Б. Кенжебаев
Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу
Әдебиет тарихы халық тарихымен тығыз байланысты, соның бейнелі көрінісі, сүрлеуі; ол қай кезде болсын халық тарихының ізімен жасалады. Демек, қазақ әдебиетінің ғылымы тарихи да қазақ халқы азаматтық тарихының ізімен жасалуы тиіс.
Қазақ халқының құрамына енген рулар ежелден, арғы заманнан осы күнгі Орта Азияны, Қазақстанды, Орталық Азияны, шығыс-оңтүстік Сібірді, орта, төмен Еділді, Каспий жағалауларын мекендеген. Сол жерлерді ертеде мекендеген көптеген түрік, монғол руларымен, кейін азербайжан, түрікпен, қарақалпақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр, ойрат, тува, хакас, башқұрт, татар халықтарының құрамына енген ру-тайпалармен бірге, кейде қатар жасасқан. Солардың біразымен кейде жауласып, қақтығысып, соғысып; кейде одақ құрып, қыз алысып, құда болып, әскери топ жасап, анда болып жүрген.
Біздіңше, тегі ерте уақыттарда арғы, бергі тарихтарда аталатын скиф, ғун, қаңлы, сақ, сармат, алан, карлук, хазар, оғыз, куман – бәрі де есте жоқ ерте замандардан Орталық Азия мен Византия аралығын мекендеген түрік, монғол рулары, солардың әр кездегі ру-ұлыстық, түрлі бірлестік, құдандалық аттары.
Аталған жерлерді жайлаған түрік, монғол ру-тайпаларының қай-қайсысы да болмасын үнемі бір орында, өзі әуелі мекендеген жерінде отыра бермеген. Кейде өзара жауласып, соғысу салдарынан, кейде басқа жақтан келген ру-тайпалардың, халықтардың жорығы, көшіп-қонуы салдарынан бір жерден екінші жерге, бір өлкеден екінші өлкеге ауып, мекендерін жиі өзгертіп отырған...
...Қысқасы, ертедегі қазақ ру-тайпалары бұрынғы уақытта, қазақ халқы, қазақ хандығы болып құралғанға дейін Қытай, Рим аралығындағы аймақтар мен өлкелерді мекендеген түрік, монғол руларымен бірге тірлік еткен. Сондықтан бәрінің тарихи, қоғамдық, мәдени өмірі ұқсас болған...
... Бері келе тайпа, ұлыс өзінің басынан өткендерін, бұрын-соңды болған атақты ер, батыр адамдарын әңгіме, аңыз, жыр еткен. Олардың өлісін жоқтаған, тірісін мадақтаған. Осыдан аңыз-әңгімелер, ертектер, батырлар жырлары келіп шыққан.
Біз айтып отырған ру-тайпалардың ұлыстық дәуірдегі ондай туындылары: қиял-ғажайып ертектер, алып батыр, Қорқыт жөніндегі аңыздар, Оғыз, Алпамыс, Күлтегін туралы жыр-дастандар деп айтуға болады.
Осы күні біз Алып, Қорқыт жөніндегі аңыздар, Оғыз, Алпамыс, Күлтегін жөніндегі жыр-дастандар қазіргі түрік текті халықтардың анасының әдебиетінде бар, мынасының әдебиетінде кездеседі; оларды бұл халықтар бірінен-бірі ауысып, үйреніп алған деп түсіндіреміз. Кейде, тіпті, пәлен халық жасаған, басқасы сол халықтан үйренген деп дәлелдеуге тырысамыз. Біздіңше, осының бәрі бекер. Себебі, айтылған аңыздар мен жыр-дастандар түрік текті халықтар бірге араласып, жиі қатынасып жүрген кезде жасалған. Солардың бәріне ортақ, бәріне бірдей туынды. Сондай-ақ, түрік ру-тайпаларының ру-ұлыстық дәуірде бәріне ортақ әліппесі, жазу-сызуы болған. Олар бұрынғы ұйғыр, арамей әліппелері, Орхон-Енисей, Талас, Шу жазулары деп аталады.
Тегі тарих, археология ғылымдарының қазіргі табыстарына қарағанда Орталық Азия мен Шығыс Европа аралығында жасаған ру-тайпалар біздің жыл санауымыздың Ү-ҮІІ ғасырларында қоғамдық тіршілігі, шаруашылығы, мәдениеті бірталай жетілген ел болған. Халықтың біразы мал шаруашылығымен, біразы егіншілікпен тірлік еткен. Меру, Самарқан, Үргеніш, Бұхар, Пенжікент, Отырар, Тараз сияқты үлкенді-кішілі қалалар, кенттер мәдениет орталықтары жасалған. Оларда керамика, тоқыма, зергерлік сияқты әртүрлі қол өнер кәсібі, астрономия, математика сияқты ғылымдар дамыған; сурет, сәулет, музыка өнерлері болған...
Арабтардың осы күнгі Орта Азия, Қазақстан жерлерін жаулап алу әрекеті ІХ ғасырдың басынан басталды. Көп жылдар бойы кескілескен соғыстар болды, арабтар жергілікті халықтарды “ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен” бағындырды. Арабтар өте қатал келді: жергілікті халықтарды, олардың бұрынғы мәдениеттерін набыт қып қырды, жойды. Әсіресе, мәдениеттерінен ешқандай жұрнақ, нұсқа қалдырмауға тырысты.
Хорезмдік ғалым Әбурайхан әл-Беруни (973-1048) Х ғасырдың басында жазған “Өткен буындардың ескерткіштері” атты кітабында арабтардың осы қырғын-жойқыны туралы былай деп жазады:
“Кутайба бин Муслим әл Балиқи әртүрлі тәсілмен бұрынғының бәрін таратты, жойды; Хорезмдіктердің жазу-сызуларын, кітаптарын, бумаларын өртеді; дін қызметкерлерін, аңыз-әңгімелерін білетін адамдарын, ғалымдарын түгел құртты; Хорезмдіктердің исламға дейінгі тарихы түгел көрге көмілді, оны қазір ешкім білмейді”.
Сонымен бірге, арабтар жаулап алған жерлерінде өзінің мемлекеттік тәртібі – халифат орнатты; жергілікті халықтарға өзінің ислам дінін зорлап енгізді; араб тілін, араб әліппесін үйретті, араб мәдениетін таратты.
Арабтар жаулап алған кезден бастап сөз болып отырған өлкелер, халықтар олардың әлеуметтік өмірі қоғамдық дамудың жаңа сатысына көтерілді – феодалдық қалыпқа көшті. ІХ ғасырдың аяғы мен Х ғасырдың басынан өлкенің, ондағы халықтардың шаруашылығы, мәдениеті қайтадан өркендеді. Бұл кезде оқу, білім, өнер, әдебиет – бәрі де араб тілі, араб мәдениеті ықпалында дамыды...
...Дұрысында, тарихтан көріп отырмыз, Х-ХІІ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қала, кенттер өркендеген, жергілікті халықтардан талай ұлы жазушылар, ұлы ғалымдар шыққан; жергілікті ру-тайпалар өкілдері шығарған, жазған түрлі әдеби шығармалар, ғылыми еңбектер болған. Бұл жерде оларды түгел теріп отырмай, Мұхамед Хорезмиді, Әбунасыр әл-Фарабиді, Әбурайхан әл-Беруниді, Әбуғали Ибн Синаны, Әбілқасым Фердоусиді, Рабғузиді, Махмұт Қашқариді, Қожа Ахмет Яссауиді, Омар һайямды, Баласағұндық Жүсіпті және солардың көркем шығармалары мен ғылыми еңбектерін атасақ, біздің әлгі пікірімізді толық дәлелдей алады...
...Түрік тайпалары мен ұлыстарының ертедегі әдеби нұсқаларынан “Оғыз нама”, “Мұхаббат нама” деген шығармаларды зерттеген совет ғалымы А.М. Щербак: бұлардың алдыңғысы ІХ ғасырға, ұйғыр дәуіріне, екіншісі ХІІІ ғасырға, араб, монғол билеген дәуірге жатады. Бірақ екеуінің тілдік, әдебиеттік негізі бір. Екеуі бір әдеби дәстүрдің екі дәуірін сипаттайды дегенді айтады.
Көпке мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ХІІІ ғасырдың басынан тағы бір шапқыншылық келеді. Ол – күн-шығыстан келген Шыңғысхан бастаған монғол шапқыншылары еді. Монғолдар Қытай, Рим аралығындағы кең-байтақ жерлерді түгел жаулап алды. Онда үлкен мемлекет құрды, ол Алтын Орда, (Ақ Орда, Көк Орда) деп аталып, үш ғасыр шамасы уақыт өмір сүрді.
Араб басқыншылары сияқты монғол шапқыншылары да өлкенің елін, жерін әбден ойрандады. Ертедегі батырлық жырлардың сөзімен айтқанда, оның халықтарын қан қылды, қалаларын шаң қылды; шаруашылығын әбден күйретті, өлкенің өңін мүлде өзгертіп жіберді. Ол замандарда Орта Азия мен Қазақстанға, ондағы халықтарға қарағанда араб елінің, арабтардың мәдениеті жоғары еді, олар мәдениетті халық деп саналушы еді. Ал, монғолдардың мәдени дәрежесі арабтарға қарағанда да, Орта Азия мен Қазақстан халықтарына қарағанда да біраз төмен болушы еді. Сондықтан монғолдар билеп-төстеп тұрған кезде, Алтын Орда тұсында, ХІІІ-ХҮ ғасырлар арасында Орта Азия мен Қазақстан өлкелерінің, ондағы халықтардың мәдениеті оншалықты өркендемеді. Бұрынғы қалпына келтірілген қала-кенттер, мәдениет орындары Алтын Орда ыдырағаннан кейінгі болған бірсыпыра хандар соғысы кезінде тағы қиратылды.
Қазақтың кейбір әдебиетші ғалымдары біз жоғарыда көрсеткен ертедегі әдеби, ғылыми шығармаларды, жазушылар мен ғалымдарды қазақтыкі емес, қазаққа олардың тілдері түсініксіз, рухы жат дейді. Бұл дұрыс емес.
Себебі: бірінші, қай халықтың болсын ерте замандардағы алғашқы әдебиеті, жазба әдебиет нұсқалары сол халықтың бүгінгі тілінде болуы шарт емес. Кейбір халықтардың ондай әдебиетінің басқа тілде, сол халыққа осы күнде түсініксіз тілде болуы, бірақ, сол халық жерінде, сол халық өкілдері тарапынан жасалған, сол халықтың бір кездегі өмірін көрсететін әдебиет нұсқалары болуы ықтимал...
...Екінші, көрсетілген әдеби, ғылыми шығармалардың бірқатары түрік, ұйғыр, шағатай тілдерінде, бірқатары бұрынғы түрік, шағатай, араб тілдерінде (көбірек шағатай тілінде) жасалған. Ал, шағатай тілі араб, парсы сөздері араласқан, араб, парсы тілдеріндегі кітаптар стиліне түскен түрік тілі, түрік ру-тайпаларының кітаби тілі еді...
...Бірқатар ғалымдар Қытай, Рим аралығында жасаған ру-тайпаларда сөз болып отырған замандарда шыққан жазушылар мен ғалымдарды анасы ана ру тайпаның уәкілі, мынасы мына халықтың перзенті деп бөледі: пәлен өзбек, түген түрікпен деп жіп тағады. Бәрін дерлік қазаққа қатысы жоқ етіп шығарады. Бұл мүлде бекер.
Өйткені, алдымен, бірқатар жазушылар мен ғалымдар өздерін “Әл-Фараби”, “Әл-Беруни”, “Әл-Қыпшақи”, “Әл-Сығанақи”, “Әл-Түркстани”, “Яссауи” деп атаған. Бұл олардың қазақ жерінен, қазақ жерінде әр кезде болған белгілі қала-кенттерден, қазақ руларынан шыққанын, қазаққа қатысы болғанын аңғартады.
Онан соң, мәселе қай жазушының, қай ғалымның қай ру, қай тайпадан шығуында емес, көбінше, әсіресе, оның шығармасы мен еңбегінде, өз шығармасын, еңбегін қай тілде жазғанында болуға тиісті. Мәселеге осы жағынан келсек, біз сөз етіп отырған жазушылар мен ғалымдар әрқайсысы әр ру-тайпадан шықса да, шығармалары мен еңбектерін жалпы түрік тілінде, өз тұстарындағы барлық түрік ру-тайпаларына бірдей тілде, солар бір кезде білген, түсінген, ортақ әдеби тілдерде жазды.
Сондықтан жоғарыда аталған жазу-сызуларды, жазба әдебиет нұсқаларын, әдеби шығармаларды, жазушылар мен ғалымдарды өзбек пен ұйғыр да, әзербайжан мен түрікпен де, қырғыз бен қарақалпақ та, қазақ та өз әдебиетіміз, жазушыларымыз бен ғалымдарымыз деп иемденуіне, әдебиеттерінің тарихына енгізулеріне әбден болады, солай иемденуге, қабылдауға міндетті де.
Міне, сонда еліміздегі түрік текті, түрік тілді халықтардың ертедегі әдебиеттерінің тарихы бір болып келеді. Бәрінің ертедегі әдебиеттері тарихында бір әдеби нұсқалар, шығармалар, бір жазушылар, ғалымдар қарастырылатын болады. Мұның ешбір оғаштығы жоқ...
...ХҮ ғасырдың басында Алтын Орда мемлекеті ыдырады, жойылды. Оның орнына жеке-жеке шағын хандықтар құрылды. Солардың бірі қазақ хандығы құрылғаннан бастап халық болып қалыптасты.
Қазақ хандығы бірде тұтас, бірде жүз-жүз болып бөлініп, ХҮШ ғасырдан бастап біртіндеп Россияға қосыла бастады. Қазақ хандығы тұсында да халық қоғамдық тұрмысына лайық, қабілеті келгенше жаңа, өз мәдениетін, әдебиетін, өзінің халықтық әдеби тілін жасады...
...Сөз болып отырған дәуірде қазақтың Асан Қайғы, Мұхамед Хайдар Дулати, Қадырғали... Жалаири сияқты ойшылдары, тарихшылары; Сыпыра жырау, Шалгез, Қодан Тайшы, Қазтуған, Доспанбет, Марқасқа, Ақтанберді, Жиенбет, Ттіқара, Үметай, Шал Бұхар сияқты ақындары мен жыраулары болған. Осыған қарағанда бұл дәуірде, көшпенділік жағдайға байланысты, қазақ халқының ауыз әдебиеті, соның ішінде эпостық, салттық жыр-дастандары, ақындық, жыраулық өнері молырақ дамығаны байқалады.
Қазақ хандығы дәуірінде шығарылған көркем әдебиет туындылары, көбінше, бұрынғы қыпшақ диалектінде шығарылды да, жазба әдебиет нұсқалары, ғылыми еңбектер бұрынғы кітаби тілде жасалды. Осылар негізінде қазақтың әдеби тілі қалыптасты...
...ХІХ ғасырда, ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде кітаптар көп басылды, газет-журналдар шығып тұрды; қазақтың жаңа оқығандары, озат идеялы орыс мәдениетінен үлгі алған адамдары Шоқан, Ыбырай, Абай, Сұлтанмахмұт, Мұқаметжан т.б. шықты.
Бұл дәуірде қазақ халқының жаңа әдебиеті: демократияшыл, ағартушылық идеялы, сыншыл реалистік әдебиеті туып, өркендеді. Онда әдебиет жанрларының жаңа түрлері, көркем проза, публицистика пайда болды. Бірді-екілі драмалық шығармалар көрінді...
...Сонымен, жинақтап айтқанда, қазақ халқының бұрын-соңды әдебиетінің тарихын былай жүйелеген дұрыс деп білеміз.
І. Бұрынғы әдебиет (Ү-ХҮ ғасырлар арасы). Қазақ ру-тайпаларының ежелгі ру-ұлыс дәуірлеріндегі әдебиеті. Көбінше, сол замандардағы түрік ру-тайпаларымен бірге жасаған ортақ әдебиет.
ІІ. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар арасы). Қазақтың өзіндік әдебиеті.
ІІІ. Қазақтың ХІХ ғасырдағы жаңа, сыншыл реалистік әдебиеті.
ІҮ. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы (1900-1920 жылдардағы) әдебиеті.
Ү. Қазақ халқының Ұлы Октябрь социалистік революциясынан кейінгі советтік әдебиеті.
Біз қазақ халқы әдебиетінің тарихын дәл осы жүйемен жасауды, оқырман көпшілікке осы жүйеде талдап, таныстыруды жөн көреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |