Көне Мысыр медицинасы
Көне Мысыр медицинасының сол замандағы энциклопедиясы саналатын Эберс папирусындағы жазбалардың кейбірі бүгінгі ғылымды таңдандырып, мұны сол уақыттағы адамдар жазуы мүмкін емес, бұл өзге ғаламшарлықтардың, бөтен өркениеттің жетістіктері деушілер бар. Мәселен, ондағы бас сүйекті трепанациялау, өкпе, жүрекке ота жасаудағы технологиялар, баланың іштегі дамуы, құрсақтағы шарананың жынысын анықтау және басқа да жазылған дүниелер зерттеушілерді тұйыққа тіреген.
1874 жылы неміс шығыстанушысы, археолог Эберс тапқан бұл папируста түрлі өсімдіктен май мен шырын алу туралы және тыныс алу, асқазан мен ішек аурулары, жүрек, қан тамырлары сияқты адам ағзасындағы дертті емдеудің 900-ден астам рецептімен қоса, дененің әртүрлі бөлігіне арналған дәрілерді дайындау туралы бөлім де бар болып шыққан. Жалпы, мысырлықтардың дәрігерлік ілімінен қалған папирустар 10-нан асады. Оның ішінде балалар ауруына арналған б.д.д. 1450-1350 жылдар ең алғашқы педиатриялық Бругш папирусы, Эдвин Смит зерттеген хирургиялық папирусы, Кахуна папирусы, Рамессеум V, Лейден, Берлин, Херст папирустары бар. Мәселен, Смит папирусында дене жарақатының 48 клиникалық түрінің емі көрсетіліпті. Мысыр жұртының қайтыс болған адамдарды мумификациялауды шебер атқаруы да білімді қажет етеді. Мысырлықтар да шумерліктер тәрізді жеке бас гигиенасына көңіл бөлген. Темір ыдыстан су ішіп, күндіз және түнде екі реттен жуынып, ауруларды емдейтін храмдар жанынан арнайы ауруханалар салған. Әр мысырлықтың үш айда бір рет іш құрылысын жуып тазалап, клизма жасатуы міндетті болған.
Мысыр емшілері ауруды ең алдымен құдайға жалбарынған қуатты дұға айтып барып, түрлі жақпаны, сулы ерітінділерді, майларды қолданыпты. Жол желкен жапырақтары, жусан, теңіз жуасы, анар, құрма, сіркесу, шарап, сыра ашытқылары, минералды заттарды, квасты, қайнатылған тұзды және мемфи тастарын, алебастрды, селитраны, жануарлардың майын, өтін, миын, бауырын және ешкінің сүті мен араның балын, жыланның қабығы мен уын емге пайдаланған.
Осындай ілім игерген ежелгі мысырлықтардағы фармак-құтқарушы, өмір сыйлаушы дегеннен барып фармакопея, фармация, фармацевтика терминдері пайда болып кейін грек дәрігерлерінің қолдануымен бүгінгі заманға да жетті. Сонымен қатар көне Египеттегі дәрігерлердің атасы Имготеп саналып, оған Фива, Саиси және басқа да қалаларда храмдар салынып, жанынан арнайы мамандар даярлайтын мектептер ашылды. Мамандар демекші, мысырлық медицинада көздің, тістің, бастың дәрігері сынды жекелеген ауруларды емдейтін және көзге көрінбейтін, яғни ішкі органдарды қарайтын жалпы дәрігерлер болды. Олар ланцет, пинцет, катетер, әйелдердің жатырын қарайтын айна, гинекологияға керекті күйдіру, скарификация жасауға қажет құралдарды пайдаланып, тісті алтын жіппен байлап, тіпті тілікті ауырсынбауы үшін наркозға апиын қолданған.
Достарыңызбен бөлісу: |