ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН
ӘДІС-ТӘСІЛ ТҮРЛЕРІ
Ж.Т.Жансағымова
№62 ЖББОМ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Әдіс деген сөз гректің "metodos" деген сөзінен шыққан. Метод деген ұғым белгілі ақиқатқа, шындыққа, мақсатқа жетудің жолдары деген мағынаны білдіреді.
Қысқаша психологиялық-педагогикалық сөздік "әдіс" — мақсатқа қол жеткізетін жол, тәсіл, белгілі жолмен тәртіпке салынған іс-әрекет"- деген анықтама береді.
Оқыту әдістері - оқытудың мақсат-міндеттеріне сай оның мазмұнын оқушыларға меңгертуде мұғалім мен оқушылардың қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығы болып табылады. Мұғалім оқыту әдістерінің көмегімен оқушыларға білім беріп, олардың тәжірибелік әрекетін ұйымдастыруда өзінің іс-әрекетін оқушылардың таным әрекетіне басшылық етумен байланыстырады.
Мұғалім оқытудың нәтижесін арттыруда оқыту әдістеріне қатысты амал-тәсілдерімен қатар оның құралдарын да пайдаланады.
Қазақ тілі сабағында қолданылатын әдістер:
Сөздік әдістер: түсіндіру, әңгіме, әңгімелесу,кітаппен жұмыс.
Көрнекі әдістер: иллюстрация және демонстрация.
Оқыту үрдісінде ең көп тараған дәстүрлі әдіс - сөздік немесе мұғалімнің ауызша баяндау әдісі. Бұл әдіс оқыту процесіңде басқа әдістерге қарағанда жетекші роль атқарады.
Көрнекілік әдістер оқу материалын оқушылардың көзімен көріп, нақтылы түсінулеріне мүмкіңдік береді.
Бұған демонстрация, иллюстрация тәсілдері жатады.
Тәжірибелік әдістердің ішінде ең көп қолданылатыны — жаттығу әдісі.Оқу барысында теориялық ережелер мен қағидаларды қайта пысықтап, тиянақты меңгеру жаттығу арқылы орындалады.
Ауызша жаттығу оқушының оқу материалын ауызекі баяңдауға дағдылану мақсатын көздейді.
Оқушы бірінші сыныптан бастап қазақ тілін үйрену барысында тілдегі түрлі қолданылатын атауларды ( әріп, дыбыс , буын, сөз, сөз тіркестері, сөйлем, сөз бен сөзді байланыстыратын жалғау, жұрнақ, тыныс белгілері – нүкте, үтір, леп белгісі, сұрау белгісі, сызықша, қос нүкте, түрлі грамматикалық анықтама, ережелерді оқып үйренеді.
Қабілеті әр түрлі оқушы тілдің мұндай белгілері мен атауларын бірден меңгеріп кетуі мүмкін емес,тек оның негізгі, қажеттілерін(анықтама, ережесін) есте сақтауы мүмкін.
Қазіргі сабаққа қойылатын талап тұрғысынан техникалық құралдарды, кестелер, сызбалар, үнтаспа жазбаларын пайдалану арқылы оқушылардың есту, көру сезімдеріне әсер ете отырып, олардың ойлану қабілетін дамытуға көңіл болінеді.
Қолданылатын көрнекіліктер оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырады, түсіндірілген материалдарды саналы меңгертуге ықпал жасайды. Оқушылардың білім сапасының көп жағдайларда төмен болуы, осындай түрлі ойлау әрекеттеріне бейімделмеуден, дағды бермеуден деп айтуға болады.
Қазіргі кезде қазақ тілін қандай бағытта, қандай мазмұнда оқыту керек?
Меніңше, коммуникативті функционалды бағытта болуға тиіс. Сондықтан тілдің коммуникативті механизмін ашу қажет . Яғни, оның сөйлеу процесіндегі, сөйлем құрудағы, мәтін бойынша әңгіме құрастырудағы рөлі амал – құралдар арқылы меңгертіледі.
Орыс мектептерінде қазақ тілін үйрену, білу қазіргі таңның басты мәселесі. Сабақта бұл мәселені шешу жолдарының бірі- әр түрлі әдіс- тәсілдерді тиімді қолдана отырып, жаңа технологияларды енгізу.Қазір технологиялардың түрлері өте көп. Орыс мектептерінде қазақ тілін үйрену, лексикалық және грамматикалық тақырыптарды меңгеру күрделі жұмыс. Сондықтан басқа ұлтқа қазақ тілін оқыту, ауызекі сөйлеуге үйрету қиын да, қызық жұмыс.
Грамматикалық материалдарды және лексикалық тақырыптарды оқытуда тірек сызбалардың қолданылуы тілді дамытуға, сөздік қорды молайтуға, бір- бірімен, қарым- қатынас жасауға (сөйлеу, айту, жазу, оқу) ойлау қабілетін дамытуға, ойын қазақша жеткізе білуге үйретеді.
Бүгінгі таңда әрбір жаңашыл ұстаз үшін, оқу және жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау әдісі кез келген стратегияларға құнды, әрі бағалы. Бұл стратегиялар оқушылардың қызғушылығын арттыра отырып, ұстаздың тығырыққа тірелетін сәттерінен арылтады. Сұрақ қою, ой шақыру, білім көпірі, бес жолды өлең, еркін жазу, білемін, үйренгім келеді, білгім келеді, Венн диаграммасы, пікірталас , болжау, Автор орындығы , топтастыру, т.б, стратегияларын қолдану оқушылардың мотивациясын оятып, ынталандыра түсері сөзсіз. Сонымен қатар бұл стратегиялар оқушының қөзқарасын, түсінігін дамыта түседі, жалықтырмайды.
Бір сыныпта отырған балалардың ұлты, оқу ынтасына қарай тілді білу дәрежесі де әртүрлі болып келеді. Сол себепті де нақты нәтижеге жету үшін модульдік оқыту технологиясының тиімді екенін күнделікті іс- тәжірибемнен көріп келемін. М. Жанпейісованың модульдік оқыту технологиясының негізі баланың тұлғасын алға қояды, бұл жаңа білім парадигмасына сай келіп отыр. Модульдік технологиясының басты ерекшелігі – оның тек қана білімді меңгеруге емес, тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерді, яғни жадының алуан түрлерін ойлауды, ынтаны, қабылдау қабілетін арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, сондай- ақ тұлғаның қауіпсіздігін, өзін- өзі өзентілендіру, өзін - өзі бекіту, қарым- қатынас, ойын танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттануға белсенді сөздік қорын дамытуға бағытталады.
Сондай-ақ, профессор Ж. Караевтың «Деңгейлеп оқыту» технологиясының маңыздылығы зор.Деңгейлеп оқытуда күтілетін нәтиже:
Алдына қойған мақсатына жете алатын оқушы тәрбиелеу;
Әр оқушы өз білім деңгейін, мүмкіндігін, іскерлігін біліп қана қоймай, оны дамыту;
Өз бетімен ізденіс дағдыларын, іскерлік қабілетін жетілдіретін шығармашылық тұлға қалыптастыру;
Деңгеймен оқытудың ерекшелігі:
1.Таланттылар өздерінің қабілеті мен икемділігін одан әрі бекіте түседі, әлсіздер оқуға ниет білдіріп, сенімсіздіктен арылады.
2. Оқушылардың оқуға деген ынтасы артады.
3. Білім дәрежесі бірдей топтарды оқыту ісі жеңілдейді.
Орыс сыныптарында қазақ тілін үйретуде іскерлік, рөлдік ойын түрлерін қолдану, диалог, монолог, сұхбат, сұрақ – жауап, көрініс қою, тақпақ оқу, ән айту, мәнерлеп оқу, жұмбақ , сөзжұмбақ шешу, пікір айту, пікірсайыс, тірек схемасын пайдаланып, жүйелі түрде әңгімелеу, т.б. әдіс-тәсілдерді сабақта пайдалану, оқушының басқа тілді үйрене алмаймын деген сенімсіздігін сейілтіп, тілді үйренуге ынтасын арттыратынын өз іс–тәжірибемнен күнделікті жұмыс барысында байқаймын.
Қорыта келе осы әдіс-тәсілдерді қолдану нәтижесі:
Оқушы тұлғасының танымдық қабілеттерін дамытуға;
Оқуға жағымды қызығушылық қалыптастыруға;
Белсенді сөздік қорын, ауызша және жазбаша тілін ұстартуға;
Тұлғаның қиындықтарға даяр болу және оны білу, қарым – қатынас, ойын, танымдық, өзін- өзі бекіту қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Артықова Т.М. Қыстаубаева Ж. Қазақ тілі . Оқыту әдістемесі.А:, 2005 ж.
2.Бақзыбекова.Н. Саралап деңгейлеп оқыту технологиясы арқылы оқушылардың білім деңгейін арттыру.-А: Қазақ тілі, №4, 2007.16б.
3.Қуанышбаева А.Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану.А: Қазақ тілі: Әдістеме. Республикалық ғылыми-әдістемелік журнал, №2,2004. 47 б.
5.Оралбаева Н. Жақсылықова Қ. Орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі, А: 1996 жыл.
Орта буын сыныптарында тіл дамыту сабағы. Мәтінмен жұмыс.
Г.А.Махметова
№62 ЖББОМ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Тіл – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын жасау құралы болса, адамдар тіл арқылы қарым-қатынас жасау үшін, алдымен сөзді, онан соң сөйлем құрай алу шарт, тілді уйренудің негізгі мақсаты – өзара сөйлесе, пікірлесе білуге үйрену.
Сабақ өткізу, оқыту барысында өткізілетін ең күрделі жұмыстың бір түрі – кітаппен жұмыс, яғни кітаптағы жаттығулармен және мәтінмен жұмыс. Мұғалім берілген ертек не әңгімені өте мәнерлеп, нақышына келтіріп оқуы керек. Өлеңді, не әңгімені оқығанда әр сөзге дұрыс екпін түсіріп, тыныс белгілеріне тоқталып, дұрыс оқу дағдысын бірінші күннен бастап сақтауға тиіс.
Мәтінмен жұмыс – сабақта өтілетін әртүрлі жұмыстардың жиынтығынан құралады. Олар:
1. Дыбыстармен жұмыс.
2. Сөздіктермен жұмыс.
3. Сөздік қорларын жетілдіру.
4. Тіл дамыту.
5. Ережемен жұмыс
6. Ауызша сөйлей білуге дағдыландыру.
Осы тұрғыдан келгенде мәтінді меңгертуде сөздің жұмысының рөлі үлкен.
1. Төл дыбыстарымыз бар сөздерді оқытушы дауыстап өзі оқып, сонан қайталау керек.
2. Жаңа сөздерді тақтаға жазып есте сақтауын қадалап, оған байланысты сөздерді дыбыстап оқытуға, іштей қайталауға дағдыландыру керек.
3. Қиын сөздерді, сөз тіркестерін жекеше оқытып, дәптерге жазғызып, хормен оқыту керек.
4. Тақырыпты қаншалықты меңгергендігін байқатып, сөйлете білуге дағдыландыру мақсатында мәтіннің мазмұнын қысқаша баяндауды үйрету керек.
5. Мәтінге байланысты сұрақ қойғызып, жауап алу керек.
Мәтінді меңгертуде осындай амал тәсілдерді қолданған тиімді. Мәтін оқылып болған соң, ондағы әр сөзді оқушылардан қалай түсінгеніне көңіл бөлу керек. Түсінбеген сөздерін мұғалім өзі қосымша түсіндіріп, әр сөздің мағынасына тоқталу керек.
Мәтінде кездесетін сөздер мен сөз тіркестеріне де айрықша мән беру қажет.
Біз оқытып жүрген оқулықта тақырыпқа сай мәтіндер көп. Оқулықтары мәтіндердің күрделігі сол мәтінмен жұмыс істейтін оқушылардың білім деңгейіне байланысты болу керек. Мәтінді оқытудың мынадай түрлері бар:
1) Дауыстап оқу: бұл әдісті жүргізе отырып, оқушының сөйлеу элементтерін меңгергендерін байқауға болады. Дауыстап оқытудың тағы бір тиімділігі мынада: оқушылар бірінің қатесін бірі естіп және оны түзетеді.
2) Іштей оқу. Бұл жұмыстың мақсаты оқушылардың шапшаң оқу дәрежесін анықтау. Мысалы: мұғалім оқушыларға іштей оқу үшін бір мәтін беріп, қай жерге келгенде кітаптарын жауып, мұғалімге бітіргенін байқатады. Осыған қарап ұстаз олардың оқу шапшаңдықтарынан мөлшерін белгілеп отырады.
3) араласып немесе кезектеп оқу.
4) буынға бөліп оқу.
5) мәнерлеп оқу.
6) Сөйлемді мағынасына, айтылуына қарай дауыс ырғағымен оқу. Сабақта бірімен мәтінді тек оқытып қана қоймай, сол мәтіннің тәрбиелік мәніне байланысты мақал-мәтелдер, өлеңдер, қанатты сөздер алып, қосымша дәптермен жұмыс жүргіземін. Одан басқа, оқушылардың назарын сол мәтіннің авторына аударады. Мысалы: бүгінгі сендердің қызығып тыңдаған әңгімелерді кім жазған екен? Ол жазушыны естеріңе сақтадыңдар ма? Автордың қандай туындыларын білесіңдер? Кітабын тағы оқығыларың келеді ме?-деген сұрақтар қойылады. Сонымен бірге ол автор туралы буклет, реферат, хронологиялық таблица, сөзжұмбақ жасаймыз. Егер ол автор ақын немесе композитор болса, ол кісінің өлеңдері мен әндерін жаттаймыз, күй табақтар, қара сөздер, поэмалар, термелер бар аудиокассеталар тыңдаймыз, берілген оқиғаға байланысты оқушылар өз ойларын суреттер арқылы да жеткізеді. Әр мәтінге байланысты портреттер, суреттер, дидактикалық материалдар қолданамын. Оқушыны қызықтыратын мәтіндер таңдау, оқушылық қызығушылығын есепке алу, жұмыста қазақша сөйлеуге, жаттығуға бағыттау, оны ұйымдастыруда мұғалімнің рөлі ерекше. Мұғалім сабақта әр түрлі әдіс-тәсідерді пайдалана білу керек. Ол негізгі әдістер: әңгімелесу, көрнекілік, техникалық құралдар қолдану, жұмысты қазақша сөйлесу түрінде жүргізу, оқушының танымдық мәніндегі тапсырмаларды орындауы арқылы білімқуушылығын, өз бетімен шығармашылық жұмыс істеуіне жағдай жасау, қазақша жазу, дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастыру, қазақша білімін конкурстарда, конференцияларды, олимпиадаларда көрсетуге жағдай жасау керек.
Осындай жұмыс түрлерін жүргізу кезінде оқушылардың ой-өрісін дамытуға, терең білім алуларына мүмкіндік туады.
Тілдерін дамыту үшін мынадай сайыс сабақтың түрлерін айтқым келеді. Мақсаты: Оқушылардың тілдерін дамыту, логикалық ой - өрістерін дамыту.
«Бір сөзбен айт» сайысы:
Әр топқа 6 парақ қағаз беріледі. Парақтарда оқу құралдары, пәндер, мамандықтар, жемістер,үй жануарлары, азық-түліктер, дене мүшелері, көкөністер,түстер, аңдар, киімдер, отбасы мүшелері деген сөздер жазылған. Оқушы қолына тиген парақтағы сөзді оқып, сол сөзге қатысты бірнеше сөз айту керек. Мысалы: парақтағы сөзде оқу құралдары деп жазылған, оқушы дауыстап оқымай, біраз ойланып кітап,қалам,өшіргіш, қарындаш, сызғыш дейді.
I -топ
кітап,қалам,өшіргіш, қарындаш, сызғыш – оқу құралдары
математика, қазақ тілі, орыс тілі, дүниетану – пәндер
құрылысшы, дәрігер, мұғалім, әнші, биші – мамандықтар
алма, алмұрт, анар, ананас – жемістер
сиыр, түйе, қой, жылқы – үй жануарлары
айран, нан, сүт, шұжық, кәмпит – азық-түліктер
II-топ
көз, мұрын, құлақ, аяқ, бас, қол – дене мүшелері
картоп, пияз, қияр, қызанақ, сәбіз – көкөністер
қызыл, көк, жасыл, қоңыр, ақ, қара – түстер
аю, қасқыр, түлкі, қоян, арыстан, кірпі – аңдар
көйлек, жейде, шалбар, құлақшын, тон – киімдер
ата, әже, әке, шеше, аға, әпке, сіңлі –отбасы мүшелері
«Сөз жарысы» сайысы.
2 топтан екі оқушы шығып тақтада берілген сөздердің аудармасын тауып жарысады. Қай топ бірінші болса, сол топ жеңімпаз атанады.
I -нұсқа
1 Родина –Отан
2 гимн – әнұран
3 знамя – ту
4 государственный – мемлекеттік
5 комплекс – кешен
6 краски – бояу
7 шить платье – көйлек тігу
8 предмет – пән
9 тема – тақырып
10 молодой – жас
II- нұсқа
1 Родина –Отан
2 столица – астана
3 герб – елтаңба
4 гостиница – қонақ үй
5 музей – мұражай
6 рассказ – әңгіме
7 интересный – қызықты
8 пластилин – ермексаз
9 художник -суретші
10 дружный – тату
Бастауыш сыныптарда қайталау сабағында
қолданылатын әдіс-тәсілдер
Искакова Г. С.
«№ 62 Жалпы білім беретін орта мектебі» КММ
Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі
Қайталау- сабақтың аса көп тараған түрі.
Қайталаудың мақсаты - өткен оқу материалдарының ең негізгі түйінді мәселелерін қайталап пысықтауды, оқушыларды өздігінен қорытынды жасауға үйретуді көздейді, мұғалімнің аса жауапкершілікпен ой жіберіп, тыңғылықты әзірлігін қажет етеді.
Қайталау сабақтары не сабақ үстінде, болмаса арнайы ұйымдастырылған сабақ арқылы өткізіледі. Ол оқу бағдарламасы бойынша көлемі жағынан ірі тақырыптар немесе тарауларды оқып үйренуге байланысты соңында, сол сияқты оқу тоқсанының және оқу жылының аяғында жүргізіліп отырады.
Қайталау сабағында оқушыларды жақсы ұйымдастыру үшін оның сұрақтары мен пайдалануға тиісті әдебиеттерін оқу және сабақ барысында қолданылатын қажетті құралдарын әзірлеу жұмыстарын алдын ала белгілеу керек.
Қайталау сабағын әр түрлі тәсілдермен (ауызша, жазбаша, графикалық, жұмыстары және саяхат жасау) ұйымдастыруға болады.
Сабақ соңында мұғалім оның нәтижесін қорытындылап, оқушыларға қосымша тапсырмалар беруі мүмкін. Мұғалім оқушылар біліміндегі басты жетістіктері мен кемшіліктерді басымырақ көрсетіп, келешекте қандай мәселелерге көбірек көңіл бөлу қажеттігіне оқушылардың назарын аударады. Қайталау сабағында қолданатын әдіс-тәсілдерге тоқтамас бұрын әдіс-тәсіл дегеніміз не деген сұраққа жауап алайық.
Әдіс – оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілдер. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді.
Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмыстары тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.
Сонымен тәсілдер оқыту әдістерінің құрамына кіреді, әдістің жүзеге асуына көмектеседі. Оқыту әдістерінің басты қызметі - оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.
Әр мұғалім жұмыс барысында әдіс-тәсілдерді дұрыс таңдап,тиімді пайдаланғанда ғана көзделген мақсатқа жете алады. Сондықтан осы мәселені ойдағыдай шешіп,екі жақты құбылысты тиянақты жүзеге асыру үшін сабақтарымда мынадай әдіс-тәсілдерді жиі пайдаланамын.
Аударма әдісі,тірек сызба әдісі, сұрақ-жауап әдісі, көрнекілік әдісі, пікір-сайыс әдісі, жаттау, оқу, талдау, т.б
Тірек сызбалар оқушылардың сөйлесу тілін арттыру мақсатында пайдаланатын тәсілдің бірі. Тірек сызбаны пайдалану оқушыны сөйлеу үшін емес, олардың оқу-таным белсенділігін арттыру, ой-өрісін кеңейту үшін де қажет. Мұндай тірек схемалардың тиімділігі, біріншіден, сыныптағы оқушыларды түгел қамтиды, екіншіден, сөйлем құрастыруға, сұрақ қойып, оған жауап беруге көмекгеседі, үшіншіден, әңгіме құрастырып, оны әңгімелеп беруге үйренеді және есінде сақтауға ықпалын тигізеді, төртіншіден, оқушыны пәнге қызықтырады, ынтасын арттырады және мұғалімге сенімді көмекші. Осы арқылы оқушылар қиын тақырыпты жеңіл меңгереді, үлгерімі нашар оқушыларда белсенділік пайда болады.
Сұрақ – жауап әдісін қолдануда, оқушылардың көз алдындағы заттардың атын, оқу – құралдарының атын жатқа айтқызу көзделінеді.. Сұрақ – жауап әдісі тек қана жаңа материалды игеру мақсатында емес, өтілген грамматикалық формаларды бекіту, түйіндеу, еске сақтау, оқушының тілін, ойын дамыту мақсатында жүргізіледі. Жалғау түрлерінің ішінде тұлғалы зат есім тәуелді форманың септелуін қайталап жаттықтыру үшін әдіскер ғалым Ы. Мамановтың қолданған қарапайым тәсілін пайдалана отырып, оқушылардың қазақ тіліндегі 4 түрлі жалғаудың септік жалғауларын игеріп және тәжірибеде қолдану мүмкіндігін кеңейтуге болады. Ілік септік – Асан кімнің досы? – Асан – Үсеннің досы. – Үсеннің досының аты кім? Үсеннің досының аты – Асан. Барыс септік: Айжан, сен дәптерді кімге бердің? – Мен дәптерді досыма бердім. – Дәптерді досыңа қашан бердің? –Дәптерді досыма бүгін бердім. Табыс септік: Дәптерді кім алды? –Дәптерді Жомарт алды. – Жомарттың дәптерін кім алды? –Жомарттың дәптерін мен алдым. Жатыс септік: Қайрат қайда тұрады? Қайрат Алматыда тұрады. Шығыс септік: Қанат қайдан келді? – Қанат Жамбылдан келді. – Көмектес септік: Сен тапсырманы немен жазып отырсың? –,Мен тапсырманы қаламмен жазып отырмын.
Әңгімелеу әдісі балаларға қазақша сөйлеу дағдысын қалыптастыруға,ойлау қабілеттерін арттырып,сөйлемдер құрастыруды үйренуге мүмкіндік береді.
Әңгімелеу әдісі бойынша бастауыш сыныпта мәтінмен мынадай жұмыс жүргіземін:
Тақтаға бір сөйлем жазып 1)осы сөйлемді мәтіннің басы етіп,әрі қарай өзің жалғастыр 2)осы сөйлемді мәтіннің ортасы деп санап,басы мен аяғын құр 3)осы сөйлемді аяғы деп санап,мәтіннің басын құр.
Тіл үйрену, тіл ұстарту адамның ойлау қабілетімен тығыз байланысты. Ойлау қабілетін дамытудың негізгі әдістерінің бірі жаттығу жұмыстарын тиімді ұйымдастыру болып табылады. Жаттығулар екі топқа бөлінеді:
1) тілдік жаттығулар; 2) сөйлеу жаттығулары.
Келесі мысал ретінде ұсынарым тілді жаттықтыруға арналған тілдік жаттығу:
-. Мұғалім бастайды, оқушылар қостап, аяқтайды.
Огурцы – қияр, Усы – мұрт,
А граната - ... А груша- ...
Мороз – аяз, Кобыла – бие,
А лук – ... А вишня - ...
Жираф – керік, Земля – топырақ,
А абрикос - ... А капуста - ...
Один – жалғыз, Фрукт – жеміс,
А арбуз - ... А овощ - ...
Ойын – бастауыш сыныптарда оқытудың ең тиімді әдісі.
Оқыту мақсатында қолданылатын ойындардың түрлері көп. Ойын - қанағат алу үшін жасалатын іс-әрекет. Оқуда да, еңбекте де ойын элементтерін қолдануға болады.
Сайысты сабақта ойын әдісі арқылы жүзеге асыруға болады
Мысалы: «Кім тез?» санауды қайталайды. Тақтада жемістер мен жидектердің суреттерінде сандар жазылып тұрады. Балалар сол сандарды рет- ретімен атап, дауыстап санайды. Бұл ойындар жемістердің атауларын, сандарды қайталауға, тез санауды үйренуге мүмкіндік береді, оқушыларды ынталандырады.
Неміс педагогі Адольф Дистерверг: «Жаман мұғалім ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы оқушының өзін ізденуге жетелейді, ойлауға үйретеді»–деген.
Бұл ретте профессор Ж. Караевтың «Деңгейлеп оқыту» технологиясының маңыздылығы зор.
Оқушының ойлау қабілетін, тілін дамытуға игі ықпал ететін, мен жұмысымда қолданатын оқытудың бір түрі сабақта деңгейлік тапсырмаларды қолдану. Деңгейлік тапсырмалар оқушының қазақ тілінен алатын білімін толықтыра отырып, қажетті дағдылар мен біліктердің қалыптасуын қамтамасыз етуіне ықпал етеді.
Деңгейлік тапсырмаларды белгілі бір тақырып біткен кезде, қайталау сабақтарын өткізгенде пайдалану өте ұтымды. Бұл тәсілдің ең маңыздылығы – әр оқушы өз шамасына қарай тапсырманы орындай отырып өзінің нені білетін және білмейтінін толық сезінеді, жолдастарынан қалмау үшін келесі жолы білмегенін біліп алуға тырысады.
Әңгімелесу әдісі білімді жинақтауға оқушылардың теориялық білімдерін қолдану тәсілдерін жүйелеуге бағытталған. Әңгімелесу барысында мұғалім сұрақты бір оқушыға немесе барлық сынып оқушыларына қояды..
Бірлескен іс-әрекет арқылы оқушылар өздері еңбектеніп, ойланады.
Білімді жинақтайтын, бекітетін әңгіме оқушылардан теориялық білімдерін, оны қолдану тәсілдерін жүйелеуге бағытталған.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Айтмамбетова Б. Жаңашыл педагогтар идеялары мен тәжірибелері. -А., 1991.
2.Әбенбаев С. Мектептегі тәрбие жұмысының әдістемесі. -А., 1999.
3. Бабанский Ю.К.. Методы обучения в современной общеобра-зовательной школе. - Москва: Просвещение, 1985. - 208 с.
4. Г.Қ.Нұрғалиева. Педагогиканық логикалық-құрылымдық курсы, - Алматы, 1996
5. М.Жұмабаев. Педагогика. - Алматы: Ана тілі, 1992. -160 б.
Достарыңызбен бөлісу: |