Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи сананы қалыптастырудағы рөлі
Сақтаған Гүлсезім Еркінқызы
g.saktagan@mail.ru
М.Қ.Қозыбаев атындағы СҚМУ, Тарих, экономика және құқық факультеті, «тарих» мамандығының 4 курс студенті, Петропавл, Қазақстан.
(Ғылыми жетекшісі-Картова З.К)
Әрбір мемлекет өзінің дамуы барысында ең алдымен мемлекеттің тарихына ерекше көңіл бөледі. Біздің елімізде де тарих ғылымы қоғамдық-саяси өмірдің алдыңғы қатарына көтерілді. Себебі, Отан тарихы ұлттық сананың іргетасы болып табылады. Әр халықтың өз тарихын тереңнен бастау алатынын мақтаныш ету заңды құбылыс. Адамзаттың мол мұрасы түркі халықтары өз қойнауындағы әлі де шығарып болған жоқ. Бірақ барының өзі жалпы түркіге мақтаныш етуге әбден лайықты. Тәуелсіздігімізді алған уақыттан бері Президентіміздің ұсынысымен «тарих жылы», «ұрпақтар сабақтастығы», «мәдениетті қолдау» жылдарын атап өтуіміз, бұл өткеніміз бен бүгініміз және болашақ арасындағы игі істер байланысын үзбей ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету шаралары. Тақырыптың өзектілігі осында – тарихты халықтың игілігіне айналдыру.
Бүгінде, біз адамзат қоғамының жаңа даму сатысы – өркениетті демократиялық қоғамға ұмтылудамыз. Бұл, басты мақсатқа бағытталған, үрдісті дамудың шұғылалы да сәулетті ұстанымы екені күмәнсіз. Сол себепті біздің зерттеушілеріміз төл тарихымызды жазуға, жариялауға белсенді бетбұрыстар жасап үлгерді. Мұның өзі ең жоғарғы мемлекеттік деңгейде қолдау да тапты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, орта білім жүйесінде де, арнаулы білім жүйесінде де тарихи білім беруді дамыту, тарих ғылымын жетілдіру Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатының басым бағыттарының бірі болып саналды. Яғни, ұлт тарихын ұлықтау, тарихи сананы қалыптастыру мәселелерін өзінің әр жыл сайынғы халыққа жолдауларында, стратегиялық жоспарларында айқын атап көрсетіп отырды.
1995 жылы «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасы» қабылданып, онда тарихи білімнің іргелі принциптері айқындалып, негізгі басымдықтары анықталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялануы еліміздің тарихқа ден қойғанын көрсетеді.
Президент Н.Ә. Назарбаев 2003 жылы жарық көрген «Тарих толқынында» атты еңбегінде өзінің тарихи көзқарасына тереңірек талдау жасайды. Аталған кітабында Н.Ә. Назарбаев тарихымызды бірнеше кезеңдерге бөліп қарастыра отырып: «Ең алдымен, төл тарихтың тіні деген мәселе. Бүгінгі таңда ұлттық тарих сөз болғанда – дәстүрлі көшпелілер қоғамы, Ресей империясының аясында болған кезең, кеңестік кезең, ең соңында қазақ ұлтының тәуелсіздік жағдайындағы кезең деп саралау әуезе болған. ...Қазақстан жерінің байырғы кезеңінде де, қазақ ұлтының төл этногенезі төбе көрсете бастағаннан бергі кезеңінде де қалалық жүйесі дамыған елді мекендердің болуы бір жақты байлам жасауды көтермейді. Оның үстіне, тұтас алаптарды қамтыған отырықшылдықтың сан ғасырлық дәстүрі бар екені белгілі. ...Сондықтан қазақ тарихының осынау ең бір этникалық ұзақ ғұмырын бажайлағанда біз қаптаған қасаң қалыптардан бас тарта отырып, ұлттың бүгінгі тұлғасына дәстүрлі қазақ қоғамының қандай ерекшеліктері «ізін қалдырып» отыр және сол сан ғасырлық әсер-ықпалдың ерекшелігі неде деген мәселені шындыққа сай сезінуіміз керек» дейді.
2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә. Назарбаев бұрын-соңды болмаған «Мәдени мұра» бағдарлама қабылдайтынын жариялады. Бұл ұзақ уақыт бойы бұғауда болып, тұралап қалған төл тарихымызды зерттеуге қосқан зор үлес еді және бұл үлкен жаңалық болды. Мемлекеттің ұлттық тарихты жаңғырту мен зерделеу мақсатында қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ауқымы орасан зор жұмыстар тындырды. «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсаты жазба деректерді жинау және жариялау болып табылады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы екі кезеңді, бірінші кезеңі 2004-2006 жылдарды қамтыса, екінші кезеңі 2009-2011 жылдарды қамтиды.
Бағдарлама қабылданғаннан кейін төрт жылда тарих пен мәдениеттің 51 ескерткіші қайта жаңғыртылып, Қазақстан аумағындағы 39 қалашықта, қоныста, тұрақта, обалар мен қорғандарда маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ресейге, Жапонияға, Египетке, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ пен Батыс Еуропаға 15 ғылыми экспедиция ұйымдастырылып, Қазақстан тарихы, этнографиясы, өнері жөнінде бұрын белгісіз болып келген 5000-ға жуық қолжазбалар мен баспалық басылымдар табылды. Тек Қытайға жасалған экспедицияның барысында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты бұрын зерттелмеген манчьжур тіліндегі 3 мың, қытай тіліндегі 300, шағатай тіліндегі 60, ойрат тіліндегі 70 дерек табылды.
Аталған бағдарлама негізінде елімізде қазақ хандары мен сұлтандарының Қытай, Қоқан, Хиуа және де басқа да көрші елдердің басшылары арасында жүргізілген хаттары табылды. Осы уақытқа дейін белгісіз болып келген қыпшақ тіліндегі жазулар белгілі болып ғылыми айналымға қосылды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы ежелгі көшпелі халықтардың шаруашылық түріне, антропологиялық түріне, тілдеріне қатысты табылған этнологиялық деректер тарих ғылымына қосылған зор үлес болып табылады. Қожа Ахмет Иассауи кесенесі мен Тамғалы археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мұралар тізіміне енді. Бағдарлама аясында 230 аталым кітап жарық көрді, олар тарих, археология, этнография жөніндегі аса маңызды сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер. Мемлекеттік бағдарлама тарихи-мәдени мұраны қайта қалпына келтірумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – қоғамдық санада оң өзгерістерге қол жеткізу және нақ осы тұрғыда ол маңызды идеологиялық, жалпымемлекеттік мәнге ие болып отыр.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қомақты жұмыс атқарылды. Халқымыздың мәдени мұрасын зерделеуге, сақтауға, қалпына келтіруге және тиімді пайдалануға бағытталған шаралар кешенін іске асыруды қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметі 2007 жылы 10 желтоқсанда 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұра» салалық бағдарламасын бекітті, ол Мемлекеттік бағдарламаның қисынды жалғасы болып табылады.
Н.Ә.Назарбаев 2012 жылдың 14 желтоқсанында «Қазақстан -2050» Стратегиясында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» - деген тұжырым жасаған болатын. Баяндамада ғылымның рөлі өзгергені қадап көрсетілді. Тарих ғылымына феноменология мен герменевтика әдістерінің енуі тарихи зерттеулердің сипатының өзін едәуір өзгертіп жіберді. Ендігі жерде тарихшы фактілерді тізбелеп, суреттеп отырушы, оқиғаларды тек «тіркеуші» емес. Ендігі жерде тарихшы «пайымдаушыға» – зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерттеп қана қоймайтын, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға айналуға тиіс.
Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме арқауында сапалық секірісті жүзеге асыруына жағдай жасауды; қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруды; Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылының мәнін пайымдауды айтуға болады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дер кезінде жазылған дүние. Себебі, бұл мақаладан ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көре аламыз. Біз егеменді еліміздің ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетін, мәдениетін, тарихын, ұлттық рухын жаңғыртуға ат салысуымыз керек. Елбасымыз тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі және ұлтымыздың алға ілгерілеуі үшін рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім мен ғылымға аса мән берді.
Көшбасшымыздың халықтан қызу қолдау тапқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұғырнамасы ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміз бен тарихи кемелденуіміздің жаңа бастауы деп бағалауымыз керек.
«Қазақстан-2050» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси стратегиясында рухани бірлік пен ұрпақтар арасындағы сабақтастық, ұлттық сана-сезім мен жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелерін өзектендіре отырып, мемлекет басшысы Н.Назарбаев жақын болашақта мықты және қуатты Қазақстан мемлекетін өркениетті жолмен құрудың қажетті шарты екеніне баса назар аударды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыруда үлкен жауапкершілікті мемлекет құрушы ұлт ретінде қазақ халқына жүктей отырып, Президент тек мәдени кодты сақтай отырып қана уақыттың сын-қатерлеріне жауап қайтара алатынымызға баса назар аударды. «Егер ұлт өзінің мәдени кодын жоғалтса, онда ол ұлттың өзі де жойылады. Тек тағылымды тарих, ата-бабалар даңқы ғана қазіргі уақыт қиындықтарын жеңуге мүмкіндік береді» деген құнды пікірі ата-салтымызды сақтауға, туған жер мен ел алдындағы парызымызды ақтауға шақырады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін. Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер де осы заман талабына сай қайта құруды міндеттейді. «Тәрбие бар жерде ғана сапалы білім саналы ұрпақ болады» деген дана халқымыздың мақал сөзіне сүйенсек, рухани жаңғыру мен жаңаруда тарихи сананы қалыптастырудың маңызы зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Үштілділікті меңгерген адам ештеңеден ұтылмайды. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік»-деп Абылай хан айтқандай елбасымыздың болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласында ісімізден санамыз озып жүру керектігі анық айтылған. Біздің ендігі мақсатымыз тарихи ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, жаңарып жатқан жаңа дүниенің жағымды жақтарын бойымызға сіңіріп, дамыған 30 елдің қатарына ену. Елбасымыз айтқандай «жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты ұлттық кодты сақтай білу». Себебі өткеніңді білмей болашақты болжау мүмкін емес. Ендеше болашаққа бұлыңғырсыз аяқ басу үшін тарихымызды жаңаша жандардыруымыз қажет және дамыған елдердің көшін бастауымыз керек.
Бүгінде «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша елімізде көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттың жалғасы ретінде Елбасымыздың 2018 жылдың 21 қарашасында «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланған болатын. «Қазақтың арғы-бергі тарихында біз ұялатындай ештеңе жоқ» дегенді бұрынырақта айтқан Елбасы бүгінде түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туып отырғанын білдіріп, төл тарихқа оң баға берілуін, төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болатындығына сенім артады.
Өткенімізді өшіріп, тарихымыздан тамыр үзіп қалатындай кезеңдердің болғаны ақиқат. Десек те, талай нәубатты көрген қазақтай қайсар халық өз тәуелсіздігінің жылдарында сол ұмыт бола бастаған тарихи сананы жаңғыртуда. Мемлекет басшысы ұйытқы болып, біраз бағдарламалар қабылданып, бұл бағыттағы жұмыстар басталған-ды. Елбасының осы жолғы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихымызға берілген әділ баға деп білеміз. Осыған дейін айтылып келген дүниелерді ғылыми тұрғыда, дәлелдерге сүйеніп барлық әлемге паш ете аламыз.
Сан ғасырлық тарихты жүйелеу әрине, бір күндік жұмыс емес. Бұл жауапты міндетті ертеңгі уақыт еншісіне қалдырмай, бүгін бастауымыз аса маңызды. Олай болмаған жағдайда тарихи санасы қалыптаспаған, ұлттық иммунитеті әлсіз ұлттың жаһандану заманында өз болмысын жоғалтып алуы кәдік. Осы аталған шаруаларды қолға алу арқылы қазіргі жаһандану үрдісіне де өз тарихымызбен еніп, өскелең ұрпаққа бай тарихи мұрамызды қалдыра аламыз. Бұл ретте Мемлекет басшысы жұмыс жүргізу бағыттарын да айқындап берді. «Архив-2025» бағдарламасының маңызы айтпасада белгілі. Себебі, ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материялдар шаң басқан архивтермен ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. «Ұлы Даланың ұлы есімдері» және «Ұлы Дала тұлғалары» сынды жобаларды осы мақсатқа жетудің арқауы деуге болады. Мақалада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы атқаратын рөлін ерекше деп, санауға болады.
Қазақ халқының мәдениеті – әлемдік мәдениеттің ажырамас бір бөлігі. Түркі мәдениеті, ислам мәдениеті, көшпелі мәдениеттердің орталығы саналған қазақ даласының құдіреті мен қасиетін бүгінгі жастардың санасына сіңіруіміз керек. Халық санасын жаңғырту арқылы алға қойған мақсаттарға оңай қол жеткіземіз. Бұл орайда ұлттық және тарихи сана-сезім басты алғышартымыз болуы керек.
Қорыта айтқанда, Елбасы тарапынан ұсынылып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған ой-тұжырымдар біздің бай тарихымызды жете тануды, тарихи сананы жаңғырту қажеттігін қадап айтып, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын көрсетеді. Жас ұрпақты жаңа жетістіктерге жетелейді.
Ұлттық сананы қалыптастырудың ең негізгі жолы – тарихи білім. Ол жүйелі түрде мектептерде, ЖОО-да жүзеге асады. Сондықтан, тарих пәнін оқытудың маңыздылығын түсіндірудің орны ерекше. Жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытуда тарихшылар жастарды ұлттық намысын тәрбиелеуге, ата-баба рухы деген қасиетті сөздерді жоғалтпауға тәрбиелеу керек. Болашақ елді басқаратын азаматтар жоғары оқу орындарынан өз ұлтының тарихын білмей шықса, олар қалайша басшылық қызмет жасайды, әрі-беріден соң елді қалай басқармақ? Біз мемлекетті қалыптастыру кезеңінде тұрмыз. Қазақ халқының кеңестік дәуірде тарихи танымы өзгеріске, тіпті дағдарысқа ұшыраған. Ұлттық тарихты жасауды, ұлттық санамызды қалыптастыруды енді ғана қолға алдық. Ал осындай кезде білім жүйесінде Отан тарихын одан әрі жастардың санасына жеткізуіміз керек. Елі мен жерін сүйетін жастарды даярлаймыз десек, онда оқытуды жаңа сапалық дәрежеге көтеруіміз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |