4. Б. э. Дейінгі ХV – VI ғасырдағы Үндістан. Өте ертедегі үнді мәдениетінің басты орталықтары талқандалғаннан кейін Үнді бассейнінде көпке дейін құлдырау және ыдыраушылық орын алды. Ганг өзенінің жоғары және орта ағысындағы аймақатар үлкен маңызға ие болды. Натуралды шаруашылық үстем болды. Бағалау өлшемі сиыр болып есептелді. Сөйте тұра, осындай барлық қиындықтарға қарамастан солтүстік Үндістанда экономикалық жаңа өрлеудің кейбір белгілері бйқала бастайды. Бұл – ең алдымен б. э. Дейінгі ІІ және І мың жылдықтар шекарасында бұл жерлерде Хараппа және Мохенджо-Даро тұрғындарына әлі белгісіз темір құралдардың пайда болуынан көрінеді. Ертедегі үнділерге белгісіз болған темір түренді ауыр плугты пайдалану неғұрлым қатты жерді де өңдеуге мүмкіндік берді де, егіншілік өзен алқаптарынан алыс жатқан жерлерге де тарай бастады. Күріш, мақта және қант қамысы сияқты үнділердің тек өздеріне тән ауыл шаруашылық дақылдары ерекше маңызға ие болды. Әлеуметтік жіктелудің өсе түсуі аңғарылады. Таңдаулы жер үлестері шонжар семьялардың қолдарына көшіп отырады. Әдеби шығармаларда құлдар туралы жиірек айтыла бастайды. Алғашында бұлар әскери тұтқындар еді. Олар «даса» деп аталады, бұл «жау», «жат елдік» деген мағына беретін. Арада біраз уақыт өткен соң борышкер құлдар да пайда болады. Өзін сату немесе өз туыстарын сату жиірек ұшыраса бастайды. Махабхаратаның патша әулетіне жататын бір кейіпкері сүйек ойында өзінің барлық байлығын, бауырларын, өзін және ақырында, бәрінен де асқан сұмдық – өзінің сұлу әйелін де ұтқызып жібереді. Мұның өзі кәдімгі үйреншікті нәрсе ретінде суреттеледі. Әрине, іс жүзінде үстем шожар өкілдерін емес, кедейлерді құлға айналдыру әлдеқайда көп кездесіп отырған. Осындай жағдайда рулық-тайпалық құрылыс мемлекеттік ұйымға көбірек жол бере бастайды. Біз қарастырып отырған кезеңнің бас кезінде тайпалардың көсемдері ретінде көрініп отыратын раджалар тұқым қуалайтын шағын патшаларға айналады.
Деректерде ежелгі екі династия жайлы естеліктер кездеседі. Олардың бірі Хастинапур қаласын билеген және Ай деп аталған. Мифтегі Бхаратаның ата-бабасы мен оның үрім бұтақтары Кауравтар мен Пандавтар осы династияға жатқан, бұлар туралы Махабхаратада сөз болды. Екінші династия – Күн династиясы деп аталған және Айодхияда билік құрған. Тұңғыш рет Цейлонға жеткен атақты Рама осы династияның өкілі болған. Әлеуметтік жіктелудің күшейе түсуі сословиеге бөлінуді тездетті және тұйықталған верналардың пайда болуына алып келді, ал бұлардың өмір сүруі үнді қоғамына өзіне тән белгі болып саналады. Ведаларда верналар жайлы тек кейініректегі қосымшаларда ғана сөз болады. Осындай тұйықталған топтарға бөлінудің өзін кейінгі кездерде әуел бастан келе жатқан және жоғарыдан солай жаратылған құбылыс деп таныған. Жоғарғы екі варна: брахмандар мен кшатрилар үстемдік жағдайда болды. Аңыз әңгімеде бұлардың алғашқыларыжоғарғы құдай Брахманың аузынан, ал екіншілері оның иығынан жаратылған.
Тұрғындардың аса үлкен бөлігі вайшьтр деп аталған үшінші варнаға кірді. Олар Брахманың сандарынан жаратылған деп саналды. Бұлар негізінен егінші-қауымдастар болған, бұларға сонымен бірге діни және светтік шонжарлар менсінбей қарайтын қолөнершілер мен тіпті көпестер де кірген. Төртінші варна – шудралар, бағындырылған жат жерлермен, сондай-ақ өз руы мен тайпасынан ажырап қалған жаңа қоныстаушылармен толығып отырды. Бұлар Брахма құдайдың табанынан жаратылған, сондықтан шаң-тозанда жүруге тиісті төменгі нәсілді адамдар деп түсіндірілді. Оларды қауымдарға кіргізбеді, қандай да болмасын лауазымды қызметке жолатпады. Тіпті кейбір діни жоралар, мысалы «екінші рет туу» салтанаты олпр үшін жасалмайтын еді. Осы ең төменгі топқа да кіргізілмейтін, варналардан мүлдем сырт қалған адамдар да болғандығын атап өткен жөн. Бұларды кесапаттылар деп атады және ең ақыры оларды құдықтарға да жолатпады, өйткені олар таза суды арамдайды деп санады. Әр варнаның праволары мен міндеттері кейінірек «Ману заңдары» жинағында көрсетілді. Мұнда бірінші орынға Брахмандар қойылған. Әскери шонжарлар оларды құрметтеуге тиіс деп атап көрсетілді. Алайда іс жүзінде жоғарғы екі варна билік пен дәрежені бөлісіп отырған және кейде тайталасып та қалған, дегенмен халықтың қарсылығын басу қажеттігі туған кезде бірлесіп қимыл жасаған.
Бірдей қылмысы үшін түрлі варналардың өкілдері әр түрлі жаза алатын болған. Шудраны өлтіргені үшін брахманға, біреудің жануарын өлтіргені сияқты, қатесін мойындап, айып төлеудің өзі жеткілікті болған. Ал егер шудра брахманмен дауласып ерегіссе, ол үшін оның аузына отқа қыздырылған бір кесек темір тығатын болған. Дегенмен, варналарға бөлу әр уақытта бірдей тапқа бөлумен үйлесе бермеген. Шудралардың бір бөлігі ғана құлдық жағдайда болған. Екінші жағынан жоғарғы варналардың да кей адамдары құлдыққа түмуі мүмкін болған. Рас, құлдыққа түскен жоғары варна өкілдеріне төлем төлеу арқылы немесе басқа да жолмен еркіндік алу оңайырақ болған. Адамдардың осылай тұйықталған варналарға бөлінуі және әр түрлі варна өкілдеріне некелесуге рұқсат етілмеуі мәңгілік, бұлжымайтын және дінмен тәртіптелген болып саналды. Бұл ретте ежелгі Үндістандағы діни сенімдердің өзі де ғасырлар бойында әлеуметтік алға басулардың ықпалымен өзгеріп отырғанын есте ұстау жөн. Ведаларда табиғаттың сансыз көп құдайлары ауызға алынады. Топтық және сословиелік қайшылықтардың шиеленісуі мен ерекше варнаға жататын абыздардың күшейе түсуі жағдайында діни сенімдер біріңғай жүйеге түсірілді. Пантеон басында Брахма тұрды, оны ешкім көре алмайды және оның қолынан бәрі келеді. Деп есептелді. Абыздар соның есімімен брахмандар, ал әуелгі тайпалар дінінен бастау алатын, бірақ күшті өзгерістерге ұшыраған мемлекеттік дін – брахманизм деп аталды. Варналардың шығуы жөніндегі аңыз әңгімеден анық көруге болатындай, әлеуметтік теңсіздік ежелден келе жатқан және өзгертуге болмайтын нәрсе деп жарияланды.