Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет85/93
Дата22.12.2022
өлшемі1,48 Mb.
#163970
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   93
Байланысты:
äåáèåò òåîðèÿñû. Íñàëû. «Ôîëèàíò» áàñïàñû, 2003. 344 áåò. « 2

Ә.Қоңыратбаев
ХІХ ғасырдың аяғындағы әдеби тіл

Қай елдің болса да әдеби тілінің туып қалыптасуы ұзақ ғасырларға созылатын күрделі тарихи процесс. Тіл – рухани мәдениет құралы. Оны әр елдің өз тарихына сай зерттеу керек. Әдеби тілдің туу, қалыптасу кезеңдерін анықтау үшін әдеби мәні бар құбылыстарды әдіс, стиль, тіл, жанр жағынан алып, оның фольклормен байланысын, түрлі стильдердің өзара тартысын, тарихи негізде ауысуының сыры мен себептерін зерттеу қажет. Ұлттық тілдің көрінісі болған әдеби тіл таптық қоғамда барлық таптарға ортақ қатынас құралы болғандықтан, оның қалыптасуына бір ғана бағыт емес, түрлі бағыт пен түрлі стильдегі ақындардың да қатысы болады...


... Ғасырлар бойы көптеген хандықтарға бөлініп, Жәнібек, Абылай, Тәуке, Жәңгір биліктерін басынан өткерген, бірақ ұлттық бірлігі орныға қомаған қазақ халқы да жалпыхалықтық ұлттық тіл нормасын өзінің бай эпостық мұрасы арқылы тудыра бастаған. Шоқан қазақ эпосының тілі мен образдарын жазба әдебиетке бергісіз деп бекер айтпаса керек. Сол эпостық жырлардың тілінде тайпалық немесе жергілікті тілдер диалектісінің әсері де айтарлықтай елеулі емес. Олар қазақ даласының қай жерінде болса да бір үлгіде жырланып, халыққа ұғымды әрі ортақ болға. Сондықтан В.Радлов бір кездері Жайық бойынан жазылып алынған “Ер Тарғын” мен Аягөзден табылған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырларының тіліндегі бірлікті баяндай келіп, қазақ халқында диалекті жоқ деген ойын айтқан болатын. Әрине, біз эпос тілін, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, тіпті Бұқар мен Махамбет тілін де жазба әдебиеттегі ұлт тілінің үлгісі болды демейміз. Ол жалпыхалықтық үлгі ретінде көрінетін тіл.
Абайдан басталатын қазақтың жазба әдебиетіне негіз болған, оған сөздік қоры, грамматикалық құрылысы тең немесе ұқсас жалпыхалықтық тіл нормасы алғаш ауыз әдебиетінде жасалып, күні бүгінге дейін жазба әдебиетпен қатар өмір сүріп келеді...
... Көптеген өзге халықтардың эпосы мен ертедегі жазба тілі дәл қазақ, қырғыз, түрікмен, қарақалпақ сияқты Орта Азия халықтарының ауыз әдебиетіндей болып, бүгінгі әдеби тілге осыншалық ұқсас, жалғас болып келе бермейді. Өйткені көшпелі елдер өздерінің жалпыхалықтық тілінің өрнегін эпос арқылы тым ерте жасауға мәжбүр болады. Эпос тіліндегі образдау табиғатынан туындайтын көтеріңкі рухты айтпасақ, ол халықтық сөйлеу тілімен бір. Көшпелі елдерге ғана тән ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы жақындық осындай. ХҮ ғасырдағы Асан қайғы, ХҮІІІ ғасырдағы Бұқаралардан бастап Абайға дейін эпос тілі біздің жаңа әдебиетіміздің тіліне үлгі болып қана қоймай, онымен бүгінге дейін жалғасып келеді. Сөйтіп, бүгінгі әдеби тіліміз, оның жеке нормаларының қалыптасуына көне дәуір жазбаларының тигізген әсерін былай қойғанда, эпос, ертегі, жыраулар поэзиясының тілін дәстүр ғана емес, норма ретінде меңгере отырып, өзгеше жолмен, тек қазақ халқының өз тұрмысының ерекшеліктеріне сай тарихи бірлікте туып дамыған дейміз. Ал эпостағы тілдік нормаға жыраулар поэзиясы да, Абай да ортақ. Асылы, дәстүр стильдік құбылыс та, грамматикалық норма тілдік құбылыс болуға тиіс.
ХҮ-ХІХ ғасырлар жағдайында әдеби тілдің көрінісін жазба әдебиеттен емес, авторлық сипаты бар лирика, толғау ақындарының пайда болуынан іздейміз. Толғауда бүгінгі күн мәселелері жырланған. Ондағы жанр жаңалығын айтпағанда, авторлық көзқарас пен образдау тәсілінің өзінде де эпостан өзгешелік бар. Абылайға, Қабанбайға, Керейге айтылған сөздер жалпыхалықтық мәні бар мәселелерді қозғайды...
...ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Бөкей жерінде ел азаттығы күресінен туған Махамбет стилі көрінеді. Мұны эпос дәстүріне негізделген халық поэзиясы десе де болғандай. Махамбет өз шығармаларына тап күресі мен өмір проблемасын негізгі арқау етіп, адам бейнесін, халық талабын жырлауда Бұқардан да бөлек бағыт, мазмұн қолданды. Тілі эпосқа жақын болса, толғаулары Бұқар стилімен сабақтас. Махамбет жеке авторлығы бар ақын ретінде осы жанрға үлкен жаңалық енгізді...
...ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында феодализм мен капитализм арасындағы айырмашылық көзге түсіп, мәдени дамудың шығыстық және батыстық тармақтары күреске түскен болады. Прогресс идеясы туып, қоғамдық дамудың қай жолы деген мәселе күн тәртібінде тұрады. Оған 1868 жылғы низам, капитализм элементінің енуі түрткі салды. Қоғамдық ой да екіге бөлініп, бірі ескіні аңсаса, бірі жаңалықты көксейді. Біздің жаңа жаңа әдебиетімізді тудырған кезең – осы. Ұлттық сананың оянуы ағартушылық бағыттағы әдебиетті тудырады.
Жаңалық пен ескілік тартысы бір жағынан Дулат пен Шортанбай романтизмін тудырса, екінші жағынан Шоқан, Ыбырай, Абай аттарымен байланысты реалистік әдебиетіміздің тууына себеп болады. Әдебиетте екі үлкен бағыт, екі әдіс орнығып, екі түрлі стиль туады. Бірақ екеуі де жазба әдебиет еді.
Болыс, билер институты мен ұлықты, саяси тәртіпті Дулаттар да, Абайлар да көп әңгімелейді. Бірақ ондағы арқау екі басқа. Абай саяси тәртіпті феодалдық отарлау деп, оған демократизмді арқау етсе, Дулаттар оны қазақ даласын Ресейге қарсы қою, тек жалпы мағынасындағы ұлттық сана тұрғысынан сынайды. Абайлар орыс мәдениетін үлгі тұтса, Дулаттар ислам мәдениетін көбірек жақтайды. Міне, екі түрлі әдіс пен стиль тудырған ұғым осылар. Қай тұста болса да мәселенің қойылысында жалпыхалықтық сарын ғана емес, ұлттық сипат та бар еді.
Бұл кездегі әдебиетіміз өмірге жақын ғана келмей, оның ішкі сырына, шындығына тереңірек үңіліп, образ, жанр жасауда жалпыхалықтық тілді әдеби стильде қолдануда өзгеше табысқа жетті. Дулат пен Шортанбай романтикалық поэзияның бір түрін қалыптастырды. Сырт қарағанда бұлардың поэзиясында реалистік мазмұн бар сияқты. “Байды құдай ұрғаны” сияқты патриархалдық шаруа мұңын жырлайтын бірқатар өлеңдерінің реалистік өрнек екендігінде дау жоқ. Сондай-ақ болыс, ұлық, би, заман, ақша, халық образдарын жасауда да бұларда сатира стилінде берілген реализм элементі бар...
...Дулат пен Шортанбай бай, молда, қажы, бидер екіге бөлінді дей тұрса да, бұлар көбіне патриархалдық шаруа зарын мегзейді. Ал шаруа көзқарасында кертартпа ұғымдар да аз болмаған. Осы себепті олар кейде бейнесін жырлағанда тек Абылай мүддесі тұрғысынан ғана келмейді. Өлеңдеріне ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ахуалды арқау етеді. Осы тұрғыдан Дулаттарды жеке бір тапқа тели салмай, олардың поэзиясындағы әдіс пен көзқарасты екі бөліп қараған жөн.
Сөйтіп, Дулат пен Шортанбай сол заманның алғашқы сыншылары болып, оны романтизм мұрасынан сынады. Осы сарынды кейін Әбубәкір, Мұрат, Нұржан, Жүсіп, Базарлар жаңа жағдайда жаңғырта жырлайды. Әдеби тіліміздің дамуында бұлардың атқарған қызметі мол...
... ХІХ ғасырдың екінші жартысында туған романтизм әдіс ретінде көзге түсе отырып, өзіне лайық форма, тіл, образ, жанр тапты. Дулатта толғау басым болса, Шортанбайда толғаумен бірге арнау, жеке лирикалық кестелер де болды. Бұқар, Махамбет тілдерімен салыстырғанда Дулат, Шортанбай тілі мен стилі өмірге бейімделген, халық тілін әдеби мазмұнда дамытудың елеулі бір көрінісі. Сондықтан оның бағыт, стиль ретінде біздің әдеби тіліміздің дамуына болысқан қызметі де бар. Сол стильдер мен әдістер тартысында қазақтың сөйлеу тілін әдеби ұлттық тілге бейімдеу процесі бар еді...
... Шоқан мен Ыбырайдан бастап, Абай тереңдетіп, оған жаңа нышан берген қазақ халқының ағартушылық идеясын осылай жалпыхалықтық процесс рухында түсіну қажет. Мұның өзі ұлттық сананың туып, тарихи дамудың жаңа, даңғыл жолымен өрбігенінің белгісі болды. Капитализм қайшылығын тек Абай ғана көріп, феодализм қайшылығымен қатар сынады. Осы ояну мен ұлттық сананың тууы Абай поэзиясы, оның әдісі мен стилінен, тілінен айқын орын алды.
Абай поэзиясы шын мәнінде қазақтың ұлттық тілі мен жаңа жазба әдебиетінің туғандығының айғағы болған еді. Оның ауқымы кең болды. Бір жағынан ол халық поэзиясы, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Ақтамберді, Бұқарлардан басталған әдеби дәстүрді мол игерсе, екінші жағынан, орыс әдебиетінің үлгісін меңгере отырып, қазақтың жаңа мәдениеті мен әдебиетінің ұлттық формада қалай дамуға тиіс екенін көрсетіп берді. Көркем сөз бен әдеби тілдің нағыз жетілген, әдіс пен стильге негізделген қол жеткісіз көркем үлгілерін жасады. Әңгіменің тетігі Абай поэзиясының аз-көптігінде, өлеңдерінің 1909 жылдан соң басылуында емес, 1880-1905 жылдар арасында оның бұқаралық сипат алып, дала поэзиясына тән жолмен біздің әдебиетіміздің негізін салып қана қоймай, соның классикалық өрнегін Пушкин, Крылов, Лермонтов, Гете, Шиллер, Байрон дәрежесінде жасауында. Бұл айғаққа ешбір жорамал қарсылық ете алмайды...
...Абай халық дәстүрін, оның тілін әдеби үлгіде, дамытып, көркейтумен бірге, орыс және шығыс әдебиетінің мол байлығынан нәр алып, оны өзгеше форма мен мазмұнда, көркемдік дәрежеде, өмір шындығы мен талабына сай анық халықтық пішінде қалыптастырды. Онда осы дәстүрлі үш бұлақтан басқа, әдебиеттің халықтығы, реализмі және идеялылығы дейтін аса мәнді де жаңа үш арқау бар еді. Бұл орыс әдебиетіндегі әдеби-эстетикалық ойдың дәрежесінде көрінген, қоғамдық-ұлттық мәні бар жетілген әдебиетке тән белгілер. Абай өмір шындығын белгілі бір көзқарас, әдіс, жетілген стиль сатысында жырлайды. Халық бейнесі мен мүддесін әдебиетке басты сарын ету, көркемдік қасиеті биік әрі бай реалистік әдіс жасау, әдебиетті өмір оқулығына айналдыру күрделенген тұрмыс шындығы мен дамыған ой-санаға тән құбылыс. Бұл реттен Абайды тақырып талғау, образ жасауда әдеби ұлттық стильді орнықтырған жаңашыл ғана деп алу жетімсіз. Сонымен бірге ол біздің мәдени дамуымыздың жаңа бетін ашқан суреткер, ойшыл, данышпан...
...Абайдың реализмі анық сыншылдық сатыға жеткен құбылыс. Оның бір басы феодализмге, екіншісі капитализмге тиеді. Осы белгілерде Абай поэзиясының өмірмен шындап туысуы, жарты ғасыр ішіндегі дала өмірінің энциклопедиялық суреті ғана емес, оның өскен талабы мен ой-санасының да елесі бар.
1898 жылдан бастап Абай жаңа құрылыс ішінде жаңа идея іздейді. Ол жаңалықтың қазақ, орыс жеріндегі тұрпатымен де қанағат етпей, халықтық арнаны демократизм идеясымен жалғайды. Осы тұста ол Лермонтов поэзиясының рухына, сезім, рефлексияға салынады. Сөйтіп революцияшыл романтизмге қол береді. Бұрын екі дүниенің сырын түсіндірген Абай енді өзінің ішкі сезімдері мен идеялын сыртқы болмысқа қарсы қойып, азаттық идеясын жырлай бастайды. Абайдың объективтік және субъективтік түрде көрінетін әр алуан күшті кейіпкерлері, әдісі мен стилінің толыға түсуі, тіл өрнегінің жаңа бір сатыға көтерілуі осы тұста жатыр. Егер Абай бұрынғы “Қалың елім, қазағым”, “Аттың сыны”, “Күз”, “Жаз” сияқты өлеңдері тілінің дәрежесінде қалса, ол бүтін емес, жарты Абай болар еді. Оның жазба әдеби тіл дәрежесіне шарықтап жетуі Татьяна хаттары, Крылов мысалдары тұсында бір өссе, Лермонтов тұсында тағы да өсті. Образдау тәсілі де бір емес.
Образдаудың жаңа тәсілдеріне сай онда жанрдың да тек Абайға тән, тек содан басталатын алуан түрі бар. Оның тұсында лирикалық жанрдың публицистикалық, сатиралық, пейзаждық, портреттік, ішкі сезімдік формалары өте мол дамыған. Баллада, мысал, поэма жанрлары да жаңа стильде туып, қалыптасады.
Абайдың өлең өлшеуі мен тіліндегі жаңалығы қазақ поэзиясында бұрын соң болмаған құбылыс. Өз бағыты мен стиліне бұрынғы поэзия тілі емес, мазмұндық-формалық дәстүрін қарсы қояды. Сөйтіп жаңа эстетикалық өлшем жасайды. Ақынға, поэзияға қойылатын осы эстетикалық жаңа ұғым мен өлшеуде Абай бағытының төтендігі, әдеби тіл дәстүрінің шындап туғандығы, ағартушылық ағымның бұрынғы барлық бағыт, стильдерге қарсы қойылғандығының белгісі бар еді.
Абайдың алғашқы өлеңдерінің өлшеуі, тілі мен өрнегі көп жайда бұрынғы поэзия үлгісінен алыс емес. Бірақ “Қартайдық”, “Қалың елім, қазағым”, “Болыс болдым”, “Көжекбайға” сияқты өлеңдерінің өзінде өмірді типтендіруге бағытталған эпизм, байсалдылық бар. Сонымен бірге “Болыс болдымда” кейіпкердің өзін сөйлетіп, динамикалық-психологиялық құбылыс жасайтын, образ табиғатын беретін бір жандылық болды. Бұл – типтендіру стилі. Өлеңдерінің негізгі тақырыбы халық мүддесі болғандықтан, онда жарқындық пен гуманизм, адамға деген махаббат идеясы да бар еді. Бірақ өлеңдерінің образдары, тілдік кестесі үнемі шендесіп, қайшылыққа құрылады. “Руза, намаз, зеке” – талапсыз іс” деген жолдар метафораның жалғаусыз түрімен шендескен болса, “сыртын қанша жусаң да, іші оңбаған” деген өрнек ішкі мінездегі азғындық, қарсыластық сөйлем өрнегімен берілген. Мұның екеуі де тілдегі типтендіруден туған жаңалық...
...Бұл тұста реалистік-субъективтік образдар объективтік тұрғыдан берілген. Ал Абай романтизм стиліне көшіп, Байрон, Лермонтов поэзияларындағы образдау тәсілін меңгергенде, бірде табиғаттың символданған романтикалық образын (“Терек”, “Қанжар”), бірде “Өзіңе сенбе, жас ойшыл”, “Қорқытпа мені дауылдан”, “Сап, сап, көңілім”, “Көңілім менің қараңғы, бол, бол, ақын” өлеңдерін тудырып, күшті кейіпкер, ақын бейнесін, лирикалық кейіпкердің қазақта жоқ тұлғасын жасағанда, экспрессивтік және көркемдік өрнектердің одан да бөлек, жаңа үлгілерін қолданып байытқан. “Қараңғы көңіл, сергі, көңілім” дегені тосын. Олар үшінші, екінші жақта тұр.
Лермонтовтың думалық өлеңдерін пайдаланғанда, ақын манағы эпизм, типтендіру мен рефлексиялық сезім кейіпкерін, тәсілін ұштастырған. Мұны шартты түрде жанр мен форманың синкреттігі дейміз. Кавказ халықтарының бір кездегі азаттық күресіне арналған “Қанжар” өлеңінің бір образы – қанжар, екіншісі – ақын. “Мұңды шайтан” да осы рухта. Эпизм мен лиризм Абайда әр алуан дамыған.
Крылов мысалдары тұсында Абайда аллегориялы формаға негізделген ғибратшылдық дидактика стилі объективтік образ бен ақынның субъективтік санасының бірлесуі түрінде бұрынғы ертегілік немесе шығыстық (мысалы, “Тотынама”, “Калила мен Димна”) үлгісінен де бөлек, еуропалық стильде жасалған. Абайдың прозада көркем образ жасауға тырыспағаны мәлім. Өз прозасын ақын “ғақлия” деп атап, публицистикаға құрған. Оның басты мәселесі Шығыс пен Батыс арасындағы қайшылық. Абайдың “Ғақлиясы” заман, өмір философиясының синтезі, публицистиканың жаңа түрі. Оның тіліндегі ескі сөздер мен өрнектер ойды оқырманға бейімдеудің амалы. Сол ескі сөздер астарында ислам философиясы мен тәжірибесін сынап, күйрету сарыны жатыр. “Ғақлия” тілі өзінше зерттеуді қажет етеді.
Абайды қазақ әдебиетінің негізін қалады, оның әдебиеті стиліне бас болды дегенде, мұны тек бастама ғана деп алу жетімсіз. Ол әдеби мүсін мен тілді қайталанбас дәрежеде қалыптастырған суреткер. Оған қоғамдық өмір мен ойдың жетілуі, ұлттық сананың оянуы себеп болған.
Абай мен Дулат арасындағы әдіс, бағыт, стиль тартысы 1905 жыл оқиғасы қайшылығының өрістеуінен туған С.Көбеев, С.Торайғыров, С.Дөнентаев бастаған реалистік-сыншылдық әдебиет пен Дулат, Шортанбай ізіндегі Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Н.Наушабаев, Ә.Кердері, Мұрат стилін тудырады. Сонымен қабат 1916 жыл рухындағы халық поэзиясы туады. Осының бәрі де өмір мағынасын жаңаша әңгімелеуден туған, бірде рационалдық ойға, бірде консервативтік догмаға, енді бірде дәстүр мен көне сүрлеуге табынған әр алуан, бірақ бүгіндік мәні бар әдеби құбылыстар болды. “Қисса әдебиеті” деген атауды халық эпосына қолдану дұрыс болмаса керек. “Зарқұм”, “Жұм-жұма”, “Салсал”, “Хасан - Хұсайын” күрес рухын баяғы дін, ислам тұрғысынан әңгімелеген, бірақ бүгінге қатысы бар шығармалар. Оның ішінде діни сюжетті пайдаланып, заман жайын толғайтын мазмұн да жоқ емес. Бұл шым-шытырақ стильдер мен ағымдардың тілінде заман мәселесі өткірленген. Өйткені бұл тұста таптық-әлеуметтік ортаның өзі орта, жоғары және төменгі феодал, дін иелері, момын бай, патриархалдық шаруа, жалшы т.б. топ болып жіктелген еді. Бірақ олардың бәрінде де шешілмеген ащы бір ырға болды. Сол ұсақ бағыттар ішінен озық тұрғаны – халық проблемасын Абай дәстүрінде жырлаған, реалистік-сыншылдық, демократиялық-ағартушылық мазмұндағы Торайғыров бағыты болды.
С.Торайғыров, С.Көбеев, С.Дөнентаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатовтарды тудырған демократия талабы болды. Сөйтіп, бұл кездегі ұлттық сананың тууын ағартушылық-демократиялық бағытпен туыстырамыз. Өйткені ұлттық санаға енді демократия, революция ұғымдары келіп қосылады.
Қазақ әдеби тілінің Абай стилінде дами түсуін көрсету ретінен ХХ ғасыр басында “Қазақ”, “Айқап” сияқты газет-журналдың, сондағы публицистикалық, саяси мазмұндағы прозаның тууын зор табыс деп айтпай болмайды. “Айқап” журналының тілінде татар элементі барлау, бірақ мазмұны демократиялық болды. Публицистика өзінің орнына ие болды. Бұл анық әдеби құбылыс еді. Ұлттық сананың демократиялық рухын уағыздауда “Қазақ” газеті мен “Айқап” журналының қызметі өзгеше болды. Ондағы ойлар Торайғыров, Көбеев, Дөнентаев, Дулатов, Аймауытов, Жұмабаев, Майлиндердің поэзиясы мен прозасына желі болды.
Прозадан бұл кезде “Бақытсыз Жамал”, “Қартқожа”, “Күнікейдің жазығы”, “Қалың мал”, “Қамар сұлу”, “Шұғаның белгісі” сияқты ағартушылық романдардың тууы әдеби тілдің дами түскендігінің айғағы болды. Бұл шығармалардың еуропалық романдардан несі кем? Карамзиннің “Бейшара Лизасында” көрінетін сентиментальдық романның өзі ағартушылық рухындағы шығарманың басы емес пе? Сол роман жанры қазақ даласында да туады. Оның іші толған тілдік, образдық, сюжеттік, портреттік, пейзаждық, композициялық жетілген әдеби өрнек еді. Мазмұны да типтік, тарихи.
Қазақтың тұңғыш романдары “Бақытсыз Жамал”, “Қартқожа”, “Қамар сұлу” шығармаларының тілінде эпос, сөйлеу тіл мен әдеби тіл өте бай ұштасқан.
Сөйтіп, ХІХ ғасырдың аяғындағы әдеби тілімізге тіл жағынан өзге бағыттардың қатысы болса да, оның жаңа жанрда өмірге еніп, дамуы әдебиетіміздің едәуір бой көрсетіп, ұлттық сананың өскендігінің айғағы болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет