Берік. Неге?
Амангайша. Кім біледі, бұрынғы біреуіңді тауып алатын шығарсың.
Берік. Не, тауып алсам, қызғанамысың?
Аманғайша. Қызғанбағанда ше?
Берік. Мас-қа-ра! Қартайғанда...
Аманғайша. Несі масқара? Керек болса, өле-өлгенше қызғанамын. Егер сенен бұрын өлсем, көрде де қарап жата алмаймын.
Берік. Қой, мұнысы несі тағы?
Аманғайша. Менің сенен сұрайтын бір-ақ тілегім бар, мен өлгенде әйел алмашы.
Берік. Қой, сен шындап барасың ғой.
Аманғайша. Рас айтамын. Шыным – сол.
Берік. Неліктен айтып тұрсың мұны?
Аманғайша. Сүйгендіктен.
Берік. Қайран махаббат-ай, жастың да, кәрінің де аузынан түспе!
Аманғайша. Сен сөйтесің үнемі, бірдеңе айтсам, күлкіге айналдырасың. Мейлі, бір түсінерсің әйтеуір махаббаттың не екенін.
Берік. Әлдеқашан түсінгенмін. Сені алғаш көрген сәтте-ақ түсінгенмін.
Аманғайша. Мен де.
Берік. Бұл бос сөзді қояйық, кемпірім. Балаң қай уақытта келемін деп еді, одан да соған қам қылайық.
Аманғайша. Сөйтейік. Кешке жүмыстан соң келеді, қасымда Зәуре де болады деген. Қой, мен магазин аралап, оны-мұны алып келейін.
Берік. Сөйт.
Аманғайша кетеді.
Берік тұрып барып, репродуктордың құлағын бұрайды.
Одан әдемі ән төгіліп қоя береді.
Жүрмін сені, туған жер, бастан аңсап,
Тастап кетсем, аяқты басқам жаңсақ.
Аңсағанда өзіңді, атамекен,
Жұбанғанмын сен жайлы асқақ ән сап.
Қай ы р м а с ы:
Көшеңде қалған қала,
Балалығым, жастығым.
Сен үшін болып алаң,
Түн өтіп, асты күн.
Ұлыңа болма нала,
Құшағыңды аш бүгін.
Өзіңде қауыз ашқан гүл өпкем-ді,
Арман алыс, мақсат көп күн өткен-ді.
Басқалық болғаннан соң махаббатым,
Лағып кеткем күйттеп күнелткенді.
Қайырмасы.
Шіркін, гүл-қыз, сен едің айтар әнім,
Болмадың махаббаттың байқар мәнін.
Кездесе қалсаң егер осы сапар,
Қалар ма екен ауылға қайтар әлім?
Қ а й ы р м а с ы.
Ән аяқталды. Біреу есік қағады. Берік өң мен түсті ажырата алмас халде басын көтереді. Есік қаттырақ қағылады.
Берік (сергіп). Да. Есік ашық. Кіріңіз.
Тәттігүл кіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |