20. ЕҢБЕКПЕН КЕЛГЕН БАҚЫТ
(Қалмұқан Исабаев)
Мен осы бір қушыкес тілді, бала мінезді, терең ойлы жазушыны көрген сайын ойға қалам. Бала кезінен әдебиетке ғашық болып, сол ойын жүзеге асыру үшін талай ыстық пен суықты басынан кешірген, туған жерінің тең жарымын жаяу аралап, небір құнды шығармалар жазған, 1 пайыз талантын 99 пайыз еңбегімен жандандырған нағыз халық жазушысы ғой Қалекең.
Тікелей оқытушылық, зерттеушілік және ғылыми жұмыстарыма байланысты соңғы жылдары маған Қалмұқан Исабаевтың ертеректе шыққан және соңғы жылдары жазылған көптеген еңбектерімен жақынырақ танысу сәті түсіп жүр. Негізінен тарихи және әлеуметтік – экономикалық, шаруашылық мәселелеріне қалам тербейтін бұл қаламгердің кітаптарында қызылсөздік пен шарттылықтан гөрі шындық пен нақтылық басым.
Қ.Исабаев жазушылық жолын әскери тақырыптан бастаған қаламгер. Осы тақырыпта оның 1959 жылы «Баян» атты тұңғыш әңгімелер жинағы, Рахметтола Райымқұловпен бірігіп жазған «Ашынған жандар» атты пьесасы, 1961 жылы «Ажал құрсауында», 1963 жылы «Бетпе-бет» романдары, соңғы екі кітап 1975 жылы «Жолдас комендант» деген атпен қайта басылып шықты.
Өзі құрыптас құрдастары сияқты Қалекеңнің де жастық шағы қиын-қыстау Ұлы Отан соғысы жылдарына сәйкес келді. Алдымен 1941 жылдың күзінде үлкен ағасы Зармұқан әскерге алынды. Одан соң 1942 жылдың көктемінде әкесі Әлиді еңбек армиясы қатарына шығарып салды. Үшінші кезек өзіне келді. 1943 жылдың қаңтар айында 10 сынып партасынан майданға шақырылды. Сөйтіп, бір шаңырақтың бар еркек кіндігі әскерге алынып, соңдарында тілеулерін тілеп жалғыз шешелері Мақпуза қалады.
Содан он жылдан астам өмірін әскери қызметте өткізген жауынгер елге 1954 жылы ғана оралады. Міне, осы он жылдың ішінде Қ.Исабаев қатардағы жауынгерден офицер дәрежесіне дейін көтерілген. 1948 жылдан Германияның Ильменау қаласында комендант болады. Осында жүріп өзінің өмір бойғы арманын жүзеге асыра бастайды. Бұл туралы жазушының өзі осыдан 25 жыл бұрын: «Бұл қала маған әрқашанда ыстық болып көрініп тұратын болады. Жазушылықтың алғашқы азаптарына кездесіп, ой тежеліп қалғандай уақытта тысқа шығып, осы қаланың самалы құшағына алып, жас қиялға қанат бітірген еді. Менің балаң ойларым осы қалада қағазға түсірілді. Яғни, алғашқы еңбектерім осында жөргекке бөленді. Сондықтан да бұл қала өмір бақи менің есімде жүрмек»,-деп жазыпты күнделігінде.
Иә, Қ.Исабаевтың жазушылық қызметке келу жолы да қызық. Бұл туралы оның «Бақытты сәттер» атты өмірбаяндық повесінде жан-жақты толық қамтылған. Әйтсе де біздер жазушы туралы өз әңгімемізді сол штрихтан бастағанды жөн көріп отырмыз.
1954 жылы әскер қатарынан босаған ол 1955 жылдың жазында сол кездегі С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің филология факультетіне сырттай оқуға түседі де үлкен қиыншылықпен «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып орналасады. Бұл арада оған Рахметолла Райымқұлов пен Зейнолла Қабдоловтардың көмектері көп тиеді. Осы кезде Қ.Исабаевтың «Әдебет және искусство» журналында «Қазақ вальсі», «Шаруа бақыты», «Оның тағдыры», «Эльбаның ашуы», «Қыз құпиясы» атты әңгімелері бірінен соң бірі жариялана бастайды. Сөйтіп, осылардың нәтижелері ретінде 1959 жылы жазушының тұңғыш «Баян» атты жинағы жарық көреді.
«Социалистік Қазақстан» газетінде алты жыл қызмет істеген жазушы 1961 жылы «Ертіс-Қарағанды» каналы құрылысына творчестволық жұмысқа ауысады. Оның Ертіс-Қарағанды каналы сияқты су жолынан алынған алғашқы шөміш топырақ жөніндегі репортажы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1962 жылғы 1 шілде күнгі санында «Каналды бастағандар» деген тақырыппен жарияланады. Қ.Исабаев жалпы өзіне үлкен жазушылық қызметтің ізашар бастамасы болған аға газет туралы: « Мамандық атаулыдан жұрдай, орта да білімі жоқ, қабілеті ешкімге де белгісіз бұрынғы солдатты жылы құшағына алып, ағалық ақылымен рухымды байытқан, көп нәрсеге көзімді ашқан «СҚ» газеті аппаратынан партияға мүше болып, қолыма диплом тиісімен шығып барамын. Әрине, өкінішті-ақ. Алайда Бүкілодақтық дәрежеде салынайын деп жатқан құрылыс менің «бірер жыл бөгеле тұрыңдаршы дегеніме» құлақ асар ма?
«Социалистік Қазақстан» маған күнделікті өмірде алдымен неге назар аударуды, ойды шұғыл дамытуды, қолдағы деректерді сөз бұйдаға салмай дереу қағазға түсіруді, өзіме ұзақ жылдар бойы қол үзіп кеткен ана тілімді жетілдіріп, нақыштауымды, аз сөзбен көп ой айта білуімді, кіммен қалай сөйлесуімді үйретті.
Қаламмен қаруланғаныма қырық жылдан асқан екен. Бүгінде мен жиырмадан астам кітаптың авторымын. Мені осындай дәрежеге жеткізген университетім «Социалистік Қазақстан»-деп толғанады.
Ал, жазушыны Ертіс-Қарағанды каналы туралы шығарма жазуға итермелеген мол кездегі Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президенті, академик Қаныш Сәтбаев екендігі белгілі. 1961 жылдан болашақ канал бойын алдымен жаяу аралап шыққан Қ.Исабаев қашан канал құрылысы аяқталғанша одан байланысын үзбейді. Бұл туралы жазушының өзі: «Жаяу сапардан жазған күнделігім «Қызыл ту», «Социалистік Қарағанды» газеттері мен «Жұлдыз» журналында жарияланып, құрылыс басталған жылы «Арман арнасымен» деген атпен жеке кітап болып шықты»,- деп еске алады бүгінгі күн. Жалпы, жазушы бұл құрылысқа арнап екі тілде жүзден астам очерк пен проблемалық мақалалар, сегіз кітап жазған. Соның нәтижесі «Өткелде», «Өрде», «Арна» деп аталатын үш романнан тұратын «Өсиет» деген трилогия.
Қ.Исабаев бұдан соң тарихи тақырыптарға ден қоя бастайды. 1967 жылы оның «Айқыз» романының алғашқы варианты жарық көрді. 1977 жылы толықтырылып қайта басылып шықты. Ал 1981 жылы «Советский писатель» баспасы арқылы орыс оқырмандарына жол тартады. Бұл арада жазушының қазақтың ержүрек әйелінің бейнесін жасау жолындағы қыруар еңбегіне тоқталмай өтпеуге болмайды. Бүкіл Аягөз өңірін аралап, басты кейіпкеріне қатысты деректерді там-тұмдап жиып жүріп, оқырман көңілінен шығатындай тамаша шығарма жазып шығарған.
Жазушының екінші бір тарихи еңбегі «Соңғы ерлік» деп аталады. Онда автор белгілі чекист Серікқали Жақыповтың қиын да күрделі өмір жолы туралы сыр шертеді. Тарихи, нақты деректерге сүйене отырып, кезінде нақақтан жазаланып, халық жауы атанған аяулы азаматтың есімін ел арасына қайтарып әкеледі.
Кезінде Қ.Исабаевтың бұл кейіпкеріне «1918 жылдың мартында Казталовкада совет өкіметінің жеңісін ұйымдастыруға Астраханнан барған Панасюк деген большевикті бай-көпестерге ұстап беріп атқызған...»
«...1919 жылы бес мың атты казагы бар Анохин деген атаман Ордаға жақындап қалғанда Жақыпов қаланы қорғаудан қашып кетті. Осыған қарағанда оның атаманмен жеңұшынан байланысы болса керек...»
«...1920 жылдың күзінде Панченко, Нестеров және С.Жақыпов Казталовка уезін талан-таражға ұшыратып, тонауға кірісті...»
«... 1921 жылы ВЧК-ға Жақыпов Серікқали мен Ізбасаров Жұмағалиды тұтқындап, Хан ордасына жеткізіп берулері жөнінде телеграмма жіберіп едік, ол екеуі бұл жерден де құтылып кетіпті...»
«...1924 жылы Жақыпов Гурьев уездік партия комитетінде ұйымдастырушы секретарь боп істегенде уком құрамына кілең Беріш руынан шыққандарды сайлаған... »
«...1927 жылы Жақыпов Казталовка аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып жұмыс істеп жүрген кезінде «Ұшқын» деген ауыл шаруашылық артелін ұйымдастырып, оған мүшелікке, конфискациядан сақтап қалу үшін кілең байларды алған...»
«Жақыпов Казталовка аупарткомының бірінші секретары боп істеп жүрген кезінде Аязбаев Ерғали деген атышулы қарақшыны қанатының астына алып, милицияға бандылық істерден ада, алайда өзіне ұнамаған адал адамдарды тұтқындауды бұйырған...»
«1930 жылы монах киімін киіп, Орта Азиядан Қытайға қарай қашып бара жатқан бұрынғы патша армиясы офицерлеріне Жақыпов Совет паспортын алуға көмектескен...» деген ойластырылған жалалар жабылып, қайран ерді нәрін сорып, сыртқы сауытын өрмекшінің торына лақтырып тастағандай қылған екен.
Бұл туралы жазушы «Коммунист – чекист өмірін ой сарабынан тағы да бір рет өткізіп қарасам - өңкей күреспен өткен күрделі де тағылымды өмір екен. Ал, 1937 жылғы оқиғаға қарсы шығуы- өзінің де барар жерін біле тұра жасаған «Соңғы ерлігі!». Кітапты да осылай атауды жөн көрдім. Алайда, ол уақыт жөнінде жазатынымның өту-өкпесі екі талай болса да, «алып тастаса да кітаптың басқа жағына нұқсан келмесін» деген оймен Жақыповтың соңғы ерлігін соңғы тарау ретінде қостым. Шамалағанымдай, «Соңғы ерлік» повесі 1971 жылы соңғы тарауынсыз жарық көрді.
1972 жылдың көктемінде кенеттен маған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Мәдениет бөлімінің сол кездегі қызметкері Устинов Альберт телефон соғып, кіріп шығуымды сұрады. Бардым. «Соңғы ерлік» кітабының үстінен арыз түскен екен. Арызда Серікқали Жақыповтың көркем шығармаға кейіпкер бола алмайтынын дәлелдеу үшін, осы зерттеу очеркімнің бас жағына келтірген «қылмыс» тізімін жазып шығып, астына 1919, 1920 жылдардан партия мүшелері екендігін атап Серікқалидың он шақты жерлесі қол қойыпты.
- Партия тарихи институты жанынан комиссия құрылды. Сен оларға қай деректі қайдан алғаныңды тізіп бер,-деді Устинов.
Мен ешкімге де ештеңе бермейтінімді айттым...
Келесі жылы Устинов үйге телефон соғып, комиссияның , «Соңғы ерлік» повесінің бұдан былай да өмір сүруге правосы бар кітап екенін анықтағанын айтып қуантты...»,-деп еске алады.[107]
Өстіп тарихи тақырыпқа қалам тартып, жол салған Қ.Исабаев енді тарихи роман жазуға дайындық жұмыстарын жүргізе бастады. Алғашқы барлау ретінде ол «Жұлдыз» журналының 1975 жылғы сәуір айындағы санында «Шоң» деген деректі повесін жариялайды. Оны оқырман жылы қабылдаған соң бірнеше кітаптан тұратын осы аттас роман жазуға отырады. Оның «Серт» деген алғашқы кітабы 1982 жылы, «Шоң би» деп аталатын соңғы үшінші кітабы 1993 жылы үш кітаптан тұратын трилогия ретінде оқырман қолына тиеді.
Бұл кітаптың жазылу тарихы да қызық. Үнемі зерттеу жұмысымен жүретін Қ.Исабаев 60 жылдарыдың басында Ғылым Академиясының кітапханасынан ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Омбы қаласынан орыс және қазақ тілдерінде шығып тұрған «Дала уалаятының газетін» оқиды. Оны әсіресе осы басылымның Баянауылдың тілшілері Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Аббас Айманов, Әміре Нөгербеквтардың материалдары қызықтырады. Оның ішінде «Атақты Шоң бидің немересі» деген анықтаманың беріліп отырылуы жазушыны үлкен жауапты іске бастайды.
Бұл туралы Қалекеңнің өзі: «Шоң жөнінде 400 беттей архив материалдарын жинаппын. Бұл беттерге қазақ тарихында елеулі орын алатын жылдардың қыруар оқиғалары тіркелген. Соларды қайта жинақтап, ой сарабына салған кезімде кемеңгер адамның қабілеті көз алдыма келді. Ол:
Қазақта алғашқылардың бірі болып хан билігін мансұқ еткен екен.
Халық бірлігін көксеп, «бөліп алда, билей бер!» ұранын
көтерушілерге ырық бермеу үшін ұсақ рулардың басын тұтас одаққа қосқан екен. Яғни, «Төртұлы одағын» алғаш ХVІІІ ғасырдың басында Шорманның атасы Сәти жасаған болса, оны заманына сай қайта құрған Шоң екен.
Қазақ халқының болашағын орыстарға жақындасудан көрген екен.
Халық арасына діннің жайылмауына күш салған екен (338 қорының 795 папкесінің 23 бетінде Шоңның Баянауыоға мешіт салуға арналған қаржыны диірмен салуға жұмсағаны айтылған).
Патша бекіткен уставының темірдей қатаң бабтарын бұздырып,
қазақта қарадан тұңғыш аға сұлтан болған екен...
Шоң халықтың ұмыт болған кемеңгер ұлдарының бірі екен.
Ендеше ол жөнінде кітап жазуға әбден болады. Ә дегеннен романнан бастау әбестік болар. Шоң есімінің біреу болмаса, біреудің құлағына түрпідей тиюі мүмкін. Сондықтан да оны жұртшылыққа әуелі шағын жанрда таныстырып алған жөн бе, қалай?
Қолымда бар материал негізінде «Жұлдыз» журналының 1975 жылдың апрель айына «Шоң» атты деректі повесть жарияладым. Халық жылы қарсы алды. Ендеше роман жазуға болады екен. Осы зерттеуде жауап берілмеген сұрақтар қалды. Шоң өмір сүрген уақыт тарихындағы аса бір күрделі кезең. Осы ерекшеліктерді көрсетуге арналған кітаптан оқырман сол сұрақтарға да жауап алып қалар. Ол романның бірінші кітабы «Серт» деген атпен 1982 жылы оқырман қолына тиді де»,-деп жазады өзінің «Ханға қаны қас Шоң» деген эссе-әңгімесінде.
Жоғарыда біздер Қ.Исабаевтың еңбектерінде қызылсөздік пен шарттылықтан гөрі шындық пен нақтылық басым деп тегін атағанымыз жоқ. Себебі, бұл жазушы қай тақырыпты қолына алмасын, ең алдымен оны терең сүзгіден өткізеді. Яғни, алдын-ала зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Көп уақытын жолда, архивтерде, адамдармен кездесумен өткізеді. Мәселен, бұл тұрғыда оның «Совхоз ақын атында» және «Қазына тапқан адам» деген деректі әңгімелерін атауға болады. Алғашқы еңбекте Александр деген көпестің атымен аталған шаруашылыққа Сұлтанмахмұт сынды ақынның атын бердіру үшін басқа да ақын, жазушылармен Қ.Исабаевтың да бір кісідей тер төккенін байқауға болады.
Ал, «Қазына тапқан адам» деп аталатын екінші очеркінде болса жазушы Екібастұз көмірін ашқан жерлесіміз Қосым Пішенбаев туралы бір кітапқа жетерлік дерек жинап, соны енді көркем дүниеге айналдыру жолында жұмыс істеп жатқанын сөз етеді.
Осымен қатар жазушымыз ауыл шаруашылығы тақырыбын да жете меңгерген. Оның кезінде республикамыздағы диқандар өмірін көрсету үшін қартайған шағында Солтүстік облыстарының бірінде комбайншы болып жұмыс істегенін де білеміз. Бұл туралы жазушының өзі: «Менің көзім көп нәрсеге жетті. Егін орағында көріп-білгендерім пьесаның бұрынғы қаңқасын бұзып, мүлде басқа жолға салғандай және болашақ комедия кейіпкерлерін енді ғана толық көргендей болдым. Объектіні сыртынан шолып, сандар төңірегінде ғана сөз қозғау мәселеге терең үңілгендік емес екен. Енді менің көз алдымнан Ерейментау сілемінің ой-қырлары кетпеді. Кетпеді деген аз-ау! Сол қырларда, онда еңбек қазанын қайнатушылар басыма тың ойлар салып, қаламымды жетектеді де отырды.
Сөйтіп, «Десант» деген комедия дүниеге келді. 1983 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігі пьесаларға жабық конкурс жариялап жатыр екен. Мен де қостым бәйгеге «Десантымды». Бес айдан кейін конкурс нәтижесі жарияланды. Алпыс шақты пьесаның конкурсқа түскен алтауы жүлдеге іліккен. Бірі менің «Десантым» болып шықты.
Осылай менің еңбегім ақталды. Бүгінде «Десант» республика театрларында қойылып жүр. Өмірмен қоян-қолтық араласып жазғанға не жетсін!»-деп еске алады.
Бұл күндері сексеннен асқан жазушының әлі де болса бергенінен берері көп деп білеміз. Оған Қ.Исабаевтың өзінің де, сүйіп оқитын қалың оқырманның да күмәні жоқ.
21. АҚЫН, КҮРЕСКЕР, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
(Олжас Сүлейменов)
Тоталитарлық жүйенің айтқанына көнбей, айдауына жүрмеген ақындардың бірі – Олжас Сүлейменов. Орыс тілінде қалам тартса да, қазақ үшін ұлан-ғайыр еңбек еткен ақын жүрегінен небір құнды дүниелер туды. Жалпы, бостандыққа ұмтылған поэмалар туралы сөз қозғағанда, біз екі нәрсені өзек етуіміз керек және ол екеуі бір-бірінен ажырамастай монолиттік бірлікте қарлуы тиіс. Ең бірінші – соцреализм аясына симайтын шығармалар туғызу оның авторының орасан зор күрескерлігін көрсетсе керек. Екіншіден, қоғамнан беті қайтып, тауы шағылмаса да тоталитарлық-бюрократтық, империялық үстемшілікке қарсы тұрып, нағыз шындықты айту жолында күрескен ақындар үшін дәл сол кездегі өмірді тікелей жырлаудан гөрі, оны өз халқының айбаты мен берекесі, өткен тарихы арқылы жырлау анағұрлым тиімді еді.
1976 жылы 17 шілдеде Қазақстан КПОК-і бюросының «О.Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабы туралы» қаулысы шығып, коммунистік интернационалистік идеяға жат деп бағаланған. Сөйтіп, «Аз и Я» кітабы үшін оның авторының халық алдында «кешірім сұрауына» тура келді. Алайда, бұл қолдан жасалған өктемдік еді. «Мен өз тарапымнан ашық хат жариялап, оны мәжіліс басталар алдында бюро мүшелеріне таратуды жөн көрдім. Жобаның баспагерлер туралы тұстары өзгерген екен. Қателіктерімді түсінгеніміді жариялату мақсатымен бюродан кейін бұл хаттың қысқарған нұсқасын хатшыға ұсындым. Газеттер оны басқа мазмұнмен жариялады. Сөйтіп, редакторлар мен үшін зая тер төгіпті. Маған жапқан жаладан тазарамын деген әрекетім жел боп ұшты. Бүгінде Орталық Комитеттің архивінен ашық хаттың нұсқасы табылды»,-деп жазды.
Міне, тоталитарлық жүйе өзі көнбесе де, иіп «көндірді», оның атынан сөйледі. Алайда, өктемшіл өкімет қанша аузын бууға тырысса да ақын күрескерлігін тұншықтыра алмады. Империялық саясаттың ықпыл-жықпылына, бақай есебіне қынжыла отырып ақын «дәйексіз, өз-өзінің жер-жебіріне жеткен автордың жалыну-жалбарыныш хаты, біріншіден қаламын қару еткен жанның басына бұлт үйірілгендіктің белгісі деп табады»,-деп жазды. Көпе-көрнеу, зорлық-зомбылыққа көнбеген ол, ғасырлар жарысып келе жатқан екі ауық – зорлық пен бостандыққа ұмтылушылардың біріне – Мұраттар пен Дулаттар салған сара жолға түседі. Мыңдаған жылдық тарихы бар халқының өткенін аңсап, оның басқа халықтармен терезе теңестірген іргелі мемлекет болғанын орыс тілінде жырлады.
Лица у нас безбородные, как у скопцев,
Мы в страсти верблюжных самцов,
Вечные беглецы,
Мы бежим от судьбы,
Гоняя перед собой
Стада смятенных персов
Мы зачати на Иртыше
Рождени на Дону,
Мы не помним где Родина,
Знаем только это войну,
Бесконечное совокупление света и тьмы,
Но это главное, ибо
Коренастые сложением мы,
Парвосудием словны!
Ассирияда 28 жыл бойы билік құрған, «Тарих атасы» Геродоттың өзі жазып қалдырған Мәдінінің атасы Ишпакай заманына сүңгіді. Бұл бүгінгі ұрпағы біз болып табылатын Ассирия, Мысыр, Индия, Бабыл т.б. елдеріне ықпал еткен тарихын қолдан тереңдету емес еді. Бұл-біздің дәуірден бұрын өмір сүрген шумерлер мен ашшумербаниялдық сына тақталарында «Гильгамеш» туралы Қыш кітапта сақталып бүгінге дейін жеткен нақты дерек. Тек оны Олжасқа дейін ешкім жеткізген жоқ. Ақынның іздемпаздығы арқасында сол кезде қолға түсуі екіталай түпнұсқаларды түгел ақтаруға тура келді.
Осындай қиыншылыққа, 1953 жылдың наурыз шешіміне қарамастан Олжас Сүлейменов қаламын тарихи тақырыпқа жазылған поэмалар туралы сөз қозғағанда «Қыш кітабына» тоқталу қажет. Жалпы, Олжас туындылары аса күрделі де сан қырлы, сондай – ақ, ұшан-теңіз білімі мен еуропалық және шығыс өлең өнерінің техникасын толық әрі шебер меңгерген.
«Қыш кітап» өзінің білім деңгейімен, еуропалық мәдениетімен қазіргі қазақ поэзиясындағы оқшау дүние. Олжас: «Орыстар ХІХ ғасыр сияқты алтын ғасырды бастан кешті. Ал қазақтар ХІХ ғасырдың да, ХХ ғасырдың да жүгін арқалауға мәжбүр болып қаратерге түсіп келеді. Қазақ өлеңі оқуға арналмаған, естуге құрылған»-дейтіні сондықтан. Өйткені, ақын орыс поэзиясынан, еуропалық үлгідегі поэзиядан өсіп шыққан. Оның орыс мектебін бітіруі, оның өткен тарихын білудің бірден-бір көзі жылнамалармен, бір сөзбен айтқанда, қадым заман тарихшылары шығармаларының түпнұсқасымен, «Інжіл», «Гильгамеш» туралы дастан сияқты көмбемен танысуы оның әдеби аренада жарқ етіп, жұрттан бұрын шығуына мүмкіндік берді. Сондықтан әлем, қала берді орыс әдебиеті топырағынан шыққан Олжас шығармаларының көш ілгері тұруы заңдылық.
«Қыш кітап» - көркемдігі, философиясы жағынан аса биік, этнографиялық жағынан соңы, орындалуы, техникасы жағынан шебер шығарма. Тарихи тақырыпты қозғағанмен автор оны фон ретінде алып, бүгінгі күннің шындығын айтуға тырысады. «Қыш кітап» поэмасы бұдан 3000 жыл бұрынғы оқиғалар мен қазіргі заманды жалғастыратын да, жалғастырған да алтын көпір іспетті.
Бұл жай ғана уақытша қабыстыру емес, этнографиялық негізі бар көшпенділер ұрпағының байланысы. Автордың негізгі идеясы – қазақ тарихының да терең, оның әлемдік өркениетке өз үлесі бар екенін айту. Енді автордың осы ойын жеткізу шеберлігі қандай, соған тоқталайық.
Осы орайда поэманы үш тұрғыда: тарихи шындық, философиялық, көркемдік жағынан қарастырамыз. Тарихи шындық – поэманың алтын өзегі, онсыз (деректерсіз) ақынның ойы іске аспаған болар еді. Поэмадағы кейіпкер өмірде болған, аты тасқа қашалып тарихын шыңдаған адам. Ал, дастанға өзек болған халық – скифтер мен оғыздардың ежелгі Ассирияға, қазіргі Қазақстан территориясынан қоныс аударды деген болжам бүгін ғылыми түрде расталып отыр.
Бұл тұрғыдан алғанда автормен білім жарыстыратын ғалымдар аз шығар. Түркілер, оның ішінде қазақ тарихын мыңдаған жылдарға алғаш рет ілгері жылжытып, біздің ата- бабаларымыздың әлемдік өркениетке қадым замандарда – ақ ықпал еткенін ең бірінші рет мұқият дәлелдеген Олжас Сүлейменов. Автор тарихи деректерді ойнатып, логикалық жүйемен жақсы қолдана, қорыта білді.
Олжас поэмасы мүлдем бөлек, терең дүние. Оны бір оқып шығып түсінем деу қате, өйткені поэманы түсіндіретін түйін шығарманың аяғына дейін жасырын ұсталады, не мүлдем айтылмай, салмақ оқушының өз түсінігіне, білім дәрежесіне, сана саралығына қалдырылады. Ал, поэма түсініп отырған адамның білімін шыңға көтеріп тастайды. Автор оқушыны өзімен тең ұстайды, поэма сондықтан қарапайым оқушыға шашыраңқы, ауыр көрінеді.
Кеше ғана өткен 10 жылдығы, не 100 жылдығы емес, бұдан 3000 жыл бұрынғы оқиғалар қарапайым оқырманаға ғана емес, сол тарихты жетік білетін автордың өзіне де, қайткен күнде де тұманды, күмәнді, сондықтан да ақын бүгін мен тарихты қабыстыру жолында екіұшты тәсілді қолданып, сырттай қараған көзге поэманы жеңіл жазып, сол тарихи оқиғалардың өзін мысқылдап отырғандай әсер аласың. Бұдан 2700 жыл бұрын өмір сүрген Шипакай біріншінің рухы бүгінгі қойшыға, одан студентке жетті. «Оғыздан қаны бар» тарих факультетінің студенті дәл осы Шипакай дәрежесіне жетеді. Әлгі студент кіші ғылыми қызметкер студенттен доктор Шипакайға жалған жолмен жетеді.
Дегенмен, тарихтың қалың қатпарына сүңгіген ақынның еңбегі көл-көсір. Әлем әдебиетінің алтын қорына Олжастың бұл поэмасының да қосылатынына дау жоқ.
Олжас Сүлейменовтың басты кітабы – ел тыныштығы. Бұл туралы 1993 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетіндегі жазушы Сайын Мұратбековпен сұхбатында ақын: «Мен ең әуелі халқыма қаламыммен қызмет етемін.Ал шығарма жазу үшін елде тыныштық, дарқандылық болуы шарт. Менің жазу столынан тұрып кетуімнің себебі де осы. Аласапыран айтулы кезеңде өкімет басына ұсақ-түйек жандар көбірек ұмтылады. Өздерінің бақай есептерін іске асырғылары келеді. Демократиялық партиялардың басты міндеттері – ірі тұлғаларда, мамандар мен ойшылдарды іріктеп тауып, тәрбиелеулері керек, халық оларға республиканың қазіргісін, болашағын да қорықпай сеніп тапсыруы тиіс. Қазақстан өзінің бүкіл қасіретті тарихымен өркениетті мемлекет болу құқығына ие болуы тиіс. Мұнда әр адамның тыныш та қамсыз өмір сүру құқығы сақталып, құрметтелуі тиіс, өзара сыйласымдық пен адамгершілік абыройына дақ түспеуі тиіс. Елдің тыныштығы – бұл да ақынның өмір бойы жазсам деген басты кітабынан бір кем емес, аса құнды, қажет шығарма»,-деп өз халқына деген дұрыс көзқарасын білдіртіп, тыныш өмір сүрулерін тілейді.
Олжас Омарұлы: «Алғаш өлең жаза бастағанымда, бір танымал ақынның: «Сен геологсың ғой, сол мұнайыңды іздей берсеңші, ал поэзияны мына біздерге қалдыр»,-деп үгіттегені бар. Тарихпен шұғылданған кезімде академиктер: «Сен ақынсың ғой, дұрысы өлеңіңді жазсаңшы»,-деп ақыл айта бастады. Өзім басқарған Қазақстан Халық Конгресі партиясы мен «Невада - Семей» қозғалысының іскер топтарының бюрократтық тосқауылдардан өтуіне жәрдемдесем, «Халық денсаулығы» деген бағдарламаны іс жүзіне асыруым керек. Нендей іспен айналыссам да, мен ең әуелі ақынмын, ал ақындық мен үшін кәсіп емес, арым мен жанымның көңіл-күйі. Мен Азия мен Африканың күні кешеге дейін өзіміздің бауырлас елдердің өрт шалған жерлерінің бәрінде болдым дей аламын. Сондағы бастан кешкен, жүрегімді сыздатқан қасіретті жайлардың біздің «лап ете түсер оттыққа» толы үйімізде болмауы, шырпының шағылмауына немесе «азаттық алауының» тұтанбауына күш жұмсаймын» - дейді.
Бұдан біз ақынның қашан да өз елі үшін, өз халқы үшін ылғи да таразы басының теңсіз тұрған жағына болысатынын, әділдік бұзылған жерлерде жиі араласатынын байқаймыз. Олжас Сүлейменов – кейбір деректерде келтірілгендей: Орманнан-Төбет, Төбеттен-Тайжан мен Байжан, Байжаннан-Жаяу Мұса, Тайжаннан-Ақтай, Ақтайдан-Сүлеймен, Сүлейменнен – Омар, Омардан-Олжас (Сүлейменов) атаның ғана баласы емес, сондай-ақ нағыз халықтың да ұлы.
22. САТИРА САРБАЗЫ
(Ж.Алтайбаев)
Жүсіп Алтайбаев 1911 жылы Жезқазған облысының Ақадыр ауданында туған. Жасынан ата-анадан жетім қалып, тұрмыстың тауқыметін көп көрген. Алайда, жасынан алғыр талапты жас алдымен Қарқаралыдағы төрт кластық бастауыш мектепті тамамдайды да, одан соң осындағы оқытушылар даярлайтын техникумда оқуын одан әрі жалғастырады. Сондықтан білімге құштар, әдебиетке жаны құмар жас, үлкен айдында көсіле құлаш сермеуді көксейді. Мәдениетті ортаға жетуді аңсайды. Ол осы мақсатпен елуінші жылдардың басында Алматыға келіп, Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі.
Ж. Алтайбаев республикалық баспасөзге дәл осы кезде етене араласа бастайды. Алғашында редакциялардың жеке тапсырмаларын орындап, әр түрлі газет жанрында жаза келіп, соңынан қазақ баспасөзінің белді сарбазына айналады. «Лениншіл жас», «Пионер» газеттерінде жауапты хатшы, «Вожатый» журналында аға редактор болып қызмет істейді. Кейіннен жастар газетінің редакторлығына жоғарылайды. Топшысы бекіп, тәжірибелі журналист ретінде танылады. Газеттің барлық жанрына қалам сілтеп, өлең жазумен де әуестенеді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты хатшының міндетін атқарады. Осы кезеңде республикалық басылым беттерінде Жүсіптің алғашқы фельетондары жарық көре бастайды. 1944 жылы ол Талдықорған облысына қызметке жіберіліп, 1949 жылға дейін облыстық «Сталиншіл» газетінің редакторы болады.
1949-1950 жылдары ВКП(б) Орталық комитеті жанындағы білім жетілдіру курсында оқиды. Ал, содан соң сегіз жыл бойы Семей облыстық газетінде редактор, 1959 жылы КазТаг-тың бас редакторы сияқты жауапты қызметтер атқарады.
Ж.Алтайбаев 1961 жылы «Ара» журналының бас редакторлығына тағайындалады. Оның сатирик ретінде танылуы осы соңғы жұмыс орнымен тығыз байланысты. Оның творчествосы сан қырлы. Ол онға жуық кітаптың авторы. Түрлі жанрда жазылған бірнеше көркем повесть, әңгімелері бар. Журналистиканың тай қазанында қайнап шыққан Алтайбаев қаламынан кезінде жүздеген корреспонденция, суреттеме, очерктер туған. Бізге оның кітап жүзінде жарық көрген жетпістен астам фельетондары белгілі. Сатиралық әңгімелері өз алдына бір төбе.
Сонымен бірге Ж.Алтайбаев кең диапазонды аудармашы ретінде де танымал. Ол Р.Джованьолидің «Спартак», И.Тургеновтың «Қарсаңда», Н.Гогольдің «Диканька хуторы маңындағы кештер», М.Горькийдің «Фома Гордеев», И.Ильф пен Е.Петровтың «Алтын баспақ», «Он екі орындық» романдарын қазақ тілінде сәтті сөйлетіп шықты.
Осы аталған шығармалардан-ақ оның орақ ауызды, от тілді қаламгер екенінін пайымдауға болады. Әйтсе де Ж.Алтайбаев шығармаларының дені журналистикалық бағытта, публицистикалық сарында, оның ішінде сатира саласында жазылғандығын аңғарамыз.
Ж.Алтайбаев фельетондарының басты ерекшелігі ретінде- олардың үнемі әңгіме сарынды, қызықты оқиғалы болып кететінін атап өту керек. Сатириктің осы бағыттағы туындыларында фактілердің алынған жері, мерзімі дәл көрсетілмейді, кінәлі адамдардың аты-жөні ойдан қойылады. Бірақ, фельетондарға өмірден, жеке адамдар тіршілігінен жинақталып, қорытындыланып алынған іс-қылықтар арқау етіледі. Көз көріп, құлақ естіп жүрген болмыс шындығы қозғалады. Мысалы, ол бұл орайда өзінің «Нақ-нақ» (108) фельетонында жөн-жосықсыз «күйдім, жандым» тақырыбынан айналсоқтап шыға алмай жүрген ақын – композиторларға сын айтады. Десе дегендей сықақшы шындыққа сүйеніп отыр. Алпысыншы жылдары өліп-өшкен ән текстері мен өңеш жыртқан әуенге толы әнсымақтардың қаптап кеткені рас. Фельетонда солардан шұрайсыз шумақатары қатты сыналып, шикі дүниелердің бір сыпырасы нақты аталып өтеді.
Журналист фельетондарының дені диалогпен, не кездойсоқ тосын суретпен басталады. Мәселен, «Бірақ» деген фельетон жеке бір сөздің мәнін талдау арқылы басталған. «Зат есім, сын есім. Етістік... тағысын тағылар – бәрін де көріп келеміз тіршілікте. Бұларды былай қойғанда әр қайсысы өз алдына бір-бір ұғымның басын ұстап тұрған, немесе жалғасып-септесіп жүрген жұрнақ, жалғаулар, жамау-жасқаулар дегендер де бар. ...Қайсысы мықты? Біздіңше, осылардың бәрі де түкке тұрғысыз нашар дүниелер. Осында «Бірақ» деген бар. Міне, нағыз мықты сол.., Немесе.
«-Лектор кеді, лектор!
-Қайдан?
-Ауданнан
-Кім екен өзі?
-Заготскоттан, Жалмұқанов...»
Жазушының шығарманы осылай ауызекі әңгіме түрінде бастауы Б.Майлин стилін аңдатады. Ойнақы интонация, юморлық леп бар. Сондай-ақ, автор өз туындысына айдар тағуда да тапқырлық танытады («Бұзаулы сиырға арзан домбыра», «Желке неге қышыды», «Айғыр туралы баллада», «Байтал түгіл бас қайғы», «Ку-ка-ре-ку», т.б) Шебер қойылған фельетон атын оқып та еріксіз езу тартып, үлкен күлкіге әзірленесіз.
Ж.Алтайбаев нысанаға алған сын объектілер көбіне әйгілі классикалық әдебиет үлгілерімен үндес, ортақ тақырыптас болып келеді. Мәселен, оның «Сіздерді сендіремін» фельетоны репортаж түрінде жазылған. «Аудан орталығындағы мәдениет сарайының айналасы абыр-сабыр.Әр түрлі машиналар тоқайласа ошарласып, сәйгүліктер қаңтарылысып жатыр. Не болмақ мұнда? Не болсын, жиын. Кәдімгі ауық-ауық болып тұратын кезекті жиын. Аупартком пленумы! Демек, ауданның сорпаға шығарларының бүгін тағы бір желпініп алар кезегі».
Осылайша «бісмілласын» мысқыл-кекесінмен бастаған сықақшы, мұнан әрі жиналыстан тікелей репортаж жүргізуге көшеді. Мәжілісте озат, ортаңқол шаруашылық басшыларынан бастап, «айғыр, қошқар дегендер соңғы кезде сенімді ақтамай, төл жағы пәшекі, пая боп бара жатқан» колхоздың председателі Есекеңе дейін суырылып сөйлеп шығады. Бәрі уәдешіл, Баршасының да маңдай тірер бекеті, тоқсан ауыз көпірме сөзінің түпкі түйіні біреу, ол – «Алайда, әрине кемшіліктер де жоқ емес. Дегенмен, мүмкіндіктер де бар бізде. Алдағы уақытта жаңа табыстарға жететініміз күмәнсіз. Осыған сіздерді сендіремін... рұқсат етсеңіздер!» - деген желсөзге салады.
Ал, жоғары орындағы кейбір керенау басшылар кемшіліктерден дер кезінде қорытынды шығармайды. Олардың бар бітірері – жағымды қаулы қабылдап, кемшіліктерді жылы жауып қою ғана. Фельетонист жауырды жаба тоқып, сөзбұйдалыққа салынғандарды, мұрын астындағы мінді көрмейтін көр кеуделерді қатаң айыптайды.
Ал, «Еске алынды» деп аталатын екінші бір фельетонда да жоғарыда айтқанымыздай нәтижесі аз, бос даурықпа жиын жайы сөз болады. Бұл енді «Алғабас» колхозы басқармасы мен «көптеген активистерінің бас қосқан мәжілісі. Күн тәртібінде жылқы санын көбейту мәселесі тұр. Көп болып талқыласты, айтысты, тартысты. Ақыр соңында қаулы қабылданды. Колхозда жылқы түлігі көбейетін болды. Бірақ... Автор шығарма түйініне шебер шешім тапқан. Өйткені, жеп қалған ауыз, жуық арада жұтудан ада-күде арылады деуден аулақ. Сонымен, мәжіліс соңында ұсыныс түсті.
«-Бәрінен де бұрын пышаққа тиым салсыншы!
«Пышақ» дегенді құлағы шалса керек, нақ сол сәтте Дүнгенбаевтың атқорада жемде тұрған биылғы соғымы – құлақасқа бие ішін тартып, оқыранып-оқыранып жіберген еді, сасып қалған Құлақметов:
Еске алынсын...Жиналыс жабық!-деп салды.
Пышаққа тиым салынсын деген соңғы ұсынысты хатшы жазып «үлгере» алмай қалды!»
Сондай-ақ, Ж.Алтайбаевтың «Дерттен дәрменге» аталатын фельетоны түріктің белгілі сатиригі Ә.Несиннің «Кесел тарихы» әңгімесімен желілес. Екеуінде де шалағай дәрігерлер жеңіл күлкінің объектісіне айналады. Адам тағдырына жаны ашымайтын қатыгез емшісымақтар орынды шенеледі.
Бірде автор «анау-мынау емес, оқу құралы болудан дәмесі бар тілмаш кітап – «Анатомия терминдерінің қазақша – орысша – латынша сөздігіне» орынды өкпе айтады. («Ер-тоқымды тілмаш»). Үстірт айтылған ұшқары пікірлерді күлкіге айналдырады. Ол үшін алдымен оқулықтан үзінді келтіріп, оған өзінің дәлелді пікірлерін қарсы қояды.
«Діңгек, бағана, көлденең сығар тесік, жырық. Арты ауалы сүйек. Оқ бағыты. Отырықша сүйек. Түрік ер тоқымы. Әтешше айдар қанаты. Шат асты бұрышы. Дабыл сақинасы. Омыртқа доғасының аяқшасы. Иық сүйегінің шығыршығы тағылар. Осымен доғарсақ та болар...Мәселен, тек бір ғана жауырын сүйегінің өзін қазекең қолына алып отырып: Мынау мұның етегі, мынау жақтауы, мынау қары, мынау мойыны, мынау қазан шұңқыры деп тәпіштеп, таңбалап, жатпайтын ба еді? Ендеше, біздің бүгінгі сүйретіп, жүрген жілігіміз арба боп кеткен бе, немене? Мұнда, «діңгек, әтештің басы» дегендер қайдан кіріп кетті». Үлкен отырықша тесігің бар, шатыңның астында бұрыш бар дейді тағы да. О, несі?»
Асылында, ғылыми еңбекті сынаушы, сынға алынған еңбек авторынан асып түсетін кемел білімді болуы шарт. Ал, жағдай керісінше көрініс берген сәтте, сын дәйексіздікке ұрынады да, қайта автордың өзі күлкіге ұшырайды. Дәл осы орайда Ж.Алтайбаевтың білім өресінің биіктігіне шек келтірмейсіз.
Бүкіл жинақтың өн бойындағы хат түрінде жазылған жалғыз фельетон – памфлет – «Ауфвидерзеен!» деп аталыпты. Журналистің өрісін ұлғайтып, өз еліміздің аясынан асып халықаралық тақырыпқа қалам сілтеуі, оның творчестволық мүмкіндігінің молдығының айқын айғағы. Бұл, сөз жоқ үлкен жетістік.
Тағы бір айтарымыз Ж.Алтайбаевтың «Бұзаулы сиырға арзан домбыра» фельетоны мен қазақ тіліне сатириктің өзі аударған И.Ильф пен Е.Петровтың «Он екі орындық» романының кей тұстары ортақ желімен өрбіген секілді. Олай дейтініміз, ұлы комбинатор Остап Бендер мен молданың көршісі, алаяқ Едіге Шалқаровтың «құдай өкілі» Ғабден молда мен ілкіде «махаббат және өлім істерімен айналысқан», дүниеқоңыз Ипполит Матвеевич Воробянинов мінездерінің кейбір қырларынан сәйкестіктер байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |