отыр. 5-6 жастағы баланың белгілі бір уақыт аралығында еңбек етуге әдеттенуі жай ғана еңбекке үйрету емес, алғашқы еңбек процесіне құштарлық, еңбек етуге әзірлік деп қараған дұрыс. Еңбектің қандайы болмасын адамның белгілі қуат, күш-жігерін жұмсауды талап етеді. 5-6 жаста баланың ағзасы үнемі даму үстінде болып, бұлшық еті мен жүйке жүйесі толық жетілмегендіктен тез шаршауға бейім тұрады. Шамасынан тыс еңбек тапсырмасын беруде бала бар күшін салып ұмтылса да орындай алмайды. Сондықтан ересек топ балаларын тұрмыс-салт дәстүр негізінде еңбекке баулуда еңбек әрекетін қалыптастырудың психологиялық заңдылықтарына, даму мүмкіндіктеріне сүйену басты міндеттердің бірі болып саналады.
В. С. Мухинаның еңбегінде бала тәрбие үрдісінде әрекеттің (орамалмен сүртінуі, қарындашпен сурет салу, мүсіндеу) сан алуан түрін меңгереді. Мұның бәрі сыртқы нәтижеге бастайтын практикалық іс-әрекет. Сонымен бірге баланың ішкі іс-әрекеті де қалыптастасады, оның көмегімен бала заттарды қарайды, қасиеттерін анықтайды, бір-бірімен байланысын ашады. Осындай ішкі іс-әрекеттің қалыптасуы бала дамуының негізгі еңбек мазмұнын құрайтыны айтылады. Қ. Жарықбаев адам іс-әрекеттің белгілі бір түрімен айналысу арқылы ғана сыртқы ортамен белсенді түрде байланыс жасайды дей келіп, «әрекет дегеніміз – түрлі қажеттіліктерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған үрдіс» деп анықтама береді. Біздің ойымызша, бала өзінің қажеттерін өтеу үшін (ойын, еңбек үстінде) бар мүмкіндігін пайдаланады, әрекет етуге талпынады.
Психолог Я. Л. Коломинский, Л. В. Финькевич зерттеулерінде 5-6 жас аралығында бала ойын мен еңбек арасындағы айырмашылықты аңғарып, еңбек құралдарын орнымен пайдаланып, еңбек операцияларын орындап, еңбектің обьективтік мақсатын қоя біліп, оның қоғамдық пайдалы бағыттылығын түсіне бастайды. Мектеп жасына дейінгі кезеңде еңбекті дұрыс ұйымдастыру баланы жүйелі түрде еңбекке баулудың, еңбек дағдыларына үйретудің алғашқы қадамы.
Бірте-бірте еңбек етуге деген қажеттілікті ояту баланың болашақ өмір сүру қажеттілігіне айналуға алғышарт болады. А. В. Запорожец мектеп жасына дейінгі балаларды тек еңбек нәтижесі ғана емес, оның басқа адамдар үшін маңыздылығы да қызықтыратындығын айтады. Балалар қағаздан, ағаштан әр нәрсе жасауға, ересектерге көмектесуге қызығады, егер ересек тарапынан қолдау болса, балалар өздеріне тапсырылған іске неғұрлым саналы ниетпен қарап, орындауға талпынады. 5-6 жастағы балаларда алғашқы еңбек әрекеті қалыптасып, ересектен көмек сұрап қана қоймай, өздеріне де көмектесу ниеті пайда болады. Мектеп жасына дейінгі балалардың еңбек әрекетінің өзіндік мақсаты, мотиві, жоспары нәтижесінің өзіндік ерекшеліктері болады. Аталған құрылымдар еңбек әрекетінің үрдісінде көрініп ересектердің көмегімен дамып жетілетіндігін айтады.
Психологтардың пікірін негізге ала отырып, біз қазақ халқының бала тәрбиесінде қолданған көтермелеу, мақтау, бағалау, талап ету, қолдау әдістерін балаларды еңбек әрекетіне мақсат қоя білуге тәрбиелеуде басшылыққа аламыз. Мектеп жасына дейінгі балалардың мақсатқа бағытталған еңбек әрекеті баланың қалай орындағанына ғана емес, не үшін еңбектенгеніне байланысты. 5-6 жастағы балалардың еңбек әрекетіндегі мотиві негізінен ересектердің мақтауы, ересектермен қарым-қатынас жасауы, өзін көрсетуі үшін болады. Бірақ, мектеп жасына дейінгі балаларды материалдық марапаттау үшін еңбекке баулуға мүлде болмайды. Сондықтан мотивация баланың жеке сапаларын қалыптастыруда қатты ықпал етеді. Р. И. Дзарасов мектеп жасына дейінгі балалардың еңбекті қажеттілігіне айналдыруы, олардың мінезіндегі ауытқудың алдын-алу үшін қажетті міндет болып табылатынына ерекше мән береді. Еңбек процесінде тапсырылған жұмыстың қажеттілігін, мәнділігін түсіну баланың еңбекке қызығушылығын дамытып, еңбегінің нәтижесінен рухани нәр алу, қанағаттану, жауапкершілік сезімін тудырады. Мектеп жасына дейінгі балалардың психологиялық ерекшеліктерін ескеріп, олардың еңбекке деген қоғамдық мотивін қалыптастыру әрбір педагогтің міндеті.
Қызығулар балалардың кішкентай кездерінде ерекше байқалатындығы тәжірибеде дәлелденген. Ғалымдардың айтуына қарағанда, қызығудың нәтижесінде мектеп жасына дейінгі кезде техника саласына әуес болған бала, мектеп қабырғасында физика, қол еңбегі сияқты пәндерге ықылай қойып, мектеп бітіргеннен кейін де сол салада нәтижелі еңбек етіп, өз қабілеттерін жақсы көрсете алады. Демек, баланың қызыға білуінің де маңызы зор, қызығуы «тұрақты» қасиетке айналған бала ғана іс-әрекеттен жақсы нәтиже шығара алады. Қызығуы тұрақтанбаған адам қызметтің қай саласында болмасын пәрменді еңбек ете алмайды. Қызығу пәрменді, белсенді болуы үшін бала тікелей әрекетпен айналысуы керек. Қызығу қажеттіліктен туындайды, ал қажеттілік дегеніміз — өмір сүрудің, тіршілік етудің арқауы болмақ. Біз зерттеу нысанамызға байланысты мектепке жасына дейінгі балаларды еңбекке баулу міндеттеріне:
— еңбекті жақсы көруін, ересек еңбегіне құрметпен қарауға тәрбиелеу;
— қарапайым еңбек білім, дағдалары мен біліктерін қалыптастыру;
— еңбек етуге қажеттілігін дамыту;
— ұлттық тұрмыс салт-дәстүр негізінде болашақ еңбекке даярлау жатады.
Соңғы міндетті шешу үшін, оның мазмұнын жүзеге асыру жолдарын анықтау қажет. Балаларды қазақтың тұрмыс салт-дәстүрі негізінде еңбекке баулуда парасатты мінез-құлық пен адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерді тәрбиелеп, қалыптастырудың мүмкіндігі зор.
Жоғарыда айтылғандай мектеп жасына дейінгі балалардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін басшылыққа ала отырып, ересек топ балаларын еңбекке баулудың өлшемдерін белгіледік. Олар киіз үй және оның жабдықтарын білуі, төрт түлік малға сүйіспеншілігін қалыптастыру, әшекей (зергерлік) бұйымдарды жасай білу дағдысының болуы, ұлттық тағам туралы түсінігі, ұлттық киімді құрастыра білу дағдысының қалыптасуы. Аталған өлшемнің көрсеткіштерін төмендегідей жүйемен беруді мақсат етіп, мектпалды даярлық тобы балаларын тұрмыс салт-дәстүрі негізі еңбекке баулудың жүйесі мынадай кестеде көрсетілген
.
Достарыңызбен бөлісу: |