Көркем аударма мәселелері
Қазіргі кезеңде көркем аудармалармен шұғылданатындардың алдындағы ең басты міндет – көркем аудармаға өнер деп қарау, сол көзқарасты әрі күнбе-күн, әрі ұдайы сіңіру және соны күнделікті аударма ісінде нақты түрде тұрақтандыру.
Бұл көзқарастың жақтаушылары әдебиеттің классиктері мен сыншыларының айтқандарына сүйене отырып, көркем аударма теориясындағы біржақты лингвистикалық тұрғының қате екенін, сөзбе-сөздік пен әсіре еркіндіктің зияндылығын дәлелдеп шықты. Фактылардың айтуына қарағанда, жақсы аударманың үлгісі бұл іске нағыз суреткер қол ұрып, оған нағыз өнер туындыларын жасау жауапкершілігімен қарағанда ғана жасалмақ. Және, керісінше, түкке аспайтын нашар аударма осындай қиын да күрделі іске екі тілді аз-мұз білетін әлдекімнің қолынан келетін іс деп білуден пайда болмақ.
Ойсыз, зердесіз, әлдеқалай жасалған аударма кез келген, тіпті, талантты шығарманың беделін түсіріп, түпнұсқа авторы туралы жалған түсінік туғызады да, пайдасынан гөрі зиянын тигізеді.
Көркем аударма дегеніміз - өзінше өнер, творчество. Әдебиеттің тең праволы түрі дейтін ұғымды іс жүзінде жеткізіп, бұл іспен суреткерлік қабілеті бар адам ғана айналысуы керек деп білуі керек. Жақсы аудармашылар көбіне-көп суреткерлік қабілеті бар шеберлерден шығатыны тәжірибеден көрініп-ақ жүр...
...Көркем аударманың сапалық дәрежесі – біздің заманымызда аудару проблемасының нағыз тетігі, проблеманың проблемасы деуге болады. Өйткені бүкіл әдебиеттің деңгейі, оның халықаралық аренаға шығуы көркем аударма сапасына тікелей байланысты...
...Көркем аударманың өте маңызды проблемаларын арман-мүддеге сай ойдағыдай шешудің басты шарты, айналып-үйіріліп келгенде, әдеби таланты бар, екі тілді бірдей білетін аударма кадрларын даярлау болып табылады. Ол үшін табанды да тұрақты жұмыс қажет. Ондай аудармашылар жөніндегі түпкі мұратқа жету үшін аударма ісіне талантты орыс қаламгерлерін тарту қажет, оларға қосылып аударысатын ұлт адамын серік етіп беруге болады, тіпті, түпнұсқаны түсінісуге автордың өзін көмекке тартса, құба-құп.
Ақырында айтар сөз: аударма түпнұсқаға жат, бөтен бірдеңе болмайтын жағдай жасау қажет.
Түрік тілдес ұлт әдебиеттерін орыс тіліне аудару тәжірибесін шет жағалап салыстыра қарағанда, бұл салада тіл жүйелеріне қатысты бірсыпыра ұқсастық та бар екен, әр ұлтқа тән өзіндік ерекшеліктер де жоқ емес екен. Сондықтан бұл тәжірибе, бұл сала әлі де арнайы зерттеуді күтеді.
М.Базарбаев
Жанрлық ерекшеліктері туралы
... Халықтың рухани жағынан өсуіне, мәдениетінің түрлі салада дамуына сай дәстүрлік белгілер де ұшталып, тарамдалып, әр қырынан байқала бермек. Халықтың әлеуметтік өмір-тұрмысына қарай ескі дәстүрлер жаңарады, мән-мағынасы кеңейеді. Бейнелеу құралы ретінде атқаратын қызметі де өзгереді, немесе күрделене түседі.
Негізінде сөз, тіл, оның ішкі қасиеті дәстүрлік, ұғым, түсініктердің мазмұны болып табылса, дәстүр деп түйген дүниеміздің өзі бейнелеу құралы ретінде формалық, түрлі қызмет атқармақ. Дәстүр онда белгілі ұлттық әдебиеттің ішкі сырын, сапалық қасиетін аңғартуы себепті мазмұндық рөлде танылса, бейнелеу образ жасау амалы жағынан белгілі шығарманың, туындының формасы, түрлік қасиеті ретінде де байқалмақ.
Мұндай қарым-қатынас көркем шығармадағы мазмұн мен форманың бірлігі, әрі бірін-бірі толықтыруы жайындағы теорияға әбден сәйкес. Және ұлттық мінез, психиканы аңғартатын дәстүр кең мағынасындағы мазмұнды, ал шығарманың түзілу тәртібі, композициясы, бейнелеу амалдары жағынан форманы білдіруі де осы белгілі теорияға бағынып жатыр.
Көркемөнер шығармаларындағы форма мен мазмұн жайын арнайы зерттеген болгар ғалымы Крысто Горанов форма жөнінде былай дейді: “Көркем форма нақтылы көркем мазмұнды объективтендіру процесі деген сөз. Басқаша айтқанда, көркем форма мазмұнның ішкі структурасы, байқалу әдісін, көркемөнердің осы жанры мен осы түрінің заңы бойынша белгілі материалдық амалдар арқылы жасалған көркем образдар түрінде байқалу, өмір сүру әдісі”.
Белгілі әдебиет зерттеушісі ғалым Д.С.Лихачев: “Бір құбылыстың өзін кейде форманың көрінісі ретінде қарауға болады” дейді. Мұнан мазмұн мен форманың бірлігін ғана емес, олардың бір-біріне ететін әсерін, ықпалын аңғарамыз. Әрине, екеуі теңдей екі бөлек дүние, барлық шығармада екеуінің сыбаға салмағы бірдей болады деген ұғым тумайды. Екеуінің бірдей болмайтын, сәйкес келмейтін жағдайлары өте көп. Әдебиет теориясында мұны талдаудың бірнеше амалдары бар. Бұл жерде ұлттық дәстүр мен ұлттық форма-мазмұнның ара-қатынасына тоқталалық. Мәселен, форма мен мазмұн мәселесі тек дәстүрге байланысты ғана емес, жаңашылдыққа, әсіресе, шеберлікке байланысты тереңірек қойылуға лайық. Алдағы тарауларда бұған автор тағы оралып, арнайы көңіл бөлмек.
Сонымен шығарманың сипатын білдіре тұрып, дәстүр әрі мазмұндық, әрі формалық рөл атқарады дедік. Бұған байланысты мысалдар келтіріп, талдаулар жасау үшін, байырғы қазақ поэзиясындағы дәстүрлік жайларды анықтап көрелік. Оларды, біздіңше, мынадай мәселелердің төңірегінде қарастыру қажет:
Тақырып өзгешелігі.
Философиялық ой, толғаулар.
Дидактика, уағыз, ғибрат сөздер.
Сурет жасау тәсілі және бейнелеу амалдарының біркелкілігі.
Ауыз әдебиеті үлгісінің басымдылығы.
Әрине, бұрынғы қазақ поэзиясының айырым белгілері мұнымен шектелмейді. Оның басқа да ерекшеліктерін табуға, айтуға болады. Бірақ, біз негізгі пікірімізді осы мәселелердің төңірегіне топтағымыз келеді. Аталған мәселелерді бірінен кейін бірін емес, қажет жағдайда, ілгері-кейінді, немесе аралас та айтып талдау қажет. Өйткені ақ пен қарадай бадырайып тұрған шекара жоқ; қайта қойылған мәселелердің бір-біріне қабысып, кірігіп, тұтасып жататын жағдайлары көп.
Тақырып өзгешелігі дегенде байырғы поэзияда адамның өмір-тұрмысына, әсіресе, отбасылық, ғашықтық жайларға көп көңіл бөлінетіндігін, ал әлеуметтік тақырып ұлы оқиғалар тұсында көтерілетіндігін айтар едік. Мәселен, қыз, жігіт, кәрі, сараң, сері, жомарт, жүйрік ат, батыр, ер жайында өлең сөз әлде қайда көп. Ал әлеуметтік тақырып ел басына күн туған сұрапыл жылдар хикаясын шертеді. Бұқар жырау жырлары Абылай заманын, Шортанбай, Мұрат “Зар заман” дәуірін, Шернияз бен Махамбет ұлы көтеріліс кезеңін жырлайды. Таптық мазмұн, бағыт бұлардың шығармаларында айқын көрінеді. Таптық мазмұн бұрынғы қазақ поэзиясының ең ұнамды жақтарының бірі. Махамбет поэзиясын бұл жағынан жауынгерлік поэзия деуге болады. Солай бола тұрса да, байырғы қазақ поэзиясы тақырыпқа соншалықты бай емес: тұрмыс-салт жайынан әрі ұзамайды. Бұл жағынан үлгі боларлық поэзия Абай, Ыбырайдан, ХХ ғасырдан басталады...
М.Ж.Жолдасбеков
Орхон ескерткіштерінің жанрлық сипаты
...Түркі қағанатының тарихын Күлтегін мен Тоныкөкке арналған жазулармен салыстырудың нәтижесі ескерткіш авторының алдында әдеттегідей тарихи жүйелеуден гөрі әлде қайда бөлек, әлде қайда биік міндет тұрғандығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, Орхон жазуларының авторларын жалаң тарихи фактілер емес, белгілі бір идеяға арқау бола алатын тарихи оқиғалар қызықтырған тәрізді.
Тюрколог – тарихшылардың біразы: (С.Кляшторный, Л.Гумилев) “Тарихи оқиғалар дәл, алайда жеткіліксіз” деген пікірді айтқанда, руналық жазулардың әдебиет үлгісіне жататындығынан ғана халық тарихын егжей-тегжей баяндамай, оның ең қажетті, тартымды деген сәттерін ғана сұрыптап алып суреттейтіндігін ескермеген.
Екіншіден, егер біз Орхон жазулары сөз етіп отырған фактілер жайында ертеректе жазылған мәліметтерден бұрын-соңды оқып білмеген болсақ, онда ескерткіштердегі там-тұмдап қана берілген сараң тарихи деректерден жарытып ештеңе түсінбеген болар едік.
Сол себепті Орхон ескерткіштерін жалаң тарихи фактілер тізбегі деп қарамай, түркі халқының ізгі арманын, кескілескен соғысын, айбынды батырларын өзгеше әуезбен жыр еткен ерлік эпосының ең әдепкі үлгісіне жатқызу орынды.
Сондықтан да бір кездерде эпостық дәстүрі айрықша дамыған қазақ халқының бай мұрасы мен Орхон ескерткіштерін салыстыра зерттеудің ерекше мәні бар. Өйткені, Орхон жырларын зерттеу проблемасын жалпы әдеби процесімізден бөліп қарауға болмайды. Қайта біз халқымыздың тарихи өткенінен, рухани өсуінен мол мағлұмат беретін шығарманы терең зерттей түссек, онда бұл шығармалар эпикалық мәдениетіміздің көп сырларын ашуға мүмкіндік береді.
Басқаша айтқанда, эпостарымыздың жасалу процесін, оған қоса ғасырлар құрдымынан бүгінге дейін үзілмей, жалғасып келе жатқан жанды дәстүрді дәлелдей алатын боламыз. Қазақтың ұшан-теңіз эпикалық жыр дәстүрінің қайнар бұлағын, оның сарқылмас көзін ендігі жерде біз солардан іздеуге тиіспіз. Осы уақытқа дейін қазақ эпосының тууы жайындағы қорытындылар тұспалдап қана айтылып келсе, Тоныкөк, Күлтегінге арналған жырлардың зерттелуімен байланысты, бұл мәселені нақты дәлелдермен топшылауға мүмкіндік алатын боламыз...
... Халқымыздың ең көне эпикалық мұрасы – Күлтегін мен Тоныкөк жырларын ерлік жырына жатқызудың тағы бір себебі мынада: қазақтың батырлар жырына тән бұлжымас ортақ қасиеттердің денін біз Орхон жырларынан да табамыз.
Ол ортақ қасиеттер қандай еді?1
Біріншіден, Орхон ескерткіштерінің де, қазақ эпостарының да негізгі идеясы бір. Ол - өз елін, өз жерін шет басқыншылардан, сыртқы жаулардан қорғау идеясы.
Екіншіден, солардың қай-қайсысында да әлеуметтік сарын басым. Ат жалын тартып, қолына қару алған жас батыр елінің намысы үшін сыртқы жауға қарсы аттанып, есепсіз қиындықтардан өтіп, ақыры жеңіспен оралады. Батырдың ерлігі қырғын қантөгісте көрінеді.
Біздіңше, батырға ер атағын – лақап атын осындай жауапты айқастарда көрсеткен ерлігі үшін беретін болу керек.
Үшіншіден, эпикалық жырларда жеңілуді білмейтін ежелгі батырлардың жас шағынан өмірінің ақырына дейін ерлік әрекеттері түгел, тұтас жырланады: Қобыланды мен Алпамыс батырлардың дүниеге келуінен бастап суреттелсе, Орхон жырларында Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейінгі өміріндегі ерлік істері баяндалады.
Мұның себебі неде? Біріншіден, біз алдыңғы екі жырдың әуелде қандай үлгіде туғандығын білмейміз. Бізге олардың талай жыраулардың қолынан өтіп, талай ғасырларды аттап, алғашқы нұсқасынан өзгеріп, толығып жетіп отырғандығы белгілі.
Екіншіден, “Күлтегін” тасқа басылған жыр десек, М.Әуезов айтпақшы, оның ауызша одан да толық варианттарының халық арасында таралмауы мүмкін бе?
Тіпті Күлтегіннің мол жорықтарының өзі қазақтың төл жырларының кейбіреулеріне арқау болмады ма екен?
Келешекте бұл мәселені де айқындау қажет.
Төртіншіден, эпостарда батырлардың астындағы ұшса – қанат, сенімді, қанатты тұлпар серіктеріне ерекше мән беріледі. Олар: Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы.
Ал Орхон жырларында бір Күлтегіннің астынан мұндай сәйгүлік, желаяқ аттардың талайын көреміз. Бір өзгешелігі, батырдың жойқын айқастарына шыдай алмай, олардың біразы оққа да ұшып жатады. Әйткенмен, солардың ішінен Күлтегінге шыдағандай, оған айнымас серік болғандай: Алып Шалшы ақ айғыр, Азман ақ, Қара-кер, Жетімек тәрізді батырдың даңқына сай тұлпарлар бөлек көрінеді.
Қазақ жырларының басқа халықтар эпосынан бір айырмашылығы да осы ер қанатын аса бір махаббатпен, эпикалық деңгейде, ерекше ықыласпен суреттеуінде.
Бесіншіден, Орхон жырларында да, қазақ эпостарында да дәстүрлі қайталаулар жиі ұшырасып отырады...
... Бір ғана бұл айтқандар емес, Күлтегін, Тоныкөк жырлары мен қазақ эпостарының арасында басқа да толып жатқан сәйкестіктер бар. Сондай-ақ, эпостағы көне элементтің бірі – ұлан-ғайыр жорықтар, айбынды айқастар суреті десек, олар-дағы жоғарыда аталған жырлардың күллісінде ерекше шабытпен әрі өте ұқсас жырланады...
Қ.Өмірәлиев
Қазақ поэзиясының жанры мен стилін
комплексті түрде зерттеу
...Стилистика әдебиет тануға да, тіл біліміне де олардың интегральды құрамды бөлігі ретінде кіреді. Әдебиеттік, лингвистикалық стилистика өзінің зерттеу саласында бірде сәйкесіп отырады, бірде, қалай дегенде де, олар бөлек-бөлек. Әдебиеттану (поэтика) шеңберінде стилистика әдеби шығарма стилін (оның барлық элементтерімен қоса) зерттейді, сонымен бірге тілдік стилистика оның негізгі элементінің бірі боп табылады; ал тіл білімі шеңберінде стилистика нақты бір айту, сөйлеу стилін талдаумен, дара және ерекше дара стильдің ерекшелігіне (яғни объективті стильге, немесе тілдің стиліне) сипаттама берумен айналысады. Лингвистикалық стилистика тіл білімінің фонология, лексикология, грамматика әрі айту, сөйлеу теориясы сияқты жалпы жүйедегі салаларына қарама-қарсы тұрады...
Тілдік көркем стиль көркем әдебиет саласында лингвистикалық стилистиканың предметі болып табылады... дәлірек айтқанда, нақты әдеби шығарманың (көркем айтудың) стилі әрі жалпы стилистикалық категориялар: дара стиль (жазушы стилі), жанрлық стиль, әдеби мектептің стилі, дәуірдің стилі т.б. болып табылады. Көркем стильді зерттеудің теориялық әрі методологиялық қиындықтары мынадан келіп туады: өйткені мұнда ерекше әрі бөлінбейтін бірліктегі екі бірдей әр түрлі қоғамдық құбылыс – тіл мен әдебиет біріктірілген. Екі түрлі қатынас: тілге қатынас (тілдің стилінің құрамына байланысты қатынас) әрі әдебиетке қатынас (әдеби шығарманың стиліне байланысты қатынас) – көркем стильдің тікелей конститутивті белгісі болып табылады, тек осы екі қатынас аясында ғана көркем стильді тануға, талдауға (теориялық әрі тарихи тұрғыда) болады”1.
Отандық ғалымдардан А.Н.Соколовтың мына пікірін келтіреді: “Көркем шығарманың тілі форманың элементі (тілдік форма) ретінде стильге – тұтас алғанда көркемдік форманы айқындаушыға – бағынады.
Көркем әдебиет тіл туралы жұмыстардан стилистикалық факторлардың ауқымды әрі әр түрлі тізімін кездестіреміз, солардың ішінде мыналар барынша жиі көрсетіледі: тақырып, идеялық мазмұн, персонаждар, автордың образы, жанр, бағыт... Бұларды, көркем әдебиеттің өзге де категорияларын белгілі бір дәрежеде шығарманың стилін айқындаушы факторлар ретінде қарауға болады”2.
В.В.Виноградов стилистика туралы мынадай тұжырым айтады: “Көркем әдебиеттің стилистикасы бүкіл әдебиеттің жалпы жүйесімен тікелей байланысты, ол ол ма, әдебиеттің осы жүйесін ұйымдастырушы әрі айқындаушы белгілі бір заманға тән әдебиет шығармаларының құрылымдық типтерімен, сондай-ақ жазушылардың стилімен, олардың әдеби мектептерімен және ұстанған бағытымен тығыз байланысты. Сөйтіп, осы заманғы әдебиеттің негізгі стилистикалық формалары мен жанрлық тармақтарын қамтитын және де дара-дара тілдік-көркемдік жүйелерді, сондай-ақ әдеби мектептер мен бағыттарды қамтитын құрылым турасында нақты тарихи түсініктерді қалыптастырып алмайынша көркем әдебиеттің стилистикасын жасауға болмайды. Тіл мен әдебиет дегеніміз – екі басқа және дербес қоғамдық құбылыстар екені өзінен-өзі түсінікті. Оларды шатастыруға да, бірін екіншісімен біріктіруге де болмайды (мәселен, К.Фослер осылай қараған). Алайда олардың өзара қарым-қатынастылығын, байланыстылығын және белгілі бір құрылымдық, нақты-тарихи жағдайларға сәйкес олардың астасқан формаларын көрмеуге және мойындамауға әсте болмайды... Оның үстіне көркем әдебиет стилистикасы өлең тілінің тарихы мен теориясына және оның жанрларына арналған айрықша тарауды да өзіне телиді”3.
Міне, осылардың бәрін қазақ көркем әдебиетінің стилистикасы деген тұрғыдан келіп баяндау үшін бізге соншалық көп жұмыс істеуге тура келеді. Ал мұндай тұрғысынан келіп, сол түсінік тапқан модель-үлгіге салып зерттеу арқылы әсте жүзеге аспақ емес, әуелі осы система ішіндегі жеке-жеке мәселелерді жан-жақты тұрғыдан келіп, кең түрде зерттеу керек. Ал зерттеу тану жұмыстары негізінде ғана белгілі бір құбылыстың толық болмысын біле аламыз. Мұнсыз ол құбылыстың өзі туралы пайымдаулар – біржақты пайымдау болмақ.
Бізде белгілі бір аралық кезеңдегі “поэзия тілі”, “баспасөз тілі”, “ақын (не жазушы) тілі”, “эпос тілі”, “жазба ескерткіш тілі”, “ескерткіштегі белгілі сөздер тобы”, “ескерткіштегі” формалар т.б. сияқты біраз жұмыстар істелді. Зерттеу объектісіне алынып отырған материалдардың қай-қайсысы да әдебиет материалдары болғанына қарамай, ол зерттеулер жалпы тіл элементтерін көбірек сөз етіп, олардың стилистикалық ерекшеліктеріне өте аз барып отырады. Яғни тарихи грамматика мен әдеби тілдің тарихына қатысты категориялар қатар алынып қарастырылады. Керісінше, әдеби тілдің (көркем стилистиканың) материалдарын әдебиеттің жанр, композияциялық құрылыс т.б. сияқты категорияларына байланыстырып зерттеу өте сирек кездеседі.
Соңғы кезде әдеби тіл тарихын әдебиеттің тарихымен, халық тарихымен бірлікте, қатар алып зерттеу қажеттігі жиі айтылып жүр. Өйткені тілдік стиль көркем шығарманың тақырыбымен, идеясымен, жанрымен тікелей байланысты. Б.А.Ларин орыс әдеби тілінің тарихы туралы еңбегінде әдеби тіл тарихы әр түрлі дәуірдегі тілдің, әр түрлі жанр тілінің ерекшеліктерін, тілдің “стилінің” ерекшеліктерін қарастыруы тиістігін айта келіп: “Бұл тұста әдеби тілдің әлеуметтік-экономикалық формациялардың тарихымен, қоғамдық ойдың, идеологияның т.б. тарихымен байланыстылығы туралы мәселе кезекке қойылады”4, - дейді. Кезінде В.Г.Белинский “Жаңа идея, табиғи түрде, жаңа тілді қажет етеді”. “Тіпті тілдің өзі идеяның талаптарымен сәйкесіп отырады” деген. Ал жанр мен тіл қатынасы жөнінде: Пушкинмен бірге Грибоедов шықты, ол, Крыловтың орыс мысалының тілін жасағаны сияқты орыс өлең комедиясының тілін жасады”5, - дейді.
Өз кезінде ақын әрі әдебиетші В.Я.Брюсов жаңа идеяның өзгерткіштік ықпал-күшін айта келіп: “Өткеннің тәжірибесі көрсететіндей, әдебиетте жаңа мазмұн әр уақытта да жаңа форманы талап етеді. Өткендегі әдебиет жасаған формалар барынша икемді формалар болса да, олар жаңа дүние, таным жайлы түсініктерді айту үшін жарамсыздық етеді. Жаңа мазмұн ескі формада, соған бара-бар түрде айтылуы мүмкін емес; бұл үшін жаңа тіл керек, жаңа стиль, жаңа метафоралар, жаңа өлең, жаңа ырғақ керек. Осындай жаңа формалар кезінде романтиктермен де, реалистермен де, символистермен де келген болатын”6, - деген. Демек, белгілі бір ақын тілі ол жасаған жанрмен бірлікте, сол жанрдың ерекшелігінен шығарып барып зерттелуі тиіс. Зерттеуді жалаң тілдік фактіге құру лигвистикалық стилистикаға жат.
Осы тұста В.В.Виноградовтың мына пікірі жетекші болуға тиіс: “Поэтика саласында зерттеудің лингвистикалық әдістері әдебиет тану әдістерімен ұласып, оны байыта түседі. Көптеген проблемалар, атап айтқанда: шығарманың идеялық және тақырыптық жоспары мен оның тілдік жүйесінің байланысы сияқты проблема, біртұтастықтағы көркем туынды бөлшектерінің композициялық жағынан біте қайнасуы және өзара ұласуы сияқты проблема, сюжеттің жекелеген тізбектерін өрбітудегі композициялық параллелизмдер сияқты проблема, оқиғаны өрбіту барысында уақыттың көркемдік мөлшермен жылысуы сияқты проблема, кейіпкерлердің тарихи-әлеуметтік ортаға тән және типтік болуы т.б. проблема – бәр-бәрісі тек комплексті жолмен - әрі лингвистика, әрі әдебиеттану тұрғысынан қарастыруды талап етеді. Лингвистикалық талдаудың өзіндік дара ерекшелігі мен құндылығы мынада: ол тексті мұқият әрі жан-жақты түсіндіруден басталады да, оны сол өзіне тұтас заманның мәдениеті, қоғамдық тұрмысы, әдеби өнері, әлеуметтік міндеттерімен бір контексте жариялап көрсетеді. Әдебиеттік талдауда саяси-әлеуметтік тарихтың, ұлттық және әлеуметтік сипатқа ие психологияның, қоғамдық-идеологиялық күрес тарихының фактілері мен деректері, сондай-ақ өнердің басқа түрлерінен, әсіресе, бейнелеу өнерінен келтірілген параллельдер анағұрлым кеңірек те, еркінірек де пайдаланылады”7.
Барлық элементтері өзара тығыз байланысты әрі бір-біріне ықпалы мол күрделі категорияны осы қалпында тұтас, онда да органикалық бірлікте байланыстыра, бірінен бірі шығара ілмелеп, тіркестіре зерттемейінше, ол күрделі құбылысты толық тану мүмкін емес. Ал бұған қарама-қарсы да зерттеу түрлері болады. Олар бұл күрделі категорияның жеке бір элементін “жұлып алып”, өзге элементтерінен бөліп, бір жақты тәсілмен зерттейді. Бұл зерттеуде әлгі жеке бір элементтің өзін барлық ерекшелігімен толық таныту былай тұрсын, қайта оның табиғатына тән көп қасиеттерін, ерекшеліктерін кемітіп көрсетеді...
... Поэзия тілін оның жеке-жеке элементтеріне бөліп-бөліп зерттеу осы салада – поэзияға тән ерекшеліктерді айырып білуге көмектеседі және өлең сөз туралы ғылымның қазақ топырағында дамуының бұл салада табыстарға жетуіміздің негізгі шарттары болады. Бірақ зерттеудің бұл әдісі поэзияны жанр, стиль т.б. жағынан даму сипатында қарауға, поэзияға тән категорияларды бір-біріне әсер-ықпалы бар, бір-біріне тәуелді, байланысты деп қарауға көп жағдайда кедергі болады. Зерттеудің өз әдісі мүмкіндік бермейді. Айталық, дидактикалық-шешендік толғау-өлеңдер өзінің синтаксистік, әрі формалық, әрі лексикалық қайталауға құрылуы жағынан қазақ поэзиясының басқа түрлері ішінде ерекше орынға ие**. Бұл жағынан оған бірде-бір өлең түрі тең келмейді. Ал егер де жоғарғы құбылыстарды жеке-жеке алып, өз алдына бөлек-бөлек қарастырсақ, сөйтіп олардың бір ақын өлеңдерінде болуының жеке-жеке фактілерін ғана көрсетумен тынсақ, онда біз сол фактілердің нақты бір өлеңде неліктен бірлікте болу ерекшелігі сырын, неге өзге бір өлең үлгісі бұған қарама-қарсы ерекшелікке ие боп келу сырын мүлде білмей кетеміз...
... Егер алты айлық түлкі сүйрей жөнелмесе, өздерінің үш күн бойы жарыса шапқан жазығы өгіздің жаурыны екенін білмей қоятын “Алыптар туралы ертегідегі” салт атты аңқау жолаушылар тіл білімі майданында да бола береді. Олар тілдің жеке бөлшегін – формаларды я жеке сөзді, сөз тіркесін т.б. бір жазушының шығармасынан я бір көне ескерткіштен бірнеше жыл теріп жинағанмен, өздері соншалық көп уақыт жіберіп шиырылған сол шығарманы тұтас күйінде еш уақытта да көре алмайды. Тұтас күйінде көрмеген соң, өздері іздеген тілдік бөлшектердің нақ сол жерде (сол контексте) болу себебін де, олардың бірнешеуінің бір шығармада қатар келу себебін де, олардың арасындағы заңды байланысты да, ең бастысы сөз ұстасының оларды қандай керекке жарату себебін де, аша алмайды, олар тек сол бөлшектердің бар фактісін ғана есепке алады.
Әрине, бұл сол кісілердің жеке басына тән кемшілік емес, зерттеу әдісіндегі кемшілік.
Керісінше, бізде нақты бір құбылысты ол құбылыстың өзін құрайтын нақты фактілерді есепке алмай, ол фактілердің сипатын, бар болу себептерін есепке алмай, неге солай болып келу заңдылықтарын, олардың арасындағы байланыстылықты – сол құбылыстың келіп шығуының жиынтық факторларын қорытпай сөз ету салты бар. Бұл – қазақ тіл білімінің әдеби тіл тарихы мен тіл тарихы саласында жиі көріне беретін жағдай...
Р. Нұрғали
Трагедиялық тартыс және трагедиялық характер
Драматургия жанрларының ішінде өмірге айрықша жақын түрі – трагедия, өйткені бұл формада тіршіліктің сан алуан қайшылықтары, ғаламат тартыстар, құштарлықтар мен сезімдер шайқасы, ойлар мен идеялар қақтығысы ерекше зор пафоспен, әрі реалистік тереңдікпен бейнеленеді. Классикалық әдебиеттегі трагедияларда дара тұлғаның әлеуметтік-қоғамдық қайшылықтармен кереғар қайшы келуі, бітіспес күреске түсуі көрсетілген. Трагедия қаһармандары сұм заманның қатігез әдеттерімен шайқаста опат болады; олардың алдарында тас қамалдай неше түрлі кедергілер, асу бермес тосқауылдар тұрады; трагедия асқақ рухты қайсар жанның алапат күресін суреттейді. Трагедия қаһарманы теңіздей сұрапыл тебіреніс құшағында; ол өз ішіне терең бойлайды; қамырықты, қайғылы, азапты хал кешеді; кедергі, қарсылықтармен қаймықпай күреседі...
... Трагедияның ең басты ерекшелігі трагедиялық тартыста көрінеді. Трагедиялық конфликт кейіпкердің тартқан азабы мен өліміне де сабақтас. Бұл – қосалқы, сырт сипаттардың бірі. Ал трагедиялық тартыстың өзегі әлеуметтік-тарихи, қоғамдық-саяси қабырғалы күштердің шайқасында жатыр. Бұл қақтығыста кең құлаш, қоғамдық мағына, философиялық тереңдік бар.
Трагедиялық шығарманың оқыған, яки сахнадан көрген адам орасан зор тебіреніске түсіп, сан алуан ойға қалып, кейіпкер қайғысын бөлісіп, бір алуан сезім толқынына бөленіп, қапалы ой құшағына енеді. Бұл идеялық-эстетикалық әсер ету ерекшелігін Аристотель – жан ашу, қорқыныш һәм қуаныш сәттерінің шарпысуынан туған ерекше күй деп атайды. Дәлірек айтқанда, көрерменді қаһарман қайғы-азабын бөлісу, оның ауыр тағдырырнан шошыну және күнәдан құтылып, тазару сезімдері билеп, ол сөз халдерді бастан кешкендей, өзі өліп-тірілгендей болып толқымақ.
Трагедияның тағы бір маңызды сипаты – басты кейіпкер үлкен қателік жіберіп, зор адасуға ұшырайды. Бұл - әлеуметтік жағдайлар мен қоғамдық қарым-қатынастар тудыратын, кейіпкердің өз еркінен тыс, оның идеал-мұраттарын күйретіп, мақсатына жеткізбей мерт қылатын зауал іспетті, тағдыр, жазмыш бұйрығы тақылеттес ерекше ситуациялардан шығады.
Сөз жоқ, трагедиялық қателік, адасу, қаһарманды әуре-сарсаңға салады; ол басын тауға, тасқа соға жүріп, мақсатына ұмтылады, бірақ ақыры өзінен әлдеқайда сұрапыл күштер соққысынан мерт болады. Реалист суреткер қаһарман өлімінің ішкі мәнін, объективті себептерін көркемдік құралдар арқылы аша білмек.
Сөйтіп, трагедия-драматургияның қаһарлы тартыстар мен адасулар шайқасы – қат-қабат өмірдің объективті қайшылықтарын терең образдар арқылы ашып, зор айқастар, үлкен күрестерді бастан өткеріп, шындыққа жету жолында опат болатын күрделі тұлғаның қайғы-шері, мұң-ызасы эмоциялық-эстетикалық ғаламат әсермен оқырманға (көрерменге) берілетін, болмыстың қаны сорғалаған сұрапыл шындықтарын айқара ашып, қопара бейнелейтін іргелі жанры. Әрине, қалыпты өмірдің өзіндік тілек, талап, шарттары мен тарихи, трагедиялық тұлғаның мақсаты арасындағы күрес конфликт, тартыс атаулының әр қоғамда, әр дәуірде, әр әлеуметтік, ұлттық ортада сан алуан форма, көрінісін тудыруы – объективті заңдылық. Трагедиялық тартыстар мен адасулар табиғатын, эстетикалық-эмоциялық әсер ерекшелігін, сюжеттік материалмен көркемдік-композициялық құралдар жүйесін, тақырыптық идеялық нысананы ескере отырып, қазақ трагедиясын мынадай салаларға бөлуге болады: а) эпикалық трагедия; ә) тарихи трагедия; б) адамгершілік-тұрмыстық трагедия...
Достарыңызбен бөлісу: |