Бірінші бөлім Бірінші көрініс Жаз. Колхозды ауыл. Ұзын кең көше. Шаншар атайдың үйінің алды. Қақпаға үлкен қағаз жапсырылған.Онда мынадай жазу бар.
Шертпек шарты
1.Білгірсігенге – бір шертпек.
2.Елпеңдегенге – екі шертпек.
3.Үрпигенге – үш шертпек.
4.Төбелескенге – төрт шертпек.
5.Бедірейгенге – бес шертпек.
6.Аяншаққа – алты шертпек.
7.Желпілдекке – жеті шертпек.
8.Селкілдекке – сегіз шертпек.
9.Тоңқылдаққа – тоғыз шертпек.
10.Ойымпазға – он шертпек.
Осы шартты жасап, бармағын басушы Шынқожаұлы Шаншар.
(Соңында бармағы басылған).
Қақпа түбіндегі есіктен Шаншар атай шығады.
Саялы қара ағаш түбіндегі орындыққа отырып жатып, атайдың көзі қақпадағы қағазға түсіп кетеді.
Шаншар атай.Бұ несі? Е-е, ауылға әртіс келген екен ғой. Жер таппағандай ілген жерін. (Орнынан тұрмақ болып). Қане, көрелікші, бас терісі келіскен әртіс пе екен, жо... (Қайта жайғасып). Әй, қайдан?! Бұл күнде жұрт бір көрсем дейтін әртіс Алматыдан шыққанды қойып, селкілдеген бала-шаға келетін болды ғой ауылға....
(Есік көзінен Әлипа көрінеді). Әлипа. Қасында біреу бар екен десем, жалғыз ба өзі? Не болды, байғұс-ау, жападан-жалғыз отырып, сөйлеп.