18. Сергек сезімді, өткір ойлы публицист
(С. Шаймерденов)
Республикамызда тың алғаш игерілген жылдары Қазақстан Жазушыларының қаламынан талай жаңа шығармалардың туындағаны шындық. Бұл тұрғыда М.Әуезовтің «Түркістан солай туған», С.Мұқановтың «Тыңда тұнған байлық», И.Шуховтың «Дала дүбірі», «Степные будни» кітаптары мен Ә. Сәрсенбаевтың, М.Иманжановтың, Ж.Саинның, Ә.Нұршайықовтың, С.Омаровтың, С.Мәуленовтың очерктерін ауыз толтыра айтуымызға болады. Міне, осы қаламгерлердің қатарында бұл дүбірге білек сыбана кіріскен жазушының бірі Сафуан Шаймерденов еді.
Оның «Көктем лебі», «Долаң қара бөктерінде», «Ертең бұл далада егін жайқалады», «Алматыда бір үй бар» тәрізді очерктері сол тыңның шыңдығын көрсететін көркем дүниелер. Мысалы, оның «Көктем лебі» очеркінде «Қала шетіне жақындағанда қаңылтыр шатырлы биік үйдің алдында тұрған қызыл көйлекті бір жас қызға Лагутиннің көзі түсті. Осы бір сәтте машинасын тоқтатты да, секіріп түсе қалды. Енді қараса қыз жоқ. Ғайып болып кеткендей. Лагутин еркін басып үйге беттеді. Есік іштен жабылып алынған екен.
Ашыңыз, - деді Николай ақырын ғана. Таза орыс тілінде
сөйлеген қыздың жіңішке дауысы шықты.
Сізге не керек еді?
Сусын болса...
Сусын жоқ.
Жазушы осы көрініс арқылы біраз түйкіл мәселелердің бетін ашқандай.
Себебі, жергілікті халық тың игерушілерді шын пейілмен шаттана қарсы алса да, бәріне бірдей сеніммен қарай алмаған болатын. Бұл жерде автордың осындай бүкіл халықтық қозғалыстың атын жамылып, өзінің жеке басының қамын ойлап, немесе адам деген атқа кір келтіргендер екенін осы штрихтар арқылы меңзеп отырғанын бірден байқайсың.
Сондай-ақ бұл очеркте қазақтың қонақжайлылығы мен орыстың меңмендігі жергілікті ұлт ерекшелігінен хабарсыздығы қатар көрініс тапқан. «Ұлттық тамақтардан кейін сырлы аяқтарға құйылып қымыз әкелінді. Шөлдеп отырған Лагутин әуелі түсіне алмай қалды. «Осыншама үлкен ыдыстарды толтырып сүт бергені несі, бұзау деп отыр ма өздері?» деп ойлады . Сонда да әдеп сақтап сырлы ақтың шетін ернін тигізді. Жоқ, сүт емес, ашқылтым бірдеңе».
Ол аяқты еппен алдына қойды да қасында отырған өз тіркешісі бұжыр бет Нұрахметов Тұрғанның құлағына еңкейді.
Бұл нендей ішімдік?
Бұл қымыз, биенің сүті.
Николай түсіне алмай қалды.
Кмус дейсің бе?
Кмус емес, қымыз. Кәдуілгі қала сырасы бар ғой, сондай, - деп орынды мысалдар арқылы сәтті көрініс тапқан.
С.Шаймерденовтің басқа очерктерін айтпағанның өзінде осы. «Көктем лебінің» тұтас бойында жүрек толқытар патриоттық сезім, туған жерге деген сағыныш, кейіпкерлердің қиналған, толғанған шақтағы нәзік көңіл күйі – баршасы да бұл шығармаға ерекше әр береді. Жазушының тілі де шебер, шешен. Кейде жыр жолдары десе болғандай сөйлемдер жиі ұшырасады.
Жазушының 1954 жылы тың дала төсінде орнап жатқан жаңа совхоздың тыныс-тіршілігі жайында жазған «Долаңқара бөктерінде» атты очеркі өзінің зерттеушілік, сыншылдық бетін айрықша танытқан шығарма. Бұл очеркте жазушы еңбек адамдарымен етене араласып, сөз етер мәселеге терең бойлайды да, өзінің бұрынғы тың аудандарынан көрген, түйген тәжірибесін сараптай отырып, проблемалар көтерген.
«Долаңқара бөктеріндегі» кейіпкерлер – Нина Костенко, Куличенко, Анатолий Шевцов, Тамара Тетерхиналар үлкен істің адамдары, ал совхоз директоры Чуриков шаруашылықты терең білетін, соның ыстық-суығына күйіп, ой кешетін азамат.
Тағы бір айта кететін жай, журналист Чуриков тәрізді іскер басшының ұйымдастырушылық қабілетімен бірге кейбір жекелеген кемшіліктерінің бетін ашып көрсетеді.
«Күн көзі көкжиектің күрең шұғыласымен көмкеріле барып батқан еді. Көптен бері тұнжырап келген көктем аспаны қаракөк мақпалдай құбылып, күмбездене қалыпты. Сол бір күмбез бетінде жалт-жұлт ойнап шытырман жұлдыздар бірден-бірге солғын тартып селдірей түседі. Шығыс жатқан сәл бозылдана бастап келер таңның шапағы білінеді. Жер астымен жылжи аққан өзеннің бір қалыпты баяу сылдыры ғана болмаса, ызыңдаған жел де, түн жортқан аң да жоқ; бар табиғат ұйқыға енгендей, мүлгіген ғажайып тыныштық», - деп табиғат көрінісін суреттеуге келгенде кестелі сөздермен келістіре бейнелейді.
C.Шаймерденовтің тың тақырыбына жазған очерктерінде ерекше орын алатыны – «Алматыда бір үй бар»(99) атты очеркі. Мұнда сол уақыттағы тың дүбірінің штабы саналатын ауыл шаруашылығы министрлігінің ішкі жұмыс істеу стиліне көңіл аударып, көлеңкелі жақтарын көрсетуді мақсат еткен. Тың бастамаға сай тың талаптар керек екенін мезгейді. Онда, ең алдымен, министрлік жұмысында батыл творчество байқалмайтындығы, ондағы көптеген басқармалар мен бөлімдердің бастықтары бүгінгі таңның кезексіз шешілуді талап ететін мәселесіне ойсыз, іскер-тәсілсіз араласатындығын ашық айтқан! Ал кейбіреулердің өз қызметін төменгі жерлерге бұйрықтар мен директивалар жазып, жоғарыдан қажеттіні сұрауды ғана білетіндігін ескерткен.
Чарый жолдас көмекшісін шақырды.
Облыстардан мәлімет түсті ме?
Біразынан бар, көбінен жоқ.
Чарый жолдас телефон трубкасын көтерді.
Алло... бұл мәдениет министрлігі ме?
Сіздер де біз үшін кадр даярлау мәселесімен кім шұғылданады екен? Ибрагимов? Ә, жақсы, жақсы. Рахмет. Айтпақшы, алло, алло... Ол кісіге телефонды қалай соғуға болады екен?
Бір минуттан кейін тағы бір телефон жинаған Чарый Ибрагимов жолдасқа өз аты-жөнін, лауазымын қайта-қайта айтып, зорға түсіндірді. Соған қарағанда бұл екі министрліктегі кадр даярлау басқармалары бастықтарының телефон арқылы да алғаш рет сөйлесіп отырғаны болса керек. Тамыры бір сабақтас істердің арасында қаншалықты жасанды кедергі тұр десеңізші!
Міне, осы бір очерктен келтірілген шағын үзіндіден-ақ мекеме қызметкерлерінің жұмыс стиліндегі жетіспеушілік жақтарын автор баяндамай-ақ олардың өздерінің іс-қимылы, іс-әрекеті арқылы көрсетеді.
С. Шаймерденовтің очерктерін тақырыптық жағынан алсақ та ауқымы кең. Дегенмен де, жазушының мына очеркі мына тақырыпты қамтыған деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Себебі оның әр очеркінде бірнеше тақырыпты қатар өрістетіп дамытуы жиі кездеседі. Мысалы, «Қарақұм емес, қарағым» атты очеркінде тек қана малшылар өмірінің еңбектегі ерекшеліктерін жазып қоймай, сол малшылар өмірін суреттей отырып, олардың мәдениетін, тұрмыс күйін, қажет дүниелерін, дәрі-дәрмек, медицианалық қызметпен қамтамасыз ету, т.б. мәселелерді алға қояды. Сонау шалғайда, Қарақұм өңіріндегі шопандар ауылының тұрмысын көріп сүйсінген ол, кейбір «әттеген-ай» дерлік жайларды да қамтып кетеді. Туған жер топырағы жазушы С.Шаймерденовке де ыстық. Ол өзінің туған елін аралап 1957 жылы «Менің ауылым» атты очерк жариялады. «Сіз Қазақстан картасына үңіліп көріңізші» Солтүстікте бір қанаты Сібірдің қалың орманына сүңгіп, ал құбыла жағы керілген ақ селеулі кең жазыққа айналып кететін бір аудан бар – Преснов ауданы. Қайтып оралмас балалық шағымды өткізген ыстық өлке бұл маған. Мен, міне, сол ауылыма бет алып келемін. Асығып келемін, сағынып келемін. Сағынатын себебім, осы бір ыстық ортадан кеткеніме көп жыл болды. Сол елден сараң келер хаттарда үнемі қайталап айтылар бір жәй бар еді, ауылда ұлан-ғайыр өзгеріс болып жатыр. Колхоз байыды, ел тоғайды. Кел өз көзіңмен көр! – дейтін.
Сондықтан, не өзгеріс бар екен, қалай өзгерді екен деп толқыған жазушыны туған ауылының соңғы жылдардағы жетістігі қуанышқа бөлесе, кемшілігі – орынды реніш туғызады. Сонымен қатар автор мұнда кейбір көкейкесті мәселелерді ортаға салады.
Жазушының келесі бір шығармасы «Биік, биік, биік таулар баурайында» деп аталатын жазылу формасы өзгеше очеркі. Жаңа бастама иелері, ауыл мәдениеті, басшылық жұмыстың ерекшелігі жайында сыр шерткен.
Жүніскеңмен бір тәулік бойы бірге болған жазушы оның бар пікірлерін шай үстінде не көшеде жай жүріп тыңдайды. Ештеңені жазыпта алмайды. Оның ашыла сөйлеуінің кілті осында ма дейсің.Оны автордың өзі де сездіреді.
1960 жылы жазылған «Қыран қияға самғайды »очеркіндегі басты тұлға - Өмірбек Жолымбетов оның бейнесі арқылы жазушы шаруашылықтағы жаңа басшылықтың ерекшеліктерін көрсеткен.
- Зәуде әртіс болар.Сымдай етіп шалбар кигенді солардан көрген едім қалаға барғанда,- деп қойды шеткері отырған бір қара.
- Дудардай шашы да, тура шұрық тесік бәтеңкесі де соған ұқсайды.
- Әртіс болса басқармалыққа несіне әуреленеді жазған бала? – деп кексе әйел аузын сылп еткізді.- «Бірер күн бригадаларды аралап өлең айтсын қайтсын онда »,-деп сөз тастап қарсы алғандар да бар.
- Қаланың долдың-дүлдің өскен қара таяғы ма десем,болжамың бар бала екенсің?-деп оның алғашқы ісінен,сөз саптасынан танып сүйсінген кәрі құлақ қариялар да табылады.
Тәжірибесі аз, жас маман үшін колхоз шаруашылығын әп дегенде дөңгелетіп алып кету қиын еді. Бірақ, ол қиын деп қол қусырып отырмау керек екенін жақсы түсінген. Өзінің дегегеніне көне бермейтін ауыл адамдарының бір бет мінезін алғашқы сәттен-ақ байқап үлгерген ол,үлкенді силау қанына сіңген қасиет екенін танытып,ауыл ақсақалдарымен тіл табысады, елге беделді Сәтімбай Дүзеновпен пікірлесіп,ой-тебіріністерін кеңейте,түседі. Жас басшы олардың ықпалымен кетуді қаламайды,тыңдай отырып тың ойлар түйеді,ақылдаса отырып айтқанын істететін сенімді азамат қалпын уақыт өткен сайын таныта түседі.
Колхоз председателі енді тек басшы ғана емес екенін түсінеді,маңайындағы жандардың жай күйіне жаны ашып қарар жан,сонымен бірге оларды тәрбиелеу мақсатында талғамды ойы бар сергек те, сезімтал адам.
Ауыл арасында арақ ішумен атағы шығып, ел ішінде қадірі жоғала бастаған Әмір Мырзахановтың тағдыры оны кәдімгідей толғанысқа әкеледі.Тіпті, оның өзінің сыртынан обкомға арыз жазып жүргенін де сезеді.Солай бола тұрса да Өмірбек жас жігітке деген өз сенімін сездіруге тырысады,оны ретін тауып бөлімше басшысы етіп,үлкен жауапкершілік артып,азаматқа лайық биік белестен көргісі келетінін жасырмайды. Ақыры арызкой жігітті жауапкершілік пен сенім бірте-бірте жаңа адам деңгейіне көтеріп бара жатқанын көріп қуанасың.
Очерктің ең ұтымды тұсы–талай жыл колхозда басқарма болып елге қадірі өткен-Сәтімбай бейнесі мен жаңадан келсе де жаңалықтарымен, жақсы жақтарымен көзге түсіп, көптің көңілінен шыға білген білімдер маман Өмірбай арасындағы ұғынысушылық
«Сәтімбектің тағы бір қайран болғаны-сиыр базын салу жөнінде басқарма отырысында бір тоқтамға келіп , құрылыс бригадасы Мақпал тауының бауырына жіберілген. Арада бірнеше күн өткен соң Сәтекен сол жерге барса ,баз емес сауыншыларға үй тұрғызғалы жатыр екен.
Бұларың не?
Бастық пен парторгтың бұйрығы солай.
Шаруа жайын жақсы білетін Сәтекең ренжіңкіреп қалды. Міне, күздің қара жаңбыры басталып кетті. Қорасы жоқ мал қайда тұрмақ?
Рас, күздің қара жаңбыры басталады. Суық түсті. Баспанасы жоқ адам қайда
паналамақ? – деп жауап берді Өмірбек пен Қанатбай. –Шын жыласа, соқыр көзден де жас шығады дегендей, сондай бір күн туса, төлді үйге сақтауға болады. Ал қандай бір қиындық болмасын, адам мал қорада тұра алмайды.
Міне, осылайша екі ұрпақ өкілінің іштей болса да өзара келісе алмай қалатын сәттері де жоқ емес. Оны автор очерктен келтірілген шағын үзіндідегі штрихтар арқылы да дәп көрсеткен.
Бірақ, бұған қарап қос басшыны бір-біріне қарама-қарсы ойдың адамдары дей алмаймыз, қайта ел игілігі үшін ерінбей еңбектенген азаматтардың тұлғасын танимыз.
Екі басшы қасиеттерін салмақтай түскен сайын, Өмірбек образы бірте-бірте алға шығып, көкірегі ояу жігіттің келешегінен көп үміттің көкжиегі көрініп тұрады.
«Колхоз дәулетін босқа шашып жатыр, сусыз жерге жоңышқа шықпайды» деп сәуегейсігендер де табылды.
- Бұтақ басын сындырмай үйінде жатқан жан ғана қателеспеуі мүмкін. Ал, мен болсам осы колхоз үшін жанымды жалдап жүрмін. Қателесуім ықтимал», - деп жауап беруі жігерлі жастың батыл шешімі мен өзіне деген сенімінің көрінісі.
Сәтібай болса өзгеше бір бетпен келіп, қолхоз өміріне елеулі өзгестер әкеліп жүрген жаны таза жігіттің жақсы жақтарына жанымен қуанады.Оның халық алдында үлкен беделге ие болып бара жатқанын іштарлық жасайтын жан емес. Келер буынның Өмірбек секілді озық ойлы өкілін дәріптей жүреді. Сәтекең жаңашылдық рухты жанымен түсіне білетін ел ағасы.
Өмірбекпен істес бола жүріп оңың бойынан өзінде жоқ озық қасиеттері талай кусі болды.
« - Ау , мықты мұның не жатыс ? – деп Сәтекең бұрынырақ тіл қытты.
Шофер ең алдымен керіліп алды. Содан кейін аспас-cаспай:
-Машинам жүрмейді ,-деп ыңырана берді.
-Неге жүрмейді? –деп сұрады Өмірбек.
- Қайдам, от алмайды.
-Кене , кілтіңді бере тұршы .
Шофердің түсі өзгеріп сала берді , оны Сәтекең де , Өмірбек те байқап қалды.
Әкел , қарықпа , мен де өзің сияқты шоферлық курсты бітіргенім .Не кінәрты бар екен, бірлесе іздестірейік- деп, Өмірбек машинаға отырды .Аңау кілтті ұсынамын жатып, колхоз председатель мінген жеңіл машина шоферіне көзін қысты.
Өмірбек стартерді басты. Машина шынында да от алмады. Қақала берді. Моторға үңілді.
Ойбау-ау, подсосты ашып қойыпсың ғой. Карбюраторға бензин толып кеткен соң машина қалай от алмақ?
Бала қылмысты адамдай қипақтай берді.
Осыны да білмейсің, қайтіп шофер болып жүрсің? Тегі басқа жұмысқа ауысқаның жөн болар, - деп қойды Өмірбек қайтер екен дегендей.
Шофер бала шошынып қалып, өз қателігін мойындап құтылды. Осы оқиғадан кейін машина жүрмейді деп дәлелсіз бір шофер айтпайды. Мұны
әсіресе Сәтекең қатты аңғарды. Білген деген осы міне , біз болсақ не істей алар едік?» - деп ойлады ол. Іштей разы болды да, Өмірбекке тіс жарып ештеңе демеді.
Сәтімбай осылайша толғанып, бір сәт өзінің талай жыл ел басқарғанда ескеріп, білмеген жайларына енді көзі жете түседі. Сол шақты есіне алып: «Бастық болсаң осылай бол, бұрын бастықпыз деп қаукөрік болып жүріппіз, бригадирдің жұмысын атқарып жүргенімізді білмей ” – дейді ол.
С. Шаймерденов Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Жамбыл атындағы колхоздың еңбеккерлері туралы осы “Қыран қияға самғайды ” очеркімен ғана шектеліп қойған жоқ. Араға 20 жыл салып автор Мақпал өңіріндегі осы асыл азаматтардың өміріне қайта оралды. Енді олар жайында “Мақпал”(100), - атты деректі повесть жазды.
Жазушы бұл очерк - повестінде адам, ел жер тағдыры туралы толғаныстар, тарихи шындық, өткеннің көрінісі мен шежіресін суреткерлік тілмен келістіре кестелеген.
Бұл өңірдің “ Мақпал ” аталуы туралы қызық аңыз бар.
Баққан малын біліп, бейбіт тіршілігін шүкіршілік етіп отырған елге тұтқиылдан жау шапты. Ер басына күн туып, етігімен су кешкен заман бастылған екен.
Арыстандай айбарлы жауға төтеп бере алмаған ел шөлге бет алса қырыларын білген соң, жан сауғалап тауға қарай көшіпті. Көзіне қан толған шапқыншылар қылышынан қан тамып қаһарын төге түскен. Алды – тау, арты – жау енді қайда қашарын білмеген ел мейірімсіз дұшпанға лағнетін жаудырып, ажалға мойын сұнған көрінеді. Осы кезде: “ Уа, халқым! – деген дауыс етілді. - Өлемін деп түңілу, өлгенменен бара- бар! Қайыспаңдар, елім! Қайрат қылар ерлерің бар, айбат болар тауың бар. Үзбеңдер үмітті!”
Бұл дауысқа жалт қараса, қолына найза ұстаған, басына дулыға, үстіне - ақсауыт киген Мақпал қыз тау бетінде тұрса керек.
О, Мақпал! – деп күңіреніпті қалың ел.
О, Мақпал! – деп үн қосыпты биік тау.
О, Мақпал! – деп жаңғырыпты аспан.
Әйел деген атым бар, бәйгеге тіккен басым бар. Еңіреген елім сен аман бол! Қайран, туған жерім, сен де аман бол! Сендердің ғибрат жолыңа қидым ғұмырымды, кетемін тау иесіне! Бақұл бол, қайран ел! Бақұл бол әкем, жастығым, көрмеген қызығым, құшпаған жарым, тумаған балам! Бақұл бол, бақұл бол! – деп Мақпал қылышымен сілтеп қалған екен, тұнжыр тау арсыл- гүрсіл жарылыпты да, әлгі жерден күрілдеп су атқылап, аяғы арқыраған өзенге айналыпты ...”
Ел үшін құрбарн болған қыршын жас осылайша халқын сақтап қалыпты.
Сол тау- мына көрінген Мақпал, сол өзен мынау аққан Мақпал екен... Аңыз осылайша толғап, осылайша түсіндіреді.
Мұнда автор қазіргі Жамбыл атындағы колхоздың бүгінгі өнегелі өмірінің түп тамыры тереңде екенін тарихи даму тұрғысынан алып қарайды.
Осы шаруашылықтың кешегісінен бүгінгісіне дейінгі аралықты алақанына салғандай етіп айтып беретін Есберген ақсақал кезінде атан түйе ауырлығын көтерген, қиыншылықтың қаншама дәмін татса да қайыспаған қайсар жан. Сөйлеп кетсе: «- Жақсыға айтқан тура сөз- шыңға тіккен тумен тең, жаманға айтқан қайран сөз- құмға төккен сумен тең. Жақсының сөзінен тас балқиды, жаманның сөзінен бас қаңғиды, ендеше менің әңгімемді сендер тыңдай білсеңдер, мен айтып көрейін»- деп шешіліп салғанда маңайын үйіріп алар қызыл тілінен бал тамған шешен кісі.
Өткен күннің беттерін Есберген ақсақалдың аузынан шыққан сөздермен парақтай отыра парасатты ой таразысымен салмақтай білген жазушы ауыл адамдарының өнерге деген көзқарасын да айқын танытып кетіп отырады. Өнерге бір табан жақын жүретін ойын- сауықшыл Ратбек Алтынбаев сияқты жастар бүгінгі күннің бетке ұстар ұрпақтары.
«Біраз сұхбаттан кейін Аманның барынша сауыққой, көңілге зіл сақтамайтын аңқылдақ, өзінен гөрі өзгеге болса дейтін қонақжай екенін аңғардық. Әдемі қоңыр дауысы шырқап кеткенде асқақ естіледі. Домбырасын шерте отырып ән салғанда сіз оған еріксіз елтисіз. Дүние сырын тереңірек түсінгендей боласыз. Кер даланың самал желі желпігендей, асқар таудың қарлы шыңы шақырғандай әсер аласыз. Па, шіркін, қазағымның әндері-ай!
Аман әншілігімен қоса әңгімешіл, сөзуар да болып шықты. Кейде мысқылдай сөйлегенде, зілі жоқ әжуаға тапқыр-ақ. Бірде ол қонаққа шақырған бір іні үйіне кешігіп келсе, басқа қонақтар де келе қоймаған екен. Соған ала көңіл болған келіні «жоғары шығыңыз» деудің орнына:
Амансыз ба?- деп сәлемдескен ғой.
Аман- есендікті өз атына мезгеген қуақы Аман:
Тағы бірде уәкілмен мал жайылымына бірге шығыпты. Бір фермада жұмыс басты шаруалар уәкілді дер кезінде қарсы ала алмай қалыпты. Соған қыңырайған уәкіл:
Атымды ұстай тұр,- депті Аманға.
Оның бұл шыдамсыздығына шамданып қалған Аман:
Атыңыз тістей ме?- депті.
Ондай жоқ.
Таламай ма?
Мөңкіп те көрген емес.
Ол менен қашып кетпей ме?
Неге қашсын.
Ендеше, мұндай жуас атты ұстап тұрудың не қажеті бар. Таста
да бара бер,- депті Аман».
С.Шаймерденовтің бұл очерктерінің артықшылығының өзі деректі
материалға, нақты адамдардың іс-әрекеті мен сезім күйіне, ой-пікіріне өз түйгенін қосып, олардың әрқайсысының өзіне тән мінез ерекшеліктерін де тап басып танып- білу сырында жатыр.
19. «Туған жердің ақ шағаласы»
(Ғ.Қайырбеков)
Он екі жасар Ғафу ауылға тақау жердегі Ащыкөлдің жағасында ойнап жүріп, тып-тыныш тұнып жатқан құм үстіне шыбықпен шын сырын жазып көрсе, онысы кәдімгідей өлең жолдарының басын құрағанда жадында жатталып қалған. Кейін сол жырына «Туған жердің ақ шағаласы», - деп ат қойған. Туған Торғайы, Қазақстаны жайындағы болашақ жыр арнасы осыдан бастау алған.
Ақын баланың «Ана қуаты» деп аталатын алғашқы өлеңі аудандық «Социалды ауыл» газетіне 1941 жылдың қаһарлы айларының алғашқы күндерінде басылыпты. Ол кез шыныда да тылдағы адам айтқысыз ауыр еңбек пен алып ерлік салмағы әйелдер иығына түгелдей түскен, ошақ оттары өшсе де отан жұлдызы сөне көрмесін деп жан ұшырған ана ел қуатына айналып, адам анасы, Отан Ана дейтін екі ұғым бір-бірімен біте қайнаған кез болатын.
Өз бойындағы осындай ақындық құбылысты соғыс жылдары тылда шыңдай түскен Ғ.Қайырбеков оны кейін: Иә, бірінші өлең аты «Ақ шағала» болатын. Еркіндік атты жыр ғой ол. Енді ғана мән беріп отырмын. Ол кезде ол санадан тыс істелген ғажайып еді. Адамға еркіндіктен артық бола ма? Еркіндік – көзіңе алғаш құс болып елестейді екен. Сөйтіп менің бірінші кейіпкерім – еркіндік болды. Азаттық құсы- шағала болды.
Екінші кейіпкерім- Ана болатын. Кейін менің өмір бойымдағы жырларымның негізі Ана болды»(101),- деп тебірене еске алған болатын.
1952 жылы Қазақтың мемлекеттік Абай атындағы педагогикалық инстиутын бітірген ол «Жазушы» баспасында, жазушылар одағында, «Жұлдыз» журналында ұзақ жылдар бойы жемсіті еңбек етеді. Ақын қай қызметте де болмасын өзінің творчестволық өсу- өркендеу жағын назардан тыс қалдырған емес.
Поэзия өлкесінде өзіндік үнімен ерте танылған Ғ.Қайырбековтың 1964 жылы шыққан «Таңдамасына» дейін де өлеңдер жинағы оқырманын көп күттірмей үсті-үсті басылып жатты. Біз Ғ.Қайырбековтың ақындығын емес, журналисттігін сөз еткелі отырғандықтан оның осы саладағы еңбектеріне ойысайық. 1967 жылы «Большевик ауыл» мен «Қарқаралы басында» деген очерктер жинағы жарық көрді.
Қолына қалам алып әдебиет майданының жауынгері ретінде еңбек еткен творчестволық өмір жолының отыз жылдан аса уақыты ішінде арынды ақынның қалам тартпаған әдебиет жанры жоқ деуге болады.
Сондықтан кезінде еліміздің өмірінен лайықты орын алған көптеген әлеуметтік құбылыстар мен өзгерістер ақын қаламынан тыс қалып көрген емес. Мысалы, 1970 жылдан бастап Қазақстан мемлекетке бірнеше рет миллиард пұттан астық өткізгені белгілі. Сол үлкен еңбек жеңісінің нақты шежіресін жасауға Ғ.Қайырбеков те публицист ретінде өз үлесін қосып, кезінде «Егін толғауы», «Қазақстан миллиарды», «Сәлем, саған молшылық», «Егін туралы эссе», «Миллиард дауысы», «Орақтың отты бір күні», «Дала даңқы», «Ер мен Есіл», «Еңбектің даңқын жырлаймыз» атты очерктерін жазған. Бұл туындыларының бәрінде де публицист астықты өлкеннің қаһармандарының ерлікке толы ерен істерін үлкен шабытпен тілге тиек етеді.
Қолына қалам алып, әсіресе газет-журнал жұмысына тікелей араласқан 1960 жылдардан бастап, өмірінің соңына дейін оның елуден астам публицистикалық шығармалары жарық көріпті. Солардың қайсы бірі: «Қасиетті мекен Қарқаралы», «Ел мекені Елтінжал», «Аққұм сапарында», «Сайрамның сая басында», «Ордада туған ойлар», «Ағаның ауылында», «Торғайдың жаңа толғауы», «Қостанайда күн ыстық», «Жеті қыз, жеті ырыс», «Үш бақыт туралы жыр», «Қанатты жылдар» деп аталады.
1976 жылы Қазақстан диқандары мемлкетке 1 миллиард 120 миллион пұт астық тапсырғанда шабытты ақын қаламынан, «Қарышта Қазақстаным!» атты публицистикалық толғау туады. Жартылай өлеңдеткен бұл шығармасында автор өзелінің миллард астығына өзінің де үлесі бар екендігін «Мен жыр жолына түскелі ылғи да нан туралы жырлап келемін. Әсіресе, Қазақстан егінді аймақ болғалы, одан бері осы «Миллиард» деген сөз қазақ тілінің құдіретті сөзіне айналғалы қолымнан келгенше бірсыпыра жыр жазып, дастан қозғап, сол абыройлы майданға қатынасып келе жатқанымды мақтаныш етемін «Сарыарқа сазы», «қанатты жылдар», «Алтын бесік», «Қанатты жылдар», «Торғай толқыны» атты өлең кітаптарым түгелімен сол дала жеңістеріне мол ырыс-дәулетке, қаһарман бауырларыма арналған»,(102)- деп мақтанышпен айтады.
Ғ.Қайырбековтың осындай ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған тағы бір очеркі «Миллиард даусы» деп аталады. Онда автор: «Байтақ Қазақстанның абырой жұлдызы тағы да биіктен көз ашты, тағы да Еңбек жеңісінің дабылы даланы басына көтеріп, жан біткеннің жүрегін қуаныш толқыны құлпырып аулап, Ырыс, Бақыт, Береке, Дәулет жайында жаңа бір күй шертті! Республика дән құшағында тербеліп тұр»(103)- деп тебіренеді.
Жер жүзін шарлап кеткен Қазақстандық миллард даңқын осыдан артық қалай бейнелерсің. Миллиардтар тасқынын тасытқандар Аманкелді Еңкебаев, Галина Шевцова, Александр Детюктер болса, олардың еңбек эстафетасын Кәмшәт Дөненбаева, Бақыт Әбдікәрімовалар жалғастырды. Ал, публицист болса, солардың есімін, ерлігін мақтан тұтады. Әрбір жетістіктеріне балаша қуанады. Бір сәт, осылармен миллиард болып шарықтап ғарышқа ұмтылады. Автордың бұл очерктегі негізгі мақсаты миллард деген ұлы сөздің қазақтың ана тілінде де үйреншікті сөз болып кеткенін мақтан тұту,, сол сөз ұғымы Қазақстан ұғымымен бір мағыналы екенін түсіндіру болып табылады.
Ақын, публицисттің бұл тақырыпқа жазған очерктерінің тағы бірі «Егін туралы эссе». Мұнда жазушы Қазақстан миллардына ерекше үлес қосқан Қостанай, Көкшетау, Торғай облысы диқандарының еңбек майданындағы тамаша ерлігін сүйсіне айтады. Сонау соғыс жылдары қазақстандықтар «Барлығы да майдан үшін» деген болса, қазіргі қуаныштың, еңбектің игілік жолындағы айқастың тұсында «Барлығы да астық үшін» делініп, біздің аспанымызды жаңғыртқан ұранның қандай құдіретті күшке айналғанын автор әсем сөз тіркесімен өреді де сөз соңында мынадай өлең жолдарына ерік береді.
«Теңізде теңіз сары ала,
Жел құшағы жетпеген
Теңіз құсы шағала
Ол да кесіп өтпеген.
Аспан асты ақ тасқын,
Ал қимылда ел- дана!
Соны төкпей сақтайтын
Жинайтын да сен ғана!
Сенің ғана бірлігің,
Іскерлігің бір сенің.
Сенің ғана тірлігің,
Жерге біткен мұнша егін.
Күз күресте- жаз майдан,
Миллиард қолда бір тұрсын!
Жеңіс келіп мәз мейрам,
Ғажайып бақыт күн тусын». (104)
Байқап отырсаң арынды ақынның қара сөзбен жазған публицистикалық шығармаларынан гөрі, жыр жолдары әлдеқайда жатық әрі жеңіл оқылады. Сондықтан да болар, ақын очерктерінің соңын көбіне жыр жолдарымен түйіндеуге ұмтылады. Мұнысы көркем туындыны сапасы жағынан жоғарлатпаса кемітпейді. Біз мұны оның басқа қаламгерлермен салыстырғандағы өзіндік ерекшелігі, өзгешелігі деп білеміз.
Очеркке өзек боларлық оқиғалар, образ боларлық адамдар арамызда толып жатыр. Өмірбаяны қызық, көргені мен тоқығаны көп, еңбек жолы әркімді-ақ қызықтыратын жандар қай жерден болсын табылады. Бұған Ғ.Қайырбековтың шығармаларын оқығанда әбден көзіңіз жетеді. Көзі тірісінде өлең-жырдың дауылпазы аталып қана қоймай, қара сөздің шебері де бола білген ол өз очеркетерінде өмір шындығын, өрелі құбылыстарды нақты да әсерлі етіп көрсете білген. Бұл орайда оның 1973 жылдың қазан- қараша айларында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қара қазан Қарсақбай» және «Жезқазғандар» очеркін мысалға алуымызға болады.
Алғашқы шығармада қазан төңкерісіне дейін ағылшындар иеленіп келген Қарсақбай жер қойнауының жезі арқылы бүгінгі өндіріс орнының келісті келбеті бейнеленеді. Автор оқырманын осындағы Қ.Сатбаевтың музей үйімен таныстырады. Ондағы ғалымның ақ мәрмәрден құйылған әсем ескерткіші әлі де болса Жезқазғанның қойнауымен сырласып отырған тынымсыз кейпін аңғартқандай. «Қанакеңнің тұғырын кілең өзі тапқан асыл тастардан жасаған екен ғой. О, әділет! Қандай ақындық жасалған. Дұрыс, әбден дұрыс! Ол өзінің асыл тастарының үстінде отыр»- деп ризалығын білдіреді.
Ал «Жезқазғандар» деп аталатын екінші очеркте осы өңірдегі тағы бір алып мыс қорыту комбинатының тіршілігі көрініс тапқан. Мұнда жалпы тұтас ұжымның портреттік бейнесі ашылады. Жезқазғандағы мыс қорыту зауыты 1967 жылы салына бастайды да, 1973 жылы ақпанда электролит мысын беру арқылы іске қосылады. Сол жылдың шілдесінен бастап қышқыл бере бастайды. Мұнда 6 цех бар. Зауыт өзінің қорытқан мысын көптеген шет елдерге шығарады. Міне, осындай үлкен өндіріс орнын, онда жұмыс істейтін еңбек ерлерін жазушы ақын:
«Жезқазғандар жарқын жанда,
Жер астында шарқ ұрғандар.
Жер үстінде қара жолмен,
Сары жезді сапырғандар!»-
деп өлең жолдарына қосады.
Ғ.Қайырбековтың «Ордада туған ойлар» очеркі де Орал облысы, Орда ауданы еңбекшілерінің осындай ұжымдық портетін көрсететін айшықты туынды. Мұнда аудан тұрғындарының басынан өткізген беле-белестері салыстырмалы түрде елестіледі. Мал бағып, егін салумен қатар мәдениеттің озық үлгісіне көтерілген Орданың жаңа тыныс-тіршілігіне тәнті боласын. Бұрынғы совхоз енді аудан орталығына айналған жаңалық кезеңінде барған автор Ордадан көкейіне көп ой түріп қайтады.
Сегізінші бесжылдықта Орда совхозынан 12 адам орден медальдармен наградталған. Олардың ішінде Қонысбаев Тәшу, Азаматова Марфуға Бәйшева Ольга, Жәрдемов Зейнолла сияқты еңбек тарландары бар.Баяғы Жәңгір ханның ордасы болған бүгінгі жаңа орда ауданы еңбек құдіретінің арқасында ғаламат өзгерген. Оны жаңа мәдениетті тұрмысы озық елге айналдырған жоғарыда аттары белгіленген еңбек иелері. Әрине аудан орталығы болып жаңадан ұйымдастырылған соң бірден төрт аяғын тең басып кете алмайтыны белгілі. Соның бірі жол қатынасының қиындығы.
Міне осының бәрін көзімен көріп, тілге тиек еткен автор оралдықтардың тамаша жетістіктеріне қуанып, көлеңкелі істеріне налиды. Автор очеркі біз осының бәрін көруге келгенбіз, осылай елдің бар түпкірін көріп, көз жеткізу арқылы ғана елінің өсу-даму сипатын танисың деп ауыл адамдарына деген ерекше сүйіспеншілікпен аяқтайды.
Қашан халық ортасында жүріп алуан тақырыпқа қалам тартып жүрген ақын ауыл мәдениетінің кейбір түйінді проблемаларын шешуге де өз үлесін қосады.
1963-1970 жылдары жазылғандықтан сол тұстағы Орал, Гурьев, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы облыстарында ауыл мәдениетінің ұйтқысы көркем өнерпаздар жұмысын жандандыру сияқты мәселелер сөз болады.
Қайырбековтың жолсапар очерктері дегенімізде ең алдымен еске түсетіні оның «Ел мекені Елтінжал» және «Ағаның ауылында» шығармалары.Ғ.Мүсіреповтың 70 жасқа толуына байланысты туған жеріне бару сапары жайлы баяндалды.
Шіркін, туған жер, ел құшағы қандай ыстық. Ағайын-туған ортасында барып жетпіс жылдық тойын жалғастырған перзентіне халқы дән риза. Көптен бері көріспеген ел мен жазушы сағынышы.Адам тілімен жеткізе алмайтын ерекше ықылас.
Жазушының халқына деген құрмет қошеметі мейірім шапағаты Ғ. Мүсіреповтың «Ұлпан» романының кейіпкері өмір сүрген жайлаулар мен қыстаулар сол қалпында қымбат. Шығармада өткен ғасырдағы қазақ тарихының белгілі кезеңдері баяндалды.Сол өткен тарихта басынан өткізген Ғабеңнің туған қыстаулары шежіресімен аңызға айналған ақиқатымен оқушысының көз алдына елестейтіндей. Сонымен бірге очерктен біз солтүстік Қазақстан облысы Сергеев ауданының 1974 жылғы өмір-тынысын байқаймыз, очерктен кішкене үзінді оқып көрейік: «Орталығының қала атағы бар. Онда толып жатқан өндіріс орны жұмыс істейді. Наны мен суы бар. «Бар» деген сөз қандай жақсы». Бұрынғы барың бар ма ,қазіргі барды айтсайшы.Шын баршылық осы. Біз сан цифрға бүгінде құлағымыз үйреніп кеткен жұртпыз ғой.Үйренгенде соны дәл ұқпай-ақ үйренгеніміз де бар.Біреу аузын цифрмен ашса болды,бас изей береміз.Бізге ол санды ұқтыру үшін, салыстыру әдісін қолдану керек.Мысалы жалғыз Сергеев бүкіл Солтүстік Қазақстан өлкесін нан мен сүтпен асырайды десе, сонда ғана түсінеміз. Шынында солай тіпті,Отанның алыс облыстары осы сергеев дайындайтын құрғақ сүт өнімін арнайы заказбен алдырып отырғанын неге айтпайсың. Аузыңа ауамен бірге кіретін ақ нанын қайтерсің»(105),-деп жазады да әрі қарай ойын: Есіл теңіз есімі бар керемет байтақ су өлкесінің қала жақ қақпасында тұрмыз. Әшейінде ағысы білінбейтін Есілдің тоған ағысынан төменгі өз арнасына қарғыған көкала толқынын тамашалаймыз. Бұл әлі ішінен оты алынбаған толқын. Ол аздан соң электр қуатын беретін күшке айналады. Шынында да ағыстың арасынан толқындардың жолынан от ұшқындайтын секілді.
Есіл тасып барадыжардан асып,
Қар жауады жаңбырмен араласып,
деген әуенге жалт қарасам, Ғабең биік көпірдің жақтауына сүйеніп, күміс шашының бірсыпырасы желге қарсы өре түрегеп, алысқа бұрынғы Есілдің кең арнасына ұзақ қарап, ұмсына тебіреніп тұр екен.Бұл менің бұрын көріп жүрген Ғабеңім...(106) емес деп өрбітеді.
Ғ.Қайырбековтың екінші бір туындысы «Ағаның ауылында» очеркі де осындай шабытпен жазылған. Мұндағы автордың «Ағаның ауылы» деп отырғаны енді жаңа совхоз орталығы болып құрылған «Жаңажол» ауылы.жаңажол десе Жаңажол. Онда бәрі де жаңа. Тұрғын үйлер мен мәдениет ошақтарына арналған құрылыс обьектілері, күзге салынған жайқалған егін алқабындағы қызу науқан, бәрінде де еңбек атты құдіретті синфониялық әуен ойнайды. Очерк кейіпкерлері Жамбыл ауданына Москвада болған СССР Жазушыларының 7 сьезінде қатысып қайтқан сапарынан жолай соғады. Бұдан бір жыл бұрын ғана салынған Жаңажол совхозында әдемі сұлу көше пайда болған. Екі-үш қабат әсем үйлер бой түзеген, Бұдан бес-алты жыл бұрын көңі үйіліп, күлі шашылған ауыл ерекше өзгерген. Алты мыңдай кітабы бар кітапхана әдемі тұрғын үйлер жұртшылық иілігіне берілген. Әне, Жаңажолда қаншама жаңалық бар.
Қорытып айтатын болсақ Ғафу ақын абыройлы шығармашылық ғұмырында тек поэзия төрінен ғана орын алып қоймай қазақ өнерінің өзге салаларында да жиі-жиі ат басып бұрып елеулі із қалдырған қаламгер. Ұзақ жылдар бойы мерзімді баспа сөзде қызмет істей жүріп елінің өмірінде болып жатқан ірілі-ұсақты оқиғаларға, қиындықтар мен табыстарымызға бірде жігерленіп, бірде желпініп үн қоспай қалған кезі жоқ. Әсіресе, республика халқы зор табысқа жетіп, мерейі үстем болған шақтарда Ғафу ақын сөз алмай қалған емес!
Ендеше публицист Қайырбеков, журналист Қайырбеков жөніндегі әңгіме өз алдына бір төбе. Бұл әлі мүлдем зерттелмеген, кесімді пікір айтылып, таразыға түспеген еңбектері. Олай болса Ғафу Қайырбековтың журналистік қызметі жайындағы мұрасы жайлы әңгіме алда...
Достарыңызбен бөлісу: |