Өтірік пен шын
Телефон безілдеп қоя берді.
Байыз тауып отырмайтын Меруерт жүгіріп барып телефонның құлағына жармасты:
– Әлло!
Мамасы «мен үйде жоқ деп айт» дегенше болған жоқ, Меруерт:
– Мама, мама, сені шақырып жатыр, – деп мамасының қолына телефон құлағын ұстата берді.
– Түу, жоқ деп айтпадың ба? – деген мамасы ренжіп қалды.
– Қалай жоқ деймін. Міне, барсың ғой, – деген Меруерт анасының ренішті жүзіне көзі жәудірей қарады. – Өзің ылғи өтірік айтушы болма. Өтірік айтқан адам – жаман адам дейсің ғой.
Іс тігіп отырған әжесі әңгімеге араласты.
Меруерт дұрыс айтады. Бар адамды қалай жоқ дейсің? Айналайын, өтірік айтпағаның жөн. Адамға өтірік айту жараспайды, – деп немересін тізесіне отырғызып, маңдайынан иіскейді.
Киініп жатқан мамасы өзінің ағаттығын сезді-ау деймін. Меруерттің алдына тізерлеп отыра қалды да.
– Кешір мамаңды. Мамаңнан бір ағаттық кетіпті. Әжең орынды айтады. Өтірік айта көрме, – деп қызының бетінен сүйіп, жылдам басып шығып кетті.
«Жұмысына шақырған ғой, шамасы. Мамамды ренжітіп алдым ба?» деп қобалжып отырған Меруерттің қөңілі орныққандай болды.
Т. Қажыбаев
Достарыңызбен бөлісу: |