Екінші кітап



бет11/16
Дата05.11.2016
өлшемі3,16 Mb.
#566
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

16. ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АЛДАСПАНЫ

(Мұзафар Әлімбаев)
Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сонымен қатар Абай атындағы және Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтардың да лауреаты, мәдениетке еңбегі сіңген қызметкері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Қазақ Республикасының мемлекеттік гимнің авторларының бірі, көрнекті ақын, көп қырлы талант иесі Мұзафар Әлімбаевтың атамекен қонысы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Қызылтау, қазіргі Ж.Аймауытов (Жосалы) елді мекенінің Қаратөбе ауылы болса өзі Шарбақты ауданының «Қызылтаң» ауылында дүниеге келген.

Руы: Арғын, Мейрам, Шегендік; Қақсал, Қақсалдан- Қоңыр, Жалба, Шөңкібай, Жұмаш; Әлімбай, Айтмағамбет. Айтмағамбеттен- Зұфар, Мұзафар. Мұзафардан- Арнұр, Жаннұр, Баламгер. Арнұрдан- Әсет, Жәнібек. Жаннұрдан- Ая, Әсел. Баламерден- Бақтияр, Балнұр.

Мұзағаңның құдай қосқан жары- Шапау жеңгей. Руы- Қаржас. Биыл екеуінің отау тігіп, шаңырақ құрғанына 48 жыл толыпты. Мамандығы тарихшы. Ұзақ жас ұрпаққа білім, тәлім-тәрбие берумен айналысқан жан.

2000 жылға дейінгі мағлұмат бойынша М.Әлімбаетың әр алуан жанрдағы елуден асқан төлтума кітаптары жарық көрген, таңдаулы өлең-жырлары әлем халықтарының 39 тіліне аударылған. Сонымен қатар ол 300-ге тарта ән-өлеңдердің авторы. Бұл туралы кезінде ақын шығармашылығын көбірек зерттеген, белгілі сыншы Б.Сахариев: «Мұзафар қызығы да, бейнеті де, зейнеті де мол творчестволық жұмыстан бір күн мойнын босатпай, өз талантын тынымсыз, толассыз толғаныс, тебіреніс арқылы, іркілмей іздену арқылы шыңдап, біртіндеп өсіп, өндіре жазып келе жатқан жемісті қаламгер»,- деп жазған болатын.

Иә, шындығында да солай. Тоталитаризм тұсындағы кіріптарлық, теңсіздік, зорлықтар жағдайында патриот ақын, азамат қаламгер М.Әлімбаевтың өлең-жырлары да ұлттық намысты оятып, тәуелсіздік үшін күреске шақырғаны ақиқат. Ол тұста қияметтей қиын тақырыпты ашықтан-ашық ащы айғайға басып, жалаңаш жазуға болмағандықтан тек қиюын тауып қана, өте нәзік тәсілмен ғана жырлауға керек еді.

Міне, сондықтан да ақын М.Әлімбаевтың сонау 1961 жылы жазылған «Жапанда жалғыз алма ағаш» деген өлеңінде: Қаратау қапталынан жалғыз алма ағашын көріп, қарт тарихқа үңіледі:

Алқакөлде сұлама

Үдіре көш шұбаған

Құлағанда еңіске

Жерге түскен жеміс пе?

Мынау алқап-атырап,

Мынау торғын топырақ

Онда тұтас бақ па екен

Өртеп кеткен жау бөтен?-

деп сұрақ қояды да, қазақ жерін құлазытқан кілең басқыншылардың қиянаты екеніне ишара жасайды. Оқырманды сондай ойға жетелейді.

Өлеңін автор былай түйіндейді:

Тарлан ата-бабамның

Тарихына адалмын.....

Жүдеп шықтым бір ойдан

Түлеп шықтым бір ойдан

Жемісі де- мирасым,

Кейісі да- мирасым.

Тарихқа адалдық оны бұрмалауға жол бермей, туған халқымыздың туын көтеріп, азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен айтулы батырларды ұмытпай, азаткерлік дәстүрді жалғастыру екенін де оқырманға жанама тұрде ұқтырады, өткен заманның жемістері ғана емес, қасірет, трагедиясы да біздің жүрегімізде, жанымызға батады, яғни бүгін де қазақ халқы қайғы-қасірет шегіп отыр дегенді де ишарамен аңғартады.

Тағы да сол 1962 жылы жазылған бір рубаинда автор:

«Мынауың,-дейді біреу,- ойбай кесір:

Көрсетпе, атын айтпа, давай өшір.

Кітапта бос бет бар ма?! Тарих- кітап,

Қымбаттар орнын табар.... ағай кешір»

Тап сол тұста, коммунистік идеологияның қызыл көз қырғи қарғалары анталап, жалақтап отырған тұста былай деп жырлау нағыз азаматтық, өжеттік болатын.

Осы орайда теңсіздіктің тізе-тепірішін ұзақ жылдар кешіп, іштей өксіп жүрген халқының қалін ойлаған ақын М.Әлімбаев өткен ғасырдың 60-жылдарының орта тұсында:

«Нанбаңдар бейпіл жантыққа,

Адамнан адам артық па?!

Нанбаңдар жауыз жантыққа

Халықтан халық артық па?!

Балаңнан балаң кем де емес,

Ақыл мен ойға кенде емес.

Адамнан адам кем де емес,

Халықтан халық кенже емес»,-

деп бұрынғысынан әлде қайда ашық сөйлеп, жалпыны елең еткізгендей болады.

Аға халық, іні халық деген жоқ, ешбір халық кенже-кіші, күйкі емес. Бәрі де тең құқықты болу керек.

Яғни, бір халық екінші халықты иінінен басып, еңсесін түсіруге тиіс емес!- деген идеяны оқырманның санасына ап-анық түрде құйғандай әсер қалдырады.

Соғыстан кейінгі жылдарда қазақ поэзиясында өлеңнің орнығуына Қайнекей Жармағамбетов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мауленов, Сағынғали Сейітовтармен қатар көп еңбек сіңірген көрнекті ақындардың бірі М.Әлімбаев. Осы аталмыш авторлардың бұл саладағы жетістіктерін Мәскеулік сыншы, әдебиет зерттеушісі Зоя Кедрина өзінің «Из живого источника» деген кітабында айрықша атап өтеді.

1949 жылы жарық көрген ортақ жинақ «Жастар даусына» енген өлеңдері ішінде Мұзафар Әлімбаевтың «Түтін», «Орамал», «Сурет» атты жырлары шағын сюжетке құрылған. Орыс ақыны Степан Щипачевті өзіне ұстаз тұтып, өнеге алған жас ақын Мұзафар Әлімбаев өлеңнің нақтылығына, өмірге неғұрлым жақындап, жанды көрініс жасауға құлшынады.

Елуінші жылдарда дүниеге келген «Со бір күн маужыраған шуақ еді», «Бойдақ досым күрсінді», «Шофер неге кешікті», «Бір күн кейін білдім мен», «Командирдің әңгімесінен», «Өтелмеген парыз», «Әттең» және тағы басқа өмірден ойып алғандай детальдардан құралған шағын-шағын оқиға аясында ақын көкейіндегі идеясын ұтымды суреттеп шыққан.

Мәселен, «Ер өлмейді» деген жыр төрт тармақты жалғыз шумақ, соған қарамастан өзінің сипатты сюжеті бар:

«Мерт болды ер.... жүзі оның күліп қапты,

Туған жер ыстық қанын суытпады.

Ырғағын қағып алып жүрегінің

Сағаты қолындағы жүріп жатты».

Бұдан майданның шынайы шындығы көз алдыңнан өткендей болатыны анық.

Ақын М.Әлімбаев творчествосын қадағалап отыратын оқырмандар автордың әрбір жаңа кітабында нақтылыққа құрылған сюжетті жырлардың қазақ поэзиясына актив болып қосылғанын жақсы біледі.

Өмір шындығын, халық тірлігін, тарихын талмай зерттеуші М.Әлімбаевтың балладалры өзі бір төбе. Әлбетте, баллада да сюжетті өлеңнің шиыршық атқан шымыр түрлерінің бірі. Мәселен, «Әр Пушкиннің өз Пушкині бар», «Достық балладасы», «Аспандағы айқас», «Шебердің шері», «Жамбыл мен Жандосов» және т.б. Мұзафар Әлімбаев бүгінге шейін сюжеттілікке деген тенденциясынан айнымай келеді.

Әсіресе, балалар поэзиясында сюжетке, оқиға динамикасына үлкен мән береді. Мәселен, «Екі тақтай бір көпір» атты жинақтағы «Төртеу» деген өлеңнің оқиғасы мынадай:

Түсіп кеткен таяғы

Қалт-құлт етіп аяғы

Өзіне-өзі шал кейіп,

Сипақтайды еңкейіп.

Бүкеңдейді неғып қарт?

Өйткені ол зағип қарт.

Қасында екі бала тұр,

Сипалақтап шал отыр.

Әріректе жігіт тұр,

Неге ыржыңдап күліп тұр?!

Егер автор адамның біріне-бірі жанашырлық, қайырымдылық көрсетуі имандылыққа жатады деп жалаң-жайдақ уағыз соқса, көкейіндегі идеясын көркемдік қуатпен жеткізе алмаған болар еді. Ал, мынау қарапайым сюжет арқылы автор оқырманды, жасты да, жасамысты да ойға қалдырады, қорытындыны өзі шығартады.

Байқағыш, алғыр ойлы басқа ақындардың әлі көзі шалмаған, ақын М.Әлімбаевтың оригиналды сюжеттерді өзі тауып, аз сөзбен әдемі сурет жасайтыны жас ақындарға мектеп дерліктей. Мұзафар ешқашан ешкімнің бұрын жырлаған сюжетттерін қайталамайды, әрқашан мәнді идеяны танытар тартымды оқиғаны кейде өз қиялымен ойлап табатыны өнегелі үрдіс. М.Әлімбаевтың балалар поэзиясында өз мектебі, өз шәкірт ақындары бары шындық.

Мұзафар Әлімбаев қазіргі заманғы қазақ ән-өлеңдерінің профессионал ақыны, маңдайлы маманы, зергері, осы жанрдың көш бастаушысы және теоретигі. Ол 1949 жылдан бері осы жанрда жемісті еңбек етіп келеді. Ақынның 300-ге тарта өлеңдеріне ән жазылған, Солардың ішінде бүкіл халықтық сипатқа ие болған «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Маралдым», «Өзің де жігіт қызықсың» және тағы басқаларын атауға болады. Бұл өлеңдер жалпы қазақ музыкасын биікке көтеріскен туындылар. Ән мәтіндерінің көркемдік дәрежесін биіктетуге жаршы болған өлең-жырлар.

Жалпы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың бүкіл поэзиясын шолғанда көзге түсетін бір құбылыс бар, ол- философиялық ой ағынының өлең өзегіне қызыл қандай құйылған тұстары. Өмір құбылыстарын тереңнен әрі жаңаша, өзінше толғауға ұмтылуы жемісті деуіміз керек. Мысалға алпысыншы жылдардың басында жарық көрген алты жолдық атсыз өлеңге ой көзін салайықшы:

Жаңаның бәрі жаңа ма,

Жол берсе тозған ескіге?!

Ескі бар қымбат жаңадан,

Ескіден жаңа көне бар?

Сол тұста сұсты цензурадан осы ишарасы-тұспалы, аса ойлы асыл өлеңнің қалай өткеніне қайран қаласың?! Шала білімді цензорлар «бүлікті» өлеңді байқамай қалғанға ұқсайды. Шындап келсе, мынау жырдың кез-келген жолы үшін «Совет сотының» алдынан шығу ықтималдығы ап-айқын тұр. Бұл социалистік заманның қытығына тиер қитықты сөз екені бүгін айқындала түскендей. Ақын өте батыл, өжет идеялы өлеңді ұсынып, алғыр ойлы замандастарды ойға жетелегені сөзсіз дер едік.

Философиялық ойлау жемісі сұраулы сөйлемге құрылуы оқырманды сұхбатқа шақырып отырғандай әсерге бөлейді.

«Кешегім- бүгінгіге қам қылғаным,

Уақыт қасқырына алдырғаным.

Бүгінгім мардымсымай малданғаным,

Сонда да кешегімнен жаңғырғаным....

Тосын бір көрген түстей оқшау жаңа

Тың шаттық сыйлайтындай алдымдағым»

Уақыт жөнінде кім бар толғанбаған, тебіренбеген қандай ақын бар?!

Ал, ойшыл ақын Мұзафар Әлімбаев бұрын ешкімнің қиялында қылаң етпеген қырынан сөз қозғап, уақыттың үш өлшеміне- кешегіге, бүгінгіге, ертеңгіге өзінше баға берген.

Уақыттың қасқырына жем болған кешегі жаңа бейне ме? Әрине, жаңа!

Қазақтың еш ақынының аузына түспеген образ! «Мардымсымай малдану да»- тосын метафора.

Автордың «Бөктердегі шым құдық» атты өлеңі бар. Кемерінен асып төгілмейтін, суы ортаймайтын шым құдықтан «адамның бір деңгейде ұстаған жақсы мінезін көреді.» Мұндай қиял ұшқырлығын біз ешкімнен ұшыратқан жоқпыз. Бұ да философиялық ойлаудың жемісі.

Бір көңіл аударатын нәрсе: автордың философиялық өлеңдері мейлінше қысқа, ықшам, тығыз. Көбінесе төрт жол, сегіз жол, ұзаса он екі жол болып келеді.

Әрине, кейде көлемді туынды ішінде екі жолмен ғана сыңар тармақпен түйінделген нақылға жақын нәрлі ойлар, философиялық тұжырымдар да кездеседі.

«Ата жолын ұмытсаң- адасасың,

Ағарады мезгілсіз қара шашың»,

Алпысыншы жылдар аяғында дүниеге келген «Өкініш» атты өлеңінің түсі осындай...

Ұмыта басталған ұлттық дәстүрге, ата салтына жас ұрпақтың назарын әлсін-әлсін аударуды ақын М.Әлімбаев ұмытқан емес.

Адамдарды тіл бөлмейді, діл бөледі,

Адамдарды күн бөлмейді, түн бөледі.

Дербес сегіз жол. Ал, көтерген мәселесі қандай ізгі, әрі салмақты, әрі ғибратты ғой!

Шіркін өмір!

Сүйікті

Арманымен қызықты!



Жаншып езер иықты

Салмағымен қызықты!

Шынайы ақиқатты ашқан осындай философиялық өлеңдерін сұрыптап алса М.Әлімбаевтың аса құнды бір кітабы оқырмандардың қалың қауымына зор тарту болар еді.

Өлместің жолдары-

Жасау мәңгі тозабы.

Өнер барда қолдағы,

Бастан заман озбасты.

Қазақ лирикасында әзірге дендеп кірмеген диалог-өлеңдері де әдебиетімізге ақын өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының аяғынан бастап алғаш енгізген.



  1. 1949 жылы жазылған «Жігіт жыр» атты жалғыз шумақ;

  • Ақыным, бет-аузыңды әжім қаптап

  • Болыпты басыңдағы шашың аппақ...

  • Халықтай ұзақ жасар жігіт жармен

  • Өтті дей бер қарттықты ақын таптап.

  1. «Екі сұрақ, екі жауап»:

  • Бақыт қайда барасың?

  • Татуларға барамын

  • Қайғы кімді шаласың?

  • Араздарды табамын.

(Алпысыншы жылдары жазылған өлең).

Диалог өлеңге шынайы шеберлік алдымен керек.

Қалай, қандай шақтарда

Шығады екен қырғын батыр, төтен ер?

Намысына шапқанда

Нардың жүгін нәзік тайлақ көтерер.

Не бары төрт жолды қандай салмақты ойы бар?!

Автордың балалар поэзиясында да диалог- өлеңдері бірсыпыра бар. Алпысыншы жылы жазылған «Жалқаудың жауабы»:

-Апа, есікті жаба салшы,

Ілгегін де іле салшы.

Жалқау әрең ыңыранды:

-Жел соқпай ма,

Сол жаппай ма?!

Үйдің ішін суық алды.

Мәселен, алпысыншы жылдардың ортамында жарияланған “Кімнің баласысың”

- Тұз, тұз!

Сен кімнің тұзысың?


  • Даламның!

  • Қыз,қыз!

Сен кімнің қызысың?

  • Маманың!

  • Гүл, гүл!

Сен кімнің гүлісің?

  • Отанның!

  • Ұл, ұл!

Сен кімнің ұлысың?

  • Папамның!

Өлеңді ықшамдаудың, сөз үнемдеудің оңды тәсілі дерлік. Диалогқа құрылған мұндай өлеңдер бұған дейін басқа ақындарға атымен ұшырапағанын ескерте кетелік.

Соңғы екі-үш жыл бойында экспериментатор ақын М. Әлімбаев жалғыз жолды жырлар жазып, жариялап жүр. Бұл өзі Батыс Европа поэзиясында қанат жайған дәстүр екен. Ал,қазіргі замаңғы орыс поэзиясында сирек үрдіс. Ақынның тәжірибесі қазақ поэзиясындағы ең алғашқы қадам. “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланған жалғыз жолды жырлардан (14 мамыр,1996 жыл) бірнеше мысал.

«Айтылмағыш ақиқат аңсаттырғыш».

***


«Шынарыңды шыбық деп қомсынар жат».

***


«Тасырға тас атам деп, тарихқа атпа».

***


«Әр қазақ көкірегінде – бір Кене хан».

Жалғыз жолды жырларға тән көркемдік компоненттер, біздіңше, ой жаңалығы әрі салмақтылығы және бейнелілік. Нақылдық нақыш та оған тән. Ішкі ұйқас, ішкі күйлілік,саздылық басым болуы да шарт секілді. Жасамыс ақынның жаңашылығы әсіресе жастар арасынан жалғастырушыларын да табар деп ойлаймыз. Алғашқы жарияланымдардан да мысал келтірген артық емес сияқты. Бұлар да осыдан 5-6 жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген:

«Алыстай түссе жолым- ауылым жақын».

«Аллаға өкпе жүрмейді – пенделерге айт».

«Дін бұзумен бірдей де тіл бұзуды».

«Ой деген гүлдей жаңа, тастай көне».

«Аздық ол-қорлық емес, ездік қорлық».

«Шындық бір. Адам біреу. Пікір екеу».

«Қылмыс көп, қылмыскер жоқ-бұл не заман?!».

Жаңашылдыққы құштар новатор ақын М.Әлімбаевтың 1996 жылы жарияланған жаңа тәжрибесі де поэзияны оймен тығыздандыру мен мейлінше ықшамдыққа бой ұрудың қамы деп қарауға мәжбүрлейді.

«Қазақ елі» газетінде 1996 жылы қарашаның 22 жұлдызында «Ой моншақтары» деген атпен жарияланған «Қос сөзді өлеңдер», «Үш сөзді өлеңдер», «Төрт сөзді өлеңдер» көңілді күрт өзіне аударатындай тың нәрсе.Мәселен, «Сөзің- өзің», «обыр-содыр», «желге сенбе»-бұлар қос сөзді өлеңдер.

Енді үш сөзді өлеңдерден мысалдар:

«Құштарлық-арманды құшқандық».

«Арқалы өнер дарқаны».

«Мұртет!Тұр, кет!».

Ал, мына төмендегілер төрт сөзді өлеңдердің мысалдары:

«Күлкі болмасқа құйма толмасқа».

«Дәуірнама азатын дарын ғана».

«Дарақы-Тыраштың дәл аты».

Басқалардың шабытын шақыртатын шалқыма ойлар деп қарауға әбден болатын ізденістер міне осындай.

Мұзафар Әлімбаев қазіргі аты елімізге ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де кеңінен танылған балалар ақыны, жас бүлдіршіндердің сүйікті қаламгері...

Әдебиеттану әлеміндегілердің танып, мойындауынша М.Әлімбаев қазіргі заманғы балалар өдебиетінің классигі және оның зерттеушісі, ірі тұлға.

М.Әлімбаев 1961 жылдан бастап, рубаиларды ауызша шығаруды үрдіске айналдырған. Олардың кейбіреулері Қазақстан тарихындағы белгілі бір оқиға, фактілерге, тұлғаларға байланысты туған.

Мәселен, ұлы Мұхтар Әуезов дүние салғаннан кейін жарты жылдай уақыт өткенде ақын М.Әлімбаев Қазақстан жазушылар Одағына барғанында Мұқаңның атына Қиыр Шығыстан келіп жатқан үлкен хатқа көзі түседі...Сол факті тебіренткен ақын машина ішінде келе жатып, рубаи шығарған екен:

«Біреуге қияметтей қиын қайғы»,

«Тірілікте бір жылы сөз бұйырмады».

«Біреуге өлгең соң да хат келеді»,

«Шын сүйсе, Ел жүрегі суынбайды».

Мейлінше жаңа! Мәйекті ойы, «Е, бәрекелді!»-дегізер қасиеті бар рубаи, төрттаған. Автордың асыл дерлік рубаиларының бәрі де ұлттық намысты, елдікті мадақтауға арналған.

Жөніміз тағдыдан жоқ тіленерлік,

Ата салт-баба дәстүр-кілең ерлік.

Жас толқын әр ұрпақтың өн бойына

Таратып қызыл қандай сіңеді ерлік.

Және,


Қайыспас, қайысса да жердің белі,

Ежелден ер азамат – Ел діңгегі...

Болмаса биік-биік сеңгірлері,

Кетпей ме аласарып елдің көгі?!

М.Әлімбаев мезгілді баспасөздерде мезгіл-мезгіл жариялап жүргенімен төрттағандардың кезекті кітаптарына немесе таңдамасына үлкен талғаммен сұрыптап енгізіп келе жатқанын көреміз...

Ақын М.Әлімбаев лирикасының тағы бір құнды қасиеті өлең өрнекті мақал-мәтел қалыбына салып, нақылдық нақышқа бөлейтіні дер едік.Ол мұндай талапқа өте ерте құлаш ұрған. Тіпті, талаппен жігерленген ақын өз діттегеніне қол жеткізгеніне куә боламыз. Ақын кейде тіпті бір туындысын тұтас нақылға айналдыра білген. Мәселен: «Атақ-даңқ қалай шығады» деген жыр басынан аяғына дейін бірыңғай нақылдан құралған.

Көмірдің аты

Жанумен шығар.

Балғаның аты

Қағумен шығар.

Шегенің аты

Бекумен шығар.

Қашаудың аты

Шекумен шығар.

Күректің аты

Көсумен шығар.

Ал біздің аты

Тесумен шығар.

Балтаның аты

Қырнаумен шығар.

Бояушы аты

Сырлаумен шығар.

Ақынның аты

Жырлаумен шығар.

Шәкірттің аты

Тыңдаумен шығар.

(«Алматы ақшамы»- 1 желтоқсан, 1988 жыл)

Немесе, «Суретшілер».

Күн суретші

Мың тірілтер бояуды.

Жел- суретші

Сыбызғы етер сояуды.

Су- суретші алқа жасар янтардан

Сөз- суретші

Жаз жасайды қаңтардан.

Ойшыл ақынның әр туындысының көбінесе нақылға жақын нақышпен түйінделетіні көркем ұтыс әрі ақын лирикасының басты артықшылығы мен әрлілігіне куә, философиялық лирика екендігіне куә.

Ақын поэзиясын сөз еткенде оның нәрлі нақылдарын 16 жасында ауызша шығарған М.Әлімбаев 57 жылдық шығармашылығының ұзына бойында 2500- дей нақылды дүниеге келтірді. Олар түгелге дерлік баспасөз жүзінде жарияланған. Автор айтуына қарағанда нақыл ойға алмаған оқыста ауызша шығарылады екен. Белгілі бір оқиғаға, жағдайға, көңіл күйіне орай туған нақылдардан бірнешеуін келтірейік:

Ақыл- Алланың бергені,

Білім- адамның тергені.
Жеріңді сатпа,

Теріңді сат.

Қылығы кінәз,

Ғылымы тым аз.

Кемеңгер «Кенелдім» десе де,

«Кемелмін» демейді.

Айтқыш ақынның асыл нақылдарының біразы қазақтың мақал-мәтелдері жинағына да кіргенін айтуға тиіспіз. Оның үстіне баспасөз бетінде халық кәдесіне жарап жүрген факті. Мәселен, автордың «Елін сүйгеннің еңсесі биік» деген нақылы «Халық кеңесі» газетінің бірінші бетіне басылғаны М.Әлімбаев асыл сөздерінің халық қолдауына ие болғаны дер едік.

Ақын М.Әлімбаев бірыңғай поэзиясын ғана күйттейтін ақын емес. Оның таланты сан қырлы. Ол әдебиет зерттеуші, қазақ поэзиясының, қазақ әдебиетінің проблемалық мәселелерін зерттеуші. Оның «Қалам қайраты», «Толқыннан толқын туады», «Өмір.Өнер. Өнерпаз», «Көңіл күнделігі», «Өрнекті сөз- ортақ қазына» сияқты зерттеу кітаптары көпке белгілі еңбектер.

Ақын Мұзафар Әлімбаевты қалың қауым, оқырмандар ұстаз- қаламгер деп бағалайды. Оның бұл саладағы еңбегі ұлы педагог Ы.Алтынсарин медалімен марапатталуы тегін емес. Мұзафар отыз жылдан бері халық педагогикасын зерттеумен келеді. Ол қазақтың мақал-мәтелдері мен қара өлеңі, қазақ ақындары поэзиясы негізінде халық педагогикасын әл-әзір дара зерттеуші. Бұл орайда автордың «Тәрбие туралы әңгімелер» және «Халық қапысыз тәрбиеші», «Халық ғажайып тәлімгер» атты кітаптарының қолдан-қолға көшіп жүргенін айтсақ та жеткілікті.

Ақын Мұзафар Әлімбаев көркем аударма саласында қолына қалам ұстаған 16 жасынан бастап, еңбектеніп келе жатқан әйгілі тәржімашы. Ол зерттеу еңбектерінде көркем аудармаға да көп көңіл бөлген. Ұзын-ырғасы талай-талай халықтардың 80-85-тей ақындарының поэзиясын қазақшалаған.

Ақын творчествосында айрықша бір орын алар ерекше бір кітапша бар. Ол «Өлең сөздік «Словарь в стихах»» деп аталады. 1996 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген, Өлең сөздік әлемдік практикада әлі орын теппеген дүние екен.

Ар-честь.

Бар- есть.

Золото- алтын,

Холодно- салқын.

Осы сияқты өлең кестесіне түскен 5000-дай сөзді қамтитын кітапша, бұл да ақын поэзиясының активіне қосылатын салым. Мұзафар Әлімбаев қызыл империя кезінде тұрмыстан да, әдебиет әлемінен де қуғындалған, жетпіс жылдай ұмытылған өлең-баталарды қайта жаңартушы және дамытушы тұңғыш ақын. Ол бата өлеңдерді сексенінші жылдардың басында қолға ала бастаған. Мәселен, 1982 жылы жарық көрген, 1984 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болған «Аспандағы әпке» жинағында бір өлең-батасы енгізілген. Содан бері мерзімдік баспасөзде дүркін-дүркін үзбей жарияланып келе жатқаг өлең баталарын 1996 жылы «Ата мұра» баспасынан «Батамен жер көгерер» деген атпен жеке кітап етіп шығартқаны белгілі. Енді сол кітаптағы автордың төлтума баталарына бірнеше мысал келтірелік:

Кемеңгердің алғыр ойын берсін!

Екі дүниенің абыройын берсін.


Жалғыз басың мың болғай,

Құшағыңа гүл толғай.

Ардақталып есімің,

Аржағыда жыр болғай.


Қадамыңа гүл бітсін,

Қаламыңа жыр бітсін.

Жинақта көрнекті ақынның 200-ден астам баталары енген. Әр оқырман өзі тілеген талай тақырыптағы баталарын осы кітапшадан табары сөзсіз, көптің басы қосылған жиын, той-домалақтарда кәдеге асары күмәнсіз.

Сонымен қазақ лирикасын, жалпы қазақ поэзиясын, шындап келсек, бүкіл туған әдебиетімізді әр салада аса қымбат жаңа көркемдік сапаларымен көркейтісіп келе жатқан қайталанбас талант М.Әлімбаевтың сан қырлы еңбегі міне осындай. Өйткені, ол- қазақ жастарының ең кем дегенде екі толқын ұрпағына көркем творчествосымен тәлім берген ұстаз қаламгер!


17. Сыншы Мұраты

(Б. Сахариев )
Баламер Сахариев қазақ әдебиеттану ғылымына елуінші жылдардың басында келіп қосылған.Ең алғашқы туындылары 1950 жылы «Әдебиет және искусство», « Халық мұғалімі» журналадарында жарық көріп, сол кезден бастап мерзімді баспасөз беттерінде оның әр алуан тақырыптағы әдеби-зерттеу мақалалары жиі жарияланатын болған.Әсіресе, М. Әуезов, С.Мұқанов, Ғ. Мұстафин сияқты әдебиет тарландары жайлы еңбектерінде сыншы негізінен шеберлік үлгілерін жаңа бір қырларынан танытуға, талдауға күш салған.

1965 жылы « Уақыт тынысы » атты кітабы жарық көреді.Соның негізінде сыншы 1975 жылы « Қазақ романдарындағы идиямен образдың эстетикалық бірлігі»деген тақырыпта кандидаттық қорғайды.

Ғалымның еңбектерінің бір саласы мектеп оқулығы, жоғары сынып оқушыларына арналған « Қазақ совет әдебиетін» жазуға, құрастыруға жазушыларымыз творчествосына арналған «М. Әуезов », « С.Мұқанов », «Ғ. Мүсірепов », « Ғ. Мұстафин» бөлімдерін жазады. Сондай-ақ, ғалым Х.Сүйіншәлиев, Ә.Дербісәлинмен бірігіп, «19-20 ғ. қазақ әдебиетінен» көмекші оқу құралдарын жасауға атсалысады.

Б.Сахариевтің құрастыруымен жарыққа шыққан « Біздің Мұхтар» атты естеліктер жинағындағы М.Әуезовтың творчестволық портретінің ойдағыдай жасалуы, естеліктер табиғатының сан салалы, мейлінше ұқыпты мүсінделуі-тер төге еңбектенген сыншы еңбегінің тағы бір айғағы іспеттес.

Ал, ғалымның «Күрескер тұлғасы» атты кейінгі үлкен еңбегі – сыншының өз творчесвосы аумағындағы ғана белгілі бір биігі емес, бұл сонымен бірге қазақ әдебиеті сынының да кемелденгенін көрсететін туынды.

Б.Сахариевтің М.Әуезовтің орыс тілінде жазылған мақалаларын қазақшалау жолындағы еңбегін ерекше атау парыз. Б.Сахариев ұлы зергердің стилін, түп нұсқадай болуын мүмкіндігінше қаз қалпында жеткізуге тырысқан.

Сыншы өмірінің соңғы кездері «Мұхтар Әуезовтің творчестволық лабораториясы» деген тақырыпта үлкен зерттеу еңбегін жаза бастаған еді.

Б.Сахариевтің «Күрескер тұлғасы» атты кітабы – сыншының зерттеу, мақалаларының үлкен бір топтамасы ғана емес, сонымен бірге қазақ әдебиеті сыны қорына қосылған сүбелі еңбектердің бірі. Сыншы зерттеу мақалаларын «Жанр жүгі», «Поэзия патшалығы», «Сын дестесі» дейтін тақырыптармен үш бөлімге топтастырған.

Өзінің әдебиеттегі алғашқы қадамын салмақты сыннан бастаған қабылетті қалам иесі өз жанрында ширек ғасырдан астам уақыт бойы талмай ізденіп, еңбектеніп, жұртшылық игіліне ойлы, парасатты біраз мұралар қалдырып кетті.

Ол сын теориясына да жете үңіліп, салиқалы пікірлер ұсына алды.

Өзінің теориялық тұжырымдарымен ол әдеби-көркем сын қоғамдық дамудың қозғаушы күштерінің бірі екендігін ашып көрсетіп, бұл сынның берік ұстанған позициясы екенің айтады. Сын саласында жемісті еңбек еткен белгілі ғалым, әдебиет зерттеушілері Е. Ысмайыловтың «Жаңа белеске», А. Нұрқатовтың «Идея мен образ», Қ. Нұрмахановтың «Дәстүрлі достық»,М. Базарбаевтың «Тамаша дәстүрлер», М. Дүйсеновтың «Әдебиеттегі мазмұн мен түрдің бірлігі», С. Қирабаевтың «Сәкен Сейфуллин» атты монографиялық туындыларын автор сынның сол кезеңіндегі жетістіктеріне жатқызады.

Дәстүр мен жаңашылдық мәселесі Б.Сахариев толғаған тақырыптардың бірі.Әдибиеттегі формалистік, абстракционстік ағымдарға жол бермеу жайлы айта келіп,сыншы соның кейбір көріністері ретінде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған.Т.Ысмайыловтың «Заман мен өлең», Ж.Қыдыровтың «Түр туралы ойлансақ» атты мақалаларын келтіреді. Сыншы бұл мақалалардан сол кезде жаңа мен ескінің арасында Қытай қорғаны бар деген сияқты теріс бір бағыт байқаған сияқты.

Сыншының осы мақалада көтерген тағы бір мәселесі-кітап жарық көргенге дейінгі сынның дәрежесі мен жайы еді. Бұл бағыттағы сынның көзжұмбайлығына төзбеуге шақырады. Ал бүгінгі күнге дейін бізде бірсыдырғы, қалыпқа түскен «көңілшек» сындар көп. Автормен жұмыс істеу барысында редактор қанша шимайласа да, автор үшін шықпай жатқан характерін жасап бермейді ғой деген ойды ашық айтады сыншы. Әттеген-ай дейсің амалсыз. Кемшілігін сын баса көрсетіп, автор қолжазбасын әбден пісіріп әкелсе, нұр үстіне нұр емес пе.Шалағай сындардан бас тартуымыз керек, ақын-жазушыларға ең падалы сын-оның шығармасы жарыққа шықпай тұрғанда айтылатын сын»(94),-дейді Б.Сахариев.

Сайып келгенде,сыншының бұл мақаласы-қазақ әдебиеті сынының ыстығы мен суығын өзге қаламдастарымен бірге кешкен айтулы маманның сондағы көптеген әлеуметтік мәні бар мәселелерге тоқталып,туған әдебиеттің кемшіліктері мен жетістіктеріне тереңірек үңіліп, зерттеу үстінде өзінің сыншылық принціпін еркін таныта алған байсалды туынды. Мақаланың ең құнды жағы-мұнда сын өткірлігі,сын әділдігі үшін күрес рухы бар. Сыншы қандай мәселеге де қай жағынан болсын, принципті сын тұрғысынан келе білген.

Сыншының келесі бір үлкен дүниесі «Сын мүддесі» деп аталады. Онда автор: «Шынын айту керек, әдебиетіміздің қалыптасу жылдарындағы сынның жай-жапсарын оқиғаның басы-қасында болған аға буын әдебиетшілеріміз болмаса,кейінгілеріміздің көпшілігіміз жеткілікті біле бермейміз. Сонау Аристотель мен Гегельдің, Белинский мен Чернышевскийдің эстетикасын, Поль Лафарг пен Плехановтың, Горькийдің, Луначарскийдің көркем өнерге көзқарасынан мағұлматы бар әжептәуір білімді деген жастарымыздың сүрінер томары-қазақ әдебиет сынының туу, қалыптасу, даму тарихы десек өтірік болмас»(95), - дейді.

Одан әрі Б. Сахариев қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін, қиыншылықтарын тілге тиек ете отырып, сонымен бірге сынның да туу, қалыптасу белестеріне шолу жасайды. Соның ішінде Абай мұрасын танып білу, пайдалану мәселесінің төңірегінде қаншама күрес, айтыс болғанымен, сол күрестің қаншалықты қиынға түскенін айта келіп, осы жайларды жастар тереңірек оқып білуі, үйренуі керек екеніне ешқандай шек келтірмейді. Болашақ әдебиетшілер сынның тарихымен үзіп-жұлып танысудан гөрі, жүйелі түрде, жеке пән ретінде өтсе, бұл әлдеқайда пайдалырақ болатынын меңзейді.

Сыншы бұл мақаласында да сынға көзқарас мәселесіне кең тоқталған. Керек десеңіз тіпті «Сыншыға көзқарас» талқысына бұрынғыдан да салмақты ойлармен келген. Ол мұнда ең алдымен сыншы кім деген сұраққа жауап береді. « Көпшіліктің ішінен бізде сынды әркім жазады, бірақ әркімнің» бәрі сыншы емес.Белгілі бір шығармаға талдау жасағанда автордың идеясын әдеби құбылыс ретінде эстетикалық тұрғыдан түсініп, тап басып талдау жасай білген оқушы ғана сыншы»(96),-деп қайырады.

Б.Сахариев қазақ романдарын да талдаған.Бұл салада сіңірген еңбегі де қомақты, айтқан салиқалы ойлары да салмақты.Негізінен ол романдардың идеялық-тақырыптық жағын нысана ете отырып, образдардың көтерілген биігіне, шеберлік,ізденіс сырларына жете мән береді.

Сыншы заманымыздың кемеңгер жазушысы, ірі қоғам қайраткері М.Әуезовтің творчестволық лабораториясын да зерттеген.Оның, әсірісе, жазушының алғашқы әдебиетке келген жылдарындағы шығармалары жайлы жазушы қаламынан шыққан шынайы туындының бірі « Қилы заман » повесі жайлы сыншы айтқан пікір айырықша елең еткізерлік.Ол кейбір әдебиетшілер (Ә.Шәріпов) пікірін толықтырып, « Қилы заман » повесть емес, романға лайық дүние дегенге саяды.Мұны сыншы шығарманың көлемі, эпикалық баяндау тәсілі, кейіпкерлер характерінің тереңдігі, психологиялық сезімталдығы, композиция, сюжет құру шеберлігі, тіл көркемдігі сияқты көптеген компонеттері арқылы повестен гөрі романға баларлық туынды екендігін айтады. Пікірі дәлелді болуы үшін повесть кейіпкерлеріне, тіліне тоқталып, көптеген нақты деректер келтірген. Ол осы еңбек деңгейінде-ақ жазушының нағыз реалистік позициясын анықтап берген.

«М.Әуезов тарихи шындыққа зәредей де қиянат жасамай, оқиғаны да, характерді де өзінің эволюциялық өсу жүйесімен, логикалық сенімділігімен, барды бардай, жоқты жоқтай, қаймағы бұзылмаған қаз-қалпында таңғы шық тәрізді мөлдіретіп әкеп қағазға түсірген »(97), деп жазады ол.Шығармадағы Ұзақ пен Жәрмеңке тұлғасына қарап сыншы кейінгі « Түнгі сарындағы » Жантас пен Тәнекенің шығу тегін де байқап қалған. Бұл туынды жазушының «Абай жолына» барар жолындағы алғашқы баспалдақтары дейтін пікір түйеді.

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы жайлы кезінде бұрынғы Одақ көлемінде де, туған әдебиетіміз аумағында да көптеген мақалалар, очерктер, зерттеу, монографиялар жарық көрді. Соның бәрінде де авторлар кемеңгер қаламгердің суреткерлік талантын әр қырынан ашып көрсетуге күш салды.

Б. Сахариев бұл орайда өзінің «Өмірі - өнеге, өнері, - мұра» атты еңбегінде М. Әуезовтың өмірі мен эпопеясының образдар галереясына кең тоқталады. Алдымен осы керек туындының бір ерекшілігін сыншы айрықша бөле қараған. Ол – батыстың классикалық әдебиетінің тарихи шығармаларымен салыстыра бағаланғандағы М.Әуезов эпопеясының өзіндік ерекшілігі.Жазушы Абай өмірі деректерінің хронологиясында байланып қалмай, негізгі идеяны шешуге тұрарлық құбылыстарды сұрыптап бейнелеп, әрбір жеке кейіпкерді типтік дәрежеге көтере білген.

Б. Сахариев жағымды образ, оны типтік дәрежеге көтеру проблемасын біраз сөз етіп, басқа да талай ойлы, салмақты дүниелер берген сыншы. Соның бірі «Еңбекпен ержеткен талант» атты көлемді зерттеу мақаласы. Онда қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі - Ғабиден Мұстафиннің творчествосы тақырып өзегі болады.

Жазушы творчествосы – Б.Сахариевтің ұзақ жылдар бойы зерттеп, салмақты ой түйіндеген түбегейлі әдеби бір нысанасы. Бұл зерттеуді де сыншы өзіндік маңызы бар құнды тұжырымдар жасап, қаламгер романдарының образдар алқасына кесімді баға берген байыпты еңбек деп түсінген жөн.

«Қарағанды» романы жазушының оқиғасы мол, тынысы терең, кең құлашты шығарма жасау жолындағы кесек туындысы деп бағалайды сыншы. Ол жазушының кейінгі шыққын биігі – « Дауылдан кейінгі» романына барар жолдағы сенімді бір баспалдағы болған.

«Адам. Тарих. Роман.» – сыншының жетпісінші жылдары тарихи – революциялық тақырыпта тәмамдалған үлкен еңбектің бірі жазушы Ә. Нұрпейісовтың «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты үш кітаптан тұратын « Қан мен тер» трилогиясының кейбір ерекшеліктерін саралауға арналған мақаласы.

Б.Сахариев мақаласында романдағы халық образының біршама типтік дәрежеге көтеріле алғандығын айтады. «Абай жолындағы» қалың жатақ, оның типтік өкілі – Дәркембай ұлы ақын бейнесінің ажырамас бір құрамдас бөлігі болса, Әбдіжәміл трилогиясында да халық бейнесі айбарлы.Мұны дұрыс байқаған сыншы тіпті «романда суреттелетін қарапайым халықтың өзі бас кейіпкерлер Еламан , Кәлендерді жоқтатпайтын дәрежеге көтеріле көрсетілген»(98),-деп автор жетістігін айрықша бағалайды.

Б.Сахариевтің айтар оралымды ойы, көтерер жүгі бар еңбектерінің тағы бірі –жазушы Ә.Нұршайықовтың «Махаббат,қызық мол жылдар» романына орай жазған мақаласы («Жастықтың өзі жайсаң жыр»).

Мәдениетіміз бен әдебиетіміз шарықтап өскен заманда оқушыларымыздың да көркем шығарманы қабылдау ,бағалау дәрежесінің өскенін мақтаныш тұтпасқа болмайды. Бүгінгі оқырман сауатты оқырман.Сыншы мақаласында осы оқырман проблемасын көтерген. Мақаланың құндылығы осында.

Сыншы оқырман сынының әділеттілігі жайлы толғанады. Жақсы шығарма әр кез оқырман көзінен қалыс қалмай,оны «еліктіріп, ертіп ала жөнеледі, мұның өзі оның ең бірінші табысы». Сыншы Ә.Нұршайықов романын осындай ойға жетелейтін жақсы шығарма деп бағалайды.

Б.Сахариев прозаның ықшам жанрлары саласына жататын сан алуан повестерді де талдаған.

М. Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі жас педагог Жақыпбектің алғашқы аяқ алысы, кездескен кедергі, қиындықтары жайлы сыр шертеді. Жақыпбек – ізденгіш бейне. Алғаш сабаққа келгенде-ақ балалармен ашық сырласуға талпынады. Осынысымен-ақ ол біраз жаңалық енгізеді.

Дегенмен, Жақыпбек бейнесінде кемшіліктер жоқ емес. Ең бастысы, Жақыпбектің оқушының жеке басын зерттеу ісіне мән бермеуі. Шәкіртінің мінез-құлқы, танымы – педагогтің ең бір ден қойып зерттейтін нысанасы болуы керек. Ал шындығында оқушының кейбір қыңыр өжеттігінің де себебіне Жақыпбек өресі жете бермейді. Осыдан келіп ұстаз бейнесі өз биігіне жетпей,образ ретінде аяқталмай қалады.

Сыншы мұның екінші бір себебін басты образды толықтырып отыратын екінші қатардағы кейіпкерлердің аздығы, жұтаңдығынан іздейді.Тәжірибесіз жас педагогтің өзіне ақылшы ұстаз өте керек.Амал не,осы міндетті атқаруға толық мүмкіндігі бар тәжирбелі мұғалім Нүрипа апай бейнесі повесте қалтарыстан шыға алмай қалған эпизодтық қана дәрежеде. Ал ұжым бейнесі шығармада тіпті көрінбейді Сыншының өз сөзімнен айтқанда,Жақыпбек «күреспен өсіп-жетілудің орнына, бәрін өз бойына сидырған, аспаннан түскендей образ»

Б.Сахариев мақалаларының ендігі бір тобы насихаттық бағытта,яғни көпшілік қауымды жаңа бір шығармамен таныстыру, өнер жаңалығының өзегін ашып, ойын екшеу бағытында жазылған. Бұл салаға оның «Қауышқан құшақтар», «Тәрбиеші таланты», «Өшпес мұра», «Әлемге мәшһүр әдебиет», «Жаңа өмірдің жаршысы» т.б мақалаларын жатқызуға болады.

Мәселен, «Қауышқан құшақтарда» - сыншы қазақ және орыс әдебиеті арасындағы тығыз достық байланысты сөз еткен, мақтан тұтқан. Міне, осы ұлы достықтың бір көрінісі – қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезов пен орыс әдебиетінің ірі өкілі М.Соболевтің берік достығы мақала тақырыбы, арқауы болған.

Ал «Өшпес мұра» Абай поэзиясының әлеуметтік күшін тілге тиек еткен.

Сыншы ақын Қасым Тоғызақов творчествосын терең зерттегені көрініп тұр. Ол ақынды тек ақын ретінде ғана емесе, білікті аудармашы ретінде де бағалайды.

«Ақын жолы – жыр жолы» - сыншының Қасым Тоғызақов творчествосын оның талант шоқтығы – «Сібір Омар» дастанын талқыға салған көлемді бір еңбегі.

Ә, дегеннен- ақ байқалатын бір жайт – Б.Сахариев ақын творчествосына мейлінше терең үңілген, ол Қасым ақынды Қасым аудармашы ретінде екінші бір қырынан да көрсетеді. «Әдебиет майданында 40 жылдан аса тынымсыз еңбек етіп келе жатқан ақынның сіңірген еңбегінін басты саласы-аударма. Бұл салада ол....қап толы қазынасы бар ақын ,-деп сенімді сөйлейді

Осы орайда сыншы ақынның аудармашылық ерекшелігі-түпнұсқаның бояуын, көркемдік кестесін, нәр-нақышын, өлең өлшемін,жазу мәнерін мүмкіндігінше толық сақтай отырып,оны төл туындының дәрежесіне көтере білетіндігіне екенін баса айтады.

«Балбырап ымырт түссе,шапақ батса,

Кавказдың шыңына түн перде жапса,

Сиқырға басы айналған сияқтанып,

Мүлгіп ың-дың дүние тыным тапса,

Жүзімнің бұтақтары бойын жазса,

Ынтығып жер шағына аузын ашса,

Алтын ай аспандағы сәуле берсе,

Жоғары жылжып таудан дөңгеленсе,

Ғажайып дидарына құштар болып,

Тасадан көз жіберсе, әуреленсе –

Сол кезде соған ұшып мен жетермін

Мейман боп күн шыққанда бір кетермін,

Жібектей кірпіктерің ілінгенше,

Ұйқыға әлдилермін, тербетермін...»

Лермонтовтың Демоны Қасым аудармасының сиқырлы күшімен осылайша сырласады.

Қ. Тоғызақов – аудармамен қатар, лирикалық қысқа өлеңдер, кесек дастандар да жазған ақын. Сыншының ендігі сөзі – ақын талантын айқындайтын «Сібір Омар» дастанының ерекшеліктері жайлы. Дастанның, композициялық – сюжеттік құрылысында біраз кемшіліктер бар. Дегенмен ақынның ең бір ұтқан жері – шығарма тілінің тартымдылығы дейді сыншы. «Ал жалпы алғанда Қасым осылайша тарихта болған, патша үкіметінің абақтысын көрген, кейін кеңес өкіметі үшін жалынды күрескер дәрежесіне көтерілген Омар Досжановтың балалық шағынан өмірінің соңғы сағатына дейін, қилы-қилы өмір жолына ілесе отырып, оның поэтикалық тұлғасын мүсіндейді».

«Жыр тасқынында» сыншы қазақтың көрнекті ақыны Т.Жароков шығармаларын жүйелеп, оның қазақ әдебиетіндегі орнын айқындаған. 20-дан астам көлемді поэма жазған ақынның «Тасқын» поэмасы тақырыбы жағынан, жырлануы жағынан Пушкиннің «Мыс салт атты» поэмасына ұқсастау. Бірақ Қайсар – Евгенийге қарама-қарсы бейне. Ал, ақынның «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасын сыншы поэзиямызда лайықты орны бар, кесек те құнды шығарма деп бағалайды.

Қорыта айтқанда, сыншы, зерттеуші Баламер Сахариев қазақ әдебиетінде сын жанрын туындылармен дамытып, байытуға, сын беделін, белсенділігін арттыруға өзіндік үлес қосқан қадірменді қалам иесі болы. Оның бұл саладағы еңбектері осынысымен құнды, осынысымен қадірлі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет