Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»


Т. Кәкішұлы ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі ағымдар



бет74/93
Дата22.12.2022
өлшемі1,48 Mb.
#163970
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   93
Байланысты:
äåáèåò òåîðèÿñû. Íñàëû. «Ôîëèàíò» áàñïàñû, 2003. 344 áåò. « 2

Т. Кәкішұлы
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі ағымдар

Реалистік арнаға түсу барысында, қазақ әдебиеті қызық-қызық кезеңді басынан өткергені байқалады. Батырлар жырының көркемдік қуатына тереңірек көз жіберсек елді қорғау, халықтың қамқоры болу идеясымен мұңдалып шығады. Бұл поэзиямен атқарылар іс емес. Бірақ біздің жырға үйренген табиғатымыз ұйқастыра айтуды, сөзбен жеткізуді талап еткен соң, 7-8 буынды жыр үлгісімен баяндап береміз.


Ал, шындығында, осы батырлық жырды іштей бунақтап, бұтарлап, басқа әдебиеттердің үлгісімен салыстырар болсақ, өзінің бас кейіпкері, оқиға дамытар сюжеті, тартыс конфликтісі бар шығарма екенін көреміз. Бұл прозаға тән қасиетті жыр өрнегіне салып, оқиғаларды байланыстырар тұста баяндау әдісін қолдану кейіпкерлердің жанды бейнесін жасауға қажетті тәсілдер екенін байқаймыз. Сонымен бірге әр түрлі ән мақамын араластыра отырып, тыңдаушының ынтығын арттыратын амал да батырлық жырдың эстетикалық әсерін еселей түседі.
Көркем образ жасау амалдарына зер салсақ, батырлар жырындағы қаһармандардан Еуропа әдебиетіндегі рыцарьлық романның келбетін көрер едік. Осының сәтті тәжірибесін Ә.Нұршайықов пен А.Сейдімбековтың батырлық жырларды қара сөзге айналдырғанынан-ақ қазақы романның ерте заманнан-ақ болғандығын аңдағанбыз. “Қамар сұлу” мен “Шұғаның белгісі” шығармаларынан да поэзия мен прозаның қоян-қолтық араласып жатқандығын, ара-жігін ажырата қою қиын екенін байқаймыз. Еуропа үлгісіне түсе бастаған “таза қара сөзіміз” әуелгі кездерде натуралистік сипатпен көрініп, артынан мәдениеттене бастағанын елемеуге болмайды. Осылардың бәрін теориялық тұрғыдан қисындыра білсек, қазақ прозасының өз ерекшелігі барын аңғарар едік те, соған лайық қорытындылар жасап, әдебиетіміздің өресін айқындар едік. Өзінің ұлттық келбетімен, ерекшелігімен көрінген шығарма ғана өз оқушысының жүрегіне жол тауып қадірленеді, құрметтеледі.
Реализм - өнер атаулының ең өнімді де өміршең арнасы. Онан тым алшақтап кеткен ізденістердің келешегі күңгірт. Сондықтан реализмнің алуан түрлі бағыттарының қайсысынан болсын іргемізді аулақ сала алмаймыз. Оның туу, қалыптасу, дамуына жіті көз жібере алсақ қана, әдебиет тарихындағы құбылыстарды шырайлы көрсете аламыз.
Қазақтың Абайдан басталған жаңа жазба әдебиетінде реализм жүйелі түрде қалыптасып, қоғамның кем-кетігін, адам пиғылының сыр-құпиясын түзетпек ниетке берілгенде, сыншылдық тенденциясы күшейеді. Бір кезде таптық қарауылды мықтап қойып, байды – кең құрсақ, ақылсыз, кедейді – жетелі де алғыр етіп көрсете білгенді социалистік реализм деп атадық. Бұл көркемдік әдістің принциптері реализмнің талап-тілектерінен тыс жатпайды. Бірақ әдеби таным белгілі бір стандарт, қалыпқа салынған жерде өнердің қанаты қырқылады екен.
Қазақ әдебиетінде социалистік реализм бір бағыт болып тарихтан орын алуға тиіс. Оны көрмеуге, елемеуге хақымыз жоқ. Өйткені социалистік қоғам біздің тарихымыздың бір белесі, өткен жолы. Оны аттап өтіп кете алмаймыз. Бұл жай өмірді реалистік тұрғыдан суреттеудің тарихи бір кезеңі, одан қашсаң да құтыла алмайсың.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуында бадырайып көрінген, әлі күнге дейін тамсандырып келе жатқан көркемдік амал – романтикалық суреттеу тәсілі. Кезінде романтизмді революцияшыл, өршіл және реакцияшыл, керітартпашыл деп екі бөліп, біріншісін – жақтадық, екіншісін – даттадық, әрі-беріден соң сөзіміз “дәлелді” болу үшін саясат араластырдық. Мұңшерге батып жылап-сықтау – кешегі күннен, қазақтың феодалдық-патриархалдық тұрмыс-салтынан айырылмауы, ескілікті дәріптеу деп, оңды-солды соқтық.
Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихында дүниені романтикалық тұрғыдан танып-білу әдісі реалистік сыңайдан асып түспесе, кем емес. Тіпті көшпелі өмір салтының өзінде романтиканың толып жатқан сілемдері барын аңғармау, оны сөз өнері арқылы жарқыратып көрсетпеу мүмкін емес. Бірақ, біз асқақты сөз орамынан іргемізді аулақ салып, көркемдік танымымыздың қуатты бір қанатын қырқып тастадық. Романтикалық суреттеу тәсілін ойысқандарды қарамаған, даттамаған кезіміз аз. “Жылау-сықтауы көп” Мағжанды былай қойып, сәл осалдық танытып”, “Сыр сандық” пен “Аққудың айырылуын” жазған Сәкенді де ағаш аттың басына мінгізіп қойдық. Көңіл күй лирикасын жаздырмай махаббат сезімінен безуге күштедік. “Сарыуайымға салынушылық”, “буржуазиялық көңіл-күйге берілу” деп күйеледік... Мұндай тұста романтикалық ойлау, суреттеу түгіл, натуралистік бояудың өзін пайдалану қиын екенін түсіне бермедік. Сондықтан үгіт-насихаттық леп күшейді де, шын көркемдік тәсілдер сахнадан ысырыла берді. Саясаттанған танымымыздың осы қысас қисынын енді түзетіп, қазақ әдебиетіндегі романтикалық суреттеу әдісін өзіндік бет-келбеті бар бір ағым, бағыт ретінде қарастыру қажет. “Қазақ романтизмі” деген атаудан үрікпей, оның ерекшелігін ашып, өзіміздің ұлттық таным-біліктің өресін көрсетуге тиіспіз. Міне, сонда ғана біз өзіміздің эстетикалық түсінік-танымымыз арқылы рухани байлығымыздың қадір-қасиетін аңғарамыз. Мағжан Жұмабаевтың қазақ әдебиетінде өмірді романтикалық арнада суреттеу амалын тауып, оны реализмнің жұртына аунатып алу арқылы ел-жұртқа қош иісі аңқыған керемет поэзия сыйлағанын ұмыптаған абзал...
Ал адамзаттың көркемдік танымына тән өмірді сатиралық және символикалық арнада суреттеу тәсілдері де қазаққа еш уақытта жат болған емес. Бұл тәсілдер, әсіресе, ХХ ғасырда күшейе түскенін білеміз.
Шынында, өмірде кездесіп жатқан ожарлық пен оғаштықты, адам пиғылындағы сүреңсіз қылықтар, қызғаныш пен арамдықты мінеу, сынау күші кеше ғана емес, ауыз әдебиетінің алғашқы үлгілерінің өзінен-ақ көрінеді емес пе?..
Олардың бәрін қазақ Еуропа мен орысқа жанасқаннан кейін ғана тапқан жоқ. Әлденеше ғасыр бұрын өзінің өмір тәжірибесінен туындап, сөз өнерін өздері табынатын, сиынатын өнерге айналдырған болатын. Біз осыны тарамдата, жіліктей бұтарлап зерттеуге тиіспіз.
Ілгерінді мәдениеттерден алғандарымызды, бойға сіңіргендерімізді рабайымен ғана айта білгенде ғана қазақтың көркемдік таным-білігінің тарихы дұрыс жазылады. Бұрынғыдай евроцентристік ой-пікірлердің бәріне шұлғи беруді енді қою керек. ХХ ғасырдың аяғындағы өмір мен көркемдік өткелдерінің бізге үйретері осындай...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   70   71   72   73   74   75   76   77   ...   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет