Ежелгі Үндістан медицинасы
Ежелгі Үндістан медицинасының негізі әйгілі Веда деп аталатын философиялық трактаттардан басталады. Шива және Дханвантари құдайдың қолдауымен жүретін дәрігерлікте б.д.д. ІV ғасырдың соңы мен ІІІ мыңжылдықта Үндістанда қалыптасқан құлиеленушілік қоғамда өмірге келген философиялық таным өзгеше орын алады. Ведалық көзқарас бойынша, ағза аса маңызды үш элемент – ауа, шырыш және өттен, және бес ғарыштық элемент – жер, су, от, ауа мен эфирден тұрады. Ал осылардың арасындағы байланысқа ақау түссе, ауру иектейді деп есептелген. Сондықтан бұл байланыстарды қалыпқа түсіріп, тыныс алу, өт және қан арасындағы жүйеге баса мән беру керек дейді. Дәрігерлікпен алғашында брахмандар ғана айналысқан. Ал өзге варналардың өкілдері кшатрилер, вайшьилар мен шудраларға бұл кәсіппен жүруге рұқсат етілмейді. Брахмандар өздеріне тумысынан құдай белгілеп берді дейтін кәсібін тегін жүргізген. Кейін брахмандар бұрынғыдан да жоғарылап үйретуші гуруларға айналған. Ал олардың алдынан білім алып шыққан дәрігерлер брахман атаулыны тегін емдеп, қалған варналардан ақы алып отырған. Бір айта кетерлігі, науқастардың жазылуымен оның дәрежесі де, емге деген ақысы да өсіп отырған. Ал дұрыс ем жүргізе алмаса кастасының деңгейіне қарай айып төлеген, сондықтан үмітсіз ауруды қарамайтын құқығы болған. Шудраларды өлтіріп алса аздаған ғана айып төлеген, ал брахман өмірі жұтылса кәсібімен қоштасқан.
Бүгінгі офтальмология, гинекология, пластикалық хирургия, жалпы хирургия, терапия негіздерін салған ежелгі үнділік дәрігерлер құлақ, мұрын, ерін кемістіктерін жауып, пластикалық оталар жасапты. Тіпті әйел өздігінен босана алмағанда қазіргі кесарь тілігі тәрізді операцияға барып, қуықтан тас алып, катарактаны сылып отырған.
Мысыр, Қытай медицинасындағыдай үнділік емші-дәрігерлер де дәрі жасау мен оны емге қолдануда тәжірибеге бай болды. Дәрігерлер 800-ге таяу дәрілік өсімдіктердің, тамырларынан, дәндерінен дәрілер жасап, минералды заттар мен оның тұздарын да емге кеңінен қолданды. Сондай-ақ үнділіктер Ману заңдарында қарастырылғандай гигиенаға да көп мән берген. Дене күтімі, ас ішетін, даярлайтын ыдыстардың тазалығы, күн шапағымен бірге ояну, жуыну, дене бітімі үшін билеуді ежелгі үнділіктер назарда ұстапты. Ману заңдары бойынша, үйленуге тек дені сау адамдарға ғана рұқсат берілді. Себебі ауру адамнан сау ұрпақ жетілмейді деп заңмен тыйып, ұрпақ саулығын естен шығармаған.
Достарыңызбен бөлісу: |