Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ г.ғ. к., доцент Ә. С. Ақашева, г.ғ. к., оқытушы Қ. Б. Зұлпыхаров Географияны оқытудың жүйелiлiк әдiсiтері



Дата26.08.2017
өлшемі107,2 Kb.
#29067

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ г.ғ.к., доцент Ә.С.Ақашева, г.ғ.к., оқытушы Қ.Б. Зұлпыхаров

Географияны оқытудың жүйелiлiк әдiсiтері



Мектеп географиясының басқа пәндер секiлдi өзiндiк оқыту ерекшелiктерi бар. Географияны оқытудың негiзгi үш әдiсi бар:

1) Бiлiм берудiң ауызша және жазбаша түрi. Оған; ауызша баяндау, сұхбат, оқулық және статистикалық материалдармен жұмыс iстеу жатады.

2) Көрнекi әдiске оқушының өз бетiнше бақылау, тәжiрибе жүргiзуi мен көрнекi құралдар жасауы жатады. Сонымен бұған карталар және басқа да картографиялық шығармалармен жұмыс iстеудi жатқызуға болады.

3) Сарамандық оқытуға оқушылардың iс-әрекеттерiн кiргiземiз. География курсындағы ең басты сарамандық жұмыстарға; бұл жергiлiктi жердi түсiруде жүргiзiлетiн сарамандық жұмыстар, жергiлiктi жердiң жоспарын сызу, белгiлi объектiнi суретке түсiру, абсолюттiк биiктiктiктi анықтау, өзеннiң енi мен тереңдiгiн анықтау т.б. Географияны оқытуда әрбiр әдiстiң өзiндiк ерекшелiктерi бар. Сондықтан мұғалiм сабақ өтуде бұл әдiстердi қажетiнше қолданып отырады. Мысалы, сабақ өткенде ауызша баяндау, сұхбат және картамен жұмыс iстеу әдiстерiн бiрге қолдануға болады.



Мұғалiмнiң материалды ауызша баяндауы.

Сабақта ауызша түсiндiрудiң үш әдiсi бар; сұхбат, түсiндiру, лекция. Сұхбат дегенiмiз - бұл белгiлi бiр нәрсенi, оқиғаны суреттеу, баяндау. Мысалы, жер сiлкiнiсiн, вулканның атқылауын, өзеннiң ағысын, қалалардың орналасуын т.б. суреттеу. Мұғалiм сабақты ауызша баяндағанда оқиғаны оқушылардың кјз алдына елестете алатындай болуы керек. А.Чехов: “Табиғатты суреттеу - қысқа әрi сипатты болуы керек”- дегенiндей табиғаттың кiшкене бөлшектерiн топтастырып, жалпы табиғаттың суретiн бейнелеуге болады.

Әсерлi әңгiменi дайындау үшiн мұғалiм - әйгiлi географиялық ғылыми әдебиеттерден, очерктерден, саяхатшылардың күнделiктерiнен және көркем шығармалардан сабақа қатысты қажеттi материалдарды жинақтайды. Мысалы, мұғалiм сабақта ормандар туралы әңгiмелемекшi. Оқушылар сабақты түсiнуi үшiн, олар ең бастысы орманда өсетiн өсiмдiктердi бiлуi керек. Оқулықта ол өсiмдiктердiң атаулары жазылған. Оқушылар әрбiр ендiктердегi орман өсiмдiктерiн салыстырып, мұғалiмнiң баяндауы бойынша көз алдарына елестете алады.

Баяндау мен түсiндiру бiр-бiрiмен өте тығыз байланысты әдiстер. Тақырыптық карта және әртүрлi оқулықтармен жұмыс жасағанда оқушылармен сұхбат орнатамыз. Мысалы, “Қазақстанның әлеуметтiк-экономикалық географиясы” курсында Қазақстанның өнеркәсiбi туралы төмендегiдей жоспармен өтуге болады:


  1. Қазақстан өнеркәсiбiнiң дамуы мен қалыптасуы.

  2. Қазақстан өнеркәсiбiнiң салалары.

  3. Көне және жаңа өнеркәсiп салалары.

  4. Өнеркәсiп тораптарының орналасуы т.б.

Лекция - жоғары сыныптарда қолданылатын әдiс. Лекция материалды бүтiндей түсiндiру мен суреттеуде қолданылады. Лекцияда ең бастысы материалдың мазмұны мен мақсатын түсiндiре бiлу. Орта мектептерде оқушылар лекция сабақтарында мұғалiмнiң баяндағанын жазып отырады. Лекция жоспары арқылы оқушылар материалдың мазмұнымен танысады. Мұғалiм материалды ауызша түсiндiре отырып, кездесетiн терминдердi тақтаға жазса, оқушылар оны дәптерлерiне көшiрiп отырады. Лекцияны бастамас бұрын сынып тақтасына алдымен жаңа сабақтың тақырыбы, содан кейiн жоспары жазылады. Кейде мұғалiм оқушыларға үй тапсырмасын басқа әдебиеттерден беруiне тура келедi. Оқушылардың есiнде қалуы үшiн мұғалiм оны тақтаға жазады немесе ауызша айту арқылы дәптерге жаздырады. География пәнi ғылыми терминдерге өте бай, оқушылар пәнде өте көп жаңа сөздермен танысады. Оқушылар оларды қате айтпауы үшiн, мұғалiм сөздердi үнемi тақтаға жазып, дұрыс оқылуын қадағалап отырады.

Сұхбат. сұхбат әдiсi арқылы мұғалiм оқушыларға сұрақ қоя отырып, олардың бiлiмiн, iскерлiгiн тексередi және жаңа бiлiмдерiн арттырады. Дидактикадан мәлiм, сұхбат әдiсi оқушылардың бұрын өтiлген материалдарды есiне түсiредi және жаңа материалды жақсы меңгеруiне жәрдем бередi. Географияда сұхбат өте керектi әдiс болып табылады. Сұхбат әсiресе, өлкетану, бақылау және оқулық пен карталармен жұмыс жасағанда өте қажеттi әдiстiң бiрi. Сұхбат әдiсiне ең қажеттi нәрсе – материал мазмұнына сәйкес, сұрақтарды дұрыс құрастыра бiлу. Мақсатына қарай сұхбат 3-түрге бөлiнедi: кiрiктiру, түсiндiру және жинақтап қорыту.

Кiрiктiру сұхбаты – бұл оқушылардың естерiнен шыға бастаған материалдарды қайтадан есiне түсiруде және жаңа материалды бастауға қолданылады. Мысалы, 7-сыныптың “Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы” пәнiнде мұғалiм Африканың климатын түсiндiре отырып, “климат” сөзiне анықтама беруiн сұрайды. Сонда оқушылар 6-сыныптағы материалдарды естерiне түсiруiне тура келедi. Мұғалiм климат сөзiне анықтама ала отырып, өткен тараулармен жаңа сабақты байланыстырады.

Түсiндiру сұхбаты – бұл сұхбат әдiсiнiң күрделi түрi. Мұнда оқушыларға сұрақтар қойылғанда олардың карта, оқулық т.б. материалдармен жұмыс жасауларына тура келедi. Мысалы, “Қазақстанның климаты” тақырыбында оқушылар климатты құраушы факторлары дегенде, Қазақстанның географиялық орны, сағаттық белдеуi, климаттық белдеулер т.б. карталармен жұмыс iстей отырып, түсiндiредi.

Қорыту әдiсi - iрi тарауларды қайталап қорытындылауда қолданылады.

Соңғы уақыттарда жоғары сыныптарда конференция сабақтар өткiзiле бастады. Сұхбатқа қарағанда конференцияның артықшылығы – оқушылар дайындығына уақыттың көп жұмсалуы және алдын-ала дайындалатындығы. Көбiнесе оқушылар басты тұлға болып, мұғалiм бағыт-бағдар ғана берiп отырады.



Мұғалiмнiң дауыстап оқуы. Ауызша әдiстiң бiрi, мұғалiмнiң дауыстап оқуы. География сабақтарында көбiнесе табиғаттың тылсым құбылыстары, саяхатшылардың күнделiктерi, табиғаттың тамаша көрiнiстерi т.б. дауыстап оқытылады. Бұл әдiс–оқушылардың зейiнiн сабаққа аударуда, қызығушылығын арттыруда және ақын–жазушылардың шығармаларымен тереңiрек таныстыруда қажет. Егер материалды дұрыстап және мәндi бiр үзiндi оқылса, бұл өте бай педагогикалық процесс. Мұғалiм өзiне керек материалды қайдан алуы мүмкiн? Бұл мақсатта -географиялық хрестоматиялар, география кiтаптары, көркем шығармалар, географиялық баяндамалар, саяхатшылардың күнделiктерi және т.б. шығарылған. Қазiргi уақытта география курстарына арналған арнайы географиялық хрестоматиялар бар. Бiрақ бiр хрестоматияның өзi мұғалiмге аздық етедi. Материалдарды көркем әдебиеттерден, арнайы географиялық кiтаптардан, журнал және газеттерден жинау қажет.

Қазақстандық ақындардың жер-су туралы өлеңдерiнен бастап, Асан Қайғы, Қорқыттардың қазақ жерi туралы өсиеттерiн қолдануға болады. Қазтуған, Махамбет жыраулардың атамекен жайлы өлеңдерiн, С.Сейфуллин, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин т.б. табиғат көрiнiстерi жайлы жырларын, Ш.Уәлихановтың саяхаттары мен зерттеулерiнен үзiндiлер алуға болады. Сонымен бiрге “География және табиғат”,“Қазақстан мектебi” журналдары мен “Атамекен” газеттерiне жарияланған материалдарды да қолданудың маңызы зор. География сабақтарында қазiргi кезде экологиялық тақырыптарға арналған материалдар жиi қолданылады.

Материал жинағанда, оның сабақ тақырыбына сәйкес келуi, оқушылардың жас ерекшелiктерi, оның ғылыми және педагогикалық құндылығы ескерiлiп отырады. Оқуға таңдалған үзiндiлер оқушыларға қызықты және мазмұны пайдалы, тәрбиелiк маңызы болуы шарт. Оқушылар жалығып кетпейтiндей әрi қысқа, әрi нұсқа болуы керек. Үзiндiнi дайындағанда мұғалiм оны алдын-ала өңдеп, керектi жерлерiн белгiлеп, керек емесiн алып тастайды. Бұған мысал ретiнде әр түрлi үзiндiлердi аламыз; өлең-жырлар, географиялық мазмұны бар көркем шығармалар, очерктер т.б.

Мұғалiм бiр үзiндiнi оқығанда, оны түсiндiрiп өтуi қажет. Географиялық картадан мәтiнде айтылған жерлердi көрсетiп, тiптi суреттерiн көрсетуге де болады. Оқыған нәрсе есте қалуы үшiн оқушыларға есiткен материалдары бойынша сұрақтар қойып, оны ауызша айтып беруiн талап ету керек. Соңғы кезде мұғалiмдер атақты артистердiң, әншiлердiң әндерi мен жырларын үнтаспаға жазып, магнитофон арқылы тыңдатып жүр. Бұл оқушылардың сабаққа қызығушылығын арттырады.



Географияны оқытудағы көрнекiлiк және сарамандық әдiстері

Географиялық бақылау. Географияда бақылау жұмысының маңызы үлкен. Оқушыларда бұл кезде iскерлiк пен дағды қалыптасады. Сонымен бiрге бақылау табиғат құбылыстары мен шаруашылық сипаттары жөнiндегi бiлiмдерiн де тереңдетуге көмектеседi. Әдетте, географиялық бақылаулар сыныптан тыс уақыттарда өткiзiледi. Ондай бақылаулар экскурсия кезiнде орындалады. Бақылау көбiнесе топтық сипатта жүргiзiледi. Топтық бақылауда:



  • Өзен режимi; Құдықтағы судың деңгейi; Таудағы топырақ түрлерi; Ауыл шаруашылық жұмыстары т.б. анықталса,

Мектеп жанындағы географиялық алаңдарда;

  • ауа райын бақылау; күн биiктiгiн анықтау; күннiң шығысы мен батысын белгiлеу; поляр жұлдызының орнын анықтау т.б. бақылаулар жүргiзiледi.

Бақылаудың кейбiреулерi оқу бағдарламасына енгiзiлiп, оқушылар оларды кезекпен орындайды. Ал басқалары сыныптан тыс уақытқа жоспарланып, өткiзiледi. Бақылауды оқушылар мұғалiмнiң тапсырмасы бойынша орындайды. Әр бақылаудың өзiндiк бағыты мен мақсаты болады. Бақылау үрдiсiнде жиналған материалдарды өңдеп, сабақтарда пайдалануға болады.

Географиялық иллюстрация және олармен жұмыс iстеу әдiстерi

Географиялық көрнекi құралдарға: суреттер, көрiнiстер, әр түрлi пейзаждар жатады. География оқулықтарында иллюстрациялық материалдар өте көп берiледi. Көбiнесе көркем суреттер тақырып мазмұнына орайластырылып берiледi. Географиялық көркем суреттерге - арнайы жасалынған қабырғалық картиналар жатады. Мысалы, 7-сыныптың “Материктер мен мұхиттардың физикалық географиясы” пәнiнде 20-сериядан тұратын қабырғалық суреттер жасауға болады: оған;

  • саяхатшылар мен зерттеушiлердiң жүрген саяхаттары;

  • әр материктiң ашылу тарихы;

  • материк бедерлерi;

  • өсiмдiктерi; жануарлары;

  • мұхит ағыстары;

  • вулкандар т.б.

Сонымен бiрге табиғат көрiнiстерiн бейнелейтiн пейзаждар. Мысалы, “Көкшетау көрiнiсi”, “Қазақстан қорықтары”, “Сексен көл” т.б. Мұғалiмдер көбiнесе қабырғалық суреттердi, альбом, буклет, плакаттарды өздерi жасайды.

Көркемдеу әдiсi – өте қажеттi оқу құралы. Мұғалiм жаңа сабақты түсiндiрiп, қажеттi көрiнiстi суреттен көрсетедi. Немесе белгiлi бiр суреттi көрсетiп, ол туралы оқушылардан сұрайды. Сөйтiп сұхбат әдiсiн орнатады. Кейде мұғалiм жаңа сабақты иллюстрациямен бастайды. Мысалы, 6-сыныптың физикалық географиясында тау және жазық жер өзендерiн өткенде оқулықта олардың суреттерi болады. Сонда оқушылар өзеннiң екi түрiн бiр-бiрiмен салыстырып көрiп, айырмашылықтарын бiрден түсiнедi. Көркемдеу әдiсi сабақтың үстiнде және сабақ соңында қолданылады.

Оқушыларға суреттер арқылы өзiндiк жұмыс та берiледi. Мысалы, 7-сынып оқушысы оқулықтағы суретке қарап саванна туралы айтып бередi. Саваннаның географиялық орны, климаты, өсiмдiк және жануарлар дүниесi т.б. Суретте бiз баобоб өсiмдiгiн, акацияны, өзен жағасындағы орманды көремiз деп бiр оқушы суреттесе, екiншi бiр оқушы саваннаны мұғалiм қойған сұрағына байланысты сипаттайды. Қысқы саваннаның аспаны бұлтсыз, жасыл өсiмдiктерi қурап қалған, баобоб ағаштарының жапырақтары түскен, жануарлар дүниесi аз деп суреттейдi. Африканың саваннасындағы өсiмдiктердi сипаттағанда суреттер мен кеппешөптердi қолдануға болады.

Сынып қабырғасында iлiнiп тұрған суреттердi оқушылар жиi көретiндiктен қызықпайтын жағдайлар кездеседi.

Сондықтан көрнекiлiктердi жиi ауыстырып отыру қажет. Диапозитивтер мен диафильмдердi қолдану да тиiмдi. Олардың әр түрлi маркалары мен түрлерi бар. Мысалы, әр бiр материктiң диапозитивi болса, материк мемлекеттерiнiң диафильмдерi бар. Вулкандар тақырыбын өткенде диапозитивтер арқылы олардың құрылысын, атқылауын, орнын т.б. көрсетсек, жеке “Кракатау”, “Фудзияма”, “Сопка” диафильмдерi арқылы вулкандарға сипаттама бере аламыз.

Диафильмдер диапозитивтерге қарағанда сценарийлерi бар кадрлардан тұрады. Диафильм табиғаттың күрделi процестерiн немесе мазмұнын ашуға көмектеседi. Мысалы, “Зiлзала” деген диафильмдi көрейiк. Бұл диафильм 4-фрагменттен тұрады;


  1. Жер сiлкiнудiң адамдарға зияны.

  2. Зiлзаланың болу себептерi.

  3. Сейсмограф құралы.

  4. Зiлзаладан сақтану жолдары.

Диафильмнiң мазмұны оқу материалының мазмұнын түгел түсiндiрiп бередi. Мұғалiм картадан диафильмде көрсетiлген жерлердi көрсетiп, оқушылармен сұхбат жүргiзiп отырады. Диафильм материалдары арқылы елдердi, аудандарды, ауыл шаруашылығын көрсетуге болады. Олардың уақыттары 15-минуттан 1-сағатқа дейiн болады.

Жергiлiктi жердегi сарамандық жұмыстар

Географияны оқытуда тәжiрибенiң ролi үлкен. Көп жағдайда бұл тәжiрибелер физикалық күй мен биологиялық бағытта жасалынады. Табиғатта болатын процестер мен оқиғаларды зерттеуде география пәнiндегi тәжiрибелердiң маңызы зор.

Мектеп географиясында кең тараған тәжiрибелерге;



  1. Судың жылдамдығын өлшеу;

  2. Судың шаю уақыты мен процесiн анықтау;

  3. Сарқырамалардың пайда болуын бiлу;

  4. Ауа құрамын анықтау;

  5. Ауа ылғалдылығын бiлу т.б.

Бұл тәжiрибелер жалпы физикалық география пәнiне қатысты. География курсы бойынша әр түрлi сарамандық жұмыстар өткiзiледi. Оқушыларда сарамандық жұмыстарды орындауда бiлiм мен iскерлiк пайда болады және қалыптасады. Топографиялық сарамандық жұмыстарға; тұсбағар, поляр жұлдызы, жергiлiктi жердiң объектiлерi арқылы бағыттарды анықтау, ара қашықтықты көз мөлшер және рулетканың көмегiмен өлшеу, төбелердiң абсолюттiк биiктiгiн өлшеу, жергiлiктi жердiң планын сызу, жергiлiктi жердiң географиялық ендiгi мен бойлығын өлшеу т.б. жатады.

Картамен жұмыс iстеу әдiсi

Әр бiр географиялық карта картографиялық тордан, белгiлi масштабпен сызылған құрылық пен судың кескiнiнен тұрады. Оқушылар географиялық картамен жұмыс iстегенде мыналарды бiлуi керек;

1) Бағдарламаға сәйкес географиялық номенклатура және нақты картографиялық түсiнiктер;

2) Картада бейнеленген объектiлер мен құбылыстарды түсiне бiлу;

3) Географиялық объектiлердi картадан көрсете бiлу.

Картаны оқи бiлу 2-кезеңнен тұрады;



  1. Шартты белгiлерi мен таңбаларды ажырата бiлiп, сол арқылы объектiлер мен құбылыстарды оқу;

  2. Карта арқылы түспеген жерлердi анықтай алу.

Мысалы, физикалық картада Қызылқұм шөлiнiң географиялық орнын анықтаса, кейiннен тақырыптық карталар арқылы ландшафт элементтерiне сипаттама бередi.

ХIХ ғасырдың II жартысында орыс әдiскер-педагогы А.Брызгалов: “Оқушы картаға қарап бәрiн бiлуi үшiн географиялық шартты белгiлер, музыкалық ноталарға ұқсап анық болуы тиiс” - деген екен. Географиялық картаны оқу географиялық ендiк пен бойлық, градустық тор, масштаб, кейiн территориялар мен географиялық объектiлерге сипаттама беруден басталады. Жалпы географиялық карталарға қарағанда арнайы карталарды оқу қиын. Сондықтан оқушы алдымен жалпы картамен, кейiн арнайы карталармен танысады. Мысалы, Қазақстан мемлекетi жайында алғаш географиялық орны туралы картадан өтсе, кейiн тақырыптық карталар арқылы пайдалы қазбалары, климаты, iшкi сулары, жер бедерiне тоқталады. Экономикалық картасы арқылы шаруашылығы мен халқына, саяси-әкiмшiлiк бөлiнулерiне т.б. сипаттама бередi.



Оқулықтың арнайы карталары және атласпен жұмыс жасау

Оқулықта және атластарда арнайы карталар сызылады. Мұғалiм сабақ кезiнде осы карталар бойынша сабақты түсiндiруге тырысады. Арнайы карталардың шартты белгiлерi өте көп, оқушылар олардың бәрiн естерiнде қалдыра алмайды. Олар шартты белгiлердi ажыратуы үшiн өзiндiк жұмыстар берiлiп отырылады. Мұғалiм карта арқылы сұрақтар бере отырып, бiлiмдi бекiтедi.

Мектеп географиясында карталар түрлi-түстi фонмен берiледi. Әр бiр территория түрлi фонмен боялады. Фон әдiсi арнайы карталар мен атластарда жиi қолданылады. Мысалы, топырақ түрлерi, өсiмдiктер, саяси-әкiмшiлiк бөлiнулер, табиғат зоналары т.б. бейнелеулерде.

Арнайы карталарда сызықтық әдiстермен жолдар, шекара, өзен торлары бейнеленсе, қозғалысты бейнелеу әдiстерi арқылы желдiң, ағыстың бағыттары, соғыстың бағыты және экспорт, импорт өнiмдерiнiң бағыты т.б. кескiнделедi. Ал геометриялық белгiлер арқылы пайдалы қазбалар, өнеркәсiп салалары, халық саны, қала пунсондары т.б. берiледi.

Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ә.С.Ақашева, К.Ж.Дүйсебаева. Географияны оқыту әдістемесі. Алматы. Қазақ университеті. 2013.173 б.

2. Кенжеахметұлы С. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» /Традиций и обряды казахского народа/.- Алматы: Кітап, 2004. 12-16 бб.



3. Қарашалова Д. Тәрбие берудің ұлттық және құқықтық негіздері. //Биология және салауаттылық негізі. 2006-№1,64-65 бб.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет