Прокурор. Нұрқат Асылович, осы біз қайтсақ қайтеді?
Генерал. Неге?
Прокурор. Ерік Көбеновичке біздің қажетіміз жоқ. Бізге де оның қажеті шамалы. Құдай Қасқабайға қуат берсін. Бізге керек адам – сол.
Генерал (таңданыспен). Әбиірбек Рахымович, сіз шын айтып тұрсыз ба? Қасқабайдың Қасқабай Төреқұлович болып қалқайып жүргені Ерік Көбеновичтің арқасы емес пе? Ерік Көбенович – Қасқабайға ғана емес, бізге де керек адам.
Прокурор.Онда бағана неге тілін алмадыңыз Ерік Көбеновичтің?
Генерал. Соны айтыңыз. Қасқабайды қоштаған түрім ғой ол. Сіз де Қасқабай жағында болдыңыз емес пе. Сөйтсек, Қасқабай қаңбақ екен де Ерік Көбеновичке.
Прокурор. Қаңбағыңыз не, үрлеп қалса, ұшып кететін үлпілдек. Ерік Көбенович – сүйенгені мықты адам.
Генерал. Білемін. Ерік Көбеновичтің өзі рұқсат етпей, біз бұл жерден кете алмаймыз.
Прокурор. Шын айтасыз, кете алмайды екенбіз.
Екеуінің жанына жайлап басып, Мұсылманқұлов пен Қордабаев жақындайды.