Неке мен отбасын қорғау
Неке мен отбасын қорғау екі түрде жүзеге асырылады: юрисдикциялық және бейюрисдикциялық. Біріншісінде — отбасының құқығы бұзылған немесе дауланатын құқықты қорғау жөніндегі өкілетті мемлекеттік органдарды қатыстыру арқылы жүзеге асырылады. Бұлар сот, прокурор, азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) органдары, қамкоршылык органдары, ішкі істер органы.
Екінші түрі — отбасының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтар мен ұйымдардың іс-әрекеттері. Азаматтар бұл әрекеттерді мемлекеттік органдардан көмектесуді өтінбей-ақ өздері іске асырады. Мұндай іс-әрекеттерді — кұқығын өзі қорғау деп атайды. Мысалы, құқығы бұзылған баланың ата-анасы тәртіп бұзушы баланың ата-анасымен кеңесіп, оған кешірім сұрауға ұсыныс жасайды және т.б.
Сот арқылы қорғау — отбасы құқығын қорғаудың бір түрі болып табылады. Бұл істе прокуратура, ішкі істер органдары, АХАТ органдары, тәрбиелік мекемелер, атқарушы органдар — әкімдіктер үлкен рөл атқарады. Мысалы, әкімдіктер ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларын қолға алуға, ондай балаларды есепке алуды ұйымдастырып, оларды отбасыларға орналастыруға көмек көрсетуге міндетті. Ішкі істер органдары баланы күштеп тартып алуға, сондай-ақ алимент төлеуден жалтарып жүрген адамдарды іздестіруге байланысты шешімдерді күштеп орындауға қатысулары мүмкін.
Сонымен, отбасы дегеніміз — бұл некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиелеуге алудың өзге де нысандарынан туындайтын, мүліктік және мүлікке қатыссыз жекебасындық құқықтармен байланысқан адамдар тобы. Отбасының заңдық белгілеріне мыналар жатады: адамдардың неке немесе туыстық негізде бірігуі; өзара имандылық және материалдық қолдау; бала туу және оларды тәрбиелеу; өзара жекебасындық және мүліктік құқықтар. Бір негізден немесе бір ортақ атадан тарайтын адамдардың қандастық-кіндіктестік байланысы, туыстық деп түсініледі. Туыстықтың екі тармағы бар: тікелей және жанама. Мемлекет аналар мен балаларды қолдайды, отбасын қорғауға алады.
Достарыңызбен бөлісу: |