Әй,қойшы соны,біз саясаткер емеспіз ғой!!!
Аязды күнде апыл-ғұпыл үйден шығып,таныс ешкім кездесіп қалмаса екен деп жан-жағыма алақ-жұлақ қарап,қалың қарды қырт-қырт басып келе жатырмын.Бар ойым сағат тоғызға дейін жұмысқа жету.Әйтпесе, бастық тоңқайтып түсіреді.Өзім жалындаған(кешірерсіздер....қыста қайдағы жалындаған)бойы келіспесе де ойы келіскен жас жігіт болғандықтан жигулиімнің жылдамдығын жын ұрғандай үдетемін.(Жигули деп отқаным бір пары екінші парынан үлкен су жаңа бәтіңкем ғой...)Кенет екі жыл көрмеген есуас ескі танысым Есербек кездесіп қалмасы бар ма?.О тоба-ай,есер десе есер өзі.Алты метр аузынан шыққан сөз отыз шақырым жерге дейін жетеді.Әңгімесі сұмдық енді.Қасында бір сағат тұра қалсаң,инфарк боп ауруханаға түсесің.Жүрегіме кеп жер жыртпай тұрғанда ертерек құтылуға тырысып:
Ооо,елге сыйлы Есербек досым хал қалай? – деймін ғой баяғы көтермелеп.Ол одан сайын есіріп:
Охоо,шенеунікті шектеймін деп шәпкісінен айырылған Шыңғыс досым аманбыз-аманбыз.(Өзі солай қыршыңқы сөйлейді,нағашыларына тартқан ғой)
Айтпақшы естідің бе,доллар дандайсып, ауылдағы күзетшінің әкім болғаны сияқты көтеріліп кетіпті ғой пәтшағар...
Естідім,естідім.Әсіресе айлығы шайлығына жетпей отырған ауылдағы адамдарға қиын болды-ау...
Айтпа деймін.Мен ана шекесі шылқып жүрген шенеуніктерге таң қаламын.Елге шыдаңдар,шыдаңдар дейді.Айтуға оңай.Қайтсін, өздерінің қағаналары қарқ,сағаналары сарқ.Ішкені алдында ішпегені ішкәпта,жегені аузында жемегені мұздатқышта тұрса...
Оның несіне ренжисің,күнделікті көк жәшіктен жалақыны екі есе көтереміз деп жатыр ғой.
Оттапты.Кабинетің тар болса коридордың кеңдігінен не пайда деген?.Сен маубас бері қара, айлық көтерілсе азық-түлігің бар,киім-кешегің бар,бензинің бар бәрі-бәрі қымбаттайды...(Есерсоқ Есекеңнің есі кірейін депті.Шылымын тұтатып ап құшарлана бір сорды да), әй,қойшы соны,біз саясеткер емеспіз ғой,
сен өзі асығып тұрған жоқсың ба?Түрің Түркістанға барып пайғамбар көргендей болып тұр ғой ха-ха-ха. (Атаңа нәлет ессіз неме,көшеде келе жатырып ашық тұрған құдыққа түсіп кетпейсің-ау.Өзім жұмысқа асығып тұрсам жалған пайғамбарға теңеп тұрғаның не?-деп айтайын десем сволчтың көңілін қимай тұрмын)
Жо-жоқ айта бер Есеке.Сенің әрбір сөзің Қайрат Нұртастың әні сияқты қымбат ғой маған.
Осы Қайратты жайрататын адам жоқ па? (Тағы басталды)Нағыз дарақы әнші.Теледидарда толған жарнама ЗD дейме құдай-ау,мейлі концерт берсе берсін ғой,бірақ ауру балаларға,жетімдерге көмектескенін неге жариялай береді.Әй, қазақта жақсы сөз бар емес пе? «Оң қолың істегенді сол қолың көрмесің»- деген.Не тәлпіштік ол?Сосын шетелден әнші шақырады дейді.Құдай-ау, отандық әншілеріміз қайда сонда?Соларға концертінен бір нөмір берсе біреу мамасын тартып ала ма?Өйй, бүйткен Қайратың құрсын сенің.
Дұрыс ғой Есеке менің алтын уақытымды(дей беріп едім сөзімді қармаққа балық ілгендей іліп әкетті)
Айтпақшы,алтын демекші Торғайдан алтын шығатынын естідің бе?
Жоқ естімедім,ол кезде құлағыма мақта тығып қойған едім.Алтын шықса дұрыс болған екен.Торғайым гүлденетін болды ғой.
Атаңның басы гүлденеді.Алтынның шеті көрінсе болды екі көзі сықсиып шетелдіктер жетіп келеді.Сосын анау алтыныңды қойын-қонышына тығып,сыймаса шекпеніне тығып,оған да сыймаса дамбалына салып әкетеді ертең.Сен қаласың алтын қазған күрегіңмен жер шұқып.Түйені түгімен,таплофозды жүгімен жұтатын күшіктер ғой олар.Әй,қойшы соны,біз саясеткер емеспіз ғой.Алса ала берсін,алмаған неміз қалды? (Қап бәлем,менің әдейі уақытымды алып тұрсың ғой ә,дәл қазір сеннен Храпунов сияқты сытылып кетпесем Шыңғыс атым құрысын)
Не,не ғой Есеке мен анау жас өскіндерге қазақ тілінен сабақ беруім керек еді?енді рұқсат болса...
Қазақ тілі дейсің бе?Өте дұрыс айтасың.Қазір қазақ тілін ешкім сөйлемейтін болды ғой (уф, құдай-ау мына бір есерсоқты қай күнәма кездестірдім екен,аузына жылан жұмыртқалап,кобра жел жіберіп кеткір)
Жоғарыдағылар «қазақша сөйлеңдер,қазақша сөйлеңдер»- деп сайрайды,ал өздері бір ауыз қазақша білмейді.Осы орысшаға келгенде опырып,қазақша
сөйле десең қағынып қалады бұлар.Әй,анау жиналыстарын қазақша өткізсе,оларды құдай ұра ма?Қазақстанда тұра ма қазақша сөйлеу керек ғой сволчтар! (қабағын біраз түйіп тұрды да қайтадан күлімсіреп),
Әй қойшы соны,біз саясаткер емеспіз ғой,сөйлесе сөйлей берсін өздерінің тілдері ғой.
Есеке,мынау жұмыс бар,әрі жаңа жылға дайындық бар дегендей.Мен кете...
(тағы бөліп жіберді,дегбірім қаша бастады)
Жаңа жылға дайындалған дұрыс ғой.Бірақ мына тікенек шыршаларды Тәуелсіздік күні тойланбай тұрып,алаңға құрып қоятыны несі?Тәуелсіздік біздің тірегіміз,жүрегіміз.Сол жүрегімізге шыршаның тікенегі кіріп тұр қазір.Әй кезінде Қайраттың қанымен,Ләззаттың жанымен келген Тәуелсіздік ғой бұл.Соны біз қастерлей алмасақ не болғанымыз?Сол құрып кеткір ағашты жиырмасынан кейін де құрса болады ғой.Әншейінде аспан айналып жерге түссе де асықпайтын шенеуніктер осы ағашты құруға асығады да тұрады.(осы кезде Есекеннің телефоны шыр ете қалды,мен есім кете қуандым,осы сәтті пайдаланып кетпесем жұмыстан кешігетін түрім бар)
Алло,иә,мен енді шығып бара жатырмын.Қазір вокзалдан мінемін.Ау,нан ала салшы.Жарайды! (телефон тұтқасын ұстап бара жатып,менімен бас изеп қоштасқандай болды),сонымен іс бітті,қу кетті.
Сау-сау,чау деп артынан мен қала бердім.Соқа басым сопиып тұрғанда жұмысым есіме сарт ете қалмасы бар ма?Осы жолы кешіксем бастығым сальто айналып тебер деп,сағатыма қарайын десем қолым құрғыр аяздан сіресіп қатып қалыпты.Мана ессіз есерсоқтың әңгімесін тыңдаймын деп қолымды қалтама салуды ұмытып кеттіппін.Әйтеуір аяғым сап-сау екен. (бәтеңкемнің арқасы ғой)Ал тұра келіп жүгірейін.Жүгіріп келем,жүгіріп келем.Ойланбайын десем д, басымда тауықтың миындай ми болған соң, ойланып қоя берем.Не ойлады дейсіздер ғой?Манағы есерсоқтың әңгімесін ойлап келемін.Соны мен есерсоқ,аузына келгенін оттай береді деймін,дегенмен, Есекеңнің сөзі шындық сияқты.Жындының сандырағы келеді деген осы-ау!Әй,қойшы соны,біз саясаткер емеспіз ғой!!!
Кенжалиев Шыңғыс
Достарыңызбен бөлісу: |