22. САТИРА САРБАЗЫ
(Ж.Алтайбаев)
Жүсіп Алтайбаев 1911 жылы Жезқазған облысының Ақадыр ауданында туған. Жасынан ата-анадан жетім қалып, тұрмыстың тауқыметін көп көрген. Алайда, жасынан алғыр талапты жас алдымен Қарқаралыдағы төрт кластық бастауыш мектепті тамамдайды да, одан соң осындағы оқытушылар даярлайтын техникумда оқуын одан әрі жалғастырады. Сондықтан білімге құштар, әдебиетке жаны құмар жас, үлкен айдында көсіле құлаш сермеуді көксейді. Мәдениетті ортаға жетуді аңсайды. Ол осы мақсатпен елуінші жылдардың басында Алматыға келіп, Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі.
Ж. Алтайбаев республикалық баспасөзге дәл осы кезде етене араласа бастайды. Алғашында редакциялардың жеке тапсырмаларын орындап, әр түрлі газет жанрында жаза келіп, соңынан қазақ баспасөзінің белді сарбазына айналады. «Лениншіл жас», «Пионер» газеттерінде жауапты хатшы, «Вожатый» журналында аға редактор болып қызмет істейді. Кейіннен жастар газетінің редакторлығына жоғарылайды. Топшысы бекіп, тәжірибелі журналист ретінде танылады. Газеттің барлық жанрына қалам сілтеп, өлең жазумен де әуестенеді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты хатшының міндетін атқарады. Осы кезеңде республикалық басылым беттерінде Жүсіптің алғашқы фельетондары жарық көре бастайды. 1944 жылы ол Талдықорған облысына қызметке жіберіліп, 1949 жылға дейін облыстық «Сталиншіл» газетінің редакторы болады.
1949-1950 жылдары ВКП(б) Орталық комитеті жанындағы білім жетілдіру курсында оқиды. Ал, содан соң сегіз жыл бойы Семей облыстық газетінде редактор, 1959 жылы КазТаг-тың бас редакторы сияқты жауапты қызметтер атқарады.
Ж.Алтайбаев 1961 жылы «Ара» журналының бас редакторлығына тағайындалады. Оның сатирик ретінде танылуы осы соңғы жұмыс орнымен тығыз байланысты. Оның творчествосы сан қырлы. Ол онға жуық кітаптың авторы. Түрлі жанрда жазылған бірнеше көркем повесть, әңгімелері бар. Журналистиканың тай қазанында қайнап шыққан Алтайбаев қаламынан кезінде жүздеген корреспонденция, суреттеме, очерктер туған. Бізге оның кітап жүзінде жарық көрген жетпістен астам фельетондары белгілі. Сатиралық әңгімелері өз алдына бір төбе.
Сонымен бірге Ж.Алтайбаев кең диапазонды аудармашы ретінде де танымал. Ол Р.Джованьолидің «Спартак», И.Тургеновтың «Қарсаңда», Н.Гогольдің «Диканька хуторы маңындағы кештер», М.Горькийдің «Фома Гордеев», И.Ильф пен Е.Петровтың «Алтын баспақ», «Он екі орындық» романдарын қазақ тілінде сәтті сөйлетіп шықты.
Осы аталған шығармалардан-ақ оның орақ ауызды, от тілді қаламгер екенінін пайымдауға болады. Әйтсе де Ж.Алтайбаев шығармаларының дені журналистикалық бағытта, публицистикалық сарында, оның ішінде сатира саласында жазылғандығын аңғарамыз.
Ж.Алтайбаев фельетондарының басты ерекшелігі ретінде- олардың үнемі әңгіме сарынды, қызықты оқиғалы болып кететінін атап өту керек. Сатириктің осы бағыттағы туындыларында фактілердің алынған жері, мерзімі дәл көрсетілмейді, кінәлі адамдардың аты-жөні ойдан қойылады. Бірақ, фельетондарға өмірден, жеке адамдар тіршілігінен жинақталып, қорытындыланып алынған іс-қылықтар арқау етіледі. Көз көріп, құлақ естіп жүрген болмыс шындығы қозғалады. Мысалы, ол бұл орайда өзінің «Нақ-нақ» (108) фельетонында жөн-жосықсыз «күйдім, жандым» тақырыбынан айналсоқтап шыға алмай жүрген ақын – композиторларға сын айтады. Десе дегендей сықақшы шындыққа сүйеніп отыр. Алпысыншы жылдары өліп-өшкен ән текстері мен өңеш жыртқан әуенге толы әнсымақтардың қаптап кеткені рас. Фельетонда солардан шұрайсыз шумақатары қатты сыналып, шикі дүниелердің бір сыпырасы нақты аталып өтеді.
Журналист фельетондарының дені диалогпен, не кездойсоқ тосын суретпен басталады. Мәселен, «Бірақ» деген фельетон жеке бір сөздің мәнін талдау арқылы басталған. «Зат есім, сын есім. Етістік... тағысын тағылар – бәрін де көріп келеміз тіршілікте. Бұларды былай қойғанда әр қайсысы өз алдына бір-бір ұғымның басын ұстап тұрған, немесе жалғасып-септесіп жүрген жұрнақ, жалғаулар, жамау-жасқаулар дегендер де бар. ...Қайсысы мықты? Біздіңше, осылардың бәрі де түкке тұрғысыз нашар дүниелер. Осында «Бірақ» деген бар. Міне, нағыз мықты сол.., Немесе.
«-Лектор кеді, лектор!
-Қайдан?
-Ауданнан
-Кім екен өзі?
-Заготскоттан, Жалмұқанов...»
Жазушының шығарманы осылай ауызекі әңгіме түрінде бастауы Б.Майлин стилін аңдатады. Ойнақы интонация, юморлық леп бар. Сондай-ақ, автор өз туындысына айдар тағуда да тапқырлық танытады («Бұзаулы сиырға арзан домбыра», «Желке неге қышыды», «Айғыр туралы баллада», «Байтал түгіл бас қайғы», «Ку-ка-ре-ку», т.б) Шебер қойылған фельетон атын оқып та еріксіз езу тартып, үлкен күлкіге әзірленесіз.
Ж.Алтайбаев нысанаға алған сын объектілер көбіне әйгілі классикалық әдебиет үлгілерімен үндес, ортақ тақырыптас болып келеді. Мәселен, оның «Сіздерді сендіремін» фельетоны репортаж түрінде жазылған. «Аудан орталығындағы мәдениет сарайының айналасы абыр-сабыр.Әр түрлі машиналар тоқайласа ошарласып, сәйгүліктер қаңтарылысып жатыр. Не болмақ мұнда? Не болсын, жиын. Кәдімгі ауық-ауық болып тұратын кезекті жиын. Аупартком пленумы! Демек, ауданның сорпаға шығарларының бүгін тағы бір желпініп алар кезегі».
Осылайша «бісмілласын» мысқыл-кекесінмен бастаған сықақшы, мұнан әрі жиналыстан тікелей репортаж жүргізуге көшеді. Мәжілісте озат, ортаңқол шаруашылық басшыларынан бастап, «айғыр, қошқар дегендер соңғы кезде сенімді ақтамай, төл жағы пәшекі, пая боп бара жатқан» колхоздың председателі Есекеңе дейін суырылып сөйлеп шығады. Бәрі уәдешіл, Баршасының да маңдай тірер бекеті, тоқсан ауыз көпірме сөзінің түпкі түйіні біреу, ол – «Алайда, әрине кемшіліктер де жоқ емес. Дегенмен, мүмкіндіктер де бар бізде. Алдағы уақытта жаңа табыстарға жететініміз күмәнсіз. Осыған сіздерді сендіремін... рұқсат етсеңіздер!» - деген желсөзге салады.
Ал, жоғары орындағы кейбір керенау басшылар кемшіліктерден дер кезінде қорытынды шығармайды. Олардың бар бітірері – жағымды қаулы қабылдап, кемшіліктерді жылы жауып қою ғана. Фельетонист жауырды жаба тоқып, сөзбұйдалыққа салынғандарды, мұрын астындағы мінді көрмейтін көр кеуделерді қатаң айыптайды.
Ал, «Еске алынды» деп аталатын екінші бір фельетонда да жоғарыда айтқанымыздай нәтижесі аз, бос даурықпа жиын жайы сөз болады. Бұл енді «Алғабас» колхозы басқармасы мен «көптеген активистерінің бас қосқан мәжілісі. Күн тәртібінде жылқы санын көбейту мәселесі тұр. Көп болып талқыласты, айтысты, тартысты. Ақыр соңында қаулы қабылданды. Колхозда жылқы түлігі көбейетін болды. Бірақ... Автор шығарма түйініне шебер шешім тапқан. Өйткені, жеп қалған ауыз, жуық арада жұтудан ада-күде арылады деуден аулақ. Сонымен, мәжіліс соңында ұсыныс түсті.
«-Бәрінен де бұрын пышаққа тиым салсыншы!
«Пышақ» дегенді құлағы шалса керек, нақ сол сәтте Дүнгенбаевтың атқорада жемде тұрған биылғы соғымы – құлақасқа бие ішін тартып, оқыранып-оқыранып жіберген еді, сасып қалған Құлақметов:
Еске алынсын...Жиналыс жабық!-деп салды.
Пышаққа тиым салынсын деген соңғы ұсынысты хатшы жазып «үлгере» алмай қалды!»
Сондай-ақ, Ж.Алтайбаевтың «Дерттен дәрменге» аталатын фельетоны түріктің белгілі сатиригі Ә.Несиннің «Кесел тарихы» әңгімесімен желілес. Екеуінде де шалағай дәрігерлер жеңіл күлкінің объектісіне айналады. Адам тағдырына жаны ашымайтын қатыгез емшісымақтар орынды шенеледі.
Бірде автор «анау-мынау емес, оқу құралы болудан дәмесі бар тілмаш кітап – «Анатомия терминдерінің қазақша – орысша – латынша сөздігіне» орынды өкпе айтады. («Ер-тоқымды тілмаш»). Үстірт айтылған ұшқары пікірлерді күлкіге айналдырады. Ол үшін алдымен оқулықтан үзінді келтіріп, оған өзінің дәлелді пікірлерін қарсы қояды.
«Діңгек, бағана, көлденең сығар тесік, жырық. Арты ауалы сүйек. Оқ бағыты. Отырықша сүйек. Түрік ер тоқымы. Әтешше айдар қанаты. Шат асты бұрышы. Дабыл сақинасы. Омыртқа доғасының аяқшасы. Иық сүйегінің шығыршығы тағылар. Осымен доғарсақ та болар...Мәселен, тек бір ғана жауырын сүйегінің өзін қазекең қолына алып отырып: Мынау мұның етегі, мынау жақтауы, мынау қары, мынау мойыны, мынау қазан шұңқыры деп тәпіштеп, таңбалап, жатпайтын ба еді? Ендеше, біздің бүгінгі сүйретіп, жүрген жілігіміз арба боп кеткен бе, немене? Мұнда, «діңгек, әтештің басы» дегендер қайдан кіріп кетті». Үлкен отырықша тесігің бар, шатыңның астында бұрыш бар дейді тағы да. О, несі?»
Асылында, ғылыми еңбекті сынаушы, сынға алынған еңбек авторынан асып түсетін кемел білімді болуы шарт. Ал, жағдай керісінше көрініс берген сәтте, сын дәйексіздікке ұрынады да, қайта автордың өзі күлкіге ұшырайды. Дәл осы орайда Ж.Алтайбаевтың білім өресінің биіктігіне шек келтірмейсіз.
Бүкіл жинақтың өн бойындағы хат түрінде жазылған жалғыз фельетон – памфлет – «Ауфвидерзеен!» деп аталыпты. Журналистің өрісін ұлғайтып, өз еліміздің аясынан асып халықаралық тақырыпқа қалам сілтеуі, оның творчестволық мүмкіндігінің молдығының айқын айғағы. Бұл, сөз жоқ үлкен жетістік.
Тағы бір айтарымыз Ж.Алтайбаевтың «Бұзаулы сиырға арзан домбыра» фельетоны мен қазақ тіліне сатириктің өзі аударған И.Ильф пен Е.Петровтың «Он екі орындық» романының кей тұстары ортақ желімен өрбіген секілді. Олай дейтініміз, ұлы комбинатор Остап Бендер мен молданың көршісі, алаяқ Едіге Шалқаровтың «құдай өкілі» Ғабден молда мен ілкіде «махаббат және өлім істерімен айналысқан», дүниеқоңыз Ипполит Матвеевич Воробянинов мінездерінің кейбір қырларынан сәйкестіктер байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |