Анықтауыштың сипаттамасы
Анықтауыш сөйлемдегі зат есімнен не зат есім орнына жұмсалған басқа есімдерден болған мүшелерді түрлі жағынан сипаттап тұрады.
Сөйлемде бастауыш, толықтауыш, т.б. қызметтерде жұмсалатын әр заттың өзіне тән, кейде көп затқа ортақ сапалары болады. Бір затты басқа заттардан сондай сапаларына қарай айырып танимыз. Сөйлемде заттардың әр түрлі сынын, сапасын білдіретін сөздер көбінесе анықтауыш қызметінде жұмсалады; олар заттың түсі, түр-тұрпаты, көлемі, салмағы, саны сияқты сапаларын білдіреді де, анықтайтын сөзімен тығыз байланыста айтылады.Мысалы, таяқ деген жалпылауыш зат есім. Оның ұзын, қысқа, жуан, жіңішке, ақ, қара, имек, қисық, қайқы, бас тәрізді көптеген сыны болуы мүмкін. Солардың бірі не бірнешеуі бір сөйлемде осы заттың анықтауышы болып, сөйлемде айтайын деген ойымызды айқындай түседі. Қисық ағаш, қысқа жіп дегендер – сын есіммен зат есімдерден құралған анықтауыштық тіркестер. Бұйра толқын ойнақшып тұр. Жасыл жапырақ сыбдыр қағады деген сөйлемдердегі анықтауыштар мен анықтауыш сөздер де сын есіммен зат есімдерден құралған.
Қазақ тілінде анықтауыштардың көпшілігі анықтайтын зат есімдерінен оқшауланбай, қатар тұрып қабыса байланысады, олар (анықтауыш пен анықталатын сөздер) фразалық (ритмикалық) бір екпінге бағынып, екпін жағынан бір түйдек (комплекс) болып тұрады. Мысалы, семіз қой, гүлденген өмір сияқты анықтауыштық тіркестегі сөздер жұбын жазбай қабыса байланысады да, тиісті грамматикалық тұлғалар тек анықталатын зат есімдерге жалғанады.
Анықтауыштар сөйлемде заттың әр түрлі белгісі болып, бағыныңқы мүше ретінде жұмсалғанмен олар анықтайтын затына, сонымен қатар түгел сөйлемге көрік беріп, әсерлі етіп тұрады. Сондықтан олар әдебиетте көрікті ойдың көркем бояуы қызметінде де жұмсалады. Бұйра толқын, асау терек (Абай), алтынкүн, жазық дала, жұмсақ жел, т.б.
Бұл сияқты эпитеттердің поэтикалық тілде көркемдік мәні зор.
Жалпы ереже бойынша анықтауыштар зат есімнен болған мүшені анықтайды. Кейде ол зат есім орнына жұмсалған есімді, сан есімде де анықтауы мүмкін:
Асқар мен Ержан далаға шықса... қөзілдірікті, қылышты біреу арбадан түсіп жатыр екен (С.Мұқанов.)
Түрлі сөз таптарынан жасалатын анықтауыштардың мағыналары да әр түрлі болады. Оларды мағынасына қарай негізгі екі топқа бөлуге болады: 1) сапалық анықтауыш; 2) меншікті анықтауыш.
Сапалық анықтауыштарға сын есім, сан есім, есімдік, есімше, атау тұлғалы зат есімдерден болған анықтауыштар жатады; меншік анықтауышқа ілік жалғауында айтылған анықтауыштар жатады.
Сапалық анықтауыштар анықтайтын сөздерімен қабыса байланысады, меншікті анықтауыштар матаса байланысады.
Атрибуттық қатынаста жұмсалатын сөздердің негізгі түрі – сын есімдерден болған анықтауыштар. Сын есім өздеріне тән қасиеттерімен байланысты заттың сапалық белгілерін я тікелей, я ол заттың басқа затқа қатысы арқылы білдіреді. Сын есімнің семантикалық негізгі оның сапаны білдіретіндігінен я затқа тән сапа болатындығынан көбінесе анықтауыш қызметінде жұмсалады.
Сөйтіп, сын есімдерден болған анықтауыштар сөйлемде заттардың әр алуан сапасын, қасиетін көрсетеді:
Батысқа қарай... жүйрік поезд жол тартқан (Жамбыл).
Басқа сөз таптарынан жұрнақтар жалғанып жасалған туынды сын есімдер де, анықтауыш қызметінде жұмсалғанда, анықтайтын сөздерімен әрі мағыналық, әрі синтаксистік байланыста болады.
Бірақ туынды сын есімдерден болған анықтауыштардың синтаксистік байланысы зат есімнің түбір күйінде анықтауыш болуынан әлдеқайда босаң болады. Оны мынадан байқаймыз: алтын сағат,тас жол сықылды анықтауыштық топтың ортасында басқа сөз кірістіріп, оларды әрлі-берлі ауыстыруға болмайды. Ал туынды сын есімдерден болған анықтауыштар мен анықталатын сөздің арасында басқа сөздер, көбінесе басқа анықтауыштар, бола береді. Мысалы, кең алқапты жазық дала; бұлтсыз ашық аспан.
Заттың сандық, өлшеулік сапасын білдіретін сан есімдер де анықтуыш қызметінде негізгі және туынды түбір тұлғасында жұмсалады. Грамматикалық ондай анықтауышы бар сөз тіркесінің анықтайтын сөзінде болады.
Сөз төртінші участоктың бастығы Перизат Әлімова жолдасқа берілді (Ә.Әбішев). 30 қарашада он екінші ұтыс тиражы өткізілді.
Сан есімдердің анықтауыштық қызметте, бір жағынан, заттың есептік, реттік, мөлшерлік, т.б. санын білдіруі, екінші жағынан мезгілдік, салмақтық, көлемдік ұғымының өлшеуіші болуы оның қандай затқа қатысты екендігіне байланысты: үш бала, он бес қой, алтыншы бригада; бес килограмм қант, 100 метр, т.б.
Анықталатын зат белгілі болып, оны басқа заттан аыйыра тану керек болғанда, оның алыстығын не жақындығын білдіру керек болғанда сілтеу есімдіктерін анықтауыш қызметінде жұмсаймыз:
Қасқырдың бұл қылығын мазақтап күле-күле екі ешкі Жартыбайға қайтып келді. Бұл сұрауға түсіне алмай, енді Саржан таңданды. Қазірден бастап анау екі адамды өзінің жұмысына салыңыз.
Есімшелер, сын есімдер сияқты, анықтауыш қызметінде де жұмсалады. Ол заттың қимылдық сапасы ретінде анықтауыш болады:
Қаусаған елге әл беріп, жұмақ еткен заманым. Жан-жақтан біреудің сүйінген, біреудің наразылық білдіріп күйінген дауыстары көтеріліп, шуға айналды.
Есімшеден болған анықтауыштар анықталатын заттың өз қимылы, іс болуы да не басқа заттың қимылы, іс-әрекеті болуы да мүмкін. Басқаша айтқанда, қимыл анықтауыштардың анықтайтын сөз онымен субьектілік қатынаста болады. Мысалы, оқыған кісі дегендегі есімше кісінің өз іс-қимылы болып ұғынылса, оқыған кітап (мен оқыған кітап), оқылған кітап дегендегі оқыған, оқылған деген есімшелер субьектінің ісі болып ұғынылады. Келетін адам, келетін жер дегендерді салыстырсақ, алдыңғыда келетін анықталып тұрған заттың (адамның) өз қимылы болса, соңғыда басқа біреудің келетін жері мағынасында ұғынылады.
Есімшелердің барлық түрінің анықтауышы болу қызметі бірдей емес. Олардың ішінде анықтауыш болып жиі кездесетіндері - өткен шақтық есімшелер.
Зат есімдердің түрлі заттық анықтауыштары болуы мүмкін. Заттық анықтауыштар анықтайтын сөздерімен мынадай байланыста айтылады:
Екі зат есім атау күйінде қатар айтылып, алдыңғысы соңғысына анықтауыш болады; қол сағат, темір күрек, мал қора, қап-қап астық.
Екі зат есімнің алдыңғысы ілік жалғауда, соңғысы тәуелдік жалғаудың бірінде тұрып, анықтауыштық қатынаста жұмсалады.
Изафеттік құрылыстың ІІІ түрінде айтылатын сөз тіркестері өзара матаса байланысады. Ілік жалғаулы сөз анықтауыш, тәуелдеулі сөз анықталушы болады. Мысалы, Менің қарындасым университетте оқиды. Сенің баяндамаң бәрімізге де ұнады. Жарастың бригадасы жұмысқа қызу кірісті.
Матаса байланысқан анықтауыш пен анықталатын сөздің ортасына басқа сөздер түсіп, бірінен-бірі қашық тұра береді:
Мұны миллиондаған қазақ жастарының өнеркәсіпте, транспортта, ауыл шаруашылығында қажырлы түрде еңбек етіп келе жатқандығынан көруімізге болады.
Кейде, керісінше, ілік жалғаулы бірнеше анықтауыштың анықтайтын сөзі біреу-ақ болады.
Бұл жұмысқа РТС-тердің, совхоздардың басшылары айрықша назар аударып отыруға міндетті.
Анықтауыштың сөйлем ішінде ерекше айтылмауы сөйлемнің беретін мағынасының аз сөзді – ықшамды – болуымен байланысты. Сөйлемнің ықшамды болып құралуы – стильдік талапқа сай болатындығынан. Кейде ілік жалғаулы анықтауышқа ой екпінін түсіріп, оны басым әуенмен айту керек болғанда, не ілік жалғаулы анықтауыштың қай сөз екені контекстен белгілі болмайтын жағдай жа кездеседі. Ол да сөйлемнің стиль мәселесіне жатады. Мысалы, сөйлемде бастауыш болған есімге тән заттарды атағанда көбінесе олардың анықтауыштарын иелеусіз қалдырамыз: Жарас тымағын қолына алды деген сөйлемде тымағын — Жарасқа тән зат деп ұғамыз, бірақ ол грамматикалық қатынастағы анықтауыш емес, тымағын дегеннің ілік жалғаулы анықтауышы — өзінің.
Жалпы ереже бойынша, бір сөз (біз, сіз дегендерден басқа) ілік жалғауда айтылса, сонымен байланысты басқа сөз қалайда тәуелдік жалғауда болады, керісінше, сөйлемде тәуелдік жалғғаулы сөз болса, сол сөйлемде қалайда ілік септікті сөз болуы керек; қысқасы олар бірінсіз-бірі жұмсалмайды. Тек күні кеше, түні бойы, өткен жылы, 1953 жылы сияқты тіркестерде және шалқасынан сияқты үстеуге айналған біраз есімдер тәуелдік жалғауда айтылғанмен жоғарыдай толымды сөз тіркесінде жұмсалмайды.
Ілік септікті анықтауыштар анықтайтын сөздермен қатар тұрғанда кейде жалғаулы, кейде жалғаусыз жұмсалады. Ол екеуінің ортасында басқа сөздер болғанда және мына төмендегі сөздер ілік септікті анықтауыш қызметінде жұмсалғанда олар әр уақытта жалғаулы болады:
Есімдіктер (өз дегеннен басқа): менің талабым, біздің сертіміз, сенің қарындасың, сіздің уәдеңіз, оның табысы, мынаның кесірі, осының айтқаны, кімнің қызы? Ненің терісі? әркімнің айтқаны т.б.
Сын есімдер: жақсының шарапаты, жаманның кесапаты, қызылдың қызылы, ақылдың сөзі, кешегінің жалғасы т.б.
Сан есімдер: екінің бірі, онның жартысы, екеудің алдынғысы, үшіншінің қарқыны т.б.
Есімшелер: білгеннің сөзі, айтқанның жазығы т.б.
Тәуелдік жалғаулы есімдер де ілік септікті анықтауыш қызметінде көбінесе жалғаулы болады: жолдасымның кітабы, қарындасымның талабы, інісінің баласы.
Егер ілік жалғаулы сөздер біріне-бірі сатылана құрылған анықтауыш болса, олардың алдыңғылары тәуелдік жалғауда тұрғанмен, ілік жалғауы түсіріліп, ең соңғылары ғана жалғаулы болуы мүмкін. Мысалы: Институт директорының орынбасарының кабинеті сиқтылар Институт директоры орынбасарының кабинеті болып та айтылады.
Зат есімдерден болған ілік жалғаулы анықтауыш бірыңғай мүшелі бірнеше сөзге қатысты болса да, анықтауыш үнемі жалғаулы болады. Үйдің есігі, терезелері ашық тұр екен. Ұжымшардың бау бақшасы, электр станциясы, мектеп үйі бізге алыстан көрінеді.
Күрделі анықтауыштар тобындағы сөздер өзара қабыса және матаса байланысқан әр түрлі сөз таптарынан құралады: ақ орамал, майда жалды, төрт қырлы, ат жақты, күміс қоңыраулы, мақпал қара шашты, қызыл күрең, ақ күмістей, дөңгелек қара сақалды, қақтаған ақ күмістей, таудай талапты, кер маралдай, кербез, семізше келген.
Осылар сияқты, күрделі анықтауыштар түрлі сөздерден құралғанда олардың құрамы көбінесе екі-үш (кейде одан да көп) сөзді келеді. Әдебиеттен мысалдар:
Ақ басты Алатаудың Жамбылымын (Жамбыл). Көкшенің кілемдей келбетті даласындағы көп көл күміс теңіздей дөп-дөңгелек боп күнге шағылысуын қарашы (С.Мұқанов). Көктемдегі қызғалдақтай қызық заман... (Жамбыл). Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы, аласы аз қара көзі нұр жайнайды (Абай). Керілген кер маралдай кербез сұлу, қиын ғой сұлулардың сырын білу (И. Байзақов). Асан... семізше келген қырықша қызыл тоқтыны алып келді (С.Мұқанов).
Үйірлі анықтауыштар тобының құрамындағы сөздердің бірінші сыңары зат есім, жіктік, өздік есімдіктері болады да, олар түбір күйінде не тәуелдік жалғауының көбінесе ІІІ жағында айтылады. Ал олардың екінші сыңары сын есім, есімше және бар, жоқ, көп, аз деген сөздер болады:
Бұрышта түсі суық таяқ тұр (Ғ.Сланов). Аласы аз қара көз нұр жайнайды (Абай). Басы аппақ, денесі керген төстіктей... белгілі Иван келді (Ғ.Мұстафин). Жүні көгілдір, маңдайы ақ қасқа, құйрығы шолақ бұл иттердің үлкендігі арыстандай (С.Мұқанов). Бұл жердің адамдарында сіз білмейтін тағы бір мінез бар (Ғ.Сланов). Есіркеп тұратын үйдің іші сіз көргендей емес. Ұйқысы келмеген Асқар құлағын... әлсіз толқынға тікті. (С.Мұқанов). Талабы жоқ бала білімінен құр қалады.
Күрделі және үйірлі анықтауыштар дауыс ырғағы жағынан да бір ритмикалық топ болып келеді. Бұл сөйлемде тізбектеліп айтылған бірнеше анықтауыштардың жігі сол дауысталу тұтастығына қарай айрылады. Мысалы:
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды –
(Абай)
дегенде екі күрделі, екі үйірлі анықтауыш бар: 1) қақтаған ақ күмістей; 2) кең маңдайлы; 3) аласы аз. Жоғары өлеңнің соңғы жолында қара көзі деген анықтауыштық тіркес бар. Одан бұрынғы үйірлі анықтауыш солармен ұласа айтылғанмен, қара деген анықтауыш үйірлі мүшенің құрамына енбейді. Сондай-ақ Көктемдегі қызғалдақтай қызық заман (Жамбыл) дегенде екі анықтауыш бар: 1) көктемдегі қызғалдақтай (заман); 2) қызық (заман).
Сөйтіп, үйірлі және күрделі анықтауыштар өзара байланысқан бірнеше сөзден құралып, сол тұтас күйінде бір сөзді анықтайтын болады.
ПЫСЫҚТАУЫШ
Сөйлемнің тұрлаусыз мүшесінің бірі – пысықтауыш. Ол да анықтауыш сияқты, басқы сөздің, әйтеуір бір сапасының, ерекше белгілерін білдіру үшін жұмсалатын бағыныңқы мүше. Солай болғандықтан, пысықтауыш анықтауышқа ұқсас. Дегенмен ол екеуінің елеулі айырмашылығы бар: анықтауыш заттық ұғымы бар сөздердің – зат есімдердің, субстативтенген басқа есімдердің - әр алуан сапасын, меншіктілік-тәндік қатынасын білдіру үшін жұмсалса, пысықтауыш, негізінде, заттың қимылдық сапасының сапсын, белгісін білдіреді1.
Басқаша айтқанда, анықтауыш зат есімнен болған мүшені, пысықтауыш етістіктен болған қызметінде жұмсалатын сөздер етістікке қатысты болып етістіктен болған мүшені «анықтаса», оларды пысықтауыш деп атаймыз. Мысалы, найзадай шоқылар дегенде, найзадай – анықтауыш, (бірдеңе) найзадай қадалды дегенде - пысықтауыш. Сол сияқты, ол – жақсы оқушы дегенде, жақсы оқушы дегенде, жақсы – анықтауыш, ол жақсы оқыды, жақсы сөйледі дегендерде – пысықтауыш; Үйге үш кісі кірді дегенде, үш – пысықтауыш.
Бұл сөйлемдерде найзадай, жақсы, үш анықтауыш қызметінде де, пысықтауыш қызметінде де өздері қатысты сөздермен қабыса байланысқан, екеуінде де лексикалық материалы мен тұлғалары бірдей. Дегенмен олардың айырмашылығы бірде зат есімдерге, бірде етістіктерге қатысты болуында ғана емес, сол арқылы грамматикалық мағыналардың да өзгеше болуында Бұл өзгешелікті оларға қойылатын сұрақтарға қарап та байқауға болады: найзадай (қандай шоқы?), найзадай қадалды (қалай қадалды?), жақсы бала (қандай бала?), жақсы сөйледі (қалай сөйледі?), үш кісі (неше кісі?), үш келді (неше келді?). Сөйтіп, пысықтауыштар көбінесе етістік баяндауыштарға қатысты болып, мезгілдік, мекендік, себеп-салдарлық, т.б. мағынаны білдіреді.
Пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – үстеулер, үстеу мәндес есімдер, сапалық есімдер мен мекендік, мезгілдік, мақсаттық, амалдық мағыналарда жұмсалатын септеулі (жатыс, барыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі) зат есімдер.
Пысықтауыштар білдіретін мағыналарына қарай былай бөлінеді: мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, мақсат пысықтауыш, себеп-салдар пысықтауыш, амал пысықтауыш.
МЕЗГІЛ ПЫСЫҚТАУЫШ
Етістіктің шақтық мағынасына мезгілдік мағына үстеп, оның қашан, қай мезгілде болған процесс екенін білдіретін пысықтауыш мезгіл пысықтауыш болады2. Мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – мезгілдік үстеулер, зат есім, сын есім мен кейбір сөз тіркестері.
Үстеулерден болған мезгіл пысықтауыш дегенде, алдымен мезгілдік үстеулердің сол қызметте жұмсалуын ескеруге тиістіміз. Мезгілдік үстеулердің мағыналарына лайық синтаксистік қызметі етістіктің шақтық мағынасын дәлдеу, толықтыру, айқындап көрсету болады. Мезгілдік үстеулердің мағыналары, негізінде, етістіктермен ғана байланысты болып, солармен тіркесе алатындықтан, сөйлемде ондай пысықтауыштар өзі қатысты сөздерімен қатар тұрып та, олардан қашықтап тұрып та мағыналық және грамматикалық байланыста бола береді.
Михаил Васильевич Фрунзенің қолынан үлкен істер келетінін Асқар жаңа білді (С.Мұқанов). Бүгін көзбе-көз сынасатын кезең тұрған сияқты. Лезде ол қайта оралып от тамызды (Ғ.Сланов). – Енді мынаны көріңдерші, - деп қызыл кітапты ол тағы ашты (Ғ.Мұстафин). Үнемі болмағанмен, анда-санда ол Бөбекке көз қырын салды. (Ғ.Сланов). Қазір бұл кішкене бөлменің қабырғасы осы шахтың айнасы секілді (Ә.Әбішев). Енді құтыдағы суға да кезек келді (Ә.Сәрсенбаев). Күншығыс жақ ал қызыл сәулеге бөленіп, таң жаңа ғана сызылып атып келе жатыр екен. Мен бүгін туған күнімді тойлаймын (Ә.Әбішев). Айттым ғой әлгінде не қылғанын (С.Мұқанов).
Мезгіл пысықтауыш болып жиі жұмсалатын сөздер қатарына таңертең, әнеугүні, алдыңғыгүні, әлдеқашан, әлітаман, кешқұрым, о бастан, әуел баста, ендігәрі, ешқашан, бірсыпыра, бірталай, әрқашан сияқты біріккен сөздер мен ертеңді-кеш, әлсін-әлсін, күндіз-түні, қысы-жазы, анда-санда, оқта-текте сияқты қосарланған үстеулер де енеді. Олардың пысықтауыш қызметінде жұмсалуына мысалдар:
Ертеңінде таңертең тұтқын есігі ашылды (М.Әуезов). Оның жүрегіне шемен болып қатқан қайғы ешқашан жібір ме? (Тауұлы). Әп-сәтте Амантай тобы солдаттарға араласты да кетті (С.Мұқанов). Оқта-текте «Симфонияны шақырып, қажетті мәліметті беріп жүрдік».
Зат есімдердің ішінде мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер – шақтық, мезгілдік ұғымды білдіретін есімдер: жаз, қыс, көктем, түн, түс, сәске, кеш, т.б. Бұл сөздер кейде түбір күйінде, көбінесе жатыс, шығыс, барыс, көмектес жалғауларында тұрып, мезгіл пысықтауыш болады:
Жаз шанаңды сайла, қыс арбаңды сайла (Мақал). Жазға жақсы киінер қыз-келіншек. Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер балбырап. Жолаушылар түнімен жүрді. Көктемде құлпырады ой менен қыр (Абай).
Сол сияқты, жас өмір, дөнен, құнан тәрізді зат есімдер тәуелдік жалғауларда және жатыс жалғауында айтылып та мезгіл пысықтауыш болады:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім... (Абай). Өмірімде кісіге жалынып көрмегенде, енді саған жалынам ба? (С.Мұқанов). Дөненінде үйретем, ат болудың қылығын (Жамбыл). Зылиқа жасында ажарлы еді (Б.Майлин).
Сілтеу есімдіктеріне – ша//-ше жұрнағы жалғанып та, қашан деген сұрау есімдігіне шығыс жалғаулы жалғанып та, мезгіл пысықтауыш жасалады:
Осынша соңыма түсетін, мен саған не істедім? (С.Мұқанов). Сендермен қашаннан аға-інілі болғанмын (Жамбыл).
Сөз тіркестері мен әр түрлі сөздердің түйдекті тіркестері күрделі мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалуы мүмкін. Олардың құрамы негізінде былай болады:
1. Үстеу мен үстеу не үстеу мен зат есім тіркесіп күрделі мезгіл пысықтауыш жасалады:
Бүгін кешке Қарағайда ойын болады. Тапа-тал түсте үгіт таратып басынуын көрдің бе, мұның (Ғ.Сланов). Таң қараңғысында еркек атаулы жұмысқа кетеді (С.Мұқанов).
2. Шақтық мағынадағы зат есімдер атау күйінде не түрлі қосымшалар жалғанып, олардың алдында сілтеу есімдіктері, бір, әуелгі, соңғы, ұзақ тәрізді анықтауышы болып, күрделі мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалады:
Сол уақытта ақ отаудың алдында күнге жылынған мысықтай керіліп Шолпан отыр (М.Жұмабаев). Сол кезде жатырланған ай туған еді (С.Мұқанов). Осы кезде жер үйдің есігінен екі жігіт кіріп келді. Бір күні мұны Құсырдың көзі шалды (Ғ.Сланов). Бір мезетте мылтық даусы гүрс етіп, теңізді жаңғыртып өтті (Ғ.Сланов). Бір кезде Амантай жан-жағына қарады (Ғ.Мұстафин). Әуелгі күндері қыз жалғыз қалуға қорықты (С.Мұқанов). Қартайған кезде өмірді жылытатын от – бала (М.Жұмабаев). Асқар ұзақ уақыт ұйықтай алмады (С.Мұқанов).
Септеулі кейде атау тұлғалы есімдер кейін,соң,дейін,бері,бойы дегендей көмекші сөздермен тіркесіп, күрделі мезгіл пысықтауыш болады:
а) Манадан бергі ащы сөздердің бәріне де мына сөз Ұлжанға ауыр тиді (Ә.Әбішев). Түн бойы аяз қаһарына мінді(С.Мұқанов).Олжабек көпке дейін жауап қайтара алмады (Ғ.Мұстафин).Сен де романыңды әуелі бітіріп ап, гонорарды сонан соң сұра (С.Мұқанов).Зылиқа мұны ...келіншек болып түскен соң ойлана бастады (Б.Майлин). Шайдан соң тайымды ерттеуге бұйырдым (Ы.Алтынсарин).
ә) Соның арасынша шоқиған нәрсе қозғалып, бүрсеңдеп жөнелді. Осының арасынша Тілеу мен Төлеуіш те келіп қалып еді (Ғ.Сланов). Қазідің өзінде, дем арасында... дегендер осыған жатады.
4. Таң ата, күн шыға, ел орнына отыра, жаз шыққанша тәрізді сөйлемдік құрамы бар тұрақты сөздер тіркесі үйірлі мезгіл пысықтауыш болады.
Ел жата Олжабек отауын жыққан да, көше жөнелген (Ғ. Мұстафин). Қарағым, жылыт, тамақ бер, жаз шыққанша асыра (Абай).
Сонымен қатар мынадай сөз тіркестері де үйірлі не күрделі мезгіл пысықтауыш қызметінде кездеседі (ол тіркестер қара әріптермен терілген):
Күн жота күлімсірір жұлдыз бен ай...(Абай).Мына боранда қашып құтылғылары келеді.(Ғ. Мүсірепов).
Мекен пысықтауыш
Қимылдың, іс-әрекеттің болу орнын, бет алысын, қайдан екенін білдіретін пысықтауыштар мекен пысықтауыш болады. Мекен пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер, негізінде, мекендік үстеулер: жоғары, төмен, ілгері, кейін, соң (соңғы үш сөз шақтық мағынада да жұмсалады), әрі, әрмен, бері, бермен, кері, ішкері, тысқары, сыртқары, алда, артта, соңында, бұлай, олай, тұс-тұстан, алды-артқы, ерсілі-қарсылы, әрі-бері, жоғары-төмен ,ілгері-кейін, жан-жақ(-қа, -тан), т.б.
Мекендік үстеулер түбір күйінде де, жатыс, барыс, шығыс жалғаулы формаларда да мекен пысықтауыш болады:
Арғымақ қосқан бәйгіге
Байлар қылды кесірді.
«Мәстек мінген, әрі тұр,
Жүйрік мінген, бері тұр!» -
Деп жуандар секірді.
(Жамбыл).
Жоғары қарашы, көкте не көрінеді? (Ы. Алтынсарин) Мен енді кейін қайтайын.(Ғ.Мұстафин.) Ол күлімсіреп төмен қарады.(С.Мұқанов.) Ауылға баратын жол біресе олай, біресе былай кетеді.(Т.Сағынбаев.) Ботакөз алды –артына қараса, божы ұстаған бір жігіт отыр екен.( С.Мұқанов.) Жоғары-төмен үйрек, қаз ұшып тұрса сымпылдап (Абай.) Жан-жақтан жұрт жиналып қалды.(С.Мұқанов.) Тұс-тұстан көтерілген қою шаң... жайымен ыдырап барады.(Ғ.Мұстафин.) Айнадай төңкерілген үстінде аспан, төменде көк толқындар көбік шашқан. (Т.Жароков.)
Жоғарғы үстеулердің бір қатарына –(ы)рақ, -(і)рек жұрнағы жалғанып та мекен пысықтауыш болады: Сен әрірек отыр (сен сәл әрі отыр д.м.), сіз берірек келіңіз (сіз сәл бері келіңіз д.м.), ол кейінірек тұрсын (ол сәл кейін тұрсын д.м.), т.б.
Мекен пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздердің енді бірқатары –көлемдік мағынадағы жатыс септікті зат есімдер, сілтеу есімдіктер. Оларға қайда?, қай жерде?, қай жақта? деген сұрақтар қойылады.
Көкте ойнады сомолет,
Жерде жүйрік машина,
Суда жүзді параход
(А.Тоқмағамбетов.)
-Ой, мен сені Сухимиде көрген екенмін-ау? (Ғ.Мүсірепов.) Жыршы құстар әуеде өлең айтып, қиқу салар көлдегі қаз бен қулар (Абай.) Мен де... қасымда келе жатқан көлеңкем де қара бұлттың қара сұр көлеңкесінің қойнына кіріп кеттік (Ғ.Мүсірепов). Мен бүгін осында үлкен шаруамен келіп отырмын (Ғ.Сланов.) Мұнда құлазыған дала да, көкорай шалғын да, ну орман да кездеседі.(С.Мұқанов.)
Барыс, шығыс және көмектес септікті зат есімдер де іс-әрекеттің орнын және бет алысын көрсетіп, мекен пысықтауыш қызметінде жұмсалады:
Мен өзенге келдім, Әйел орнынан тұра бастады (Ғ.Мүсірепов). Торғайлар бұтаққа қонды. Біз ала сәуледе ағашқа кірдік (Ғ.Мүсірепов). Өзеннің екіншісі... батысқа тартады (Ғ.Сланов). Асқар туған елі Көкшетауға екі айда зорға жетті (С.Мұқанов). Аузын жимай бір адам кіріп келді есіктен (Абай). Даламен келе жатқанда барар жерімізде адам тұратын бір мекен бар шығар-ау! Екі үйге қатынайтын жалғыз аяқ жол гүлдердің дәл ортасымен өтеді (Ғ.Мүсірепов).
Септік жалғауларындағы сөздердің мағыналарын бұрынғысынан да дәлдеп, айқындап тұратын сөздер бар. Олар –септік жалғауларын меңгеретін демеулер. Демеулер меңгеретін сөздерінен кейін тұрып, мекен пысықтауыштың құрамына енеді. Мысалы: үйге таман, қалаға қарай.Ол –үйге қарай кетті.Жақып өзенге таман жүрді.т.б.
Сілтеу есімдіктері мен жақын, алыс, жер, жақ, маң сияқты көлемдік мағынадағыесімдер тіркесіп, соңғы сөздер жатыс, барыс көмектес септікте тұрып, күрделі мекен пысықтауыш болады:
Мына жақта Жанас пен Арыстан ғана өздерінің күйлерін шертуде (Ғ.Сланов.) Бір көріп, бір тілдесуді сол жерде-ақ арман еткен едім (Ә.Әбішев). Бұл маңда ел жоқ-ты (Ғ.Сланов). Бұл жақта жерден астық алу алтын алудан қиын. Сіздерді келеді деп мына жақта Кузбасс қақпасын кең ашып қойды (Ғ.Мұстафин).
Ондай пысықтауыштың алдыңғы сөзі бір деген белгісіздік мағынадағы сан мен оң, сол деген тәрізді есімдер болуы да мүмкін:
Бір жаққа сапар шеккелі тұрсың ба?(Ғ.Сланов). Оның ұзын қара шудасын бір оң жағынан, бір сол жағынан шұбатып, үзбей будақтады (Ғ.Мүсірепов).
Арты, алды, асты, үсті, жаны, маңы, қасы, іші сияқты көмекші есімдермен тіркесе айтылған зат есімдер сол тобын жазбай жатыс, барыс, шығыс септікте айтылып, мекен пысықтауыш қызметінде жұмсалады:
Ата-аналар арасында саяси-түсінік жұмысын кең жүргізу керек (Газеттен). Үшеуіміз Саржанды дастарқан басына келтірдік (Ә.Сәрсенбаев). Абай әкесінің қасына таман келді (М.Әуезов).
Бірқатар үстеулер және сөз тіркестері сөйлем құрамының өзгешелігіне қарай кейде мекен, кейде мезгіл пысықтауыш болып жұмсала береді:
1.Ең алдымен мүйізі –шаңырақтай 1.Бұрынғы ауыл әдетінде ең
киік түсті зор серкелер кетіп алдымен үлкен ұл үйлену
барады. керек (С.Мұқанов).
2. Сен ентелемей кейін шегінші. 2.Асықпа, саған, кейін
айтамын.
3.Темірбек Жараспен бұрын 3. Темірбек Жарастан бұрын
тұр. келді.
4. Байлардың табына астында 4. Жамалбек табан астында
жаншылған шалшылардың Әбішке мың сомды санап берді
қолы теңдікке жетті.
Бірқатар көлемдік, мекендік мағынадағы есімдер көбінесе мезгілдік үстеу қызметінде жұмсалады:
Ол табанда ақшасын өндіріп алды. Жұмыстың қиын екенін басында (не бастана-ақ) айтқанмын. Алдымен ферма бастықтарына жолығалық, артынан сауыншылармен сөйлесерміз.
Бұл сөйлемдегі табанда, басында; алдымен, артынан деген көлемдік мағынадағы есімдердің шақтық қатынаста жұмсалу есебін мекендік, мезгілдік ұғымның тарихи байланысынан іздеу керек. Қас пен көздің арасында, көзді ашып-жұмғанша, күн шыға, ел орынға отырса, қас қарайғанда, сүт пісірім, бие сауым тәрізді сөздер тіркесі де түйдегімен ескіліктің қалдығы ретінде шақтық мағынада айтылады. Ат шаптырым жер, көш жер, иек астындағы жер дегендер тек жердің алыс-жақындығын ғана білдіретін өлшеуіш емес, аталған жерге қанша уақытта жетуге болатынын шақтық та өлшеу.
Мекендік мағынадағы сөздердің шақтық мағынада жұмсалуына мысалдыр:
Жақында мен де барып қалармын (Ғ.Сланов). Саған соңынан айтайын (Ә.Сәрсенбаев). Гүлнар Байжанды ақыры осыған көндіріп, обком бұл жөнінде қаулы алған да, бекітуге Қазақстан Орталық Партия комитетіне жолдаған (С.Мұқанов).
МАҚСАТ ПЫСЫҚТАУЫШ
Іс-әркеттің не үшін, қандай талапқа лайық істелетінін, болатынын (не болмайтынын) білдірітін пысықтауыш м а қ с а т п ы с ы қ т а у ы ш болады. Мақсат пысықтауыштар кім үшін? Не үшін? Неге? Қандай мақсатпенен? деген сұрақтарға жауап береді.
Мақсат пысықтауыш қызметінде жұмсалатын үстеулер өте аз, олар мыналар: әдейі, жорта,қасақана, бекер, басқа,әшейін;
Мен бұл жерге әдейі келдім. Ол жорта айтып отыр. Рақыш қасақана атымның тұсауын алып жіберіпті. Досжан бұл жерге бекер келген жоқ, т.б.
Бұл мысалдардағыдай үстеулер қимылдың істелу мақсаты не болатынын ашық кқрсету үшін емес, тек оны топшылап, жалпы түрде аңғарту үшін қолданылады. Ол үстеулердің мақсаттық мағынасы іс-әрекеттің амалын, себебін білдіруге де бейім тұрады.
Мақсат пысықтауыштық мағынасы айқын сөздер – зат есім, етістік және көмекші сөздермен тіркескен басқа есімдер. Олар төменде көрсетілген тұлғаларда және тіркестерде мақсат пысықтауыш болады:
Достарыңызбен бөлісу: |