Әлдихан Қалдыбаев



бет320/340
Дата06.02.2022
өлшемі0,75 Mb.
#48445
1   ...   316   317   318   319   320   321   322   323   ...   340
ПАРЫҚТЫ БІЛ...


Парық пен нарық дыбысталуы жағынан ғана ұқсас сөздер еді, мағыналық та ұқсастық тапқан сыңайлы.
Бір нәрсенің парқын білу оның бағасын бағамдауға саяды, ал бағаңыз – нарық. Қазақ қазіргідей «Бағасы қанша?» дегеннен бұрын «Нарқы қанша?» деп сөйлеген.
Нарық – сауда бағасы.
Парық – адамгершілік бағасы.
Сауданың бағасы қалай да белгілі болады. Белгілі дәрежеде нарықтың өлшемі бар. «Үйдегі нарықты базардағы сауда бұзады». «Аларманға алтау – аз, берерменге бесеу – көп». Дегенде, сауданың нарқы шығып, тоқтам жасалысады. Бітті, баға анықталынды.
Парық – жақсы мен жаманның, арзан мен қымбаттың, асыл мен жасықтың, күшті мен әлсіздің, озық пен тозықтың, т. т. мән-жайы, жай-жапсары, өлшемі, бағасы. Осылардың әрқайсысының жеке-жеке алғандағы айырмашылығын ажырату, ерекшелігін білу – парық, әне,сол, ал олай ете алмау – парықсыздық. Өмірдің өңін кетіретін келеңсіздік, жорықсыздық, жөнсіздік – парықсыздық көздері.
Парықтылық таныту – біліктілік.
Парықсыздық түбі – наразылық, реніш.
Жігіттер, әсіресе, билік тұтқасын ұстағандар осыны білсе, іс оңға басты дей бергін. Мұндай жерде, ең бастысы, әділдік орнайды.
Әр нәрсенің парқын білген құлға разы болғаннан басқа не айтпақсың.
Парықсыз билік құрған жерде реніш, өкпе орын алады. Ол шіркінге наразы болғаннан басқа не істемексің.
Разыдан наразының жүгі ауыр жүрекке,
Парықты біл, парықсыз боп күнелтпе.
Біз өстіп бір қоялық.
Ендігісін өзің біл, оқырман.
Дегенмен, өмірде парықтылықтан парықсыздықтың мысалы көп екеніне өкінбеске лажың жоқ.
Қандай да бір нәрсеге пікір айту қиын, біреудің құйрығын басып кетесің.
«Ауызға келген түкірік – қайта жұтсаң, мәкүрік».
Басқа келген ой – айта алмасаң, қой.
Олай болса, бізге не жорық, «Сөйле, Көбей» дейік.
Дәл осы парықсыздың салдарынан қазақ қалыптасқан бір ұғымнан шатасып отыр.
Мәдени өмірмізде өнер шеберлері және көркем өнерпаздар дегендер бар еді. Онер шеберлері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова сияқты алыптар мен олардың ізін басқан Халық әртістері болатын. Өнер шеберлері деген ұғымға биік талғаммен қарайтындығымыз сонша, еңбек сіңірген әртістің өзін олардың санатына қоса бермейтінбіз.
Қазір енді «әу» дегеннің бәрі өнер шеберлері болып шыға келді. Облыс, аудан сахнасына енді шыққан көркемөнерпаздар өнер шеберлері деп хабарланатын болды.
Жастардың алдына кім шығыпты, бүгінгі көркемөнерпаздар өнер шеберлері шыңына шығуы үшін от пен судан өтуі керек. Ең алдымен, кәсіптік білім алуы, одан соң, халық туындыларынан классикалық шығармаларға дейін орындауы, кіші сахнадан академиялық сахнаға дейін көтерілуі қажет.
Осылардың бірі жоқ, алдында ауыр асу, сансыз тасу, өрлеп өсу жатқан жасты «өнер шебері» деп дабырайту – парықсыздық.
Орыс халқында бір әдемі сөз бар, ол – «Вещи надо называть своими именами». Түсінгенге өте терең сөз бұл.
Парықсыздық әдебиетте де бар.
Ол мынау – ақындар айтысының жеңімпазы тіліміздің, дініміздің, діліміздің әлі оңала алмай келе жатқанын айтып бір желпінеді, автокөлік мінеді. Жазба ақын өмірі көз майын тауысып, белінен шойырылып, ел мен жер туралы небір соқпалы дүние сомдайды, велосипед те мінбейді. Қасымға пәтер, «қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» Мұқағалиға медаль бұйырмайды. Мұны парықсыздық демей, не дейсің енді?!
Бұп күнде қоғамдағы ең құрметті адам – соғыс солдаты. Еңбектеген баладан Елбасымызға дейін құрмет көрсетуге лайық, әрине, Отан үшін от кешкендер. Біз ол кісілердің алдында өмір бақи бас киімімізді алып жүруге тиіспіз. Біздің Президентіміздің соғыс ардагерлеріне көрсетіп келе жатқан қамқорлығында шек жоқ. Егер адамда тойым болса, ардагерлердің әлдеқашан ықылық ататын кезі болды.
Айтар ауызға да, естір құлаққа да ауыр, алайда, айтуға тура келеді. Ардагерлер арасында иман жинаудың орнына дүние-мал деп емініп тұрғандары көп. Сол дүние-малды еңбегімен тапса, жөн ғой, жоқ, қалай да қарпып қалу жағын қарастыратынын қайтерсің?
Жеңілдіктер деп аталатын жарылқауларды былай қойғанда, артықшылықтар, тегін берілетін автокөлік, тұрғын үй кейбір ардагерлерді тойымнан тайдырып, парықсыздыққа ұрындырды. Күйі бола тұра машина, үйі бола тұра пәтер сұрап әкімнің алдын тоздырып, өзін адам аярлық мүсәпір етіп көрсетіп, ойға алғанының орайын келтірген біраз ардагерді көріп те, біліп те жүрміз.
Мен – облыстық мәслихаттың бірінші шақырылуының депутаты болдым. Сол кезде Ұлы Жеңістің 50 жылдығына әзірлік шаралары жүріп жатты. Облыстык мәслихаттың сессиясында соғыс ардагерлеріне әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау мәселесі қаралды. Көп қарияға тізіммен автокөлік берілетін болып, пәтер жайы алға тартылғанда мен сөз сұрадым.
Ардагерлер – біздің алтын қазынамыз, - дедім мен. – Оларға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға мемлекетіміз мықтап көңіл бөлуі керек. Солай болып та жатыр. Соның жарқын көрінісі – тегін берілейін деп отырған автокөліктер. Мұны дұрыс дейік, ал, пәтерге келгенде сөз басқа.
Сіздер ойлаңыздаршы, үй сұрап отырған ардагерлердің ең кішісінің жасы жетпістен асқан. Осынша жасқа келгенше солар баспанасыз жүрді дегенге кім сенеді. Тіптен солай бола қалған күнде ондай берекесіз адамға пәтер берудің ешқандай қажеті жоқ. Ол ағаларымыздікі – қулық. Олардың сұрап алған өздерінің де, балаларының да үйлері немесе пәтерлері бар, олар енді немерелеріне сұрап жүр.
Содан бері он жыл өтті, ардагерлер әлі күнге пәтер сұрауын қоймайды. Кімге сұрайтыны белгілі, шеберелеріне сұрайды. Ондай ардагерлер бұрын алған үйлерін зым-зия жоқ қылып, тып-типыл бола қалатын құжат жасатып алудың шебері болып алған.
Осы айтқаныма түрлі айдар тағуға болар, бірак өзіме парықсыздық деу ұнап тұр.
Жуырда еңбек ардагері Халел Бейсеевпен әңгімелесіп қалдым.
Ешкімнен ештеңе сұрамаймын, барға қанағат қылып отырған жай бар. Кезінде бір кісідей-ақ еңбек еттік, өтемін алдық, сол жетеді. Бірдеңе сұрап, қол жаю – парықсыздық. Адам бір мезгіл тәуба деуі керек. Артық бірдеңе істесем, кесірім балаларыма тиіп кете ме, деп Құдайдан қорқамын, - деді Халекең.
Менің де айтарым – осы: Құдайдан қорқу керек!
Құдай деген құр қалмайды.
Құдай өзі жеткереді.
Жердің жарығын жамаған ешкім жоқ.
Нысап сайын береке.
Болсаң егер парықсыз,
Болғаның көр жарықсыз.


РУ-У


«Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін».
Қазақ, шанда бір болмаса, бүйтіп таусылып сөйлемеген.
Мына сөзді де әбден запыс болған соң айтқан ғой Төле би бабам.
Өстіп зықы шыққан қазақ енді іле: «У ішсең, руыңмен», «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейді. «Жеті атасын білмеген – жетесіздік» деп зерделілікке жетелейді.
Ру, жүз – қазақтың аузынан түспейтін сөз.
Несі бар, әркімнің руын, жүзін білгені жарасымды.
Жеті атасын білудің маңызы зор. Бұл жас ұрпақты аға дәстүрді сыйлауға, елдік, ерлік қалыпты сақтауга бастайды. Қазақ жеті атаға толмай, қыз беріп, қыз алыспаған, ал мұның халықтың халықтық кейпін сақтауга теңдессіз игі әсер ететіні ғылыми дәлелденіп отыр.
Сөз жоқ, жүзіңді, руыңды білген жақсы.
Өзін қойып, итінің түп-тұқиянын жылнамалайтын халыққа мұны білудің қажеті болмас, бізге керек. Қазақтың әр баласы өз әкесінен бастап, қазаққа дейін тақылдап айтуы тиіс. Ата тегін білуі арқылы адам халқының өткенін, тарихын біледі.
Атам қазақтың шежіре шерткендегі мақсаты – ұрпақтың ұлағатты болып өсуіне жету.
Өмірде барша істің, түстің, құбылыстың, заттың оңы-терісі, турасы-керісі бар. Жүз бен руды білудің де игі жағына қоса күйкі жағы бар. Күйкі жағы – жүзге, руға бөліну. Өзіміз өбектеп жүріп, ата-тегін үйреткен ұрпағымыз өз руының, жүзінің ғана намысын жыртатын кеселді болып шықса, әне, сол – қайғы. Мұны енді қалай атаса болады, орыстар оп-оңай «трайболизм» дейтін болыпты. Біз, амал жоқ, рушылдық дейміз.
Рушылдық – қазақтың өзегіне түскен жегі құрт. Бұлай дейтінім, ешкім өзін рушылмын деп санамайды, бірақ көкейінде рушылдық жегі құртша жыбырлап жатады. Қысқасы, бүгінгі қазақтың бәрі – рушыл.
Рушылдық, әсіресе, қазақ зиялыларына тән, әсіресе, әдебиет пен мәдениеттің айналысында айрықша асқынған. Аузына ата сақалы шыққан ағаларымыздың ауызға алғысыз руластарын тізгінінен, тартпасынан, құйысқанынан тартып, сүйреп жүргенін талай көрдік. Қазір де жазушылар, яки әртістер ортасына кішкентай бір майлы жілік тастай салшы, әрқайсысы соған лайықтыны өз аталастарының арасынан іздейді. Айтқаны болмаған екен, арыз тоғытады. Дәл осы өресіздігімізден Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин сияқты арыстарымыз алайын деп тұрған Одақтық сыйлықтардан қағылды.
Осы жайды біле тұра, осы дертке өзімді ұрындырып алғаныма бармағымды тістеп қалған жайым бар. Алдыңғы жылы менің «Мен – апамның баласымын» атты романым Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Қазақстан Жазушылар одағының балалар әдебиеті кеңесі алғаш өзіммен кеңесті. Мен келісімімді бермей, біраз екі ұдай ойда жүрдім. Романға әдемі пікірлер жазылды. Оларды жазғандар әдебиеттің білгірлері, балалар әдебиетінің талантты өкілдері еді. Мен кәдімгідей елтіп қалдым. Оның үстіне балалар әдебиеті шығармаларына мемлекеттік сыйлық бұйырмағалы ширек ғасыр өтіпті. Бұл да көңіліме есек дәме ұялатты, тәуекел еттім. Алайда, романым келісті болса да биографиям мен географиям келіспей, ысырылып шығып қалдым.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, атақты абайтанушы, романыма пікір жазған Мекемтас Мырзахметов аға:
Өкінбе. Сыйлық өтті, кетті, жақсы роман қалды, - деп көңіл айтты.
Солай да шығар.
Бұл тұста қадап тұрып айтқан мақұл, билік тұтқасын ұстаған шенеуніктерге рушыл болу мүлде жараспайды, әсіресе, билік маңайын жағалағандар үшін ру – өзін де, елді де бұзатын у. Барлық деңгейдегі бастықтардың аталастарына бүйрегі бұрып тұратыны бесенеден белгілі. Бұрын олар онысын аса жасырын жүргізетін, енді еркіндік орнады. Бизнесмен атаулы қызметке әдетте өз адамдарын қабылдайды, мемлекеттік жүйедегі басшылар өз ағайын-туғанын ғана өрге сүйрейді. Мұның өзі әлеуметтік әділетсіздікке жол ашады, талай таланттылар қағаберіс қалып, жабы озады. Рушылдықтың елімізді өркендетуге, елдігімізді нығайтуға тигізетін кері әсерін таратып айтсақ, қап-қалың кітап болар еді. Білген құлға әзірге осы да жетер.
Қарапайым халыққа рушылдықтың түкке де қажеті жоқ. Көріп жүрміз, олар үшін ру – өзінің тегі.
Біздің облыста рушылдықтың керемет өріс алған тұсы өткен ғасырдың екінші жартысы ғой деп шамалаймын. Бұл тұста біздің облыстық партия ұйымын әуелі кіші жүзден, содан соң орта жүзден шыққан азаматтар басқарды. Олар осында қызмет бабымен өзінен бұрын, кейін өзін сағалап келген ағайындарымен ауыз жаласып, небір зымиян әрекеттер жасайтын.
Жетпісінші жылдардың басында менің де партиялық жұмыста болғаным бар. Сондағы көргендерімді ойласам, жаным түршігеді.
Мен бір кабинетте кіші жүз ағаймен бірге отыратынмын. Өзін партиялық жұмыстың қыр-сырына өте қанықпын деп санайтын бұл ағай кабинеттің қожасы еді, мені қыбыр еткізбейтін. Жас кезім, айтқанына көніп, айдауына жүремін:
Заты мен – момынмын, бірақ өзімді ешкімге басындырып көрген емеспін, айтатынымды айтып тастаймын. Мына ағайды да өз орнына қоюға тура келді.
Өзінің әмпейлері кабинетке кірсе, ағай:
– Әлдихан, шыға тұршы, - дейтін.
Бұл қорлыққа біраз шыдап жүрдім.
Ағайым үдетіп барады. Өзім құралпы жігіттер менің бұл бейшара халімді бетіме басатын болды.
Үлкенді сыйлау дейтін қаныма біткен қасиет қарсылық білдіруге жібермейді. Ағай әбден асқынды, мен көбіне коридорда жүретін болдым.
Ақыры шарт кеттім:
– Ағай, сіз мен үндемегенге басынып бара жатырсыз. Бұл болмайды.
– Әй, бала, бұл кай сөзің?
– Сізді сыйлау керек пе, сыйлаймын, сіз де сыйлаңыз мені.
– Бұл кабинеттің иесі менмін, сен кірмесің. Мен не айтсам, сол болады.
Мен күліп жібердім.
– Әй, неменеңе жетісіп күлесің?
– Көкек өз атын өзі шақырыпты деген, соған күлемін.
– Қалайша?
– Кабинетті қойшы, мен – осы облыстың бел баласымын, сіз кірмесіз. Кабинеттен мені шығарып жіберіп, не айтатындарыңыз маған жақсы белгілі, осы елдің атқа мінген азаматтарын ағаш атқа мінгізесіздер де отырасыздар.
Жоқ, енді оларды кабинетте отырып емес, коридорда жүріп жамандайсыздар, маған шық деуші болмайсыз.
– Сен құртатын бала екенсің.
– Қолдарыңыздан келгенді істедіңіздер.
Ендігі жерде ағай да, мен де үндемей томсырайып отыратын болдық.
Тегі, «Ер шекіспей, бітіспейді» деген рас.
Кейін ағай екеуіміз сыйласатын адамдар болып кеттік.
«Ауру қалса да әдет қалмайды».
Ағай рушылдығынан танған жоқ.
Сырластары келеді, маған ешқайсысы ештеңе демейді. Өйткені, мен – бөтенмін.
Енді олар ыммен сөйлесетін болды.
Ақырын көзімнің астымен көріп отырамын. Бет-аузын сан құбылтқан адамды әртіс дейміз ғой, мыналар халық әртісінен де асқан қимылдар жасайтын еді, адам шошиды.
Апырай, шебер-ақ, беттерінің бұлшық еттерін ішкі сезімдеріне қарай өзгертулері ерен, бір-бірін түсінулері сұмдық. Әрі-беріден соң мен де түсінетін болдым, менің аталастарымды сорлатады да жатады.
Бөлім бастығына:
– Мені басқа адамның жанына отырғызыңызшы, - деген тілек айттым.
Бар болғыр, келісе кеткені, мен айдың-күннің аманында азғындап бара жатқан жағдайымнан құтылдым.
Иә, рушылдық адамды азғындатады.
Сол жылдары облыстық аурухананың партактив деп аталатын, шын мәнінде №2 терапия бөлімінде бірнеше рет жатып емделгенім бар.
Өйткені мен де активпін, облыстық газет редакторының орынбасарымын.
Кешке қарай хал-ахуалы дұрыстардың аурухана фойесінде әңгіме-дүкен құрып отыратыны бар.
Сол кезде осы ауруханада Социалистік Еңбек Ері Нағашыбек Арапов қария да жататын.
Ертелі-кеш аурухана ауласында Нағашыбек ағаймен әңгімелесіп жүремін.
Пәкене ғана бойы бар, әп-әдемі ойы бар, қулық-сұмдықтан ада, тым қарапайым бұл адаммен сөйлесу – күнәңнан арылтатындай еді. Мені осыншама жұпыны, баладай пәк, аузын ашса, көмейі көрінетін ақ көңіл адамның қайтіп соншама биік атаққа ие болғаны таңдандыратын. Ақыры оның сырын өзінен сұрап тындым.
Сөйтсем, көзге қораш көрінетін қарияның өмір жолы өте бай екен. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Талас аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі сияқты жауапты қызметтер атқарыпты. Қаракөл койынан аудан төлді көп алғанда Нағашыбек Арапов та шопандармен бірге Еңбек Ері атаныпты.
Бір күні палатымызға облыстық аурухананың хирургі Сағындық Ордабеков кірді. Нағашыбек ағай жерлесі екен, көңілін сұрай келіпті.
Сағындық – сыпайы, иман жүзді, сөзі орнықты, ісіне мықты жігіт. Өзінің қаламының желі бар, ойлы мақалалары, бір қақпай әдемі әңгімелерімен көрініп қалған.
Сағындық бір Нағашыбек ағай емес, бәріміздің тезірек айығып кетуімізге арнап жақсы сөз айтып шығып кетті.
Әзірге бүл баланың костюмі көнетоз. Көресіздер, әлі-ақ мұның костюмі көк болады, атақ-даңқы көп болады, - деп сөзінің аяғын тақпақтатты Нағашыбек аға.
Балаға әке ғана емес, аға да сыншы екен, Нағашыбек ағаның айтқаны айдай келді: Сағындық Ордабеков — қазір атақты хирург, медицина ғылымдарының докторы, өзімізді қойып, Америка университетінің құрметті профессоры.
Мұның бәрі Сағындықтың білімділігінің, біліктілігінің өз бағасын алуы, өте жақсы.
Ал, құрмет ше, ол жағы кемшін. Бәрін айтпағанда, бұл әлемге белгілі адамның әлі күнге не қаланың, не облыстың құрметті азаматы атанбай жүргенін немен түсіндіруге болады?
Құзырлы органдар бұл атақтарды да, тағы басқа наградаларды да сұраншақтарға береді, өздері біліп, бағалап жатқаны шамалы. Мұндайда, әрине, марапатқа лайықтылардың емес, жылпостардың жолы болады.
Қызметте де жетектеп қосқан жабылар озып жүр.
Сағындық, ештеңе етпейді, сен осы қалпыңнан айнымасаң, жолыңнан таймасаң, бәрі болады.
Ақылды басың, алтын қолың адамдарды сауықтыруға арналсын.
Менің саған айтарым — Абай сөзі: еңбегің кетпес далаға.
Нағашыбек ағаның айтқанын дәл келтіріп едің, біздің айтқанымызды да ойыңа ала жүр, інім!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   316   317   318   319   320   321   322   323   ...   340




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет