АНЕКДОТ – АҚЫЛДЫ СӨЗІ
Басшы іске терең, сөзге шешен болуы керек, ақылға зерек, хатқа жүйрік, яғни жазуға ерен болса, өте жақсы.
Қағаз жаза білген қашан да ақылдыға баланған.
Өзімнің өмір тәжірибемде бұған менің көзім әбден жеткен.
Коммунистік партия билік құрған тұста оның аудандық, облыстық, Орталық комитеттері болатын. Сол комитеттердің біріншіден бастап хатшылары, бөлім меңгерушілері, нұсқаушылары, одан да төмен қызметкерлері болатын. Хатшы – хан, бөлім меңгерушісі – уәзір, нұсқаушы – құл іспетті еді. Хатшы – ханды «піскен асқа тік қасық» шіреншек, уәзірлерді әлекедей жаланған сайыпқырандар, құлдарды барлық ауыр жұмыс мойнына артылған тесік өкпелер десе болар-ды.
Әлбетте, хатшы – ханның да көсіліп сөйлейтін көсемдері, құлақ құрышын қандыратын шешендері болады. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, өзіміздің облыстың басшысы болған Асанбай Асқаровты-ақ алайық. Асекеңнің ақылдың кені, шешендіктің шегі екенін қазақ елі ғана емес, бүкіл Одақ білген. Ұлттың ұлылары мен асылдарының мойнына қылтұзақ салуға әбден кәніккен орталықтың Асанбай ағамызды орға жығуының басты бір себебі де ол кісінің асқан ақылдылығы, зор беделі болатын. Алайда, «Асыл кездік қап түбінде жатпайдының» кері келіп, Асекең зорлап қамаған қапастан абыройы асып, Мұса Жәлел тәрізденіп, жан тебірентерлік өлеңдер жазып шықты. Кейін үлкен-үлкен кітаптар жазды.
Бұл күнде арамызда жоқ ағалар Әзімбек Смайылов, Жапар Түйебеков, Айтбай Назарбековтер осындай еді. Олар тиісінше Меркі, Шу, Мойынқұм аудандарын ұшпаққа шығарып қана қойған жоқ, «Әзекең, Жапекең, Айтекең айтты» деген тәлімді сөздер қалдырды артында.
Өкінерлігі, құлдар жазып, уәзірлер өңдеген сөзді, баяндаманы бас алмай оқитындар да аз болған жоқ. Олар кәдімгі бір диктор іспетті болушы еді. Шынында, бірде сондай оқиға болып, бүкіл Одаққа әйгіленгені бар. СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Л.И.Брежневтің жағы түсіп қартайғаны әмбеге аян. СОКП Орталық Комитетінің бір пленумында оның ұзақ сөйлеуге, яғни қағаз оқуға иегі икемге келмей, жағы түсіп кетіп, баяндама мәтінін диктор оқығаны бар. Кеңестер Одағының коммунистеріне Брежнев – диктор оқыды не, кәдімгі диктор оқыды не бәрібір екен, тебірене тыңдады. Ертеңіне бүкіл бұкаралық ақпарат құралдары «СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежневтің баяндамасы» деп дүркіретіп ала жөнелді. Баяндаманы дәл бір Брежневтің өзі жасағандай болды да шықты. Компартияның «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» дегенге бұдан артық қандай мысал айтарсың!
Дегенмен, дана халық мұндай өресіз басшыларды сынап-мінеп отыруды естен шығармаған. Оның өз жанры бар, ол – анекдот. Түсіндірме сөздікте анекдотқа мынадай анықтама берілген: белгілі бір адамның өміріне байла- нысты, көбіне ойдан шығарылған, мысқылға құрылған қысқа әңгіме.
Өте әдемі айтылған, ал, мен анекдот – ақылды сөз дер едім. Бұралқы сөз айтып әжуалау, күлдірудің тіптен сарказмге ұласып кететін кезі де бар.
Қазақстанда қой көп, олардың етін, тағы басқа да жарарын одақтық қорға алып кетіп, өзімізге басын ғана қалдыратын Брежнев заманында мынадай бір анекдот айтылып жүрді.
Бір кісі дүкенге бас алуға келеді. Қарап тұрса, бір бас 50 тиын, екіншісі 40 тиын, үшіншісі 30 тиын екен.
– Бұл қалай, бастың бағасы неге әртүрлі? - дейді әлгі кісі сатушыға.
– Бұл солай. 50 тиындық – Сталиннің басы (Сталин заманындағы қойдың басын меңзегені де) онда ми да бар, тіл де бар. 40 тиындық – Хрущевтің басы, онда ми жоқ, тіл бар. 30 тиындық – Брежневтің басы, онда ми да жоқ, тіл де жоқ, - дейді сатушы шімірікпей.
Қолында бұйрығы мен жарлығы бар басшылар осы анеқдоттың айтарын білсе екен. Әйтпесе, шөжіп бара жатқан сыңай байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |