Әбу Мансұр әл-Матуриди танымындағы
тәпсір мен тәуилдің айырмашылығы
Аңдатпа
Мақалада имам әл-Матуриди тәпсірші ғалым ретінде қарастырылады. Оның тәпсір мен тәуил сөздеріне берген анықтамалары кең тарқатылады. Тәпсір мен тәуил сөздеріне этимологиялық тұрғыдан талдау жасалады.Тәпсірдің – риуаяттарға негізделіп, аяттардың мақсатын айшықтау екені, ал тәуилдің – райға, ақылға, дираяға және өзге де ілім салаларына негізделіп ижтиһад жасау арқылы аяттардың мағынасын беру екені түсіндіріледі. Имамның «Тауилату әл-Құран» атты тәпсір еңбегі танытылады. әл-Матуридидің түсінігі бойынша, тәпсір сахабаларға, ал тәуил ғалымдарға тиесілі екені түсіндіріледі.
Негізгі сөздер: Имам Матуриди, тәпсір, тәуил, тауилатул құран.
Разница тафсира и тауила в понимании Абу Мансура аль Матуриди
Аннотация
В статье рассматривается личность имама аль-Матуриди в качестве ученого мутафассира. Глубоко прослеживаются данные определения отдельным термином «тафсир» и «тауиль». Проанализированы с этимологической точки зрения слова «тафсир» и «тауиль». Дается объяснение тому, что «тафсир» основывается на «риуаяты», и целью является раскрытие значений аятов а «тауиль» основывается на «рай», «ум», «дияр» и другие сферы наук что в последующем раскрывает содержание аятов посредством «иждтихад». Ознакамливает с тафсиром труда «Тауилату аль-Куран» имама.
Дается объяснение понимания аль-Матуриди что «тафсир» это для сахабов а «тауиль» относится ученым.
Ключевые слова: Имам Матуриди, тафсир, тауил, тауилатул коран.
The difference of tafsir and tauila in understanding Abu Mansur Maturidi
Annotation
The article deals with the personality of Imam al-Maturidi as a scientist mutafassira. These definitions of certain terms "tafsir" and "taweel" deep traced. Analyzed from an etymological point of view, the word "tafsir" and "taweel". The explanation of the fact that the "Tafsir" based on "riuayaty", and the aim is to reveal verses values and "taweel" based on the "paradise", "mind", "Diyar" and other areas of science that subsequently disclosed the content of the verses by "izhdtihad ". Familiarize with Tafsir "Tauilatu Labor Al-Quran" imam.
An explanation of the understanding of al-Maturidi that "tafsir" it is for the Sahaba and "taweel" refers to scientists.
Keywords: Imam Maturidi, tafsir, taweel, tauilatul Koran.
Әбу Мансұр әл-Матуриди қазіргі Өзбекстанның «Матурит» деген елді мекенде дүниеге келген, сунниттік ислам теологиясының негізін қалаған біртуар ғұламалардың бірі һәм бірегейі. Бұған қоса ол, «тәпсір», «фиқһ» «фиқһ методологиясы»салалары бойынша бірқатар елеулі еңбектер жазып қалдырған энциклопедист ғалым. Әбу Мансұр әл-Матуриди саналы ғұмырын ағартушылықпен өткізіп,артына теңдессіз еңбектер қалдырған. Өкінішке орай, оның еңбектерінің дені шапқыншылық, көшіп-қону, табиғи апаттар және басқа да себептердің салдарынан бүгінгі күнге дейін жетпеген. Ғалымның еңбектері негізінен «муғтазилиттер», «харижиттер», «шиттік» және оның ішінде «рафизиттер» мен «карматилер» сынды діни-пәлсапалық және діни-саяси ағымдардың сенімі мен тұжырымдарын сынға алып, терістеу мақсатында жазған. Сондай-ақ, «фиқһ» және «фиқһ методологиясы(усулу фиқһ)» саласы бойынша жазған туындылары жатады.
Ал бізге жеткен еңбектеріне келсек, олар – бір ғана қолжазба нұсқасы сақталған «Китабу таухид» және қырыққа жуық қолжазба нұсқасы бар «Китабу тауилат» немесе «Тауилату аһли сунна»[1, 26 б.].Дегенмен, аталмыш қос еңбек ғалымның ең негізгі, қомақты әрі тың туындылары болып саналады. Біз тәпсір саласын қарастырып отырғандықтан, имамның тәпсір еңбегін қысқаша танытуды жөн көрудеміз:
«Тауилату әл-Құран/Тауилату әһли сунна» (Тәпсір кітабы). Ұлы ғалым Әбу Муин ән-Насафидың «Табсиратул-адилла» атты еңбегінің кіріспесінде: «Әбу Мансұр әл-Матуридидің Құранның тәуиліне қатысты еңбегі – теңдессіз кітап»[2, 359 б.] деп айтқанындай, бұл кітап өзге тәпсір кітаптарынан бірнеше ерекшеліктермен ерекшеленеді:
«Фатиха» сүресінен бастап «Нас» сүресіне дейін жазылған алғашқы дирая тәпсір. Бұған дейінгі тәпсіршілер тәпсір жазуда тек нақылға сүйенсе, имам Матуриди алғаш болып нақыл шеңберінде ақылды қолданған.Сондай-ақ, бұл туындыда аяттарды түсіндіруде қажет болған «ақида», «фиқһ», «фиқһ методологиясы», «қырағат» т.б. салаларды көруге болады[3, 35 б.]. Бұған қоса, риуаяттардың (нақылдардың) тізбегін шұбыртып айтпаған.
Жоғарыда айтылғандай, бұл тәпсірдің қырыққа жуыққолжазбасы бар[4, 55-56 б.]. Алғаш Бейрут баспасынан Фатима Юсуф әл-Хиями тарапынан өңделіп басылса, артынша Мужди Бассаллум тарапынан өңделіп 10 том болып жарық көрді (Бейрут 2005ж.). Бірнеше жыл бұрын Түркияда «Әбу Ханифа және имам Матуриди зерттеу орталығында» Бекир Топалоғлының басшылығымен 17 том болып басылды. Елімізде бұл еңбек «Нұр-Мубарак Египет ислам мәдениеті» университетінің кітапханасында «Кутубуәт-тафсир (5-9)» атты сөреде (тіркелген нөмірі:218554) сақтаулы.
Қандайда бір еңбекті қолға алуда бір мақсат көзделгеніндей имам Матуриди да тәпсір кітабын жазарда алдына бірнеше мақсат қойғанын айта аламыз.Мысалы:
Имам Матуриди өмір сүрген дәуірде Аббаси халифатыүстем күшінен айрылып,түрлі идеологияларды дәріптейтін бірнеше діни-саяси ислами мемлекеттер құрылған кезең болатын.
Сондай-ақ, Мамун халифа (218\833) Муғтазила ағымының ақидасын жанына жақын тұтып, Ислам мемлекетінің ресми сенімі(ақидасы) болуын халыққа мәжбүрлеген кезең еді. Артынша Мутауаккил халифа (247\861) келіп «Әһли сунна уал-жамаға» ақидасы қайта оралғанымен толық орнықпай, күмәндар белең алып, кәламдық талас-тартыстар жиі кездесетін.
Осындай аласапыран заманда Әһли сунна ақидасын қолдап, күмәндарға жауап жазып, дұрыс сенімді орнатуды өздеріне міндет санаған Әбу Мансұр әл-Матуриди мен Әбу Хасан әл-Ашғари еді[5, 10 б.]. Осы негізде имам Матуриди Құран аяттарын сунниттікбағытта тәпсірлеп, әрбір аяттың дұрыс түсінікте түсінілуін көздеп, бастан-аяқ тәпсір жазған болатын. Имам Матуридиға дейін сунниттік бағытты дәріптеп, радикалды ағымдардың көздерін жоюға тырысқан ғалымдар болса да сунниттік ақида шеңберінде жазылған толық Құран тәпсірі болмаған. Яғни, имам Матуридидің тәпсір кітабы алғаш болып «Әһли сунна уал-жамаға» негізінде жазылған толық дирая тәпсірі[6, 8 б.].
Әбу Мансұр әл-Матуриди – ислами дұрыс түсінік қалыптастырған сенім, тәпсір, фиқһ және фиқһ методологиясы салаларын толық меңгерген ұлы ғалым. Сунни ақиданың күшеюінде Матуридидың «Тауилату әл-Құран» атты тәпсір кітабының рөлі ерекше[7, 98-110 б.]. Сондай-ақ, ол «тәпсір мен тәуил» сөздерінің айырмашылығын айтып, бұл тақырыптағы қиын мәселенің түйткілін тарқатқан.Себебі, риуаят жолымен жазылмай, бұл жолмен жазылсада ішіне дирая қосылған тәпсірлерге кей тәпсір мамандары қатаң ескертулер жасап, былай деп сынға алған: «Бұл тәсілмен жазылған тәпсірлер (яғни, фиқһ, ақида т.б. ілімдерді өзіне қамтығандирая тәпсірлері) уақыт өте келе ескіріп,бұны оқыған оқырмандардың иманы әлсіреп, Құранға деген нық сенімдері шайқалады», – деген. Алайда бұндай пікірде болған ғалымдарға жауап ретінде әуел баста сахабалардың өзі дирая және ижтиһатқа негізделіп аяттарды тәпсірлегені, бұған қоса сәләф ғалымдары да осы жолды қолдап түрлі тәпсір еңбектерін жазғандарын алға тартқан. Құран Кәрімді өз ойымен тәпсірлеуді тыйған хадистерге дұрыс түсіндірмелер жазылып, хадистегі негізгі тыйым; дәлелсіз, дәйексізөздерінің нәпсі қалауларына негіздеп аяттарға берілген тәпсірлер екені айтылған.
Бұл мақаламызда имам әл-Матуридиді тәпсірші ғалым ретінде қарастырып, оның тәпсір мен тәуил сөздеріне берген анықтамаларын кеңінен тарқатпақпыз. Тақырыбымызға кіріспей тұрып тәпсір мен тәуил сөздеріне этимологиялық тұрғыдан жеке-жеке тоқталайық.
Тәпсір сөзінің тілдік мағынасы:«التَفْسِيرُ»(Тәпсір) сөзі араб тіліндегі «فَسَّرَ»(фәссара)етістігінің түбірі болып, «ашу, баяндау, айқындау» деген мағынаға келеді[8, 55 б.].Бұл сөздер көзге көрінетін де, көрінбейтін де заттарды ашу деген мағынаға саяды. Алайда «ашу, баяндау, айқындау» (яғни, тәпсір сөзі) көзге көрінетін заттарға қарағанда, көзге көрінбейтін, мағыналы заттарды (сөздерді) ашуға, баяндауға және айқындау барысында көп қолданыс тапқан[9, 15 б.].
Тілдік мағынасын негізге алып айтар болсақ, «тәпсір» дегеніміз өз алдына жеке ілім ретінде сөздердің жабық, толық түсініксіз мағыналарын ашатын ілім. Ал, муфассир (тәпсірші) Құран аяттарының мағыналарын ашып, аяттарда қамтылған үкімдер, оқиғалар, ғибраттар және өсиеттерді баяндап, аяттың түсу себептерін көрсететін ғалым кісі[10, 14 б.].
Құран Кәрімде де «тәпсір» сөзі жоғарыда айтқан мағынада келген. Алла Тағала «Фурқан» сүресінің 33-аятынды:
"وَلا يَأْتُونَكَ بِمَثَلٍ إِلاَّ جِئْنَاكَ بِالْحَقِّ وَأَحْسَنَ تَفْسِيرًا"
«Олар саған қиястанып, қандай қисынсыз әңгімемен, орынсыз сұрақ немесе ұсыныспен келсе де, Біз оған жауап ретінде саған ақиқатты білдіріп әрі ең тамаша түсінікті де беріп отырдық». Осы аяттағы «тәпсір» сөзін ибн Аббас (р.а.): «Баяндау, егжей-тегжейлі айту, түсіндіру» мағынасында деп айтқан[11, 147 б.].
«Тәпсір» сөзінің терминдік мағынасы: Ғұламалар тәпсір іліміне сан алуан анықтамалар берген. Соларды біріктірсек, бұл ілім саласын толық қамтитын мынадай анықтамалар шығады:
«Құран аяттарының түпкі мағынасын іздеп, зерделейтін ілім»[12, 16 б.].
«Аяттың мағынасын, түпкі мақсатын және түсу себебін ашық дәлелдерге сүйене отырып баяндайтын ілім»[13, 55 б.].
«Тәпсір дегеніміз Пағамбарымызға (с.а.у) түскен кітаптың (Құран) мағынасын, түпкі мақсатын, хикметтері мен үкімдерін тіл іліміне (сарф (морфология), наху (синтаксис), бәлаға (шешендік сөз)) негізделе отырып түсініп, өзгелерге түсіндіру, сондай-ақ, түсу себебіне ишарат жасап, насх мансухын ажыратып, т.б. құрал ілімдеріне(Араб тілі, Усул фиқһ,Мантық (логика)) сүйене отырып зерттеп, зерделейтін ілім»[11, 13 б.].
«Тәуил» сөзінің тілдік мағынасы: «Тауил» сөзі сөздікте екі мағынаны береді. Бірінші; қайту, оралу. Екіншісі – мағынасы анық емес сөздерді жинап, мағынасын түсіндіру, баяндау [8, 331 б.]. Бұл сөздің Құран Кәрімде де осы екі мағынада келгенін байқауға болады.
«هَلْ يَنظُرُونَ إِلاَّ تَأْوِيلَهُ يَوْمَ يَأْتِي تَأْوِيلُهُ»[14, 7/53-аят.]. Бұл аятта «оралу» мағынасында келген.
«فَأَمَّا الَّذِينَ فِي قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاء الْفِتْنَةِ وَابْتِغَاء تَأْوِيلِهِ»[14, 3/7-аят.].
Бұл аятта «тауил» сөзі «тәпсірлеу, баяндау, айшықтау» мағынасында.
«Тәуил» сөзінің терминдік мағынасы: Халаф ғалымдары(алғашқы үш ғасырдан кейін келген ғалымдар) салаф ғалымдарына(алғашқы үш ғасырда келіп-кеткен ғалымдар)қарағанда «тәуил» сөзіне басқаша анықтама берген.
Салаф ғалымдары «тәуил» сөзін «тәпсір, шарх» мағынасында қолданған. Алайда халаф ғалымдар «тәуил» сөзін өз алдына термин ретінде қарастырып: «Тікелей мағынасынан өзге дәлелдер мен дәйектер қолдана отырып, астарлы екінші мағынасына ізденулермен зерттеулер жасап, ауыстыру»,[9, 19 б.] - деп айтқан. Бірақ аяттарды тікелей мағынасынан астарлы мағынасына айналдыруүшін міндетті түрде дәлелдер болу қажет немесе бұл Құранның ашық аяттарымен ойнау болып табылады [9, 20 б.]. «Жамъу әл-жауамиъ» еңбегінің авторы «тәуил» сөзіне былай деп керемет анықтама берген: «Тәуил деп – аяттың тікелей мағынасын астарлы мағынасына өткізу. Алайда тікелей мағынасынан астарлы мағынасына өткізу де дәлелсіз болса, бұл тәуил емес аяттарды келекелеу болады»[15, 56 б.].
Тәпсір мен тәуилдің айырмашылығы
Тәпсір мен тәуилдің айырмашылығы жайлы сөз еткен ғалымдар өте көп, ғалымдардың сөздерін жинастырып, былай деп екі топқа бөліп айтуға болады:
Бірінші: Бұл топтағы ғалымдар тәпсір мен тәуилдің арасында ешқандай айырмашылық жоқ екенін айтуда. Яғни, тәпсір дегенде тәуил, тәуил дегенде тәпсір мағынасын түсінеміз деуде. Бұл пікірді қуаттағандарға Әбу Убайда, Мұхаммад ибн Жарир ат-Табари[16, 86 б.] және т.б. ғұламаларды жатқызуға болады [12, 173 б.].
Екінші: Бұл топтағы ғалымдар тәпсір мен тәуилдың арасында ауқымды айырмашылық барын алға тартуда. Бұл пікірді қолдаған ғалымдарға Әбу Мансұр әл-Матуриди, Нисабури, Заркаши және Рағиб Асфаһани (Алла Тағала рақымына) сияқты тұлғаларды жатқызуға болады. Тіпті Нисабури екі сөздің арасын ажыратпайтындарды былай деп айыптаған: «Қазіргі таңда кей ғалымсымақтар шықты. Егер олардан тәпсір мен тәуилдың айырмашылыған сұрасаң, екеуі бір мағына береді, - деп жауап қатады», - деген [12, 173 б.].
Имам Матуриди «Тауилату әл-Құран» еңбегінің кіріспесінде тәпсір мен тәуил ұғымдарының ара-жігін ажыратып былай түсіндірген: «Тәпсір сахабаларға, ал тәуил ғалымдарға тиесілі. Мұның мәні – сахабалар бәріне куә болғандықтан Құран аяттарының не үшін әрі қандай мәселеге қатысты түскенін нақты білген. Құран аятының тәпсірі тәуилге қарағанда маңызды, өйткені тәпсір – Алланың нені меңзегенін (яғни аяттың нақты мәнмағынасын, ақиқатын) білдіреді. Ол (Алланың атынан) куәлік ету секілді, сондықтан оны тәпсірлеу (аяттың қандай мәселеге қатысты және не себепті түскенін) нақты білетін кісіге ғана рұқсат етіледі. Осыған байланысты, (бір хадисте): «Кімдекім Құранды өз ойымен, өз бетінше тәпсірлейтін болса, тозақтағы орнына дайындалсын», – делінген. Өйткені ол Құран аятын тәпсірлеу арқылы Алланың атынан куәлік еткен (яғни Алланың атынан сөйлеп, үкім айтқан) болады»[6, 349 б.].Міне осылайша Матуриди тәпсір ұғымын Алла меңзеген мағынаны нақты білу деп түсіндірсе, тәуил ұғымын Алла меңзеген мағынаның не екеніне қатысты кесімді пікір білдірмей, «бұл аятта Алла меңзеген мағына мынау болуы мүмкін», дегендей, дұрыс болуы ықтимал бірнеше мағынаның бірін таңдау деп түсіндірген.
Міне сондықтан, имам Матуриди өз еңбегін «Китаб атТәфсир» емес, «Китаб атТәуилат» деп атаған.
Имамның бұл сөзін кең тарқату мақсатында өзінің тәпсір кітабынан бір мысал келтірелік.
Әл-Матуриди «Тәуилату әһли сунна» атты еңбегінде «Кәусәр» сүресінің бірінші аятындағы «Кәусар» сөзінің ұғымын былай айшықтаған:
«Шүбәсіз, Біз саған Кәусарды нәсіп еттік» " إِنَّا أَعْطَيْنَاكَ الْكَوْثَرَ "
Ғалымдар«Кәусар» сөзінің не мағынаға келетіні тұрғысында түрлі көзқарастар білдірген. Оларды қысқаша былай айтуға болады:
-«Кәусәр» сөзі үзілмейтін, түгесілмейтін мол жақсылық деген мағынаға саяды. Яғни, Пайғамбарымызға (с.а.у.) Алла Тағала тарапынан берілген пайғамбарлық, ақыретте тозақтан құтқарып жәннатқа жетелейтін иман немесе өзге жаратыластардан пайғамбарын Алла Тағала алдында ерекшелейтін ұлы дәреже – деп бір топ ғалымдар тұжырымдаған. Бұл сөзімізді «Шарх» сүресінің 4-аяты қуаттай түседі: «Сондайақ есіміңді мақтаулы етіп, мәртебеңді көтермедік пе?»
-Екінші бір топ ғалымдар «Кәусарды» жәннаттағы өзен деп тұжырымдаған. Себебі «Кәусардың» не екенін Алла елшісінен сұрағандарға жоғарыдағыдай жауап бергені айтылады.
Имам Матуриди осы екі көзқарасты айтқаннан кейін былай деп тұжырымдайды:
«Егер Пайғамбарымыздың «Кәусар» жәннаттағы маған тарту етілген өзен деп айтқан хадисі сахих болса, онда біз Кәусар сөзін басқа мағынада болжай алмаймыз. Алайда, хадис сахих дәрежесіне жетпесе«Кәусар» сөзінің бірінші тұжырымға жақынырақ болатынын айта аламыз. Себебі, Алла елшісіне жалғыз өзен сыйға тартылу аса бір ерекшелік ретінде көрілмейді, өйткені Алла Тағала Пайғамбарымыздың үмбетіне жәннатта оданда зор нәрселерді уәде етті. Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен бір хадисте: «Жәннатта жәннат иелерін бұрын-соңды көз көрмеген, құлақ естімеген және ойға да кіріп-шықтаған (нығметтер) күтіп тұр» –деуде, бұл нығметтердің өзеннен қарағанда ауқымдырақ екенін айта аламыз» – деуде[6, 412 б.].
Бұл жерде имам әл-Матуридидің «Кәусардың» мағынасы мынау деп кесіп айтпай, керісінше болжап, тәуил жасағанын көре аламыз.
Қорытындылай келсек: Тәпсір деп – риуаяттарға негізделіп, аяттардың мақсатын айшықтауды айтсақ, тәуил – райға, ақылға, дираяға және өзге де ілім салаларына негізделіп ижтиһад жасау арқылы аяттардың мағынасын беруді айтады. Расында тәпсір аяттағы Алла Тағаланың мақсат еткен мағынасын баяндау. Бұл дегеніміз, Пайғамбарымыздан (с.а.у) немесе уахидың түсуіне куәгер болған, Алла елшісінің (с.а.у.) көз алдында өскен саңлақ сахабалардан нақты дерек келмейінше тәпсір жасауға болмайтынын білдіреді. Ал, тауил болса, Құран аяттарының өзіне қамтыған бірнеше мағынадан бірін өзге құрал ілімдерімен салыстырып, саралап, ижтиһад жасау арқылы таңдап жазу[6,185 б.]. Яғни, тәпсірші ғалым (муфассир) Құранды тәпсірлегісі келсе, Құран Кәрім аяттарын өзге де аяттармен салыстырып, аятқа қатысты сахих хадистерді саралап, сондай-ақ, осы аят төңірегінде сөз сөйлеген сахабалар мен табиғиндерден келіп жеткен риуаяттарды анализ жасайды. Содан кейін, аяттың түсу себебін зерттеп, насх, мансухын анықтап, басқа да мағына беруі мүмкін деп қырағат ілімдеріне сүйеніп, сарф, наху, бәлаға тұрғысынан да сүзгіден өткізіп, аятты алғаш оқығанда түсінік беретін мағынаны оқырманға оқылуы жеңіл әрі түсінікті етіп тәпсірлеп ұсынады.
Ал, тәуил жасағысы келген ғалым жоғарыда айтылған бірінші деңгейді толық меңгеріп болғаннан кейін тәпсірші ғалым сияқты, аяттардың орналасу тәртібіне аса маңыз береді. Сондай-ақ, тәпсірдегідей емес бұл жерде көбіне ақылына, ижтиһадына (дирая), сонымен қатар Алла берген қабілетіне сүйенеді. Аяттардан алғаш оқығанда түсінген мағына емес, астарындағы мағынаға аса назар аударып, терең ой жүгіртіп, Алла Тағала илһам еткен мағыналарды қағазға түсіреді. Алайда, бұл шығарған астарлы мағыналары тәпсірге қайшы келмеуі шарт. Дұрыс тәуил жасау үшін алдымен тәпсір ілімін меңгеру қажет. Олай болмаған жағдайда жасалған тауилдер ілімсіз, құр ақылға сүйеніп хадисте тыйым салынғандай «аяттармен ойнау» болып табылады[17, 14-15 б.].
Әдебиеттер тізімі
1 Әкімханов А.Имам Матуридидің еңбектері. www.islam.kz
2 Имам Абдулла ибн Ахмад ибн Махмуд ән-Насафи. Мадарику танзил уа хақаиқу тауил. Дамаск: 1998 ж. “Кәләм тайб” Т.I, 359 б.
3 Йылдырым С. Имам Матуридинін Тувилату Куран тевсири. “Йени умит” журналы, ном: 10. 2010ж.
4 Әбу Мансур әл-Матуриди. Тауилат аһли сунна. Бейрут: “Кутуб илмия” 2005. – Т. I – 638 б.
5 Уаһби А. Түрк білгіні Матуриди. Анкара: 1978. 325 бет.
6 Жамалуд-дин ибн Манзур. Лисан араб. «фассара» бабы. Бейрут: “Садир” 2003. Сайд Журжани. Таърифат. «тә» бабы. Бейрут: “Кутуб илмия” 1998 ж.
7 ИмамМухаммад Хусейн Заһаби. Тафсир уа муфассирун. Каир: “Мактабату уаһба” 2000 ж. 1270 бет.
8 Мұхаммед Ибраһим Шариф. Бухус фи тафсир Құран Карим. www.Kt-b.com
9 Бәдруд-дин Заркаши. Бурхан фи Улум әл-Құран.Дамаск: “Ихия кутуб арабия” 1957. Т. I -1652 бет.
10 Жалаладдин ас-Суюти. ал-Итқан фи улум ал-Құръан. Египет: «Мустафа Баби Халаби», 1978. – Т. II – 3216 б.
11 Құран Кәрім қазақша түсіндірмелі аударма. Медине: 1991ж. 604 б.
12 Имам ибн Әли Субки Тәжід-дин. Жамъу әл-жауамиъ. Бейрут: “Кутуб илмия” 2003 ж. 142 бет.
13 Салах Абдулфаттах Халид. Тафсирул-маудуъи. Урдун: 1997 ж. 410 бет.
References
Akimhanov A. Imam Maturididinenbekteri. www.islam.kz
Imam Abdullah ibn Ahmad ibn Mahmud an-Nasafi. Madarikutanziluahakaiktauil. Damascus: “Qalamtaiib” 1998. Т.I – 359 p.
Yildirim S. Imam Matirinin Tevilati Quran Tefsiri. “Yeniumit” magazine. No: 10. 2010.
Abu Mansur al-Maturidi. Tavilatahlisunna. «Kutubilmiya», 2005. – Т I – 638 p.
Uahbi A. Nurukbilgini Mаturidi. Ankara: 1978. 325 p.
Jamalud-din ibn Manzur. Lisanuarab. “fassara”. Beirut: “Sadir”, 2003. Said J. Tagrifat. “ta”. Beirut: “Kutubilmia”. 1998.
Muhammad HuseinZahabi. Tafsiruamufassirun. Cairo: “Maktabatuuahba”. 2000. – 1270 p.
Muhammad Ibrahim Sharif. Buhus fi tafsir Quran Karim. www.Kt-b.com
Badrud-din Zarkashi. Burhan fi ulum al-Quran. Damascus: “Ihiakutuparabia”. 1957. Т. I -1652 p.
Jalal ad-din Suyuti. Al-Itqan fi ulum al-Quran. – Egypt: «Mustafa Babi Halabi», 1978. – Т. II – 3216 p.
Translation of the Meanings ofthe noble Quranin the Kazakh Language. –Madina: 1991. – 604p.
Salah Abdulfattah Halid. Tafsiru maudugi. Jordan: 1997. 410 p.
Бағашаров Қ.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, PhD докторы
Әділ Жәненұлы
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті
Исламтану «Фиқһ және фиқһ методологиясы» 1-курс магистрант
Достарыңызбен бөлісу: |