Балаларды шығарманы оқуға және онымен жұмыс жасауға үйретудің әдістәсілдерімен байланыс орнатыңыз.
Мәтінді дұрыс қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыстың келесі түрі- шығарманы оқу. Онда көпшілік шығарманың мазмұны күрделі, көлемі ұзақ болмаса мұғалім оны әуелі өзі дауыстап оқып шығады. Шығарманы бірінші рет оқығанда оқушылар ондағы кейіпкерлердің істерімен танысуға тиіс. Егер бөлініп оқылса балаларға оның мазмұнын түсіну оңай болмайды. Сондықтан шығарма алғаш рет тұтас оқылғаны дұрыс. Шығарманың мазмұнын бір оқығанда-ақ тыңдаушылардың көкейіне қондырып санасына жеткізу үшін, ол нақышына келтіріле, мәнерлеп оқылуы керек. Сондықтан оны әуелі мұғалімнің өзі оқиды немесе оқу техникасын жақсы меңгерген оқушыға оқытуға болады. Мәтінді оқушыларға бөліп оқытқанда оны кез-келген жерден үзбей, әр бөлімнің белгілі бір аяқталған ойды білдіргені жөн. Шығарманы бір рет оқып шыққанда балаларда жалпы ұғым қалыптасады, енді осы тұтас қабылдаудан бірте-бірте оның жеке бөліктерін талдауға көшу қажет.
Келесі жұмыстың түрі – шығармаға жоспар жасау. Жоспар шығарманың мазмұнын көрсететін уақиғалардың жүйесін білдіреді. Жоспар жасау жұмысы екі түрлі жолмен іске асады.
Әңгімені бөлімге бөлу.
Бөлімдерге ат қою, оны тәртіппен жазу.
Оқушылар әңгімені бөлімдерге бөлуі үшін, ондағы басты ойды және қосымша мәселелерді анықтайды. Жоспар жасау шығарманың мазмұнын толық та терең түсінуге мүмкіндік береді. Бөлімдерге бөлу процесі шығарманы бір рет оқып шыққаннан кейін, қайталап оқу кезінде іске асады. Шығарманың мазмұнын айтқызу екі түрлі жолмен іске асырылады. 1.Толық. 2. Ішінара.
Көлемі шағын мәтіндерді жазбаша мазмұндамаға дайындық барысында толық баяндату қажет. Ішінара мазмұндау көлемі үлкен мәтіндер бойынша және бөлімге бөліп оқу, жоспар жасау барысында, көбіне қорытынды әңгіме кезінде іске асады. Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстарға тоқталатын болсақ, бұл жұмыстар біріншіден оқылған материалды тереңірек меңгеруге мүмкіндік туғызса, екіншіден балаларды өз беттерімен ойланып жұмыс істеуге талаптандырады.
Сонымен шығарманың мазмұны, яғни мәтінмен жұмыс бойынша жүргізілетін жұмыстардың барлығы да балаларды өз беттерімен ізденуге үйретіп, ақыл-ойы мен дүние танымын кеңейтуге, тілін дамытуға септігін тигізеді. : Әдеби шығарма өмірді түсінуге көмектеседі. Ақын-жазушылардың идеясы, көркемдік шындығы, шығарманың мазмұны арқылы оқушыларды баурап, оларға түрлі сезім, ой туғызады, өмірге көзқарасын қалыптастырады. Көркем әдеби шығармалардың мұндай ерекшеліктері өзіндік әдістемені қажет етеді.
Бастауыш сыныптың ана тілі оқулықтарына көркем шығарманың мынадай жанрлары енгізілген: өлең, жұмбақ, әңгіме, мысал, ертегілер, жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, айтыс, шешендік сөздер, ғылыми мақалалар мен очерктер, т.б. Оқушыларға мәтінді қабылдаттыру үшін әр түрлі әдістерді қолданып, сабақты жаңартып отырса құба-құп. Ол үшін ең алдымен дұрыс мәнерлеп оқуға көп көңіл бөлу керек. Оқушылардың білім алуы - ең алдымен мәтінді қабылдау болып табылады. Көркем сөзді мәнерлеп, өлеңді мәнерлеп оқып, жатқа айтудың, оқушылардың шығармашылық түйсігін қалыптастыруда маңызы зор,
Өлең сөздің тыңдаушыларын өзіне баурайтын сазды, әуезді өрнек-нақышы, эмоциялық бояуы, үні, дыбыс әуені, мәні, табиғаты ауызекі естілгенде ғана ашылмақ. Осындай сиқырлы күшінен де болар, ұлы Абай "Өлең сөздің патшасы, сөз сарайы" деген. Өлең сөздің құдыретті қасиетін бала бойына ерте бастан сіңіру, зердесіне жеткізу - оқу-тәрбие ісінде үлкен мәнге ие.
Жақсы өлең жақсы оқылмаса, оның өңі қашады, мазмұны сүреңсіз, әсерсіз шығады.
Өлең сөздің ырғақ, ұйқас, бунақ, тармақ, шумақ кідірістері - қара сөзбен жазылған шығармалардан даралап тұратын белгісі. Осы ерекшеліктер өлеңді ауызша оқығанда, жатқа айтқанда арнайы ескертіледі.
Бастауыш сынып оқушыларына берілген өлеңдер алуан түрлі болып келеді. Кейбір өлеңдер белгілі бір оқиғаға құрылса, ал енді бір тобы автордың көңіл-күйіне, асқақ ойының мағынасын білдіреді.
Өлеңдерді оқу тәртібін шамамен былайша көрсетуге болады:
1) Өлең оқылмас бұрын оның мазмұнына қарай оқушымен әңгіме өткізіледі. Бұл әңгімеде өлең ішіндегі оқушылардың ұғымына ауырлау деген бейнелі сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы түсіндіріледі.
2) Өлеңді ырғағына келтіре, мәнерлеп алдымен мұғалімнің өзі оқып шығады. Оқу барысында балалар кітаптарын жауып, тыңдап отырады.
3) Оқушылар өлеңге әуелі іштерінен көз жүгіртіп өтеді де, сонан кейін оны дұрыстап оқиды.
4) Өлең мазмұны талданады. Кейбір көлемдірек өлеңдер бөлім-бөлімге бөлініп, ал қысқа өлеңдер тұтас талданады.
5) Өлеңді 2ші рет қорытындылау мақсатында оқуға дайындық жұмысы жүргізіледі. Оқу техникасы (шапшаң, жай) дауыс сазы, хормен оқу, жеке оқушыға оқыту, т.б. жұмыстар.
Оқушылар оқыған материалының мазмұнын дұрыс кабылдап, ондағы негізгі ойды жақсы ұғыну үшін оқу сабақтарында алуан түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар оқылатын материалдың сипатына, оқушылардың жасына, дайындықтарына, білімі мен дағдылану дәрежесіне байланысты іріктеледі. Оқушылар әңгімені дұрыс қабылдау үшін негізінен, мынандай жұмыстар жүргізіледі.
1. Әңгімені қабылдауға оқушыларды психологиялық дайындау;
2. Әңгімеге байланысты сөздік жұмысын жүргізу;
3. Әңгімені оқу;
4. Оқыған әңгіменің мазмұнын айту;
5. Әңгіменің жоспарын жасау;
6. Әңгіменің мазмұны бойыншажүргізілетін шығармашылық жүмыстар.
Әңгімені кабылдауға оқушыларды психологиялық дайындау.