Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет15/93
Дата22.12.2022
өлшемі1,48 Mb.
#163970
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   93
Байланысты:
äåáèåò òåîðèÿñû. Íñàëû. «Ôîëèàíò» áàñïàñû, 2003. 344 áåò. « 2

Е. Ысмайылов
Қазақ әдебиетінің ғылымдық тарихын
жасау жолындағы міндеттер

...Қазақ әдебиетінің ғылымдық тарихын жасау аса күрделі, қиын проблема, мұның өзі қазақ әдебиеттану ғылымының бар дәуірдегі түйінді мәселесі болса, алдағы жетіжылдық жоспардың да ең басты проблемасы болып отыр.


Әдебиет тарихын жасау жолында қандайлық тәжірибеміз бар? Неден ұттық? Неден сүріндік? Бұған да жауап бермеске болмайды.
Қазақ әдебиет тану ғылымының тарихына көз жіберсек, оның негізінен екі кезеңді басынан кешіргендігін байқауға болады. Бірінші – үйрену, идеялық творчестволық принциптерді игеру кезеңі. Бұл революцияның алғашқы кезінен соғысқа дейінгі дәуірді қамтиды. Екіншісі – соғыстан кейінгі дәуір, яғни қалыптасып, даму дәуірі.
Алғашқы дәуірде әдебиеттану ғылымы күнбе-күнгі партиялық, әдебиеттік сындардың тәжірибесіне, қазақ совет әдебиетінің, қазақтың социалистік ұлт мәдениетінің қалыптасуы тәжірибесіне сүйене отырып дамыды. Қашан да ғылым дерексіз тумайды, өмірдің талап-тілектеріне байланысты дүниеге келеді. Революцияның алғашқы жылдарынан бастап қазақтың ұлттық баспасөзін, ұлт мектептерін ашу міндеті алға қойылғанда, ең қиын, ең түйінді мәселенің бірі – ана тілі мен әдебиетін оқытуды бірінші кезекте шешу керек болды. Бұл мәселені ғылыми жағынан зерттеп, із-жүзіне асыруға келгенде, қандайлық идеялық тартыстар, қандайлық бөгет пен қиындықтар болғандығы бәрімізге белгілі...
...Қазақ әдебиеті мен тарихының маңызды творчестволық проблемаларына арналған еңбектердің бүкіл одақтық әдебиет жұртшылығының назарын аударуы, қазақ әдебиеттануының жанр ретінде қалыптасып дамып отырғандығын, бұл жағдайдың өзі қазақ әдебиетінің ғылымдық тарихын жазуға мүмкіндігіміз де, дайындығымыз да мол екендігін көрсетеді.
Қазақ әдебиет тарихының негізгі проблемалық мәселелерін жан-жақты шешіп зерттеуде біз тарихшылдық принципті, яғни әдеби құбылыстарды тарихи даму процесінде, әрбір шығарманы, әрбір ақынды өзінің туған тарихи-қоғамдық ортасына нақты байланысты алып тексеру принципін қолданамыз. Мұның өзі әсіресе идеялық қайшылықтары бар ақындарды өз заманындағы таптық, қоғамдық ортаның жемісі тұрғысынан анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, қазақ әдебиетінің кейбір құбылыстарын, жанрлардың дамып қалыптасу процесінде тексеру қажет болды. Мәселен, ақындардың айтысы. Бұл ХІХ ғасырдың өн бойында және ХХ ғасырдың басында да әдебиеттің белгілі бір дәстүрі, белгілі бір жанрлық ерекшелігі есебінде дамып отырды. Сонымен бірге, бұл – екі немесе бірнеше ақынның ортақ творчествосы. Сондай-ақ батырлар жыры, лирикалық дастандарды, шешендік сөздерді, мақал-мәтелдерді, әнші ақындардың лирикаларын да жанрлық ерекшелік жағынан зерттеу анағұрлым қолайлы.
Қазақ әдебиеті тарихының академик М.Әуезовтің басқаруымен жазылып біткен бірінші томы осы біз айтып отырған тарихи және жанрлық принципті толық сақтаған. Қазақ әдебиетінің бірінші томында сонау ерте заманнан дәл бүгінгі совет дәуіріне дейінгі дамып келген ауыз әдебиетінің негізгі мәселелерін қамтитын болса, екінші томы ХҮШ-ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін қамтиды…
…Әдебиет тарихын зерттеудегі ең үлкен қиындық, ең төзбестік сорақы кемшілік – біздің әдебиетші ғалымдарымыздың кітапханаларда, архивтерде, қолжазба фондаларында сақтаулы бай түп нұсқа материалдарды жан-жақты зерттеп игермеуі. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші ғалымдар түп нұсқадағы қолжазбаларды қадағалап зерттемейінше, өзгесін былай қойғанда, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ә.Диваев қалдырған қолжазбаларды түгел оқып игермейінше, шын мәніндегі ғылыми еңбек жазылады дегенге сену қиын. Сөйтіп, әдебиет пен фольклордың нақты фактілік материалдарын арнайы зерттемейінше, тек бұрын-соңды басылған кітаптарды ғана пайдаланып жазған еңбектер бірін-бірі қайталауға, сайып келгенде ғылыми ойдың тоқырауына апарып соғады. Біз бұл кемшілікпен батыл күресуіміз керек. Осы жөнінде нағыз материалдың ортасында отырған Қазақ ССР Ғылым академиясының ғалымдары басқаларға үлгі көрсетуге тиіс.
Екінші бір елеулі кемшілік - әдебиеттану еңбектерінде ғылыми аппараттың жеткіліксіздігі мен ғылыми адалдықтың кемдігі. Әрбір ғылыми еңбек, егер ол жаңа, соны пікір айтуға талаптанса, алдымен, белгілі фактіге, документке, дәлелге сүйенеді, сонымен бірге өзі зерттеп отырған мәселе туралы бұрын не жазылады, қандай қорытындыға келді, олардың дұрыс-бұрыс жері қандай, барлығын да атап көрсетіп отыруға міндетті. Бұл жалғыз әдебиеттануда ғана емес, ғылымның барлық саласында ежелден қалыптанған дәстүр. Амал қанша, біздің қазақ әдебиетшілері ғылымдағы осы адалдықты, заңды дәстүрді сақтамай жүр…
…Ғылым дегеніміз қашан да өзінің белгілі саласында жаңалық ашу ғой. Бірақ сол жаңалық әдебиет пен архивтегі, қолжазбалардағы нақты фактілер мен документтерді ұқыпты зерттегенде ғана туады. Біз әдебиет тарихын жасаудың алғашқы дәуірінде осы фактілер мен документтерді байымды зерттеудің жоқтығынан толып жатқан жаңсақтыққа, шалағайлыққа ұрындық. Белгілі ақын, жазушы туралы, әдебиеттің белгілі дәуірі туралы айтылған долбарға, ауызша таралған лақаптарға сүйеніп үстірт, жеңіл-желпі пікірлер айту мезгілі өтті. Әдебиеттану ғылымында жаңалыққа жеткізетін творчестволық ой мен қажырлы іздену – басты талап...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет